Ыма өнімін жинау жүйесінің жалпы сұлбасы

 

Ұңғыма өнімін жинаудың жалпы жүйелік сұлбасы 7.1-суретте көрсетілген. Мұнда мұнай, газ және қабаттық суды жинау мен дайындау сұлбасы келтірілген. Жекеленген технологиялық сұлбаларға байланыссыз барлық жағдайларда кейбір процестер мен операциялар, сонымен бірге орындалатын жұмыстар мынадай болып келеді:

- эмульсияны бұзу, оны құбырмен тасымалдау мен газды сепарациядан өткізу. Бұл процестер – тасымалдаушы жүйенің тұтқырлығын төмендету, парафиннің шөгуін болдырмау мақсатында орындалады;

- суды мұнайдан бөлу, өлшеу-тапсыру операциясы, тауарлы және шикізатты резервуарларды толтыру;

- шайынды суларды біріншілік тазалау және құбырлардағы мұнайды деэмульсиялау және оны мұнай дайындаудың технологиялық циклінде кері қайырып отыру;

- мұнай мен судың сапасын бақылау және оларды өзара тазалау;

- тауар паркына қызмет көрсету мен мұнай сапасын жақсарту.

Біріктірілген сұлбада (7.1-сурет) ұңғыманың өнімі өлшеуіш «Спутник» қондырғысына келіп түседі. Одан шыққан газдалған мұнай-сулы эмульсия деэмульгаторда өңделіп, оның эмульсиялық брондалған қабыршағы турбулентті режимде (Re=2000-25000) кәсіпшілік құбырында қиратылады. Қиратылған эмульсия алдын ала дренажды сумен араластырылып, ары қарай секциялы тамшытүзгішке жіберіледі. Эмульсия ағынына жіберілген дренаж суы тамшытүзгіште су глобулының іріленуіне әкеліп, сепараторда ол фазаның жылдам ажырауына әкеліп соғады.

Сепаратордан шыққан дегаздалған, құрамында аздаған су тамшылары бар мұнай 40 0С-қа дейін ысытылады да, тамшы түзуші секциядан толық сусыздану үшін тұндырғышқа келіп түседі. Бөлінген газ компрессор арқылы газ жинағышқа келіп түседі, ал сусызданған мұнай тұщы сумен өңделгеннен кейін тамшытүзгіш арқылы тұзсыздану мақсатында тұндырғышқа жіберіледі. Ол жерден мұнай буферлі ыдысқа келіп, ары қарай сораптармен бас құрылымдарға, сонан соң мұнай магистралына жіберіледі.

Ұңғыма өнімін жинау мен дайындаудың технологиялық сұлбасы жабдықтардың негізгі тобын бөліп қарауға мүмкіндік береді.

 

 

7.1-сурет. Мұнайды, қабат суы мен газды жинау және дайындау сұлбасы

Тораптар бойынша біріктірілген операциялар: А-сұйықты тасымалдау, тұтқырлықты азайту, парафин шөгіндісін болдырмау, эмульсияны бұзу, ағын қабатын біртіндеп ажырату; Б-орта өлшемдегі тамшыларды ірілендіру, турбулентті режимде мұнай ортасындағы дренажді су тамшысын тазалау, газды сепарациядан алдын ала өткізу, газ қосылыстарын коалесценциялау; В-газ көпіршіктерін бұзу, газды бұрып алу, су глобулын дренажды су құрамына ығыстыру, гидрофильді сұйықты сүзгіде газдың ұлғаю энергиясымен глобулды бұзу, сұйықтық флотация, суды ағызып жіберу; Г-ыстық сепарация мен деэмульсиялау, жылыту, жұқа дисперсті эмульсия бөлігіндегі брондалған қабықшаны бұзу, турбулентті режимде коалесценциялау, мұнай және су ағындарын бөлу; Д-жеңіл фракцияларды іріктеп алу, конденсатты мұнайға кайтару, тұзды жуу, ағынды бөлу, суды ағызып жіберу, мұнайды бұрып алу; Е-гидродинамикалық эффектілердің есебінен мұнайды тасымалдау мен сапасын жақсарту, мұнайдың резервуардан өту операциясын бөлініп шыққан сумен ортақтастыру; З-турбуленттік режимде лас судағы шөгінділерді ірілету және тасымалдау; И-сұйықтық гидрофобты сүзгіде суды тазалау, дренаж суының коррозионды белсенділігін азайту; 1-ұңғымалар; 2-өлшеу құрылғысы; 3-деэмульгаторды беру; 4-құбыр; 5-I, 5-II, 5- III тамшы түзушілер; 6-үшфазалы сепараторлар; 7-жолдық жылытқыш; 8-сусыздандыру сатыларының тұндырғыштары; 9-компрессор; 10-тұщы суды беру; 11- тұзсыздандыру сатыларының тұндырғыштары; 12-мұнайдың буферлі ыдысы; 13,16 - мұнай сораптары; 14-мұнай сапасын талдағыш, өлшеу құрылымы, 15 - тауар резервуары; 17-су сорабы; 18-судың буферлі ыдысы; 19-тотықтырғыш ингибиторын беру; 20-гидрофобты сүзгілі тұндырғыш; 21-суды гидродинамикалық өңдеуге арналған құбыр; 22-мұнайды жинағыш ыдыс; 23-шығым өлшеуіш

Жинағыш жабдықтарына жататындар – бұл өлшеуіш қондырғылары, біріншілей газ сепараторлары, реагент беретін құрылғы, кәсіпшілік сорап станциялары мен құбырлар.

Ұңғыма өнімін дайындау жабдықтарына – сепараторлар, тұндырғыштар, қыздырғыштар, деэмульгаторлар, резервуарлар, сораптар, тасымалдауға дайындалған кәсіпшілік өнімдерін өлшеуге арналған құралдар.