Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк

 

ҚР 15.07.96 ж. № 30-I ; 11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.98 ж. № 211-1; 22.04.98 ж. № 221-1; 16.07.99 ж. № 436-I; 16.05.03 ж. № 416-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 77-бап өзгертiлдi

77-бап. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк туралы негiзгi ережелер

1. Бiр немесе бiрнеше адам құрған, жарғылық капиталы құрылтай құжаттарымен белгiленген мөлшерде үлеске бөлiнген серiктестiк жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк деп танылады; жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiкке қатысушылар оның мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi және серiктестiктiң қызметiне байланысты залалдарға өздерiнiң қосқан салымдарының құны шегiнде тәуекел етедi. Осы ережеден өзгеше жағдайлар осы Кодексте және заң актiлерiнде көзделуi мүмкiн.

Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң салымдарды толық қоспаған қатысушылары оның мiндеттемелерi бойынша әрбiр қатысушының салым салмаған бөлiгiнiң құны шегiнде ортақ жауапты болады.

2. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiкке қатысушылардың саны шектелмейдi.

Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң жалғыз қатысушы ретiнде бiр адамнан тұратын басқа шаруашылық серiктестiгi бола алмайды.

3. Өзiнiң кез-келген қатысушыларының талабы бойынша жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк қызметiне аудиторлық тексеру жүргiзiлуге тиiс.

Заңдарда немесе құрылтай құжаттарында көзделгеннен басқа реттерде жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктен көпшiлiк алдында есеп беру талап етiлмейдi.

4. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк оған қатысушылардың қабылдаған шешiмi бойынша өз еркiмен қайта құрылуы немесе таратылуы мүмкiн. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктi қайта құру мен таратудың өзге негiздерi осы Кодекспен және заң құжаттарымен белгiленедi.

Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк өзге де шаруашылық серiктестiк акционерлік қоғам немесе өндiрiстiк кооператив болып қайта құрылуға құқылы.

5.алынып тасталды

6. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң құқықтық ережесi, оған қатысушылардың құқықтары мен мiндеттерi осы Кодекспен және заң құжаттарымен белгiленедi.

 

ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.98 ж. № 211-1 Заңдарымен 78-бап өзгертiлдi

78-бап. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң жарғылық капиталы

1. Жарғылық капиталдың мөлшерiн жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң құрылтайшылары (қатысушылары) белгiлейдi және ол заң құжаттарында белгiленген ең төменгi мөлшерден кем болмауы керек.

2. алынып тасталды

 

11.07.97 ж. № 154-1 ; 02.03.98 ж. № 211-1; 22.04.98 ж. № 221-1; 2007.12.01. № 225-III (бұр. ред. қара) ; 2007.19.02. № 230-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 79-бап өзгертiлдi

79-бап. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктегi басқару

1. Серiктестiк органдарының құзыретi, сондай-ақ олардың серiктестiк атынан шешiмдер қабылдау немесе әрекет ету тәртiбi осы Кодекске, заң актiлерiне және серiктестiк жарғысына сәйкес белгiленедi.

2. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк қатысушыларының жалпы жиналысының айрықша құзыретiне мыналар жатады:

1) серiктестiктiң жарғысын өзгерту, соның iшiнде оның жарғылық капиталы мөлшерiн өзгерту;

2) атқарушы органның мүшелерін (мүшесін) сайлау (тағайындау) және олардың (оның) өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату, сондай-ақ серіктестікті немесе оның мүлкін сенімгерлік басқаруға беру туралы шешім қабылдау және осындай беру шарттарын айқындау;

3) серiктестiктiң қаржылық есебiн бекiту және оның таза табысын бөлу;

4) серiктестiктi қайта құру немесе тарату туралы шешiм шығару;

5) серiктестiктiң байқау кеңесiн және (немесе) тексеру комиссиясын (тексерушiсiн) сайлау және өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтату, сондай-ақ серiктестiк тексеру комиссиясының (тексерушiсiнiң) есептерi мен қорытындыларын бекiту;

6) iшкi ережелердi, оларды қабылдау рәсiмдерiн және серiктестiктiң iшкi қызметiн реттейтiн басқа да құжаттарды Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда бекiту;

7) серiктестiктiң өзге де шаруашылық серiктестiктерге, сондай-ақ коммерциялық емес бiрлестiктерге қатысуы туралы шешiм шығару;

8) тарату комиссиясын тағайындау және тарату баланстарын бекiту;

9) осы Кодекстiң 82-бабына сәйкес жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк қатысушысынан үлестi мәжбүрлеп сатып алу туралы шешiм шығару.

3. Серiктестiк қатысушыларының жалпы жиналысының айрықша құзыретiне жатқызылған мәселелердi ол серiктестiктiң атқарушы органының шешуiне бере алмайды.

 

ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.98 ж. № 211-1 ; 2007.07.08 № 321-III (бұр. ред. қара) Заңдарымен 80-бап өзгертiлдi

80-бап. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң жарғылық капиталдағы үлесiнiң басқа адамға ауысуы

1. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң қатысушысы , осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспаған­да, серiктестiктiң жарғылық капиталындағы өз үлесiн немесе оның бiр бөлiгiн өз қалауынша осы серiктестiктiң бiр немесе бiрнеше қатысушысына сатуға немесе басқа түрде беруге құқылы.

2. Егер серiктестiктiң құрылтай құжаттарында не заңнамалық актілерде өзгеше көзделмесе, жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiкке қатысушының өз үлесiн (оның бiр бөлiгiн) үшiншi адамдарға беруiне болады.

Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiкке қатысушылар , осы Кодексте көз­делген жағдайларды қоспағанда, үшiншi тұлғалар алдында үлестi немесе оның бiр бөлiгiн сатып алуға артықшылық берiлген құқықты пайдаланады. Егер құрылтай құжаттарында немесе серiктестiк қатысушыларының келiсiмiмен өзгеше көзделмесе, үлестi (оның бiр бөлiгiн) сатып алуға артықшылық берiлген құқықты қатысушылар серiктестiктiң жарғылық капиталындағы өз үлестерiнiң мөлшерiне барабар жүзеге асырады.

Үлес (оның бiр бөлiгi) сатып алуға артықшылық берiлген құқық бұзыла отырып сатылған кезде жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң кез келген қатысушысы сатылған күннен бастап үш ай iшiнде өзiне сатып алушының құқықтары мен мiндеттерiн аударуды сот тәртiбiмен талап етуге құқылы.

3. Егер жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң құрылтай құжаттарына сәйкес қатысушының үлесiн (оның бiр бөлiгiн) үшiншi жақтарға беру мүмкiн болмаса, ал серiктестiктiң басқа қатысушылары оны сатып алудан бас тартса, серiктестiк қатысушыға оның нақты құнын төлеуге не оған сондай құнға сәйкес заттай мүлiк беруге мiндеттi.

4. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк қатысушысының үлесi оны толық төлеп болғанға дейiн оның төленген бөлiгi мөлшерiнде ғана бөлiп берiлуi мүмкiн.

5. Қатысушының үлесiн (оның бiр бөлiгiн) жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң өзi сатып алған ретте ол оны басқа қатысушыларға немесе үшiншi жаққа заң құжаттары мен серiктестiктiң құрылтай құжаттарында көзделген мерзiм мен тәртiп бойынша сатуға не өзiнiң жарғылық капиталын азайтуға мiндеттi. Осы кезең iшiнде түскен таза табысты бөлу, сондай-ақ жоғары органда дауыс беру жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң сатып алған үлесi есептелмей жүргiзiледi.

6. Егер серiктестiктiң құрылтай құжаттарында мұндай ауысуға тек серiктестiктiң қалған қатысушыларының келiсiмiмен ғана рұқсат етiлетiндiгi көзделмесе, жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң жарғылық капиталындағы үлес серiктестiктiң қатысушысы болған азаматтардың мұрагерлерiне және заңды тұлғалардың құқықты мирасқорларына ауысады. Үлестiң ауысуына келiсiм беруден бас тарту серiктестiктi қатысушының мұрагерлерiне (мирасқорларына) заң құжаттары мен серiктестiктiң құрылтай құжаттарында көзделген тәртiп пен жағдайлар бойынша үлестiң нақты құнын төлеуге немесе оларға құны сондай заттай мүлiк беру мiндетiне әкелiп соқтырады.

Заң актiлерiнде үлестiң заңды тұлғалардың құқықтық мұрагерлерiне ауысу ерекшелiктерi көзделуi мүмкiн.

 

ҚР 22.04.98 ж. № 221-1 Заңына сәйкес 81-бап жаңа редакцияда

81-бап. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк қатысушыларының қосымша жарналары

Егер жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң жарғысында өзгеше көзделмесе, қатысушылардың жалпы жиналысы серiктестiк мүлкiне қатысушылардың қосымша жарналар енгiзуi туралы шешiм қабылдай алады. Шешiм серiктестiктiң барлық қатысушыларының төрттен үш көпшiлiк дауысымен қабылданады.

 

ҚР 02.03.98 ж. № 211-1 Заңына сәйкес 82-бап жаңа редакцияда

82-бап. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң қатысушысынан үлестi мәжбүрлеп сатып алу

Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiң қатысушысы заң актiлерiнде немесе құрылтай құжаттарында белгiленген серiктестiк алдындағы өз мiндеттерiн бұзған жағдайда серiктестiк жалпы жиналыстың шешiмiне сәйкес сот бойынша осындай қатысушының үлесiн серiктестiктiң қатысушымен келiсiмiнде белгiленген бағамен мәжбүрлеп сатып алуды талап етуге құқылы. Келiсiмге қол жетпеген жағдайда мәжбүрлеп сатып алынатын үлестiң бағасын сот белгiлейдi.

 

ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 83-бап өзгертiлдi

83-бап. Қатысушының жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктегi үлесiнен ақы өндiрiп алу

Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiкке қатысушының өз борыштарын өтеу үшiн мүлкi жеткiлiксiз болған жағдайда несие берушiлер борышқор-қатысушының үлесiн белгiленген тәртiп бойынша бөлiп берудi талап етуi мүмкiн.

 



php"; ?>