Ауыл шаруашылығы тұтыну кооперативтерінің құқықтық жағдайы. Олардың түрлері жалпы сипаттамасын берініз

Қазақстанда кооперативтік құрылыс 4 кезеңнен өтті:

1- ші кезең 1930-1988 жж. Күштеп ұжымдастырумен сипатталады. Колхоздар мен колхозаралық ұйымдардың саны көбейді.

2-ші кезең 1988 ж. «Кооперация туралы» ССРО Заңы қабылданғаннан бастап 1991 ж. дейін. Бұл кезеңде кооперативтердің, соның ішінде өндірістік кооперативтердің саны өсті.

3-ші кезең 1991- 1995 жж. Колхоздарды қайта құру кезеңі. 1995 ж. «Өндірістік кооператив туралы» жарлық қабылданып Азаматтық кодекс күшіне енді.

4- ші кезең 1995 жылдан қазіргі кезге дейін. Колхоздарды қайта құру және мемлекеттік кәсіпорындарды жекешелендіру негізінде ауылшаруашылық кооперативтерінің саны өсті.

Ауылшаруашылық тауар өндірушілердің бірлескен кәсіпкерлік қызмет үшін мүшелік негізде, олардың жеке еңбегімен қатысуына және мүшелерінің мүліктік жарналарын (пайларын) біріктіруіне негізделген ерікті бірлестігі ауылшаруашылық өндірістік кооператив болып танылады.

Ауылшаруашылық өндірістік кооператив мемлекеттік тіркеуден кейін пайда болатын жалпы құқық қабілеттілігі бар, жалпы азаматтық және арнайы кооперативтік заңдардың нормаларына сәйкес жиналыста құрылтайшылары қабылдаған жарғы негізінде қызметін жүзеге асыратын коммерциялық заңды тұлға болып табылады.

Ауылшаруашылық өндірістік кооперативтің мақсаты- заңмен тыйым салынбаған қызмет арқылы ауылшаруашылық өнімді бірлесіп өндіру, ұқсату және өткізу нәтижесінде пайда табу.

Ауылшаруашылық өндірістік кооперативі мынадай принциптер негізінде жұмыс істейді:

- мүшелікке кіру мен шығудың еркіндігі;

- мүліктік (пайлық) жарна енгізу міндеттілігі;

- басқарудың демократиялығы;

- өзара көмек және оның мүшелері үшін экономикалық тиімділікті қамтамасыз ету;

- өндірістік кооперативтің қызметі туралы ақпаратқа қол жететіндігі.

Ауылшаруашылық өндірістік кооперативі жеке кәсіпкерлік үшін заң актілерімен тыйым салынбаған кәсіпкерлік қызметтің кез- келген түрін жүзеге асыруға құқылы. Мемлекеттік лицензия қолданылатын қызметті кооператив лицензиясы бар болған жағдайда жүзеге асырады. Ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің мақсаты мен мәнін жарғы анықтайды, яғни ол өз қызметін жарғының не құрылтай шарты мен жарғының негізінде жүзеге асырады.

Ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің құрылтайшылары екеуден кем болмауы тиіс. Кооперативке жасы он алтыға толған, кооператив мүшесі болуға тілек білдірген және оның қызметіне жеке еңбегімен қатысуға қабілетті кез- келген жеке тұлға мүше бола алады. Кәмелетке толмаған азаматтардың кооперативке мүше болып кіруі үшін олардың ата- анасының, асырап алушылардың немесе қамқоршылардың келісімі талап етіледі.

Ауылшаруашылық өндірістік кооперативiнiң органдары мыналар болып табылады: 1) жоғары орган – мүшелерінің жалпы жиналысы; 2) атқарушы орган – басқарма және (немесе) оның төрағасы; 3) бақылаушы орган - тексеру комиссиясы және байқаушы кеңес құрылуы мүмкін.

Қазіргі таңда шаруашылық қызметінің түріне байланысты ауылшаруашылық өндірістік кооперативтерді мынадай түрлерге бөлуге болады:

- өндірістік;

- қайта ұқсатушы;

- өткізуші (маркетингтік, сауда);

- сатып алушы ;

- қызмет көрсетуші (сервистік).[32,4б.]

Ауылшаруашылық өндірістік кооператив ауылшаруашылық өнімді өндіруге арналған және өндірісті бірлесіп ұйымдастыру мақсатында өнімді өндірушілерді біріктіреді.

Қайта ұқсатушы кооператив өнімді қабылдайды, сорттайды, жабдықтайды, этикеткалар жабыстырады, тауарлық белгіні анықтайды, сақтайды, жарнама жасайды және сатады. Бұл кооперативтер ауылшаруашылық өнімді сатып алушылармен жұмыс жасайды.

Өткізуші кооперативтер тікелей өніммен айналыспайды, тек оны сатуға байланысты шарттарды анықтап келіссөздер жүргізеді. Өнімді тауар өндірушілердің өздері өңдеп, жабдықтап жеткізеді.

Сатып алушы кооперативтерден сатушылар өндіріс құралдарын және тұтыну тауарларын кейін сату үшін алдын ала сатып алып қояды.

Қызмет көрсетуші кооперативтер өніммен айналыспайды әртүрлі қызмет түрлерін көрсетеді (қаржылық, сақтандыру, көлікпен қамтамасыз ету, ауылдық жерлерді байланыс құралдарымен және электр желісімен қамтамасыз ету).

Ауылшаруашылық кооперативі мүшелерінің жалпы жиналысының шешімі бойынша ерікті түрде таратылуы немесе қайта құрылуы мүмкін, өзге негіздер мен тәртібі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі мен басқа да заң актілерінде белгіленеді.

«Селолық тұтыну кооперациясы туралы» Қазақстан Республикасының Заңында селолық тұтыну кооперативінің құрылу ережелері қарастырылған. Мүшелерінің (пайшыларының) материалдық және өзге де қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін мүшелік негізде, олардың мүліктік жарналарын біріктіруіне негізделген ерікті бірлестігі селолық тұтыну кооперативі болып танылады.

Селолық тұтыну кооперативі коммерциялық емес ұйым болып табылады және оның жарғылық мақсатына сәйкес кәсіпкерлік қызметпен айналыса алады.

Селолық тұтыну кооперативін құру құрылтайшылардың жалпы жиналысын өткізумен басталып оны заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеумен аяқталады.

Азаматтар селолық тұтыну кооперативiнiң құрылтай жиналысын өткiзудi және оның қарауына енгiзiлетiн құжаттардың жобаларын әзiрлеу жөнiнде ынталы топтар құруы мүмкiн. Тұтыну кооперативін бiрнеше елдi мекендердiң азаматтары құратын жағдайларда және (немесе) өзге жағдайларда селолық тұтыну кооперативiнiң мүшелiгiне кiрудi қалаушылар сайлайтын уәкiлдердiң құрылтай жиналысы селолық тұтыну кооперативiнің құрылтай жиналысын әзiрлеу мен өткiзу жөнiндегi ынталы топтар белгiлеген тәртiп пен нормалар бойынша өткiзiлуi мүмкiн.

Селолық тұтыну кооперативі жарғысында көрсетілген заңмен тыйым салынбаған және алдына қойылған мақсаттарға жету үшін кез- келген қатынастарға түсе алады.

Селолық тұтыну кооперативтерi сауда, дайындау, өткiзу, өңдеу, қызмет көрсету, жабдықтау қызметiн және заңдарда тыйым салынбаған өзге де қызметтi жүзеге асыру үшiн мүлiктiк (пайлық) жарналар есебiнен құрылады.
Селолық тұтыну кооперативтерi өз мүшелерiнiң ғана емес, сонымен бiрге селолық жерлерде тұратын басқа да азаматтардың материалдық және өзге де қажеттерiн қанағаттандыру үшiн құрылуы мүмкiн.
Егер құрылтай құжаттарында селолық тұтыну кооперативiнiң белгiлi бiр мерзiмге немесе белгiлi бiр мақсатқа жету үшiн құрылатыны көзделмесе, ол белгiсiз мерзiмге құрылған болып есептеледi

Селолық тұтыну кооперативі мынадай принциптер негізінде құрылып қызмет атқарады:

- мүшелікке кіру мен одан шығудың еріктілігі;

- мүліктік және мүшелік жарналарды төлеу міндеттілігі;

- басқарудың демократиялығы;

- өзара көмек және село халқының мүдделерін қорғау;

- кооператив, қауымдастық (одақ) қызметi туралы ақпаратты оның барлық мүшелерiнің пайдалана алуы. 18 жасқа толған азаматтар мен заңды тұлғалар селолық тұтыну кооперативiнiң мүшелерi (пайшылары) бола алады. Азаматтар мен заңды тұлғалар бiрнеше селолық тұтыну кооперативтерiнiң мүшесi болуы мүмкiн. Селолық тұтыну кооперативi мүшелерiнің (пайшыларының) саны екеуден кем болмауға тиiс және мүшелерiнiң ең көп санына шек қойылмайды. Селолық тұтыну кооперативiнiң органдары мыналар болып табылады: 1) жоғары орган - жалпы жиналыс (уәкiлдер жиналысы); 2) атқарушы орган - басқарма; 3) бақылаушы орган - тексеру комиссиясы (ревизор). Селолық тұтыну кооперативi алған табысты оның мүшелерi арасында бөлуге болмайды және жарғылық мақсаттарға жiберiледi. Селолық тұтыну кооперативiн қайта ұйымдастыру (қосу, бiрiктiру, бөлу, бөлiп шығару) кооперативтiң жалпы жиналысыныү (уәкiлдер жиналысының) шешiмi бойынша ерiктi түрде жүзеге асырылуы мүмкiн. Заң актілерiмен белгiленген жағдайларда, селолық тұтыну кооперативiн оны бөлу немесе оның құрамынан бiр немесе бiрнеше кооперативтi бөлiп шығару нысанында мәжбүрлеп қайта ұйымдастыру сот шешiмi бойынша жүзеге асырылады.
Селолық тұтыну кооперативiн заңды тұлғалардың басқа түрлерi мен нысандарында қайта құруға болмайды. Селолық тұтыну кооперативi оның жалпы жиналысының шешiмi бойынша немесе Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сот шешiмi бойынша таратылуы мүмкін. Селолық тұтыну кооперативiнiң оны тарату жөнiнде шешiм қабылдаған жалпы жиналысы тарату комиссиясын (таратушыны) тағайындайды және селолық тұтыну кооперативiн таратудың тәртiбi мен мерзiмiн белгілейдi