Де заттық құқықтарға ие болу
235-бап. Меншiк құқығына ие болу негiздерi
1. Егер шартта немесе заңдарда өзгеше көзделмесе, жаңа затқа меншiк құқығы оны дайындаған немесе жасаған тұлғаға тиедi.
Мүлiктi пайдалану нәтижесiнде алынған жемiстерге, өнiмге, табысқа меншiк құқығы осы Кодекстiң 123-бабына сәйкес алынады.
2. Меншiк иесi бар мүлiкке меншiк құқығына басқа адам сатып алу-сату, айырбастау, сыйға тарту немесе осы мүлiктi иелiктен айыру туралы өзге мәмiленiң негiзiнде ие болуы мүмкiн.
Азамат қайтыс болған ретте оған тиесiлi мүлiкке меншiк құқығы өсиетке немесе заңға сәйкес мұрагерлiк бойынша басқа адамдарға көшедi.
Заңды тұлға қайта ұйымдастырылған ретте оған тиесiлi мүлiкке меншiк құқығы қайта құрылған заңды тұлғаның құқықты мирасқорларына заңды тұлғаларға көшедi (осы Кодекстiң 46-бабы).
Меншiк иесiнiң мүлкiн меншiк иесiнiң еркiнен тыс басқа тұлғаға беруге осы Кодексте көзделгеннен басқа реттерде жол берiлмейдi.
3. Осы Кодексте көзделген реттер мен тәртiп бойынша тұлға меншiк иесi жоқ мүлiкке, меншiк иесi белгiсiз мүлiкке, не меншiк иесi бас тартқан немесе өзге негiздер бойынша ол меншiк құқығын жоғалтқан мүлiкке меншiк құқығын алу мүмкiн.
4. Тұтыну (тұрғын үй, тұрғын үй-құрылыс, саяжай, гараж немесе өзге) кооперативiнiң мүшелерi, жарна жинақтауға құқығы бар, пәтер, саяжай, гараж және кооператив осы адамдардың пайдалануына берген өзге де үй-жай үшiн өзiнiң үлестiк жарнасын толық төлеген басқа да адамдар аталған мүлiктiң меншiк құқығына ие болады.
236-бап. Жаңадан жасалып жатқан қозғалмайтын мүлiкке меншiк құқығының пайда болуы
1. Салынып жатқан үйлерге, құрылыстарға, өзге де мүлiк кешендерiне, сондай-ақ өзге де жаңадан жасалып жатқан қозғалмайтын мүлiкке меншiк құқығы осы мүлiктi жасау аяқталған кезден бастап пайда болады.
2. Егер заң құжаттарында немесе шартта құрылысы аяқталған объектiлердi қабылдап алу көзделген болса, онда тиiстi мүлiктi жасау осылайша қабылдап алынған кезден бастап аяқталған болып есептеледi.
3. Қозғалмайтын мүлiк мемлекеттiк тiркелуге тиiс реттерде, оған меншiк құқығы осылайша тiркелген кезден бастап пайда болады.
4. Қозғалмайтын мүлiктi жасау аяқталғанға дейiн, ал тиiстi жағдайларда - оны мемлекеттiк тiркеуден өткiзгенге дейiн мүлiкке қозғалмайтын мүлiк жасалатын материалдармен басқа мүлiкке меншiк құқығы туралы ережелер қолданылады.
237-бап. Өңдеу
1. Шартта өзгеше көзделмегендiктен, адам өзiне тиесiлi емес материалдарды өңдеу арқылы дайындаған жаңа қозғалатын затқа меншiк құқығын материалдардың меншiк иесi алады.
Алайда, егер өңдеу құны материалдардың құнынан едәуiр асып кетсе, жаңа затқа меншiк құқығын адал жұмыс iстеп, өңдеудi өзi үшiн жүзеге асырған адам алады.
2. Егер шартта өзгеше көзделмесе, өз материалдарынан дайындалған затқа меншiк құқығын алған материалдардың меншiк иесi ол затты өңдеудi жүзеге асырған адамға оның құнын өтеуге, ал ол адам жаңа затқа меншiк құқығын алған ретте соңғысы материалдардың меншiк иесiне олардың құнын қайтаруға мiндеттi.
3. Өңдеудi жүзеге асырған адамның ықылассыз әрекеттерiнiң нәтижесiнде материалынан айрылған меншiк иесi жаңа затты өз меншiгiне берудi және өзiне келтiрiлген залалдардың орнын толтыруды талап етуге құқылы.
238-бап. Шарт бойынша мүлiк алушының меншiк құқығы пайда болатын кез
1. Шарт бойынша мүлiк алушының меншiк құқығы, егер заң құжаттарында немесе шартта өзгеше көзделмесе, зат берiлген кезден бастап пайда болады.
2. Егер мүлiктi иелiктен айыру туралы шарт мемлекеттiк тiркеуге немесе нотариалдық куәландыруға жататын болса, алушының меншiк құқығы тiркелген немесе нотариат куәландырған кезден бастап, ал шартты нотариаттың куәландыруы да, мемлекеттiк тiркеу де қажет болған жағдайда ол тiркелген кезден бастап пайда болады.
239-бап. Заттардың берiлуi
1. Заттардың алушыға тапсырылуы, сол сияқты, егер заңдарда немесе шартта өзгеше көзделмесе, алушыға жөнелту үшiн көлiк ұйымына өткiзу және иелiктен айырылған заттарды жеткiзiп беру мiндеттемесiнсiз алушыға салып жiберу үшiн почтаға өткiзу-берiлу деп танылады.
2. Егер затты иелiктен айыру туралы шартты жасасу кезiнде-ақ ол алушының иелiгiнде болса, зат оған сол кезден бастап берiлген деп танылады. Затқа коносамент немесе өзге де өкiмшi құжат беру заттарды беруге теңестiрiледi.
240-бап. Иелену мерзiмi
1. Мүлiктiң меншiк иесi болып табылмайтын, бiрақ өзiнiң жеке қозғалмайтын мүлкiндей он бес жыл бойы, не өзге мүлiктi кем дегенде бес жыл адал, ашық және ұдайы иеленген азамат немесе заңды тұлға ол мүлiкке меншiк құқығын (иелену мерзiмiн) алады.
Мемлекеттiк тiркеуге жататын қозғалмайтын және өзге де мүлiкке меншiк құқығы бұл мүлiктi иелену мерзiмiне сәйкес алған тұлғада осындай тiркеу кезiнен бастап пайда болады.
2. Мүлiкке меншiк құқығын алғанға дейiн оларды өз мүлкiндей иеленушi азамат немесе заңды тұлға өз иелiгiн мүлiктiң меншiк иелерi болып табылмайтын, сондай-ақ заң құжаттарында немесе шартта көзделген өзге де негiздерге сәйкес оларды иеленуге құқығы жоқ үшiншi жақтардан қорғауға құқылы.
3. Иелену мерзiмiне жүгiнетiн азамат немесе заңды тұлғаның өздерi құқықты мирасқорлары болып табылатын тұлғаның осы затқа иелiк еткен уақытының бәрiн өз иелiгiне қосып алуына болады.
4. Тұлғада болып, оның иеленуiнен осы Кодекстiң 260-263, 265-баптарына сәйкес талап етiлуi мүмкiн мүлiктер жөнiндегi иелену мерзiмiнің өтуi тиiстi талаптар бойынша талап мерзiмi бiтуiнен ерте басталмайды.
5. Егер тұлғаға сотта оның меншiк құқығын танудан бас тартылған ретте мүлiктi иеленушi тұлға меншiк иесiне айналады.
241-бап. Жинауға не аулауға арналған көпшiлiк қолды заттарды меншiкке айналдыру
Заңдарға, жергiлiктi әдет-ғұрыпқа немесе меншiк иесi берген жалпы рұқсатқа сәйкес ормандарда, бөгендерде немесе басқа аумақта жидек теруге, балық аулауға, аң аулауға, басқа нәрселердi жинауға немесе аулауға жол берiлген ретте, тиiстi заттарға меншiк құқығын оларды жинауды және аулауды жүзеге асырған адам алады.
24.12.01 ж. № 276-II; 2004.20.12 № 13-III (бұр. ред. қара); 2006.22.06 № 147-III; 2007.12.01. № 225-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 242-бап өзгертілді
242-бап. Иесiз заттар
1. Меншiк иесi жоқ немесе меншiк иесi белгiсiз зат не меншiк иесi оның меншiк құқығынан бас тартқан зат иесiз болып табылады.
2. Егер меншiк иесi бас тартқан заттарға меншiк құқығын алу туралы (осы Кодекстiң 243-бабы), олжа туралы (осы Кодекстiң 245-бабы), қараусыз жануарлар туралы (осы Кодекстiң 246-бабы) және қазына (осы Кодекстiң 247-бабы)туралы ережелер терiске шығармаса, иелену көнелiгiне (осы Кодекстiң 240-бабы) сәйкес иесiз қозғалмалы заттарға меншiк құқығы алынуы мүмкiн.
3. Иесiз қозғалмайтын заттарды олар табылған аумақтағы қаладағы аудан, облыстық, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкiмi аппаратының мәлiмдеуi бойынша қозғалмайтын мүлiктi мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асыратын орган есепке алады. Коммуналдық меншiктi басқаруға уәкiлдiк берiлген орган иесiз қозғалмайтын заттарды есепке алған күннен бастап бiр жыл өткеннен кейiн бұл затты коммуналдық меншiкке түстi деп тану туралы талап қойып сотқа жүгiне алады.
Коммуналдық меншiкке түскен мүлiктi есепке алу, сақтау, бағалау, одан әрі пайдалану және сату жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастыруды коммуналдық меншiктi басқаруға уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
Мемлекеттiк меншiкке түскен мүлiктi есепке алу, сақтау, бағалау, одан әрі пайдалану және сату тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
Сот шешiмi бойынша коммуналдық меншiкке түстi деп танылмаған иесiз қозғалмайтын зат оны тастап кеткен меншiк иесiнiң иелiгiне, пайдалануына және билiк етуiне қайта қабылдануы, не иелену мерзiмiне орай (осы Кодекстiң 240-бабы) меншiкке алынуы мүмкiн.
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 243-бап жаңа редакцияда
243-бап. Меншiк иесi бас тартқан жылжымалы заттар
1. Меншiк иесi тастаған немесе оларға меншiк құқығынан бас тарту мақсатымен өзгеше түрде қалдырып кеткен жылжымалы заттар (тасталған заттар) осы баптың 2-тармағында көзделген тәртiппен басқа адамдардың өз меншiгiне айналдырылуы мүмкiн.
2. Меншiгiнде, иелiгiнде немесе пайдалануында құны жиырма айлық есептiк көрсеткiшке сәйкес сомадан көрiнеу төмен тасталған мүлiк не тасталған металл сынықтары, жарамсыз өнiм жатқан жер учаскесi бар адамның ол заттарды пайдалануға кiрiсiп немесе осы заттарды меншiгiне қаратқандығына куә болатын өзге де iс-әрекет жасап, оларды өз меншiгiне айналдыруға құқығы бар.
Басқа тасталған заттар, егер осы адамның арызы бойынша оларды сот иесiз деп таныса, оларды иеленуге кiрiскен тұлғаның меншiгiне кiредi.
244-бап. Өз бетiмен салынған құрылыс
1. Заңдарда белгiленген тәртiппен осындай мақсаттарға арнап бөлiнбеген жер учаскесiнде салынған, сондай-ақ қажеттi рұқсат алынбай салынған тұрғын үй, басқа қора-қопсы, құрылыс, немесе өзге де қозғалмайтын мүлiк өз бетiмен салынған құрылыс болып табылады.
2. Өз бетiмен құрылыс салуды жүзеге асырған адам оған меншiк құқығын алмайды. Оның құрылысқа билiк етуге - сатуға, сыйға тартуға, жалға беруге, басқа да мәмiлелер жасауға - құқығы жоқ.
Өз бетiмен салынған құрылыс, осы баптың 3 және 4-тармақтарында көзделгеннен басқа реттерде, оны жүзеге асырған адамның есебiнен бұзылуға тиiс.
3. Өзiне тиесiлi емес жер учаскесiне құрылысты жүзеге асырған адамға бұл учаске салынған құрылысты орналастыру үшiн осы адамға белгiленген тәртiп бойынша берiлген жағдайда ғана өз бетiмен салынған құрылысқа меншiк құқығы танылады.
Сот сондай-ақ құрылыс салынған жер учаскесi өзiнiң заңды пайдалануында болған адамның өз бетiмен салынған құрылысқа меншiк құқығын тануы мүмкiн. Бұл ретте құрылысқа меншiк құқығы танылған адам оны жүзеге асырған адамды сот белгiлеген мөлшерде құрылысқа жұмсаған шығындарын өтейдi.
Егер құрылысты сақтап қалу басқа адамдардың құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерiн бұзуға әкелiп соқтырса не азаматтардың өмiрi мен денсаулығына қауiп төндiретiн болса, аталған адамдардың өз бетiмен салынған құрылысқа меншiк құқығын тануға болмайды.
4. Ерекше жағдайларда әлеуметтiк-экономикалық тиiмдiлiгi ескерiле отырып, өз бетiнше салынған құрылыс сот белгiлеген мөлшерде құрылыс шығындары өтелiп, коммуналдық меншiкке берiлуi мүмкiн.
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiледi) 245-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
245-бап. Олжа
1. Жоғалған затты тауып алушы бұл туралы оны жоғалтқан адамға немесе заттың меншiк иесiне немесе оны алуға құқығы бар өзiне белгiлi басқа адамдардың бiреуiне дереу хабарлауға және табылған затты оған қайтаруға мiндеттi.
Егер зат үй-жайдың iшiнде немесе көлiкте табылған болса, ол сол үй-жайдың немесе көлiктiң иесi болып табылатын адамға тапсырылуға тиiс. Мұндай ретте осы иеленушi затты тапқан адамның құқықтарын иеленiп, оның мiндеттерiн мойнына алады.
2. Егер табылған затты алуға құқығы бар адамның өзi немесе оның тұрған жерi белгiсiз болса, затты тауып алушы олжа туралы iшкi iстер органдарына немесе қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкiмiнiң аппаратына мәлiмдеуге мiндеттi.
3. Затты тауып алушы оны өзiнде сақтауға не iшкi iстер органдарының, қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкiмi аппаратының немесе олар көрсеткен адамның сақтауына тапсыруға құқылы. Тез бұзылатын затты немесе сақтауға кететiн шығындар оның құнына сәйкес келмейтiн затты тауып алушы түсiм сомасын растайтын жазбаша дәлелдемелер алып, сата алады. Табылған затты сатудан түскен ақша сақталуға және затты алуға заңды құқығы бар адамға қайтарылуға немесе бұл заттың өзi үшiн белгiленген тәртiп пен жағдайларда басқа адамдардың меншiгiне берiлуге тиiс.
Затты тауып алушы оның жоғалтқаны немесе бүлдiргенi үшiн өзiнiң жасыру ниетi болған немесе өрескел абайсыздық жасаған ретте ғана және сол заттың құны шегiнде жауапты болады.
4. Егер олжа туралы iшкi iстер органдарына немесе қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкiмiнiң аппаратына мәлiмденген кезден бастап алты ай өткенше жоғалған затты алуға заңды құқығы бар адам анықталмаса және затқа өзiнiң құқығы туралы оны тапқан адамға не iшкi iстер органдарына немесе қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкiмiнiң аппаратына мәлiмделмесе, затты тауып алушы оған меншiк құқығын алады.
Егер затты тауып алушы тапқан затын меншiгiне алудан бас тартса, ол коммуналдық меншiкке өтедi.
5. Затты тауып алушы және оны алуға заңды құқығы бар адамға қайтарып берушi ол адамнан, ал зат коммуналдық меншiкке өткен ретте - тиiстi жергiлiктi атқару органынан затты сақтауға, өткiзуге, сатуға байланысты қажеттi шығындарды және затты алуға заңды құқығы бар адамды табуға кеткен шығындарды өтетiп алуға құқылы.
6. Затты тауып алушы затты алуға заңды құқығы бар адамнан зат құнының отыз процентi мөлшерiнде сыйақы алуға құқылы. Егер табылған зат оны алуға заңды құқығы бар адам үшiн ғана құнды болса, сыйақының мөлшерi тараптар есептеп шығарған баға бойынша белгiленедi.
Егер затты тауып алушы өзiнiң олжа туралы мәлiмдеу мiндетiн орындамаса немесе олжаны жасырып қалуға өзге де әрекеттер жасаса, сыйақы алу құқығы туындамайды.
2004.20.12 № 13-III (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiледi) (бұр. ред. қара); 2007.12.01. № 225-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 246-бап өзгертiлдi
246-бап. Қараусыз жануарлар
1. Қараусыз немесе қаңғып жүрген малды және басқа да үй жануарларын немесе қолға үйретiлген жануарларды ұстап алған адам оларды меншiк иесiне қайтаруға, ал егер оның өзi немесе тұрған жерi белгiсiз болса, осындай жануарларды ұстаған кезден бастап үш күннен кешiктiрмей табылған жануарлар туралы iшкi iстер органдарына немесе қаладағы аудан, облыстық, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкiмiнiң аппаратына мәлiмдеуге мiндеттi, олар меншiк иесiн iздестiру шараларын қолданады.
Жануарлардың меншiк иесiн iздестiру кезеңiнде жануарларды ұстаушы адам оларды өзiнiң бағуында және пайдалануында қалдыруы, не ол бағу мен пайдалану үшiн қажеттi жағдайы бар басқа адамға тапсырылуы мүмкiн. Жануарларды ұстап алған адамның өтiнiшi бойынша оларды бағу мен пайдалану үшiн қажеттi жағдайы бар адамды iздеп табуды және оларға жануарларды берудi қаладағы аудан, облыстық, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкiмiнiң аппараты жүзеге асырады.
2. Жануарларды ұстап алған адам және олар бағуы мен пайдалануына берiлген адам жануарлардың өлiм-жiтiмi мен iске жарамай қалғаны үшiн бұған кiнәсi болған кезде ғана және сол жануарлардың құны мөлшерiнде жауапты болады.
3. Егер жұмыс малы мен iрi қараны ұстап алғаны туралы мәлiмделген кезден бастап алты ай iшiнде және басқа үй жануарлары жөнiнде - екi ай iшiнде олардың меншiк иесi табылмаса және оларға өзiнiң құқығы туралы мәлiмдемесе, бұл жануарларға меншiк құқығы жануарларды баққан және пайдаланған адамға көшедi.
Бұл адам бағуында болған жануарларды меншiгiне алудан бас тартқан жағдайда олар коммуналдық меншiкке түседi және тиiстi қаладағы аудан, облыстық, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкiмiнiң аппараты белгiлейтiн тәртiп бойынша пайдаланылады.
4. Жануарларды меншiк иесiне қайтарған ретте жануарларды ұстап алған адам және жануарларды бағып, пайдаланып келген адам сол меншiк иесiнен жануарларды пайдаланудан алынған пайданы есепке жатқыза отырып, оларды бағуға байланысты өз шығындарына өтем алуға құқылы.
5. Қараусыз немесе қаңғып жүрген малды және басқа да үй жануарларын немесе қолға үйретiлген жануарларды ұстап алған адам олардың меншiк иесiнен осы Кодекстiң 245-бабының 6-тармағына сәйкес сыйақы төлеудi талап етуге құқылы.
6. Жануарлар басқа адамның меншiгiне көшкеннен кейiн олардың бұрынғы меншiк иесi келген ретте сол жануарлардың өзiне үйiрсектiгi сақталғанын немесе жаңа меншiк иесiнiң оларға қатал не өзгедей мейiрiмсiз қарағанын дәлелдейтiн жағдайлар болған кезде меншiк иесi жаңа меншiк иесiмен келiсiм бойынша белгiленетiн шарттармен, ал келiсiмге келмеген кезде - сот арқылы оларды өзiне қайтарып берудi талап етуге құқылы.
247-бап. Көмбе
1. Көмбе, яғни жерге көмiлген немесе басқа әдiспен жасырылған, меншiк иесiн анықтау мүмкiн болмайтын не заңдарға сәйкес оларға құқығынан айрылған ақша немесе өзге де бағалы заттар көмбе жасырылған жер учаскесi иесiнiң немесе қозғалмайтын затты меншiктенушiнiң және көмбенi тапқан адамның, егер олардың арасындағы шартта өзгеше белгiленбесе, меншiгiне тең мөлшерде түседi.
Көмбе жасырылған жер учаскесiн пайдаланушының немесе қозғалмайтын мүлiктi меншiктенушiнiң келiсiмiнсiз қазған немесе бағалы заттар iздестiрген адам көмбенi тауып алған жағдайда көмбе сол меншiк иесiне берiлуге тиiс.
2. Тарих және мәдениет ескерткiштерiне жататын заттардан тұратын көмбе табылған ретте олар Қазақстан Республикасының меншiгiне берiлуге тиiс. Бұл орайда ондай көмбе табылған жер учаскесiн пайдаланушы немесе қозғалмайтын мүлiктi меншiктенушi және көмбенi тапқан адам осы көмбе құнының елу процентi мөлшерiнде сыйақы алуға құқылы. Сыйақы бұл адамдар арасында осы баптың 1-тармағында көзделген ережелер қолданыла отырып бөлiнедi.
248-бап. Меншiк иесiнен алынған мүлiктi иелену
Егер адам заң құжаттарында белгiленген тәртiп пен жағдайлар бойынша меншiк иесiнен заңды негiздерде алынған мүлiктi иеленсе, бұл адам мүлiкке меншiк құқығына ие болады.