Тарау. Міндеттеменің орындалуын
Амтамасыз ету
Жалпы ережелер
ҚР 2005.08.07. № 72-III (бұр. ред. қара) Заңымен 292-бап өзгертiлдi
292-бап. Мiндеттеменiң орындалуын қамтамасыз ету әдiстерi
1. Мiндеттеменi орындау, заңдарда немесе шартта көзделген айып төлету, кепiл, борышқордың мүлкiн алып қалу, аманат, кепiлдiк, кепiлпұл және басқа да әдiстер арқылы қамтамасыз етiлуi мүмкiн.
Бағалы қағаздар бойынша мiндеттемелердiң орындалуын қамтамасыз ету тәсiлдерi Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногындағы қызметтi реттейтiн заң актiлерiнде белгiленедi.
2. Мiндеттеменi қамтамасыз ету туралы келiсiмнiң жарамсыздығы бұл мiндеттеменiң (негiзгi мiндеттеменiң) жарамсыздығына әкелiп соқтырмайды.
3. Негiзгi мiндеттеменiң жарамсыздығы оны қамтамасыз ететiн мiндеттеменi жарамсыз етедi.
Айып төлеу
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 293-бап өзгертiлдi
293-бап. Айып төлеу ұғымы
Борышқор мiндеттемесiн орындамаған немесе тиiсiнше орындамаған ретте, атап айтқанда, орындау мерзiмiн өткiзiп алған ретте несие берушiге төлеуге мiндеттi, заңдармен немесе шартпен белгiленген ақша сомасы айып төлеу (айыппұл, өсiм) деп танылады. Айып төлеу туралы талап бойынша несие берушi оған келтiрiлген залалдарды дәлелдеуге мiндеттi емес.
294-бап. Айып төлеу туралы келiсiмнiң нысаны
Айып төлеу туралы келiсiм, негiзгi мiндеттеменiң нысанына қарамастан, жазбаша түрде жасалуға тиiс.
Жазбаша нысанның сақталмауы айып төлеу туралы келiсiмнiң жарамсыздығына әкелiп соқтырады.
295-бап. Заңды айып төлеу
1. Несие берушi тараптардың келiсiмiнде айып төлеу мiндетi көзделген-көзделмегенiне қарамастан, заңдарда белгiленген айып төлеудi (заңды айып төлеудi) талап етуге құқылы.
2. Егер заңдарда тыйым салынбаса, тараптардың келiсiмiмен заңды айып төлеу мөлшерi көбейтiлуi мүмкiн.
296-бап. Айып төлеу мөлшерi
Айып төлеу мөлшерi нақты ақша сомасында немесе орындалмаған не тиiсiнше орындалмаған мiндеттеме сомасына шаққандағы процентпен белгiленедi.
297-бап. Айып төлеу мөлшерiн азайту
Егер төленуге тиiстi айып (айыппұл, өсiм) несие берушiнiң шеккен залалдарымен салыстырғанда тым көп болса, сот борышқордың мiндеттеменi орындау дәрежесiн және борышқор мен несие берушiнiң назар аударуға лайықты мүдделерiн ескере отырып, айып төлеу мөлшерiн (айыппұлды, өсiмдi) азайтуға құқылы.
298-бап. Айып төлеудi өндiрiп алу негiздерi
Мiндеттеменi бұзғаны үшiн борышқор жауапқа тартылатын жағдай болған кезде мiндеттеменiң орындалмағаны немесе тиiсiнше орындалмағаны үшiн айып өндiрiп алынады (осы Кодекстiң 359-бабы).
Кепіл
ҚР 02.03.98 ж. № 211; 17.01.02 ж. № 285-II Заңдарымен 299-бап өзгертiлдi
299-бап. Кепiл ұғымы
1. Мiндеттемеге сәйкес несие берушiнiң (кепiл ұстаушының) борышқор кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi орындамаған ретте кепiлге салынған мүлiк құнынан осы Кодексте белгiленген алып тасталатындарды қоспай, осы мүлiк тиесiлi адамның (кепiл берушiнiң) басқа несие берушiлердiң алдында артықшылықпен қанағаттандырылуға құқығы бар мiндеттеменi атқаруының осындай әдiсi кепiл деп танылады.
Кепiл ұстаушының кепiлге салынған мүлiк, кiмнiң пайдасына сақтандырылғанына қарамастан, оның жоғалғаны немесе бүлiнгенi үшiн, егер жоғалу немесе бүлiну кепiл ұстаушы жауап беретiн себептер бойынша болмаса, сақтандыру өтемiнен сол бұрынғы негiзде қанағаттандырылуға құқығы бар.
2. Кәсiпорындар, үйлер, ғимараттар, пәтерлер, жер учаскелерiне және басқа қозғалмайтын мүлiкке құқықтар (ипотека) кепiлi қозғалмайтын мүлiк ипотекасы туралы Қазақстан Республикасы Заңымен реттеледi. Ипотека туралы Қазақстан Республикасының Заңында өзгеше ережелер белгiленбеген реттерде ипотекаға осы Кодекстегi кепiл туралы жалпы ережелер қолданылады.
3. Мемлекеттік тіркеуге жататын әуе және теңіз кемелерінің, ішкі суда жүзетін кемелердің, "өзен-теңізде" жүзетін кемелердің кепілі (кемелер ипотекасы) Қазақстан Республикасының арнайы заң актілерімен реттеледі. Осы Кодекстегі кепіл туралы жалпы ережелер Қазақстан Республикасының арнайы заң актілерінде өзге ережелер көзделмеген жағдайда кемелер ипотекасына қолданылады.
Осы тармақтың бірінші бөлігіндегі талаптар жасалып жатқан теңіз кемелеріне, ішкі суда жүзетін кемелерге, "өзен-теңізде" жүзетін кемелерге де қолданылады.
300-бап. Кепiлдiң пайда болу негiздерi
1. Кепiл шартқа сәйкес пайда болады. Кепiл заң құжаттарының негiзiнде, егер заң құжаттарында қандай мүлiк және қандай мiндеттеменiң орындалуын қамтамасыз ету үшiн кепiлде жатқан деп танылатыны көзделсе, оларды көрсетiлген мiндеттемелердiң пайда болуы кезiнде де туындайды.
2. Осы Кодекстiң шартқа сәйкес пайда болатын кепiл туралы ережелерi, егер заң құжаттарында өзгеше көзделмесе, тиiсiнше заң құжаттары негiзiнде пайда болған кепiлге сәйкес қолданылады.
ҚР 11.07.97 ж. № 154; 02.03.98 ж. 211 Заңдарымен 301-бап өзгертiлдi
301-бап. Кепiл мәнi
1. Кез келген мүлiк, соның iшiнде айналымнан алып тасталған заттар (осы Кодекстiң 116-бабының 2-тармағы), несие берушiнiң жеке басымен тығыз байланысты талаптар, атап айтқанда алименттер, өмiрiне немесе денсаулығына келтiрiлген зиянды өтеу туралы талаптар және заң құжаттарымен оларды басқа тұлғаға беруге тыйым салынған өзге құқықтар, заттар мен мүлiктiк құқықтар (талаптар) кепiл мәнi бола алады.
2. Кепiл құқығы болашақта кепiлге салушының меншiгiне немесе шаруашылық иелiгiне түсетiн мүлiкке шарт бойынша қолданылуы мүмкiн.
3. Мүлiктiң, соның iшiнде азаматтардың ақы өндiрiп алуға жол берiлмейтiн мүлкiнiң жекелеген түрлерiн кепiлге салуға заң құжаттарымен тыйым салынуы немесе шектелуi мүмкiн.
4. 2007.12.01. № 225-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
5. ҚР 2005.08.07. № 72-III Заңымен алынып тасталды (бұр. ред. қара)
ҚР 11.07.97 ж. № 154 Заңымен 302-бап өзгертiлдi
302-бап. Кепiл арқылы қамтамасыз етiлетiн талаптар
1. Егер шартта немесе заң құжаттарында өзгеше көзделмесе, кепiл талапты оның нақты қанағаттандырылатын кезiндегi көлемдi сыйақыны (мүдденi) қоса алғанда, орындау мерзiмiн өткiзiп алу арқылы келтiрiлген шығындардың өтелуiн, айып (айыппұл, өсiм) салуды, кепiлге салынған мүлiктi ұстау жөнiндегi қажеттi шығындарды, сондай-ақ өндiрiп алу жөнiндегi шығындарды өтеудi қамтамасыз етедi.
2. Егер тараптар мұндай талаптарды кепiл арқылы қамтамасыз ету мөлшерi туралы уағдаласқан жағдайда кепiл болашақта пайда болатын тараптарға қатысты белгiленуi мүмкiн.
11.07.97 ж. № 154; 2005.08.07. № 72-III (бұр. ред. қара); 2007.12.01. № 225-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 303-бап өзгертiлдi
303-бап. Кепiл түрлерi
1. Ипотека - кепiлге салынған мүлiк кепiл салушының немесе үшiншi бiр жақтың иелiгiнде және пайдалануында қалатын кепiл түрi.
Кәсiпорындар, құрылыстар, үйлер, ғимараттар, көп пәтерлi үйдегi пәтерлер, көлiк құралдары, ғарыш объектiлерi, айналымдағы тауарлар және азаматтық айналымнан алынбаған басқа да мүлiк ипотека мәнi бола алады.
Бөлiнетiн жемiстер бөлген кезден бастап үшiншi жақтың құқықтарының объектiсi болмайтын жағдайда ғана олар ипотека мәнi бола алады. Кәсiпорындар, құрылыстар, үйлер, ғимараттар, көп пәтерлi үйдегi пәтерлер, көлiк құралдары мен ғарыш объектiлерi ипотекасы осындай объектiлердi тiркеудi жүзеге асыратын органдарда тiркелуге тиiс.
2. Кепiлзат - кепiлге салынған мүлiктi кепiл берушi кепiл ұстаушының иелiгiне беретiн кепiл түрi.
Кепiл ұстаушының келiсiмiмен кепiлге салынған зат кепiл ұстаушының құлпы салынып, мөрi басылып, кепiл салушыда қалдырылуы мүмкiн. Кепiл мәнi кепiл туралы куәландырылатын белгiлер салынып (анық кепiл), кепiл берушiнiң иелiгiнде қалдырылуы мүмкiн.
3. Құқықтарды кепiлге салу кезiнде иелiктен айырылуы мүмкiн мүлiктiк құқықтар, атап айтқанда, кәсiпорындарды, құрылыстарды, үйлердi, ғимараттарды жалға беру құқықтары, шаруашылық серiктестiк мүлкiндегi үлеске құқық, борыштық талап қою, авторлық, өнертапқыштық және өзге де мүлiктiк құқықтар кепiл мәнi болып табылады.
Жер учаскесiне құқықтарды, сондай-ақ өзге табиғи ресурстарға құқықтарды кепiлге беруге, жер және өзге табиғи ресурстық заңдарда белгiленген шектер мен ережелер бойынша жол берiледi.
Мерзiмдi құқық оның әрекет жасау мерзiмi бiткенге дейiн ғана кепiл мәнi бола алады.
Кепiл құқығының борышқоры кепiл туралы хабардар болуға тиiс.
Егер кепiлге салынатын құқық құжатпен расталатын болса, кепiл шарты құқық белгiлеушi құжатты беру арқылы ресiмделуi мүмкiн.
4. Бағалы қағаздар кепiлi бағалы қағаздар рыногы туралы заңдарға сәйкес жүзеге асырылады.
5. Егер кепіл туралы шартта өзгеше көзделмесе, кепіл нысанасы болып табылатын ақша банкке орналастырылады.
Осы ақша үшін алынатын сыйақы (мүдде) кепіл ұстаушыға тиесілі болады.
Ақша кепіл ұстаушыға немесе өзге тұлға кепіл ақшаны пайдалану мүмкіндігін шектейтін шарттарды сақтаған кезде (банк сейфіне, сейфтің ұяшығына, сақтауға арналған жеке үй-жайда сақтауға беру) осы тұлғаға берілуі мүмкін. Осындай тұлғаның кепіл ақшаны пайдалану жөніндегі шектеулерді орындамауы оның ақша берілген кезден бастап негізсіз байығаны үшін жауаптылығына негіз болып табылады.
304-бап. Ортақ меншiктегi мүлiктi кепiлге беру
Ортақ меншiктi құрайтын мүлiк кепiлге барлық меншiк иелерiнiң келiсуiмен ғана берiлуi мүмкiн. Ортақ мүлiктегi үлеске құқық кепiлдiң дербес мәнi бола алады.
305-бап. Кепiл берушi
1. Борышқордың өзi де, үшiншi жақ та кепiл берушi болуы мүмкiн.
2. Егер заң құжаттарында өзгеше көзделмесе, заттың меншiк иесi не меншiк иесiнiң келiсiмiмен оған шаруашылық жүргiзу құқығы бар адам заттың кепiл берушiсi бола алады.
3. Кепiлге салынатын құқыққа ие адам құқықты кепiлге берушi бола алады.
Жалға беру құқығын немесе бөтен адамның затына өзге құқықты оны меншiктенушiнiң немесе оған шаруашылық жүргiзу құқығы бар жақтың келiсiмiнсiз, егер заң құжаттарында немесе шартта аталған жақтардың келiсiмiнсiз бұл құқықты иелiктен айыруға тыйым салынған болса, кепiлге салуға жол берiлмейдi.
ҚР 18.12.00 ж. № 128-II Заңымен 306-бап өзгерді
306-бап. Кепiлге салынған мүлiктi сақтандыру
1. Кепiл ұстаушыға оның иеленуiне берiлген кепiлге салынған мүлiктi сақтандыру мiндетi шартпен немесе заң құжаттарымен жүктелуi мүмкiн.
Кепiл берушiнiң пайдалануында қалатын кепiлге салынған мүлiктi сақтандыру кепiл берушiге жүктеледi.
2. Сақтандыру жағдайы туған кезде кепiл берушiнiң кепiлге салынған мүлiктi сақтандыру шарты бойынша талап ету құқығы одан кепiл ұстаушы бас тартқан ретте ғана пайда болады.
Егер сақтандыру төлемінің сомасы кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеме сомасынан асып кетсе, кепiл ұстаушы оны алған кезден бастап банктiк үш күннiң iшiнде кепiл берушiге айырмасын аударуға мiндеттi.
307-бап. Кепiл туралы шарттың мазмұны мен нысаны
1. Кепiл туралы шартта кепiлдiң мәнi мен оны бағалау құны, кепiлмен қамтамасыз етiлетiн мiндеттеменiң мәнi, мөлшерi мен орындалу мерзiмi көрсетiлуге тиiс. Онда кепiлге салынған мүлiк қай тарапта екендiгi және оны пайдалануға болатындығы көрсетiлуге тиiс.
2. Кепiл туралы шарт жазбаша түрде жасалуға тиiс.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарындағы ережелердi сақтамау кепiл туралы шарттың жарамсыз болуына әкелiп соқтырады.
ҚР 03.06.03 ж. № 426-II Заңымен 308-бап толықтырылды
308-бап. Кепiлдi тiркеу
1. Мемлекеттiк тiркелуге тиiстi мүлiктi кепiлге салу осы мүлiктiң тiркелуiн жүзеге асыратын органда тiркелуге тиiс.
2. Тiркеудi жүзеге асыратын орган кепiлдердi тiркеу реестрiн жүргiзуге және кепiл ұстаушылардың мүдделерiн қорғау жөнiнде шаралар қолдануға, кепiлге салынған мүлiктi кепiл ұстаушының келiсiмiнсiз иелiктен айыруға жол бермеуге мiндеттi.
Кепiлмен қамтамасыз етiлген борыштық талап қоюдың сипаты мен мазмұны өзгерген кезде, банктік қарыз шартының тараптары шарт бойынша сыйақы мөлшерін немесе есептеу тәртібін, сондай-ақ осыған байланысты іс-әрекеттерді өзгерту және өтеу мерзімін өзгертуді қоса алғанда, төлем кестесін өзгерту мүмкіндігі көзделген жағдайларды қоспағанда, қосымша тiркеу жүргiзiледi.
Кепiлге салынған мүлiкке меншiк құқығы басқа адамға көшкен жағдайда реестрге кепiлдi жаңа меншiк иесiне ауыстыру туралы жазба жасалады.
3. Кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi орындаған кепiл берушi реестрдегi кепiл туралы жазбаның жойылуын талап етуге құқылы. Кепiл берушiнiң талабы бойынша кепiл ұстаушы тiркеудi жүргiзетiн органға қажеттi құжаттар мен жазбаша арыздарды табыс етуге мiндеттi. Кепiл ұстаушы бұл мiндеттемелердi орындамаған немесе мерзiмiнде орындамаған жағдайда кепiл берушi өзiне келтiрiлген залалдардың өтелуiн талап етуге құқылы.
309-бап. Кепiл ұстаушының құқығы қолданылатын мүлiк
1. Кепiл мәнi болып табылатын затқа кепiл ұстаушының құқығы (кепiл құқығы), егер шартта немесе заң құжаттарында өзгеше көзделмесе, оның керек-жарақтары мен бөлiнбейтiн жемiстерiне де қолданылады.
Кепiлге салынған мүлiктi пайдалану нәтижесiнде алынған бөлiнетiн жемiске, өнiмге және табысқа кепiл құқығы шартта немесе заң құжаттарында көзделген реттерде қолданылады.
2. Кәсiпорынның немесе өзге мүлiк кешенiнiң ипотекасы жағдайында жалпы кепiл құқығы, егер заң құжаттарында немесе шартта өзгеше көзделмесе, талап ету, соның iшiнде ипотека кезiнде сатып алынған құқықтары мен ерекше құқықтарды қоса алғанда, оның барлық қозғалмалы және қозғалмайтын мүлкiне қолданылады.
3. Үй немесе ғимарат ипотекасына осы үй немесе ғимарат тұрған жер учаскесiне не осы учаскенiң кепiлге салынатын объектiнiң қызметiн қамтамасыз ететiн бөлiгiне құқық нақ сол шарт бойынша бiр мезгiлде жасалатын ипотека арқылы жол берiледi.
310-бап. Кепiл құқығының пайда болуы
1. Кепiл туралы шартта өзгеше көзделмегендiктен, кепiл құқығы кепiлi тiркелуге жататын мүлiк жөнiндегi шартты тiркеу кезiнен бастап, басқа мүлiк жөнiнен - бұл мүлiктi кепiл ұстаушыға берген кезден бастап, ал егер ол беруге жатпаса, кепiл туралы шарт жасасқан кезден бастап пайда болады.
2. Айналымдағы тауарларға кепiл құқығы осы Кодекстiң 327-бабының 2-тармағының ережелерiне сәйкес пайда болады.
02.03.98 ж. № 211; 2007.12.01. № 225-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 311-бап өзгертiлдi
311-бап. Кейiнгi кепiл (кепiлдi қайталап салу)
1. Егер кепiлге салынған мүлiк басқа талаптарды қамтамасыз ететiн басқа бiр кепiлдiң нысанасы болса (кепiлдi қайталап салу), кейiнгi кепiл ұстаушының талабы алдыңғы кепiл ұстаушылардың талаптары қанағаттандырылғаннан кейiн кепiл мәнiнiң құнынан қанағаттандырылады.
2. Егер кепiл туралы бұрынғы шарттарда тыйым салынбаса, қайтадан кепiл салуға жол берiледi.
3. Кепiл берушi келесi кепiл ұстаушысының әрқайсысына осы мүлiктiң бұрыннан бар барлық кепiлдерi жөнiндегi мәлiметтердi хабарлауға мiндеттi және осы мiндеттiң орындалмауы себептi кепiл ұстаушыларға келтiрiлген залалдар үшiн жауап бередi.
312-бап. Кепiлге салынған мүлiктi күтiп ұстау мен сақтау
1. Кепiл берушi немесе кепiл ұстаушы кепiлге салынған мүлiк олардың қайсысында екенiне қарай, егер заң құжаттарында немесе шартта өзгеше көзделмесе:
1) кепiлге салынған мүлiктiң сақталуын қамтамасыз ету үшiн, соның iшiнде оған үшiншi жақтар тарапынан қол сұғылып, талаптар қойылуынан қорғау үшiн қажеттi шаралар қолдануға;
2) кепiлге салынған мүлiктiң жоғалу немесе бүлiну қаупiнiң пайда болуы туралы екiншi тарапқа дереу хабарлауға мiндеттi.
2. Кепiл ұстаушы және кепiл берушi басқа тарапта тұрған кепiлге салынған мүлiктi құжаттар бойынша және оның iс жүзiнде бар екендiгiн, көлемiн, жай-күйiн және сақталу жағдайын тексеруге құқылы.
3. Кепiлге салынған мүлiктiң жоғалу немесе бүлiну қаупi туып, кепiл ұстаушы осы баптың 1-тармағында көрсетiлген мiндеттердi өрескел бұзған жағдайда кепiл берушi кепiлдiң мерзiмiнен бұрын тоқтатылуын талап етуге құқылы.
313-бап. Кепiлге салынған мүлiктiң жоғалу немесе бүлiну салдары
1. Егер кепiл туралы шартта өзгеше көзделмесе, кепiл берушi кепiлге салынған мүлiктiң кездейсоқ қирау немесе бүлiну тәуекелiн мойнына алады.
2. Кепiл ұстаушы, егер осы Кодекстiң 359-бабына сәйкес жауапкершiлiктен босатыла алатынын дәлелдей алмаса, өзiне кепiлге берiлген нәрсенiң толық немесе iшiнара жоғалуы немесе бүлiнуi үшiн жауап бередi.
3. Кепiл ұстаушы кепiлге салынған нәрсенiң жоғалғаны үшiн оның нақты құны мөлшерiнде, ал оның зақымданғаны үшiн кепiлге салынған нәрсенiң кепiл ұстаушыға оны берген кезде бағаланған сомасына қарамастан, осы құн төмендеген сома мөлшерiнде жауап бередi.
4. Егер кепiлге салынған нәрсенiң бүлiнуi салдарынан ол өзiнiң тiкелей мақсатында пайдаланыла алмайтындай болып өзгерiп кетсе, кепiл берушi одан бас тартуға және оны жоғалтқаны үшiн өтем талап етуге құқылы.
5. Шартта кепiл ұстаушының кепiлге салынған нәрсенiң жоғалуы немесе зақымдануы арқылы келтiрiлген өзге де шығындарды өтеуi көзделуi мүмкiн.
6. Кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеме бойынша борышқор болып табылатын кепiл берушi кепiл ұстаушыға кепiлге салынған нәрсенiң жоғалуынан немесе бүлiнуiнен келтiрiлген шығындарды өтеу туралы талапты кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi орындауға қоса есептеуге құқылы.
314-бап. Кепiлге салынған нәрсенi ауыстыру және қалпына келтiру
1. Кепiлге салынған нәрсенi ауыстыруға, егер заң құжаттарында немесе шартта өзгеше көзделмесе, кепiл ұстаушының келiсiмiмен жол берiледi.
2. Егер кепiлге салынатын нәрсе жойылса немесе бүлiнсе не оған меншiк немесе шаруашылық жүргiзу құқығы заң құжаттарында белгiленген негiздер бойынша тоқтатылса, кепiл берушi кепiлге салынған нәрсенi ақылға қонымды мерзiмде қалпына келтiруге немесе оны басқа бiр сондай мүлiкпен алмастыруға құқылы.
315-бап. Кепiлге салынған нәрсенi пайдалану және оған билiк ету
1. Егер шартта өзгеше көзделмесе және кепiл мәнiнен өзгеше туындамаса, кепiл берушi кепiл нысанасын оның мақсатына сәйкес пайдалануға, соның iшiнде одан жемiстер мен табыстар табуға құқылы.
2. Егер заң құжаттарында немесе шартта өзгеше көзделмесе және кепiл мәнiнен туындамаса, кепiл берушi кепiл ұстаушының келiсiмiмен кепiлге салынған нәрсенi меншiк, шаруашылық жүргiзу немесе оралымды басқару иелiгiнен айыруға, оны басқа жаққа жалға немесе тегiн пайдалануға беруге не өзге түрде оған билiк етуге құқылы.
Кепiл берушiнiң кепiлге салынған мүлiктi өсиет етiп қалдыру құқығын шектейтiн келiсiмi жарамсыз болады.
3. Кепiл ұстаушы өзiне кепiлге берiлген нәрсенi шартта көзделген реттерде ғана кепiл берушiге оны пайдалану туралы үнемi есеп бере отырып пайдалануға құқылы. Шарт бойынша кепiл ұстаушыға кепiлге салынған нәрсенiң негiзгi мiндеттеменi өтеу мақсаттарында немесе кепiл берушiнiң мүдделерi үшiн жемiстер мен табыстар табу мiндетi жүктелуi мүмкiн.
316-бап. Кепiл ұстаушының кепiлге салынған нәрсе жөнiндегi құқықтарын қорғау
1. Кепiлге салынған мүлiк болған немесе болуға тиiс кепiл ұстаушы оны өзгенiң заңсыз иеленуiнен, соның iшiнде кепiл берушiнiң өзiнен де талап етiп алуға құқылы.
2. Шарт ережелерi бойынша кепiл ұстаушыға өзiне кепiлге берiлген нәрсенi пайдалану құқығы берiлген реттерде, ол басқа адамдардан, соның iшiнде кепiл берушiден де өз құқығының қандай да болсын бұзылуы иелiктен айырумен байланысты болмағанымен, оның бұзылуын жоюды талап ете алады.
317-бап. Кепiлге салынған мүлiктен ақы өндiрiп алу негiздерi
1. Борышқор өзi жауап беретiн кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi орындамаған немесе тиiсiнше орындамаған ретте кепiл ұстаушының (несие берушiнiң) талаптарын қанағаттандыру үшiн кепiлге салынған мүлiктен ақы өндiрiп алуы мүмкiн.
2. Егер борышқордың кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi бұзуы өте болмашы болып және соның салдарынан кепiл ұстаушы талаптарының мөлшерi кепiлге салынған мүлiктiң құнына көрiнеу сәйкес келмесе, кепiлге салынған мүлiктен ақы өндiрiп алудан бас тартылуы мүмкiн.
318-бап. Кепiлге салынған нәрседен ақы өндiрiп алу тәртiбi
1. Кепiл ұстаушының талаптарын кепiлге салынған мүлiктiң құнынан қанағаттандыру, егер осы Кодексте және басқа заң құжаттарында немесе шартта өзгеше көзделмесе, сот тәртiбiмен жүзеге асырылады.
2. Кепiл туралы шартта, сондай-ақ осы Кодексте және өзге де заң құжаттарында көзделген реттерде кепiл ұстаушы кепiлге салынған мүлiктi соттан тыс күштеу тәртiбiмен сауда өткiзу (аукцион) арқылы өз бетiмен сатуға құқылы. Ақшалай қарызды қамтамасыз ететiн кепiлге салынған нәрсенi сату жөнiнде кепiл ұстаушы банктiң де осындай құқығы болады.
08.11.00 ж. № 96-II; 2007.12.01. № 225-III ҚР Заңдарымен 319-бап өзгертілді
319-бап. Кепiлге салынған мүлiктi сату
1. Осы Кодекстiң 20-бабына сәйкес кепiлге салынған ақы өндiрiлiп алынған мүлiктi өткiзу (сату), егер заң құжаттарында өзгеше тәртiп белгiленбесе, iс жүргiзу заңдарында белгiленген тәртiп бойынша жария саудаға салып сату арқылы жүргiзiледi.
1-1. Ақшаны және ақшалай міндеттеме бойынша құқықтарды (талаптарды) кепілге беру кезінде - кепілге қойылған осы мүлікті өткізу кепіл нысанасы болып табылатын немесе ақшалай міндеттеме бойынша кепілге қойылған құқықтар (талаптар) бойынша тиесілі ақшаны кепіл ұстаушыға беру жолымен, ал кепіл нысанасына өндіріп алу қолданылған кезде ақшаны беру мүмкін болмаған жағдайда кепіл берушінің кепіл нысанасына құқықтарын кепіл ұстаушыға ауыстыру жолымен жүргізіледі.
Егер кепіл нысанасы болып табылатын ақша сомасы кепіл ұстаушының кепілмен қамтамасыз етілген талаптарының мөлшерінен асып кетсе, айырма кепіл берушіге қайтарылады. Кепіл ұстаушының талаптарын өтеу үшін ақша сомасы жетпеген жағдайда, заңнамалық актілерде немесе шартта өзгеше нұсқау болмаған ретте, ол кепілде негізделген артықшылықтарды пайдаланбай, жетпеген соманы борышкердің басқадай мүлкінен алуға құқылы.
2. Кепiлге салынған мүлiктi соттан тыс мәжбүр ету тәртiбiмен сату ерекшелiктерi осы Кодекспен және қозғалмайтын мүлiк ипотекасы туралы Заңмен белгiленедi. Ипотеканы iске асыру үшiн қозғалмайтын мүлiк ипотекасы туралы Заңмен белгiленген ережелер мен рәсiмдер. егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, кепiлдiң басқа түрлерiн орындау кезiнде мүлiктi сату үшiн қолданылады.
3. Кепiл берушiнiң өтiнiшi бойынша сот кепiлге салынған мүлiктен ақы өндiрiп алу туралы шешiмiнде оның жария саудаға салынып сатылуын бiр жылға дейiнгi мерзiмге кейiнге қалдыруға құқылы. Кейiнге қалдыру осы мүлiктi кепiлге салу арқылы қамтамасыз етiлген мiндеттеме бойынша тараптардың құқықтары мен мiндеттерiне әсер етпейдi және борышқордың кейiнге қалдырылған уақыт iшiнде несие берушiнiң өскен шығындары мен айып төлеу сомасын өтеуден босатпайды.
4. Кепiл берушi мен кепiл ұстаушыны қоса алғанда, кез келген заңды тұлғалар мен азаматтар саудаға қатысуға құқылы.
Сауда басталардың алдында сот немесе сенiм бiлдiрiлген жақ (осы Кодекстiң 320-бабы) саудаға қатысушының әрқайсысынан кепiлдiк жарна төлеудi талап етуге құқылы. Кепiлдiк жарналар сауда аяқталғаннан кейiн қайтарылып берiлуге тиiс. Саудада ұтып шыққан қатысушының кепiлдiк жарнасы түпкiлiктi бағаның есебiне есептеледi. Саудада ұтып шыққан, бiрақ түпкiлiктi бағаны төлемеген қатысушының кепiлдiк жарнасы қайтарылмайды және соттың немесе сенiм бiлдiрiлген жақтың билiгiнде қалады.
5. Қатысқан сатып алушы екеуден аз болуы себептi сауда жасалмайтыны жарияланған жағдайда кепiл ұстаушы кепiлге салынған мүлiктi сот шешiмiмен немесе мүлiктi бағалау жөнiндегi қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар жеке және заңды тұлғалардың қорытындысы негiзiнде сенiм бiлдiрiлген жақ белгiлеген оның ағымдағы бағалау құны бойынша өз меншiгiне аударуға, не жаңадан сауда белгiлеудi талап етуге құқылы.
6. Егер кепiлге салынған мүлiктi өткiзу кезiнде түскен сома кепiл ұстаушының талаптарын өтеуге жеткiлiксiз болса, ол заң құжаттарында немесе шартта өзгеше нұсқаулар болмаған жағдайда жеткiлiксiз соманы борышқордың басқа мүлкiнен кепiлге негiзделген артықшылықты пайдаланбай-ақ алуға құқылы.
Егер кепiлге салынған мүлiктi сату кезiнде түскен сома кепiл ұстаушының кепiлмен қамтамасыз етiлген талабы мөлшерiнен асып кетсе, айырмасы кепiл берушiге қайтарылады.
7. Борышқор мен үшiншi жақ болып табылатын кепiл берушi (зат берушi) кепiлге салынған нәрсе сатылғанға дейiнгi кез келген уақытта одан ақы өндiрiп алуды және оны сатуды кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi немесе оның орындалу мерзiмi өтiп кеткен бөлiгiн орындап, тоқтатуға құқылы. Бұл құқықты шектейтiн келiсiм жарамсыз болады.
320-бап. Кепiлге салынған мүлiктi соттан тыс мәжбүр ету тәртiбiмен сату
1. Кепiлге салынған мүлiк соттан тыс мәжбүр ету тәртiбiмен сатылған жағдайда сауданы кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеме бұзылған ретте кепiл ұстаушының кепiлге салынған мүлiктi өткiзуге сенiмхаты бар сенiм бiлдiрiлген заңды тұлға мен азамат жүргiзедi.
2. Сенiм бiлдiрiлген адам мынадай рәсiмдердi орындайды:
1) кепiл берушiге мiндеттеменiң орындалмағаны туралы хабарлама жазады және оны кепiл туралы шарт тiркелген органда тiркейдi;
2) хабарламадан туындайтын талаптар қанағаттандырылмаған жағдайда, бiрақ мұны кепiл берушiге жiберер кезден бастап екi айдан кейiн, кепiлге салынған мүлiктiң саудасы туралы хабарлама жазады, оны кепiл туралы шарт тiркелген органда тiркеп кепiл берушiге тапсырады;
3) сауда туралы хабарландыруды жергiлiктi баспасөзде ресми түрде жариялайды.
321-бап. Кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттемелердi мерзiмiнен бұрын орындау және кепiлге салынған мүлiктен ақы өндiрiп алу
1. Кепiл ұстаушы кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттемелердi мерзiмiнен тыс бұрын орындауды мына жағдайларда:
1) егер кепiл туралы шарттың ережелерiне сәйкестендiрiлмей кепiлге салынған нәрсе қалдырылған кепiл берушiнiң иелiгiнен шығып кетсе;
2) кепiл берушi кепiлге салынған нәрсенi ауыстыру туралы ережелердi бұзған (осы Кодекстiң 314-бабы);
3) егер кепiл берушi осы Кодекстiң 314-бабындағы 2-тармақта көзделген құқықты пайдаланбаса, кепiл ұстаушы жауап бермейтiн (осы Кодекстiң 313-бабының 2-тармағы) мән-жайлар бойынша кепiлге берiлген нәрсе жоғалған жағдайда талап етуге құқылы.
2. Кепiл ұстаушы кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттемелердi мерзiмiнен бұрын орындауды талап етуге құқылы, ал егер оның талабы қанағаттандырылмаса:
1) кепiл берушi кейiнгi кепiл туралы ережелердi бұзған;
2) кепiл берушi осы Кодекстiң 312-бабындағы 1-тармақтың 1 және 2-тармақшасында және 2-тармақта көзделген мiндеттемелердi орындамаған;
3) кепiл берушi кепiлге салынған мүлiкке билiк ету туралы ережелердi (осы Кодекстiң 315-бабының 2-тармағы) бұзған жағдайда кепiлге салынған нәрседен ақы өндiрiп алуға құқылы.
322-бап. Кепiлдi тоқтату
1. Кепiл:
1) кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттемелер тоқтатылғанда;
2) осы Кодекстiң 312-бабының 3-тармағында көзделген негiздер болған кезде кепiл берушiнiң талабы бойынша;
3) егер кепiл берушi осы Кодекстiң 314-бабының 2-тармағында көзделген құқықты пайдаланбаса, кепiлге салынған зат құрыған немесе кепiлге салынған құқық тоқтатылған ретте;
4) кепiлге салынған мүлiктi жария саудаға салып сатқан ретте, сондай-ақ оны сату мүмкiн болмаған ретте (осы Кодекстiң 319-бабы) тоқтатылады.
2. Кепiлдiң тоқтатылғаны туралы кепiл туралы шарт тiркелген реестрде белгi соғылуға тиiс.
3. Кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттемелердiң орындалуы салдарынан не кепiл берушiнiң талабы бойынша кепiл тоқтатылған кезде (осы Кодекстiң 312-бабының 3-тармағы) кепiл ұстаушы өзiнде кепiлде болған мүлiктi кепiл берушiге дереу қайтаруға мiндеттi.
323-бап. Кепiлге салынған мүлiкке құқық басқа тұлғаға құқықты мирасқорлық тәртiбiмен көшуi кезiнде кепiлдiң сақталуы
1. Кепiлге салынған мүлiктi ақылы немесе тегiн иелiктен айыру нәтижесiнде не әмбебап құқықты мирасқорлық тәртiп бойынша мүлiкке меншiк құқығы немесе шаруашылық жүргiзу құқығы кепiл берушiден басқа адамға көшкен ретте кепiл құқығы сақталып қалады.
Кепiл берушiнiң құқықты мирасқоры кепiл берушiнiң орнын басады және, егер кепiл ұстаушымен келiсiмде өзгеше белгiленбесе, кепiл берушiнiң барлық мiндеттерiн атқарады.
2. Егер кепiл берушiге кепiлге салынған нәрсе болып табылатын мүлкi құқықты мирасқорлық тәртiбiмен бiрнеше адамға көшсе, құқықты мирасқорлардың әрқайсысы (мүлiктi иеленушiлер) аталған мүлiктiң өзiне көшкен бөлiгiне кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi орындамағандығы жөнiндегi кепiлден туындайтын зардаптарын көтередi. Алайда кепiлге салынған нәрсе бөлiнбейтiн болса немесе өзге негiздер бойынша құқықты мирасқорлардың бiрлескен ортақ меншiгiнде қалса, олар ортақ кепiл берушiлерге айналады.
324-бап. Кепiлге салынған мүлiктi күштеп алу салдары
1. Егер кепiл берушiнiң кепiлге салынатын мүлiкке меншiк құқығы заң құжаттарында белгiленген негiздер мен тәртiп бойынша мемлекеттiк қажеттер үшiн алып қою (сатып алу), реквизициялау немесе ұлт меншiгiне айналдыру салдарынан тоқтатылып, кепiл берушiге басқа мүлiк немесе тиiсiнше өтем берiлсе, кепiл құқығы оның орнына берiлген мүлiкке қолданылады, не тиiсiнше кепiл ұстаушы кепiл берушiге тиесiлi өтем сомасынан өз талаптарын артықшылықпен қанағаттандыру құқығына ие болады. Кепiл ұстаушы кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттемелердi мерзiмiнен бұрын орындауды талап ете алады (осы Кодекстiң 321-бабының 1-тармағы).
2. Кепiлге салынатын нәрсе болып табылатын мүлiк заң құжаттарында белгiленген тәртiп бойынша осы мүлiктiң шын мәнiндегi меншiк иесi басқа тұлға болып табылатындығына сүйенiп, не қылмыс iстегенi үшiн немесе өзге де құқық бұзғаны үшiн жазалау түрiнде кепiл берушiден алынған реттерде бұл мүлiктiң кепiлге салынғаны тоқтатылады. Бұл ретте кепiл ұстаушы кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменiң мерзiмiнен бұрын орындалуын талап етуге құқылы.
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 325-бап өзгертілді
325-бап. Кепiл туралы шарт бойынша құқықтарды беру
1. Кепiл ұстаушы кепiл туралы шарт бойынша несие берушiнiң құқықтарын беру туралы ережелердi сақтай отырып талапқа көну арқылы өз құқықтарын басқа жаққа беруге (осы Кодекстiң 339-347-баптары) құқылы.
2. Кепiл туралы шарт бойынша кепiл ұстаушының өз құқықтарын басқа адамға беруi, егер кепiлмен қамтамасыз етiлген негiзгi мiндеттеме бойынша борышқорға талап ету құқықтары нақ сол адамға берiлсе, заңды болады.
3. алынып тасталды
326-бап. Кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеме бойынша борышты аудару
Егер кепiл берушi жаңа борышқор үшiн жауап беруге несие берушiге келiсiм бермесе, кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеме бойынша кепiл борышты басқа адамға аудару арқылы тоқтатылады.
327-бап. Айналымдағы тауарларды кепiлге салу
1. Тауарлардың жалпы құны кепiл туралы шартта көрсетiлгенiнен кем болмайтын жағдайда оларды кепiл берушiде қалдыру және кепiл берушiге кепiлге салынған мүлiктiң (тауар қоры, шикiзат, материалдар, жартылай фабрикаттар, дайын өнiмдер және т.б.) құрамы мен нақты түрiн өзгерту құқығын бере отырып, оларды кепiлге салу айналымдағы тауарларды кепiлге салу деп танылады.
Айналымдағы кепiлге салынған тауарлар құнының кемуi, егер шартта өзгеше көзделмесе, кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменiң орындалған бөлiгiне сәйкес болуына жол берiледi.
2. Кепiл берушi иелiктен айырған айналымдағы тауарлар оларды алушының меншiгiне, шаруашылық жүргiзуiне немесе оралымды басқаруына көшкен кезден бастап кепiлге салынған нәрсе болудан қалады, ал кепiл берушi сатып алған, кепiл туралы шартта аталған тауарлар оларға кепiл берушiнiң меншiк немесе шаруашылық жүргiзу құқығы пайда болған кезден бастап кепiлге салынған нәрсеге айналады.
3. Айналымдағы тауарларды кепiлге берушi кепiлдердi жазу кiтабын жүргiзуге мiндеттi, оған тауарларды кепiлге салу шарттары туралы, кепiлге салынған тауарлар құрамының немесе нақты түрiнiң операция жүргiзiлетiн соңғы күнде өзгеруiне әкелiп соқтыратын, соның iшiнде оларды ұқсатуды қамтитын барлық операциялар туралы жазбалар жасалады.
4. Кепiл берушi айналымдағы тауарларды кепiлге салу шарттарын бұзған жағдайда кепiл ұстаушы кепiлге салынған тауарларға өзiнiң белгiлерi мен мөрiн қою арқылы шарттың бұзылуы жойылғанға дейiн олармен операциялар жасауды тоқтата тұруға құқылы.
ҚР 02.03.98 ж. № 211; 02.03.01 ж. № 162 Заңымен 328-бап өзгертiлдi; 2005.23.12. № 107-III ҚР Заңымен 328-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
328-бап. Ломбардта заттарды кепілге салу
1. Қысқа мерзімді қарыздарды қамтамасыз ету үшін азаматтардан жеке пайдалануға арналған жылжымалы мүлікті кепілге қабылдауды ломбардтар ретінде тіркелген заңды тұлғалар кәсіпкерлік қызмет ретінде жүзеге асыра алады, олардың қызметінің айрықша түрі:
1) жылжымалы мүлікті кепілге алу арқылы қысқа мерзімді қарыздар беру;
2) құрамында қымбат бағалы металдар мен қымбат бағалы тастар бар зергерлік бұйымдарды есепке алу, сақтау және сату болып табылады.
Ломбардтар инвестициялық қызметті жүзеге асыруға құқылы.
2. Ломбардта заттарды кепілге салу туралы шарт ломбардтың кепілге салу билетін беруімен ресімделеді және онда кепілге қойылған мүлікті сақтандыру туралы талап болуы мүмкін. Кепілге қойылған мүлікті сақтандыру ломбардтың есебінен жүзеге асырылады.
3. Ломбардтың кепілге қойылған заттарды пайдалануға және оларға билік етуге құқығы жоқ.
4. Ломбард, егер кепілге қойылған заттардың жоғалуы және бүлінуі еңсерілмейтін күштің салдарынан болғанын дәлелдей алмаса, заттардың жоғалғаны және бүлінгені үшін жауапты болады.
5. Ломбардтар өз қызметін ломбардтың жоғары органы бекітетін Ломбард операцияларын жүргізу ережелері болғанда ғана жүзеге асырады және онда мынадай ақпарат:
1) берілетін кредиттердің шекті сомалары мен мерзімдері;
2) берілетін кредиттер бойынша сыйақы ставкаларының шекті шамалары;
3) операциялар жүргізгені үшін ставкалар мен тарифтер;
4) ломбардтың және оның клиенттерінің құқықтары мен міндеттері, олардың жауапкершілігі;
5) кепілге салу билетін жоғалтқан жағдайда кепіл берушіге дубликаттар беру тәртібі;
6) өзге де талаптар қамтылуға тиіс.
Ломбард операцияларын жүргізу ережелері ломбардтың клиенттері көре алатындай жерге орналастырылуға тиіс.
6. Ломбардта заттарды кепілге салу туралы шарттың, осы Кодексте кепіл берушіге берілетін құқықтармен салыстырғанда, кепіл берушінің құқықтарын шектейтін талаптары шарт жасалған кезден бастап жарамсыз болады. Мұндай талаптардың орнына осы Кодекстің тиісті ережелері қолданылады.
4. Кепілдік және кепіл болушылық
ҚР 11.07.97 ж. № 154 Заңына сәйкес 329-336 баптары жаңа редакцияда
329-бап. Кепiлдiк
1. Кепiлдiк бойынша кепiлдiк берушi, заң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, басқа жақтың (борышқордың) несие берушiсi алдында осы жақтың мiндеттемесiнiң орындалуына толық немесе борышқормен ортақтасып iшiнара жауап беруге мiндеттенедi.
2. Бiрлесiп кепiлдiк берген адамдар, егер кепiлдiк шартында өзгеше белгiленбесе, несие берушi алдында ортақтасып жауап бередi.
3. Кепiлдiк шарты болашақта туындайтын мiндеттеменi қамтамасыз ету үшiн де жасалуы мүмкiн.
330-бап. Кепiл болушылық
Кепiл болушылық бойынша кепiл болушы басқа жақтың (борышқордың) несие берушiсi алдында осы жақтың мiндеттемесiнiң орындалуына толық немесе iшiнара қосалқы жауап беруге мiндеттенедi.
02.03.01 ж. № 162-II; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара); 2007.12.01. № 225-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 331-бап өзгертілді
331-бап. Кепiлдiктiң және кепiл болушылықтың негiзi мен нысаны
1. Кепiл болушылық немесе кепiлдiк шарттарының негiзiнде кепiлдiк және кепiл болушылық пайда болады. Кепiлдiктi қолдану заңмен белгiленуi мүмкiн.
2. Кепiлдiк немесе кепiл болушылық шарттары жазбаша нысанда жасалуға тиiс. Жазбаша нысанда жасалуын сақтамау кепiлдiк немесе кепiл болушылық шартының жарамсыз болуына әкелiп соқтырады.
3. Егер кепiлдiк берушi немесе кепiл болушы борышқордың мiндеттеменi орындауын өз жауапкершiлiгiне алатынын несие берушiге жазбаша түрде хабарласа, ал несие берушi кепiлдiк берушiнiң немесе кепiл болушының ұсыныстарынан бұл үшiн жеткiлiктi болатын қажеттi уақыт iшiнде бас тартпаса, кепiлдiк немесе кепiл болушылық шарттарының жазбаша нысаны сақталған деп есептеледi.
4. Екінші деңгейдегі банктер банк кепілдіктері мен кепілгерлігін беруді уәкілетті органның лицензиясы негізінде осы Кодекске сәйкес және уәкілетті органның аталған операцияларды жүргізу тәртібін реттейтін нормативтік құқықтық актілерін ескере отырып жүзеге асыра алады.
Екінші деңгейдегі банктердің осы Кодекстің нормаларын сақтамай және уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінің талаптарын ескермей берген банк кепілдіктері мен кепілгерліктері олардың жарамсыз болуына әкеп соғады.
332-бап. Кепiлдiк берушiнiң және кепiл болушының жауапкершiлiгi
1. Кепiлдiк және кепiл болушылық, егер шартта өзгеше белгiленбесе, тек заңды талапты ғана қамтамасыз етедi. Кепiлдiк берушi мен кепiл болушы, егер олар әрекет қабiлетсiздiгi туралы өздерiне күнi бұрын белгiлi болған борышқорға кепiл болса, ал несие берушi бұл мән-жайды бiлмесе, жауапкершiлiктен босатылмайды.
2. Кепiлдiк берушi несие берушi алдында, егер кепiлдiк шартында өзгеше белгiленбесе, борышқор сияқты айыпақы, сыйақы (мүдде) төлеудi қоса алғанда, борышты өндiрiп алу жөнiндегi сот шығындарын және борышқордың мiндеттеменi орындамауы немесе тиiсiнше орындамауы салдарынан туындаған несие берушiнiң басқа да зияндарын төлеуде тап сондай көлемде жауап бередi.
3. Кепiл болушы несие берушi алдында, егер кепiл болушылық шарттарында өзгеше көзделмесе, кепiл болушылықта көрсетiлген сома шегiнде жауапты болады. Қосалқы жауапкершiлiктi мойнына алған кепiл болушыға талаптар қойылғанға дейiн несие берушi бұл талапты борышқор қанағаттандыратындай, атап айтқанда, қарсы талапты есепке алу және белгiленген тәртiп бойынша борышқордың мүлкiнен ақы өндiрiп алу арқылы ақылға қонымды шаралар қолдануға тиiс.
333-бап. Кепiлдiк берушiнiң өзiне несие берушi талаптар қойған жағдайдағы құқықтары мен мiндеттерi
1. Кепiлдiк берушi, несие берушiнiң талаптарын қанағаттандырғанға дейiн бұл туралы борышқорға ескертуге, ал егер кепiлдiк берушiге қуыным жасалса, борышқорды iске қатыстыруға мiндеттi. Олай болмаған жағдайда борышқор өзiнiң несие берушiге қоймақшы болған қарсылықтарын кепiлдiк берушiнiң қайтарып қойған талабына қарсы қоюға құқылы.
2. Кепiлдiк берушi, егер кепiлдiк шартынан өзгеше туындамаса, несие берушiнiң талабына қарсы борышқор қоя алатын қарсылықтарды қоюға қақылы. Кепiлдiк берушi бұл қарсылықтарға құқығын тiптi егер борышқор олардан бас тартқан немесе өзiнiң қарызын мойындаған жағдайда да жоғалтпайды.
334-бап. Мiндеттеменi орындаған кепiлдiк берушi мен кепiл болушының құқықтары
1. Мiндеттеменi орындаған кепiлдiк берушiге несие берушiнiң осы мiндеттеме жөнiндегi барлық құқықтары және кепiл ұстаушы ретiнде несие берушiге тиесiлi құқықтар кепiлдiк берушi несие берушiнiң талабын қанағаттандырған көлемде көшедi. Кепiлдiк берушi, сондай-ақ, борышқордан несие берушiге төленген соманың айыпақысын және сыйақысын (мүддесiн) төлеудi және борышқор үшiн жауапкершiлiкке байланысты шеккен өзге де залалдардың орнын толтыруды талап етуге қақылы.
2. Кепiлдiк берушi мiндеттеменi орындағаннан кейiн несие берушi борышқорға қойылған талапты куәландыратын құжаттарды кепiлдiк берушiге тапсыруға және осы талапты қамтамасыз ететiн құқықтарды беруге мiндеттi.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында белгiленген ережелер, егер заңдарда немесе кепiлдiк берушiнiң борышқорымен шартында өзгеше көзделмесе және олардың арасындағы қатынастарда өзгеше туындамайтын болса, қолданылады.
4. Кепiл болушы дәл осындай құқықтарға борышқордың несие берушi алдындағы мiндеттемесiн өзi орындаған бөлiгiнде ие болады.
335-бап. Борышқордың мiндеттеменi орындағаны туралы кепiлдiк берушi мен кепiл болушыға хабарлауы
Кепiлдiктен немесе кепiл болушылықпен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi орындаған борышқор кепiлдiк берушiге немесе кепiл болушыға бұл туралы дереу хабарлауға мiндеттi. Олай болмаған жағдайда өз кезегiнде мiндеттеменi орындаған кепiлдiк берушi немесе кепiл болушы несие берушiден негiзсiз алынғанды өндiрiп алуға, не борышқорға керi талап қоюға қақылы. Соңғы жағдайда борышқор несие берушiден тек негiзсiз алынғанды ғана өндiрiп алуға қақылы.
336-бап. Кепiлдiктiң және кепiл болушылықтың тоқтатылуы
1. Кепiлдiк және кепiл болушылық өздерi қамтамасыз еткен мiндеттеменiң тоқтатылуымен бiрге, сондай-ақ осы мiндеттеме кепiлдiк берушi мен кепiл болушының жауапкершiлiгiн соңғылардың келiсiмiнсiз арттыруға немесе өзге де қолайсыз салдарға әкелiп соқтыратындай өзгерген жағдайда, тоқтатылады.
2. Кепiлдiк және кепiл болушылық, егер кепiлдiк берушi немесе кепiл болушы несие берушiге жаңа борышқор үшiн жауап беруге келiсiм бермесе, кепiлдiкпен немесе кепiл болушылықпен қамтамасыз етiлген мiндеттеме жөнiндегi борышты басқа жаққа ауыстырумен тоқтатылады.
3. Кепiлдiк және кепiл болушылық, егер олар өздерi қамтамасыз еткен мiндеттеменi орындау мерзiмiнiң басталуына қарай борышқор немесе кепiлдiк берушi мен кепiл болушы ұсынған тиiстi дәрежедегi орындауды қабылдаудан несие берушi бас тартса тоқтатылады.
4. Кепiлдiк және кепiл болушылық оларға кепiлдiк немесе кепiл болушылық шартында көрсетiлген мерзiм бiткен кезде тоқтатылады. Егер мұндай мерзiм белгiленбесе, егер несие берушi кепiлдiкпен немесе кепiл болушылықпен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi орындау мерзiмi басталған күннен бастап бiр жылдың iшiнде кепiлдiк берушiге немесе кепiл болушыға қуыным жасамаса, ол тоқталады. Негiзгi мiндеттеменiң орындалу мерзiмi көрсетiлмеген және белгiлеуге болмайтын немесе талап етуiмен белгiленген кезде, кепiлдiк және кепiл болушылық егер несие берушi кепiлдiк берушiге немесе кепiл болушыға кепiлдiк немесе кепiл болушылық шарты жасалған күннен бастап екi жылдың iшiнде қуыным жасамаса, егер заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, кепiлдiк пен кепiл болушылық тоқтатылады.
Кепілпұл
2007.12.01. № 225-III ҚР Заңымен 337-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
337-бап. Кепiлпұл ұғымы. Кепiлпұл туралы келiсiм нысаны
1. Уағдаласушы тараптардың бiреуiнiң шарт бойынша өзiнен алынатын төлемнiң есебiнен екiншi тарапқа және шарт жасау мен орындауды не өзге міндеттемені орындауды қамтамасыз етуге берiлетiн ақшалай сома кепiлпұл деп танылады.
2. Кепiлпұл туралы келiсiм кепiлпұлдың сомасына қарамастан жазбаша нысанда жасалуға тиiс. Бұл ереже негiзгi мiндеттеме нотариалдық жолмен куәландырылуға тиiс болатын жағдайда да қолданылады. Келiсiмнiң жазбаша нысанда жасалуын сақтамау кепiлпұл келiсiмiн жарамсыз деп тануға әкелiп соқтырады.
338-бап. Кепiлпұлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi тоқтатудың және орындамаудың салдары
1. Мiндеттеменiң орындалуы басталғанға дейiн тараптардың келiсiмi бойынша не олардың кiнәсiнсiз-ақ оны орындаудың мүмкiндiгi болмауы салдарынан тоқтатылған жағдайда, кепiлпұл қайтарылуға тиiс.
2. Егер мiндеттеменiң орындалмауына кепiлпұл берген тарап жауапты болса, ол екiншi тарапта қалады, ал егер кепiлпұл алған тарап жауапты болса, ол екiншi тарапқа кепiлпұлдың екi еселенген сомасын төлеуге мiндеттi. Оның үстiне, шартта өзгеше көзделмегендiктен, мiндеттеменiң орындалмауына жауапты тарап екiншi тарапқа кепiлпұл сомасын ескере отырып, шеккен залалдың орнын толтыруға мiндеттi.
2007.12.01. № 225-III ҚР Заңымен 6-параграфпен толықтырылды