Тарау. Шарт ұғымы және оның ережелері
378-бап. Шарт ұғымы
1. Екi немесе одан көп адамның азаматтық құқықтар мен мiндеттердi белгiлеу, өзгерту немесе тоқтату туралы келiсiмi шарт деп танылады.
2. Шартқа осы Кодекстiң 4-тарауында көзделген екiжақты және көпжақты мәмiлелер туралы ережелер қолданылады.
3. Екiден көп тараптармен жасалатын шарттарға (көпжақты шарттар), егер бұл осындай шарттардың көпжақтылық сипатына қайшы келмесе, шарт туралы жалпы ережелер қолданылады.
379-бап. Шарттан туындайтын құқықтық қатынастар
1. Шарттан мiндеттемелiк, заттық, авторлық немесе өзге құқықтық қатынастар туындауы мүмкiн.
2. Шарттан туындаған мiндеттемелерге, осы тараудың ережелерiнде және осы Кодексте аталған шарттардың кейбiр түрлерi туралы ережелерiнде өзгеше көзделмегендiктен, мiндеттемелер жөнiндегi жалпы ережелер қолданылады (осы Кодекстiң 268-377-баптары).
3. Шарттан (бiрлескен қызмет туралы шарт, құрылтай шарты, авторлық шарт және басқалар) туындайтын заттық, авторлық немесе өзге де құқықтық қатынастарға, егер заңдардан, шарттан немесе құқықтық қатынастардың мәнiнен өзгеше туындамаса, осы тараудың ережелерi қолданылады.
380-бап. Шарт еркiндiгi
1. Азаматтар және заңды тұлғалар шарт жасасуға ерiктi. Осы Кодексте, заң құжаттарында немесе өз еркiмен қабылдаған мiндеттемеде шарт жасасу мiндетi көзделген жағдайларды қоспағанда, шарт жасасуға мәжбүр етуге жол берiлмейдi.
2. Тараптар заңдарда көзделген шартты да, көзделмеген шартты да жасаса алады.
381-бап. Аралас шарт
Тараптар заңдарда көзделген түрлi шарттардың элементтерi бар шарт жасаса алады (аралас шарт). Тараптардың аралас шарт бойынша қатынастарына, егер тараптардың келiсiмiнен немесе аралас шарттың мәнiнен өзгеше туындамаса, аралас шартта элементтерi бар шарттар туралы заңдардың тиiстi бөлiктерi қолданылады.
382-бап. Шарт жағдайларын анықтау
1. Тиiстi шарттың мазмұны, заңдармен жазылған жағдайлардан басқасында, шарт ережелерi тараптардың өз қалауы бойынша белгiленедi.
Шарттың ережесi заңдарға сәйкес қолданылатын қалыппен көзделген реттерде, егер тараптардың келiсiмiмен өзгеше (диспозитивтiк қалып) белгiленбесе, тараптар өздерiнiң келiсiмдерiмен қалыптың қолданылуын жоя алады немесе сол қалыпта көзделгеннен өзгеше жағдайды белгiлей алады.
2. Егер шарттың ережесiн тараптар немесе диспозитивтiк қалып белгiлемеген болса, тиiстi жағдайлар тараптардың қатынастарында қолданылатын iскерлiк қызмет өрiсiндегi әдеттегi құқықтармен белгiленедi.
383-бап. Шарт және заңдар
1. Шарт тараптар үшiн оны жасасу кезiнде қолданылып жүрген заңдармен белгiленген мiндеттi ережелерге (императивтiк қалыптарға) сәйкес келуге тиiс.
2. Егер шарт жасалғаннан кейiн шарт жасалған кезде қолданылып жүрген ережелерден өзгеше, тараптар үшiн мiндеттi ережелер заңдармен белгiленген болса, жасалған шарттың ережелерi оның күнi бұрын жасалған шарттардан туындайтын қатынастарға да қолданылады деп заңдармен белгiлегендегiден басқа жағдайларда, өз күшiн сақтайды.
384-бап. Ақылы және ақысыз шарт
1. Шарт бойынша тарап өз мiндеттемелерiн орындағаны үшiн ақы алуы немесе бiр-бiрiне бiр нәрсе беруi керек болса, бұл ақылы шарт болып табылады.
2. Бiр тарап екiншi тарапқа одан ақы алмай немесе ешнәрсе бермей бiр нәрсенi ұсынуды мiндетiне алған шарт ақысыз шарт болып табылады.
3. Егер заңдардан, шарттың мазмұнынан немесе мәнiнен өзгеше туындамаса, шарт ақылы болуы мүмкiн.
385-бап. Баға
1. Шарттың орындалуы тараптардың келiсiмiмен белгiленген баға бойынша төленедi.
Заң құжаттарында көзделген жағдайларда оған уәкiлдiк берiлген мемлекеттiк органдар белгiлейтiн немесе реттейтiн баға (тарифтер, бағалар, ставкалар және т.б.) қолданылады.
2. Шарт жасалғаннан кейiн бағаны өзгертуге шартта, заң құжаттарында көзделген реттер мен жағдайларда немесе заң құжаттарында белгiленген тәртiп бойынша жол берiледi.
3. Ақылы шартта баға көзделмеген және шарт ережелерiн негiзге ала отырып оны анықтау мүмкiн болмаған реттерде шартты орындау шарт жасасу кезiнде осыған ұқсас жағдайларда әдетте осы сияқты тауарлар, жұмыс немесе қызмет үшiн алынатын баға бойынша жүргiзiлуге тиiс деп есептеледi.
386-бап. Шарттың қолданылуы
1. Шарт оны жасасқан кезден бастап күшiне енедi және тараптар үшiн мiндеттi болып табылады (осы Кодекстiң 393-бабы).
2. Тараптар өздерi жасасқан шарттың ережелерi олардың шартты жасасуға дейiн пайда болған қатынастарына қолданылатындығын белгiлеуге құқылы.
3. Егер заңдарда немесе шартта шарттың қолданылу мерзiмi көзделсе, осы мерзiмнiң аяқталуы, шарт бойынша тараптар мiндеттемелерiнiң тоқтатылуына әкелiп соқтырады.
Қолданылу мерзiмi көрсетiлмеген шарт тараптардың онда белгiленген мiндеттемелердi орындауы аяқталып бiткен кезге дейiн қолданылады деп танылады.
4. Шарттың қолданылу мерзiмiнiң аяқталуы тараптарды осы мерзiм бiткенге дейiн орын алып келген шартты бұзғандық үшiн жауапкершiлiктен босатпайды.
ҚР 11.07.97 ж. № 154 Заңымен 387-бап өзгертiлдi
387-бап. Жария шарт
1. Коммерциялық ұйыммен жасалған және өз қызметiнiң сипатына қарай оған өтiнiшпен келетiн әркiмге қатысты жүзеге асырылатын тауарларды сату, жұмыстарды атқару немесе қызмет көрсету жөнiндегi оның мiндеттемелерiн белгiлейтiн шарт жария шарт деп танылады (бөлшек сауда, көпшiлiк пайдаланатын көлiкпен тасымалдау, байланыс қызметiн көрсету, энергиямен қамтамасыз ету, медицина, мейманхана қызметiн көрсету және т.б.).
Коммерциялық ұйымның заңдарда көзделген жағдайлардан басқасында, жария шарт жасасу жөнiнде бiреуге басқалардан артықшылық жасауға құқығы жоқ.
2. Тұтынушылардың кейбiр категорияларына жеңiлдiк беру заңдармен жол берiлетiн жағдайларды қоспағанда, тауарлардың, жұмыс пен қызметтiң бағасы, сондай-ақ жария шарттың өзге ережелерi тұтынушылардың бәрiне бiрдей болып белгiленедi.
3. Тұтынушыға тиiстi тауарлар (жұмыс, қызмет) ұсыну мүмкiншiлiгi бола тұра коммерциялық ұйымның жария шарт жасасудан бас тартуына жол берiлмейдi.
Коммерциялық ұйым жария шарт жасасудан негiзсiз жалтарған жағдайда осы Кодекстiң 399-бабындағы 4-тармақта көзделген ережелер қолданылады.
4. Заң құжаттарында көзделген жағдайларда Қазақстан Республикасының Үкiметi жария шарттарды жасау және орындау кезiнде тараптар үшiн мiндеттi ережелер (үлгi шарттар, ережелер және т.б.) шығаруы мүмкiн.
5. Жария шарттың осы баптың 2 және 4-тармақтарында белгiленген талаптарына сәйкес келмейтiн ережелерi жарамсыз болып табылады.
388-бап. Шарттардың үлгi ережелерi
1. Шартта оның кейбiр ережелерi осындай шарттар үшiн әзiрленген және баспада басылып шыққан үлгi ережелермен белгiленетiнi көзделуi мүмкiн.
2. Шарттың мазмұнында үлгi ережелерге сiлтеме болмаған жағдайларда, осындай үлгi ережелер, егер олар осы Кодекстiң 3 және 382-баптарымен белгiленген талаптарға сай келетiн болса, тараптардың қатынастарына iскерлiк қызмет өрiсiндегi әдеттегi құқықтар ретiнде қолданылады.
3. Үлгi ережелер үлгi шарт немесе мазмұнында осы ережелер бар өзге құжат нысанында жазылуы мүмкiн.
389-бап. Қосылу шарты
1. Ережелерiн тараптардың бiреуi формулярларда немесе өзге стандартты нысандарда белгiлеген және басқа тарап оны ұсынылған шартқа тұтастай қосылу жолы деп қабылдай алатын шарт қосылу шарты деп танылады.
2. Егер қосылу шарты заңдарға қайшы келмегенiмен, бұл тарапты осындай шарттар бойынша берiлетiн құқықтардан айыратын болса немесе мiндеттеменi бұзғаны үшiн басқа тараптың жауапкершiлiгiн жоятын немесе шектейтiн болса не қосылған тарап үшiн онда анық қиындық келтiретiн, шарттың талаптарын белгiлеуге қатысатын мүмкiндiгi болып тұрғанда өзiнiң ақылға қонымды түсiнiлетiн мүдделерiн негiзге ала отырып қабылдамай-ақ қоятын талаптары болса, шартқа қосылған тарап шартты бұзуды талап етуге құқылы.
3. Осы баптың 2-тармағында көзделген мән-жайлар болған кезде, өзiнiң кәсiпкерлiк қызметiн жүзеге асыруына байланысты шартқа қосылған тараптың шартты бұзу туралы қойған талабы, егер қосылған тарап шарттың қандай жағдайларда жасалғанын бiлсе немесе бiлуге тиiс болса, қанағаттандырылуға жатпайды.
390-бап. Алдын ала жасалатын шарт
1. Алдын ала жасалатын шарт бойынша тараптар алдын ала жасалатын шартта көзделген жағдайларда мүлiк беру, жұмыс орындау немесе қызмет көрсету туралы болашақта шарт (негiзгi шарт) жасасуға мiндеттенедi.
2. Алдын ала жасалатын шарт негiзгi шарт үшiн заңдарда белгiленген нысанда, ал егер негiзгi шарт нысаны белгiленбесе, жазбаша түрде жасалады. Алдын ала жасалатын шарт нысаны туралы ережелердiң сақталмауы оның жарамсыз болып қалуына әкелiп соқтырады.
3. Алдын ала жасалатын шартта негiзгi шарттың мәнiн, сондай-ақ басқа да елеулi жағдайларын белгiлеуге мүмкiндiк беретiн ережелер болуға тиiс.
4. Алдын ала жасалатын шартта тараптар негiзгi шартты жасасуға мiндеттенетiн мерзiм көрсетiледi.
Егер алдын ала жасалатын шартта мұндай мерзiм белгiленбесе, олар көздеген шарт алдын ала жасалған кезден бастап бiр жыл iшiнде жасалуға тиiс.
5. Алдын ала шарт жасасқан тарап өзi көздеген шартты жасасудан жалтарған реттерде, егер заңдарда немесе шартта өзгеше көзделмесе, осы арқылы келтiрiлген залалды екiншi тарапқа өтеуге мiндеттi.
6. Алдын ала жасалатын шартта көзделген мiндеттемелер, егер тараптар негiзгi шартты жасасуға тиiс мерзiм бiткенге дейiн ол жасалмаса не тараптардың бiрi екiншi тарапқа бұл шартты жасасуға ұсыныс жiбермесе, тоқтатылады.
7. Егер ниеттер туралы хаттамада (ниеттер туралы шартта) тараптардың оған алдын ала жасалатын шарт күшiн беру ниеттерi тiкелей көзделмесе, ол азаматтық-құқықтық шарт болып табылмайды және оның орындалмауы заңдық зардаптарға әкелiп соқтырмайды.
391-бап. Үшiншi жақтың пайдасына жасалатын шарт
1. Тараптар несие берушiге емес, шартта көрсетiлген немесе көрсетiлмеген және борышқордан мiндеттеменi өзiнiң пайдасына орындауды талап етуге құқығы бар үшiншi жаққа борышқор орындап беруге мiндеттi деп көрсеткен шарт үшiншi жақтың пайдасына жасалған шарт болып танылады.
2. Егер заңдарда немесе шартта өзгеше көзделмесе, үшiншi жақ борышқорға шарт бойынша өз құқығын пайдалану ниетiн бiлдiрген кезден бастап тараптар өздерi жасасқан шартты үшiншi жақтың келiсiмiнсiз бұза алмайды немесе өзгерте алмайды.
3. Борышқор шартта өзiнiң несие берушiге қарсы қоя алатындай қарсылықтарын үшiншi жақтың талаптарына қарсы қоюға құқылы.
4. Үшiншi жақ шарт бойынша өзiне берiлген құқықтан бас тартқан ретте несие берушi, егер заңдарға және шартқа қайшы келмесе, бұл құқықты пайдалана алады.
392-бап. Шартты түсiндiру
1. Сот шарт ережелерiн түсiндiрген кезде ондағы сөздер мен сөйлемдердiң сөзбе-сөз мәнi ескерiледi. Шарт ережесiнiң сөзбе-сөз мәнi түсiнiксiз болған ретте ол бүкiл шарттың басқа ережелерiмен және мағынасымен салыстыру арқылы анықталады.
2. Егер осы баптың бiрiншi тармағындағы ережелермен шарт мазмұнын анықтау мүмкiн болмаса, шарт мақсатын ескере отырып тараптардың шын мәнiндегi ортақ еркi анықталуға тиiс. Бұл орайда шарт жасасу алдындағы келiссөздер мен хат жазысуды, тараптардың өзара қатынастарында орныққан тәжiрибенi, iскерлiк қызмет өрiсiндегi әдеттегi құқықтарды, талаптардың бұдан кейiнгi мiнез-құлқын қоса алғанда, тиiстi мән-жайлардың бәрi ескерiледi.
Тарау. Шарт жасасу
393-бап. Шарттың елеулi ережелерi
1. Тараптар арасында шарттың барлық елеулi ережелерi бойынша тиiстi жағдайларда талап етiлетiн нысанда келiсiмге қол жеткен кезде шарт жасалды деп есептеледi.
Шарттың мәнi туралы ережелер, заңдарда елеулi деп танылған немесе шарттардың осы түрi үшiн қажеттi ережелер, сондай-ақ бiр тараптың мәлiмдеуi бойынша келiсiмге қол жеткiзуге тиiстi барлық ережелер елеулi ережелер болып табылады.
2. Егер шарт жасасу үшiн заң құжаттарына сәйкес мүлiктi беру қажет болса, шарт тиiстi мүлiк берiлген кезден бастап жасалды деп есептеледi.
394-бап. Шарттың нысаны
1. Егер тараптар белгiлi бiр нысанда шарт жасасуға уағдаласса, заң бойынша шарттардың осы түрi үшiн бұл нысан талап етiлмесе де, шарт оған уағдаласқан нысан берiлген кезден бастап жасалды деп есептеледi.
2. Егер шарт жасасу жөнiндегi жазбаша ұсыныс осы Кодекстiң 396-бабының 3-тармағында көзделген тәртiп бойынша қабылданса, шарттың жазбаша нысаны сақталған деп есептеледi.
395-бап. Оферта
1. Шарт жасасу туралы бiр немесе бiрнеше нақты жақтарға жасалған ұсыныс, егер ол жеткiлiктi дәрежеде айқын болып, ұсыныс жасаған жақтың ол қабылданған жағдайда (акцепт) өзiн сонымен байланысты деп есептеу жөнiндегi ниетiн көрсетсе, оферта деп танылады. Егер ұсыныста шарттың елеулi ережелерi немесе оларды анықтау тәртiбi көрсетiлсе, ол жеткiлiктi дәрежеде айқын деп табылады.
2. Оферта оны жiберген жақ ол алушының қолына тигеннен бастап байланысты етiп қояды.
Егер офертаны қайтарып алу туралы хабар офертаның өзiнен бұрын немесе онымен қатар келсе, оферта алынбаған болып есептеледi.
3. Егер офертаның өзiнде өзгеше айтылмаса не ұсыныстың мәнiнен немесе ол жасалған жағдайдан туындамаса, алушының қолына тиген офертаны оның акцептi үшiн белгiленген мерзiм iшiнде қайтарып алуға болмайды.
4. Жарнама және беймәлiм адамдар тобына жiберiлген өзге де ұсыныстар, егер ұсыныста тiкелей өзгеше көрсетiлмесе, оферта жасасуға шақыру ретiнде қаралады.
5. Ұсыныс жасаушы жақтың кез келген хабарлаушысымен ұсыныста көрсетiлген жағдайларда шарт жасасу еркi көрiнетiн, шарттың барлық елеулi ережелерi бар ұсыныс оферта (жария оферта) деп танылады.
396-бап. Акцепт
1. Оферта жолданған жақтың оны қабылдағаны туралы жауабы акцепт деп танылады.
Акцепт толық әрi бұлтарыссыз болуға тиiс.
2. Егер заң құжатынан, iскерлiк қызмет өрiсiндегi әдеттегi құқықтардан немесе тараптардың бұрынғы iскерлiк қатынастарынан өзгеше туындамаса, жауап қайтармау акцепт болып табылмайды.
3. Офертаны алған жақтың оның акцептi үшiн белгiленген мерзiмде онда көрсетiлген шарт ережелерiн орындау жөнiнде жасаған әрекеттерi (тауарлар тиеп жөнелту, қызмет көрсету, жұмыс орындау, тиiстi соманы төлеу және т.б.), егер заңдарда өзгеше көзделмесе немесе офертада көрсетiлмесе, акцепт деп есептеледi.
4. Егер акцептi қайтарып алу туралы хабар оферта жiберген жаққа акцептiң өзiнен бұрын немесе онымен қатар келсе, акцепт алынбаған болып есептеледi.
397-бап. Шарт жасасу тәртiбi
1. Офертада акцептiге арналған мерзiм көрсетiлген жағдайда, егер оферта жiберген жақ акцептi онда көрсетiлген мерзiм iшiнде алса, шарт жасалған болып есептеледi.
2. Жазбаша офертада акцептiге арналған мерзiм көрсетiлмеген жағдайда, егер оферта жiберген жақ акцептi заңдарда белгiленген мерзiм бiткенге дейiн, ал егер ондай мерзiм белгiленбесе, оны жеткiлiктi дәрежеде қажеттi уақыт iшiнде алса, шарт жасалған болып есептеледi.
Оферта акцептiге арналған мерзiм көрсетiлмей ауызша жасалған жағдайда, егер екiншi тарап оның акцептi туралы дереу мәлiмдесе, шарт жасалған болып есептеледi.
3. Егер оферта жiберген тарап екiншi тарапқа акцептi кеш алғаны туралы дереу хабарламаса, акцепт туралы мерзiмiнде жiберiлген хабар кешiктiрiлiп алынған жағдайда, акцепт кешiктiрiлген болып есептелмейдi.
Егер оферта жiберген тарап екiншi тарапқа оның кешiктiрiлiп алынған акцептi қабылданғаны туралы дереу хабарласа, шарт жасалған болып есептеледi.
4. Офертада ұсынылғаннан өзге жағдайларда шарт жасасуға келiскендiк туралы жауап акцепт болып табылмайды.
Мұндай жауап офертадан бас тарту және сонымен бiрге жаңа оферта деп танылады.
398-бап. Шарт жасасатын жер
Егер шартта оны жасасатын жер көрсетiлмесе, шарт азаматтың тұрғылықты жерiнде немесе оферта жiберген заңды тұлғаның орналасқан жерiнде жасалған болып танылады.
399-бап. Шартты мiндеттi түрде жасасу
1. Осы Кодекске немесе өзге заң құжаттарына сәйкес шарт жасасу тараптардың бiрi үшiн мiндеттi болған реттерде, бұл тарап екiншi тарапқа акцепт туралы, не акцепттен бас тартатыны туралы немесе офертаға (шарт жобасына) өзгеше жағдайларға акцепт жасалатыны туралы (шарт жобасына келiспеушiлiк хаттамасы), егер заңдарда өзге мерзiм белгiленбесе, не тараптар келiспеген болса, офертаны алған күннен бастап отыз күннiң iшiнде хабар жiберуi тиiс.
2. Офертаны жiберген және шартты жасасуға мiндеттi тараптан оған өзге жағдайлармен акцепт жасау туралы хабар (шарт жобасына келiспеушiлiк хаттамасын) алған тарап шарт жасасу кезiнде пайда болған келiспеушiлiктi осындай хабар алған күннен бастап отыз күн iшiнде, не акцептiне арналған мерзiм өткен соң, егер заңдарда шарттардың жекелеген түрлерi туралы өзге мерзiм белгiленбесе, соттың қарауына беруге құқылы.
3. Егер шарт жасасуға мiндеттi тарап жiберген шарт жобасына отыз күн мерзiмде шарт жобасына келiспеушiлiк хаттамасы алынса, бұл тарап екiншi тарапқа шартты сол редакциясында қабылдайтыны туралы, не келiспеушiлiк хаттамасын қабылдамайтыны туралы келiспеушiлiк хаттамасын алған күннен бастап отыз күн iшiнде хабарлауға мiндеттi.
Келiспеушiлiк хаттамасын қабылдамаған не оны көрсетiлген мерзiмде қарау нәтижелерi туралы хабарды алмаған жағдайда келiспеушiлiк хаттамасын жiберген тарап, егер заңдарда шарттардың жекелеген түрлерi туралы өзгеше белгiленбесе, шарт жасасу кезiнде пайда болған келiспеушiлiктердi соттың қарауына беруге құқылы.
4. Егер осы Кодекске немесе өзге де заң құжаттарына сәйкес шарт жасасуға мiндеттi тарап оны жасасудан жалтарса, екiншi тарап шарт жасасуға мәжбүр ету туралы талап қойып сотқа жүгiнуге құқылы.
Шарт жасасудан негiзсiз жалтаратын тарап екiншi тарапқа шарт жасасудан бас тарту туғызған залалдың орнын толтыруға тиiс.
400-бап. Шарт жасасу алдындағы даулар
Осы Кодекстiң 399-бабының 2 және 3-тармақтарында көзделген реттерде, сондай-ақ шарт жасасу кезiнде туындаған келiспеушiлiктер тараптардың келiсуiмен соттың қарауына берiлген болса, шарттың тараптар келiспеген ережелерi сот шешiмiне сәйкес белгiленедi.