VII. Коммерциялық емес ұйымдар

 

16.12.98 ж. № 320-1 ҚР Заңымен ; 21.05.02 ж. № 323-II ҚР Заңымен; 20.05.03 ж. № 417-II ҚР Заңымен ;10.07.03 ж. № 483-II ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) ; 05.11.04 ж. № 552-II ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2008.04.12 № 97-IVҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 105-бап өзгертілді

105-бап. Мекеме

1. Басқару, әлеуметтiк-мәдени немесе өзге де коммерциялық емес сипаттағы қызметтердi жүзеге асыру үшiн құрылтайшы құрған және қаржыландыратын ұйым мекеме деп танылады.

2. Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына сәйкес немесе Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің және облыстар (республикалық маңызы бар қалалар, астана), аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімдіктерінің нормативтік құқықтық актілерімен мемлекет құрған және егер заң актiлерiнде қосымша қаржыландыру көздерi белгiленбесе, тек мемлекеттiк бюджеттiң немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi бюджетiнiң (шығыстар сметасының) есебiнен ғана ұсталатын мекеме мемлекеттiк мекеме деп танылады.

3. Мемлекеттiк меншiктi иелену, пайдалану, билiк ету құқығы белгiленген тәртiппен берiлген мекемелердi қоспағанда, мемлекеттiк мекеме басқа заңды тұлғаны құра алмайды, сондай-ақ оның құрылтайшысы (қатысушысы) бола алмайды.

3-1. Мемлекеттік мекеменің шарттық міндеттемелерді қабылдауы Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

4. Мекемелердiң және мемлекеттiк мекемелердiң оларға бекiтiлiп берiлген мүлiкке құқықтары осы Кодекстiң 202-208-баптарына сәйкес белгiленедi.

 

ҚР Президентінің 05.10.95 ж. № 2489 заң күші бар Жарлығымен; ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.98 ж. № 211-1 Заңдарымен 106 бап өзгертiлді; 2010.15.07. № 338-ІV ҚР Заңымен 106-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)

106-бап. Қоғамдық бiрлестiктер

1. Қазақстан Республикасында қоғамдық бiрлестiктер болып, саяси партиялар, кәсiптiк одақтар және азаматтардың заңдарға қайшы келмейтiн, өздерiнiң ортақ мақсаттарына жету үшiн ерiктi негiзде құрған басқа да бiрлестiктерi танылады.

Қаржы нарығындағы қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалардың қоғамдық бiрлестiктерді құру және оларға қатысу ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленеді.

Қоғамдық бiрлестiктерге қатысушылардың (мүшелерiнiң) осы бiрлестiктерге өздерi берген мүлiкке, соның iшiнде мүшелiк жарналарға құқықтары жоқ. Олар өздерi мүшелерi ретiнде қатысатын қоғамдық бiрлестiктердiң мiндеттерi бойынша жауап бермейдi, ал аталған бiрлестiктер өз мүшелерiнiң мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi.

2-6-тармақтар алынып тасталды

7. Съездiң (конференцияның) немесе жалпы жиналыстың шешiмi бойынша таратылған қоғамдық бiрлестiктiң мүлкi оның жарғысымен көзделген мақсаттарға жұмсалады.

Сот шешiмi бойынша таратылған қоғамдық бiрлестiктiң мүлкi осы Кодекске немесе өзге заң құжаттарына сәйкес пайдаланылады.

8. Қоғамдық бiрлестiктiң құқықтық ережесi, осы Кодекске, заң құжаттарына сәйкес белгiленедi.

 

ҚР Президентінің 05.10.95 ж. № 2489 заң күші бар Жарлығымен; ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 16.07.99 ж. № 436-I Заңдарымен 107-бапқа өзгерiстер енгiзiлдi

107-бап. Қоғамдық қор

1. Азаматтар және (немесе) заңды тұлғалар ерiктi мүлiктiк жарналар негiзiнде құрған, әлеуметтiк, қайырымдылық, мәдени, бiлiм беру және өзге де қоғамдық пайдалы мақсаттарды көздейтiн мүшелiгi жоқ коммерциялық емес ұйым қоғамдық қор деп танылады.

2. Қоғамдық қор заңды тұлға болып табылады, азаматтық айналымда қордың органдары өкiлдiк етедi, оның дербес балансы және банктік шоты бар.

3. Қоғамдық қорға оның құрылтайшылары берген мүлiк қордың меншiгi болып табылады.

Қоғамдық қордың мүлкiне қор құрылтайшыларының мүлiктiк құқықтары жоқ.

4. Қоғамдық қордың қаржы көзi құрылтайшылардың ақшасы, сондай-ақ басқа мүлкi, демеушiлiк, ерiктi түрде жиналған жылулар және өзге де заңды түсiмдер болып табылады.

5. Қоғамдық қорды басқару тәртiбi мен оның органдарын құру тәртiбi оның құрылтайшылар бекiтетiн жарғысында белгiленедi.

Қоғамдық қордың жарғысында осы Кодекстiң 41-бабының 5-тармағындағы мәлiметтерден басқа қордың органдары туралы, қордың лауазымды адамдарын тағайындау және оларды босату тәртiбi, ол таратылған жағдайда қор мүлiктерiнiң тағдыры көрсетiлуге тиiс.

6. Қор өз мүлкiнiң пайдаланылуы туралы есептерiн ресми баспасөз басылымдарында жыл сайын жариялап отыруға мiндеттi.

7. Қоғамдық қор сот шешiмi бойынша мынадай жағдайларда:

1) егер қордың мақсаттарын жүзеге асыру үшiн оның мүлкi жеткiлiксiз болса және оның қажеттi мүлiктi алу ықтималдығы нақты болмаса;

2) егер қордың мақсаттарына жету мүмкiн болмаса, ал қор мақсаттарына қажеттi өзгерiстер жасау мүмкiн болмаса;

3) қор өз қызметiнде жарғымен көзделген мақсаттардан бас тартқан жағдайда;

4) заң құжаттарында немесе құрылтай құжаттарында көзделген басқа да жағдайларда таратылады.

8. Қоғамдық қор таратылғаннан кейiн қалған мүлiк оның жарғысында көзделген мақсаттарға жұмсалады.

 

ҚР 02.03.98 ж. № 211-1 Заңымен 108-бап өзгертілді

108-бап. Тұтыну кооперативi

1. Қатысушылардың материалдық және өзге де қажеттерiн қанағаттандыру үшiн өз мүшелерiнiң мүлiктiк (үлестiк) жарналарын бiрiктiру арқылы жүзеге асырылатын азаматтардың ерiктi бiрлестiгi тұтыну кооперативi деп танылады.

Заң актiлерiнде көзделген жағдайларда тұтыну кооперативiне заңды тұлғалар кiре алады.

2. Тұтыну кооперативiнiң мүшелерi жыл сайынғы баланс бекiтiлгеннен кейiн пайда болған залалдарды қосымша жарналар төлеу арқылы үш ай iшiнде жабуға мiндеттi. Бұл мiндеттердi орындамаған ретте кооператив несие берушiлердiң талабы бойынша сот тәртiбiмен таратылуы мүмкiн.

Тұтыну кооперативiнiң мүшелерi оның мiндеттемелерi бойынша кооператив мүшелерiнiң қосымша төлемеген бөлiгi шегiнде жәрдем беру жөнiнен ортақ жауапты болады.

3. Тұтыну кооперативiнiң жарғысында, осы Кодекстiң 41-бабының 5-тармағында көрсетiлген мәлiметтерден басқа, кооператив мүшелерi жарналарының мөлшерi туралы; кооператив мүшелерiнiң құрамы мен жарна төлеу тәртiбi және олардың жарна төлеу жөнiндегi мiндеттемелердi бұзғаны үшiн жауапкершiлiгi туралы; кооперативтi басқару органдарының құрамы мен құзыретi және олардың шешiмдер қабылдау, соның iшiнде шешiмi бiрауыздан немесе бiлiктi көпшiлiк дауыспен қабылданатын мәселелер жөнiнде шешiмдер қабылдау тәртiбi туралы; кооператив мүшелерiнiң өздерi шеккен залалдарды жабу тәртiбi туралы ережелер болуға тиiс.

4. Тұтыну кооперативiнiң тапқан табыстарын оның мүшелерi арасында бөлуге болмайды, олар жарғылық мақсаттарға берiледi.

5. Тұтыну кооперативi таратылған немесе кооператив мүшесi одан шыққан жағдайда ол тұтыну кооперативiнiң мүлкiнен өз үлесiн өз жарнасына қарай бөлiп алуға құқылы.

Тұтыну кооперативiнiң мүшесi қайтыс болған жағдайда, егер кооператив жарғысында өзгеше көзделмесе, оның мұрагерлерiнiң кооператив мүшелiгiне қабылдануға бiрiншi кезекте құқығы болады. Соңғы жағдайда кооператив мұрагерлерге тұтыну кооперативiнiң мүлкiнен оның қосқан жарнасына қарай үлесiн төлейдi.

6. Тұтыну кооперативiнiң құқықтық жағдайы, сондай-ақ оның мүшелерiнiң құқықтары мен мiндеттерi осы Кодекске сәйкес заң құжаттарында белгiленедi.

7. Селолық тұтыну кооперативтерi тек өз мүшелерiнiң ғана емес, селолық жерлерде тұратын басқа адамдардың да материалдық және өзге қажеттерiн қанағаттандыру үшiн құрылуы мүмкiн.

Селолық тұтыну кооперациясының ерекшелiктерi осы бапқа сәйкес арнайы заңда белгiленедi.

ҚР 2006.05.07. № 164-III Заңымен 8-тармақпен толықтырылды

8. Өзара сақтандыру қоғамдары - тұтыну кооперативтері қызметінің ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде айқындалады.

 

ҚР Президентінің 05.10.95 ж. № 2489 заң күші бар Жарлығымен; ҚР 02.03.98 ж. № 211-1 Заңымен 109-бапқа өзгерiстер енгiзiлдi

109-бап. Дiни бiрлестiк

1. Рухани қажеттерiн қанағаттандыру үшiн өз мүдделерiнiң ортақтығы негiзiнде, заң құжаттарында белгiленген тәртiп бойынша бiрiккен азаматтардың ерiктi түрдегi бiрлестiгi дiни бiрлестiк деп танылады.

2. алынып тасталды

3. Республикадан тыс жерлерде басқару орталықтары бар Қазақстан Республикасындағы дiни бiрлестiктер әдiлет органдарында тiркеуге жатады. Басқару орталықтарының жарғылары (ережелерi), егер олар Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмесе, осындай дiни бiрлестiктер жарғыларының (ережелерiнiң) негiзiне алынуы мүмкiн.

4-8-тармақтар алынып тасталды

9. Дiни бiрлестiктер өз қаражаты есебiнен сатып алған немесе өздерi құрған азаматтар, ұйымдар жылу ретiнде берген немесе мемлекет берген және заң құжаттарына қайшы келмейтiн басқа да негiздер бойынша сатып алынған мүлiкке меншiк құқығы болады.

10. Дiни бiрлестiктерге қатысушылардың (мүшелерiнiң) осы ұйымға өздерi берген мүлiкке, соның iшiнде мүшелiк жарналарға құқықтары сақталмайды. Олар дiни бiрлестiктiң мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi, ал дiни бiрлестiк өз мүшелерiнiң мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi.

11. Дiни бiрлестiктiң құқықтық жағдайының ерекшелiктерi осы Кодекске, Қазақстан Республикасының заң құжаттарына сәйкес белгiленедi.

 

02.03.98 ж. № 211-1; 16.05.03 ж. № 416-II (бұр. ред. қара); 2007.12.01. № 225-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 110-бап өзгертiлдi

110-бап. Жеке кәсіпкерлердің және (немесе) заңды тұлғалардың

қауымдастық (одақ) нысанындағы бiрлестiгi

1. Жеке кәсіпкерлер және (немесе) заңды тұлғалар өздерінің кәсіпкерлік қызметін үйлестіру, сондай-ақ ортақ мүдделерін білдіру мен қорғау мақсатында қауымдастықтар (одақтар) құра алады.

Заңды тұлғалардың қаржы рыногында қызметтi жүзеге асыратын қауымдастығын (одақтарын) құру және оларға қатысу ерекшелiгi Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленедi.

2. Қоғамдық бiрлестiктер және өзге де коммерциялық емес ұйымдар, соның iшiнде мекемелер осы ұйымдардың қауымдастығына (одақтарына) өз еркiмен бiрiге алады.

3. Қауымдастық (одақ) коммерциялық емес ұйым болып табылады.

4. Қауымдастықтың (одақтың) мүшелерi өз дербестiгiн сақтап қалады.

5. Қауымдастық (одақ) өз мүшелерiнiң мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi. Қауымдастық (одақ) мүшелерi оның мiндеттемелерi бойынша қауымдастықтың (одақтың) құрылтай құжаттарында көзделген мөлшер мен тәртiп бойынша жәрдем жөнiнен жауапты болады.

 

3. Мемлекет пен әкімшілік-аумақтық бөліністің