Заттық құқықтардың тоқтатылуы
249-бап. Меншiк құқығының тоқтатылу негiздерi
1. Меншiк құқығы меншiк иесi өз мүлкiн басқа адамдарға берген, меншiк иесi меншiк құқығынан бас тартқан, мүлiк қираған немесе жойылған және заң құжаттарында көзделген өзге де реттерде мүлiкке меншiк құқығынан айрылған жағдайда тоқтатылады.
2. Мүлiктi меншiк иесiнен ықтиярсыз алып қоюға жол берiлмейдi, бұған мына реттер:
1) меншiк иесiнiң мiндеттемелерi бойынша мүлiкке өндiрiлiп алынған ақы айналымға түскен;
2) заң құжаттарына сәйкес белгiлi бiр адамға тиесiлi бола алмайтын мүлiктi ықтиярсыз иелiктен айырған;
3) реквизицияланған;
4) тәркiлеген;
5) жер учаскесiн алып қоюға байланысты қозғалмайтын мүлiктi иелiктен айырған;
5) күтiмсiз ұсталған мәдени немесе тарихи қазыналар сатып алынған реттер;
7) осы Кодексте көзделген өзге де реттер кiрмейдi.
2008.11.12 № 102-ІV ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Мемлекеттік меншіктегі мүлік:
1) азаматтар мен заңды тұлғаларға жекешелендіру туралы заңнамалық актілерде көзделген жағдайларда, шарттарда және тәртіппен;
2) мемлекеттік меншік объектілерін заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарын төлеуге (қалыптастыруға немесе ұлғайтуға) беру арқылы;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында тікелей көзделген өзге де жағдайларда иеліктен шығарылып, жеке меншікке беріледі.
2008.11.12 № 102-ІV ҚР Заңымен 3-1-тармақпен толықтырылды
3-1. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тек мемлекеттік меншікте ғана болатын мүлік, сондай-ақ мемлекеттік меншіктегі және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне сәйкес иеліктен шығаруға жатпайтын мүлік иеліктен шығару объектісі бола алмайды.
4. Азаматтар мен заңды тұлғалардың жеке меншiгiндегi мүлiктi мемлекеттiк меншiкке айналдыру туралы Қазақстан Республикасының Заңы қабылданған ретте (ұлт меншiгiне алу) осы Кодекстiң 266-бабында белгiленген тәртiп бойынша оларға шығындары өтеледi.
250-бап. Меншiк құқығынан бас тарту
Азамат немесе заңды тұлға өзiне тиесiлi мүлiкке меншiк құқығынан бас тарта алады, бұл жөнiнде ол жариялайды, не бұл мүлiкке қандай да болсын құқықтарын сақтау ниетiнсiз өзiнiң мүлiктi иеленуден, пайдаланудан және оған билiк етуден шеттейтiнiн айқын дәлелдейтiн басқа да әрекеттер жасайды.
Меншiк құқығынан бас тарту осы мүлiкке басқа тұлға меншiк құқығын алған кезге дейiн тиiстi мүлiкке қатысты меншiк иесiнiң құқықтары мен мiндеттерiн тоқтатуға әкелiп соқтырмайды.
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 251-бап өзгертiлдi
251-бап. Меншiк иесi мүлкiнен ақы өндiрiп алу
1. Меншiк иесiнiң мiндеттемелерi бойынша мүлiктен ақы өндiрiп алу, егер шартта өзгеше көзделмесе, сот тәртiбiмен жүргiзiледi.
2. Ақы өндiрiлiп алынатын мүлiкке меншiк иесiнiң меншiк құқығы заңдарда көзделген тәртiп бойынша меншiк құқығы көшетiн адамның алып қойылған мүлiкке меншiк құқығы пайда болған кезден бастап тоқтатылады.
252-бап. Заң құжаттарына сәйкес өзiне тиесiлi бола алмайтын мүлiкке адамның меншiк құқығының тоқтатылуы
1. Егер заң құжаттарымен жол берiлетiн негiздер бойынша заң құжаттарына сәйкес адамның өзiне тиесiлi бола алмайтын мүлiк оның меншiгiнде болып шықса, бұл мүлiктi меншiк иесi, егер заң құжаттарында өзге мерзiмдер белгiленбесе, осы мүлiкке меншiк құқығы пайда болған кезден бастап бiр жыл iшiнде иелiктен айыруға тиiс. Егер меншiк иесi мүлiктi көрсетiлген мерзiмде иелiктен айырмаса, ол сот шешiмiмен иелiктен ықтиярсыз айырылуға тиiс, бұл орайда меншiк иесiне мүлiктi иелiктен айыру жөнiндегi шығындары шегерiлiп, оның құны өтеледi.
2. Егер азаматтың немесе заңды тұлғаның меншiгiнде заң құжаттарымен жол берiлген негiздер бойынша сатып алуға арнайы рұқсат қажет етiлетiн зат азаматтың немесе заңды тұлғаның меншiгiнде болып шықса, ал меншiк иесiне оны беруден бас тартылса, бұл зат осы меншiк иесiне тиесiлi бола алмайтын мүлiк үшiн белгiленген тәртiп бойынша иелiктен айырылуға тиiс.
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 253-бап өзгертiлдi
253-бап. Реквизициялау
1. Дүлей апаттар, авариялар, жұқпалы аурулар, iндеттер және төтенше сипаттағы өзге де жағдайлар болған ретте мүлiк қоғам мүддесi үшiн мемлекеттiк органдар шешiмi бойынша заң құжаттарында белгiленген тәртiп пен жағдайларда меншiк иесiнен оған мүлiктiң құны төлене отырып алып қойылуы мүмкiн (реквизиция).
2. Меншiк иесiне реквизицияланған мүлiктiң құны өтелген бағаны оны сот тәртiбiмен даулауына болады.
3. Мүлкi реквизицияланған адам реквизиция жүргiзуге байланысты жағдайлар тоқтатылған кезде сақталған мүлiктi өзiне қайтарып берудi сот арқылы талап етуге құқылы.
254-бап. Тәркiлеу
Заң құжаттарында көзделген реттерде мүлiк меншiк иесiнен жасаған қылмысы немесе өзге де құқық бұзушылығы үшiн санкция түрiнде сот тәртiбiмен тегiн алынуы мүмкiн (тәркiлеу).
255-бап. Жердi және басқа табиғи ресурстарды алып қоюға байланысты қозғалмайтын мүлiкке меншiк құқығының тоқтатылуы
1. Мемлекеттiк органның меншiк иесiнен мүлiктi алып қоюға тiкелей бағытталмаған шешiмiне, соның iшiнде меншiк иесiне тиесiлi үй, өзге де қора-қопсы, құрылыстар немесе өсiмдiктер бар жер учаскесiн алып қою туралы шешiмiне байланысты қозғалмайтын мүлiкке меншiк құқығының заң құжаттарымен белгiленген реттер мен тәртiп бойынша ғана меншiк иесiне құны тең мүлiк берiп және өзге де келтiрiлген залалдарын өтей отырып немесе меншiк құқығының тоқтатылуынан келтiрiлген залалдарын толық көлемiнде өтей отырып тоқтатылуына жол берiледi.
2. Меншiк иесi меншiк құқығын тоқтатуға әкелiп соқтыратын шешiммен келiспеген жағдайда оны дау сот тәртiбiмен шешiлгенге дейiн жүзеге асыруға болмайды. Дауды қарау кезiнде меншiк иесiне келтiрiлген залалдарды өтеудiң барлық мәселелерi де шешiледi.
3. Осы баптың ережелерi мемлекеттiк органның мүлiк орналасқан тау баурайларын, су айдыны учаскелерiн және басқа учаскелердi алып қою туралы шешiмiне байланысты тиiсiнше қозғалмайтын мүлiкке меншiк құқығы тоқтатылған кезде қолданылады.
256-бап. Күтiмсiз ұсталған мәдени және тарихи қазыналарды сатып алу
Заңдарға сәйкес ерекше бағалы әрi мемлекет қорғайтын мәдени және тарихи қазыналарға жатқызылған заттардың меншiк иесi бұл қазыналарды күтiп ұстамай, бұл олардың өз мәнiн жоғалту қатерiн төндiрген реттерде мұндай қазыналарды мемлекет меншiк иесiнен сот шешiмi бойынша сатып алу немесе жария саудаға салып сату арқылы алуы мүмкiн.
Мәдени қазыналар сатып алынған кезде меншiк иесiне тараптардың келiсуiмен, ал дау туған ретте сот белгiлеген мөлшерде олардың құны өтеледi. Жария саудаға салып сатқан кезде меншiк иесi сатудан түскен сома сауданы өткiзу шығындары шегерiлiп берiледi.
257-бап. Меншiк құқығы тоқтатылған кезде мүлiктi бағалау
Меншiк құқығы тоқтатылған кезде мүлiк оның нарықтық құны негiзге алына отырып бағаланады.
258-бап. Меншiк иесi емес адамның заттық құқығының тоқтатылуы
Меншiк иесi емес адамның заттық құқықтары осы Кодекстiң 249-257-баптарында белгiленген ережелер бойынша, сондай-ақ заң құжаттарында, заңды тұлғаның жарғысында немесе меншiк иесiнiң мүлiк иесiмен жасасқан шартында белгiленген тәртiп бойынша меншiк иесiнiң шешiмiмен тоқтатылады.