Тарау. Мүлікті тегін пайдалану

604-бап. Мүлiктi тегiн пайдалану шарты

1. Мүлiктi тегiн пайдалану шарты (несие шарты) бойынша бiр тарап (несие берушi) екiншi тарапқа (несие алушыға) мүлiктi тегiн уақытша пайдалануға бередi, ал соңғысы мүлiктiң қалыпты тозуын ескере отырып, қандай күйде алса, сондай күйде немесе шартта ескертілген күйде қайтаруға мiндеттенедi.

2. Мүлiктi тегiн пайдалану шартына тиiсiнше осы Кодекстiң 541-бабының, 545-бабының 1-тармағының және 2-тармағының бiрiншi бөлiгiнiң, 550-бабының, 555-бабының, 556-бабының 2-тармағының 1), 2), 4) тармақшаларының, 558-бабының ережелерi қолданылады.

605-бап. Несие берушi

1. Мүлiктi тегiн пайдалануға беру құқығы оның меншiк иесiне және соған заң актiлерi немесе меншiк иесi уәкiлдiк берген өзге адамдарға берiледi.

2. Коммерциялық ұйымның өз құрылтайшысы, қатысушысы, (акционерi), директоры, өзiнiң басқару немесе бақылау органдарының мүшесi болып табылатын адамға мүлiктi тегiн пайдалануға беруге құқығы жоқ.

606-бап. Мүлiктi тегiн пайдалануға беру

1. Несие берушi мүлiктi тегiн пайдалану шартының талаптары мен мүлiктiң мақсатына сай келетiн күйде беруге мiндеттi.

2. Егер шартта өзгеше көзделмесе, мүлiк тегiн пайдалануға оның барлық керек-жарақтарымен және оған қатысты құжаттармен (мүлiктiң жиынтықтылығын, қауiпсiздiгiн, сапасын, пайдалану тәртiбiн куәландыратын және т.б. құжаттармен) қоса берiледi.

Егер мұндай керек-жарақтар мен құжаттар берiлмесе, алайда оларсыз мүлiктi мақсаты бойынша пайдалану мүмкiн болмаса не оны пайдалану несие алушы үшiн едәуiр дәрежеде құнын жойса, соңғысы сондай керек-жарақтар мен құжаттар берудi немесе шартты бұзуды және өзiне келтiрiлген нақты зиянды өтеудi талап етуге құқылы.

607-бап. Тегiн пайдалануға берiлген мүлiктiң кемшiлiктерi үшін жауапкершілік

1. Мүлікті тегін пайдалануға берген несие беруші мүлікті беру кезінде қасақана немесе өрескел абайсыздықпен айтпай қалған осы мүлiк кемшiлiктерi үшін, егер бұл орайда несие алушыға нақты зиян келсе, жауапты болады.

2. Несие алушының талаптары туралы немесе оның мүлiктiң кемшiлiктерiн несие берушiнiң есебiнен жою ниетi туралы хабарландырылған несие берушi ақаулы затты тиiстi күйдегi соған ұқсас басқа затпен дереу ауыстыра алады.

3. Несие берушi мүлiктiң шарт жасаған кезде өзi айтқан кемшiлiктерi үшiн немесе несие алушыға алдын ала белгiлi болған не несие алушы шарт жасаған кезде немесе затты берген кезде мүлiктi қараған немесе оның дұрыстығын тексерген уақытта табылған кемшiлiктер үшiн жауап бермейдi.

608-бап. Тегiн пайдалануға берiлген мүлiкке үшiншi тұлғалардың құқықтары

Мүлiктi тегiн пайдалануға беру бұл мүлiкке үшiншi тұлғалардың құқықтарын өзгертуге немесе тоқтатуға негiз болмайды.

Тегiн пайдалану шартын жасаған кезде несие берушi несие алушыға бұл мүлiкке үшiншi тұлғалардың барлық құқықтары (сервитут, кепіл құқығы және т.б) туралы ескертуге міндетті. Бұл міндетті орындамау несие алушыға шартты бұзуды және өзi шеккен нақты зиянды өтеудi талап ету құқығын бередi.

609-Бап. Несие алушының мүлiктi ұстау жөнiндегi мiндеттерi

Несие алушы тегiн пайдалануға алған мүлiктi, егер тегiн пайдалану шартында өзгеше көзделмесе, ағымдағы және күрделi жөндеудi жүзеге асыруды қоса алғанда, дұрыс күйінде ұстап-тұтуға және оны ұстап-тұту жөнiндегi барлық шығындарды өтеуге мiндеттi.

610-бап. Мүлiктiң кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүлiну қаупi

Егер мүлiк оны несие алушы, тегiн пайдалану шартына немесе мүлiктi мақсатына сай пайдаланбағандықтан жойылса немесе бүлiнсе не оны несие берушiнiң келiсiмiнсiз үшiншi тұлғаға берсе, ол тегін пайдалануға алған мүлiктiң кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүлiну қаупiн өз мойнына алады.

Егер несие алушы нақты мән-жайларды ескере отырып, өз мүлкiн құрбан етiп, мүлiктiң жойылуына немесе бүлiнуiне жол берiлмеуi мүмкiн болып, бiрақ өз мүлкiн сақтап қалуды жөн көрсе, ол мүлiктiң кездейсоқ жойылу немесе бүлiну қаупiн де мойнына алады.

611-бап. Мүлiктi пайдалану нәтижесiнде үшiншi тұлғаға келтiрiлген зиян үшiн жауапкершiлiк

Егер несие алушының немесе бұл мүлiк несие берушiнiң келiсiмiмен қолына тиген адамның зиянды қасақана немесе өрескел бейқамдықпен келтiргенiн дәлелдей алмаса, мүлiктi пайдалану салдарынан үшiншi тұлғаға келтiрiлген зиян үшiн несие берушi жауап береді.

612-бап. Шартты мерзiмiнен бұрын бұзу

1. Несие берушi тегiн пайдалану шартын мерзiмiнен бұрын бұзуды несие алушы:

1) мүлiктi шартқа немесе мақсатына сәйкес пайдаланбаған;

2) мүлiктi дұрыс күйiнде сақтау немесе оны ұстап-тұту жөнiндегi мiндеттерiн орындамаған;

3) мүлiктiң жай-күйiне елеулі түрде нашарлатқан;

4) несие берушiнiң келiсiмiнсiз мүлiктi үшiншi тұлғаға берген жағдайларда талап етуге құқылы.

2. Несие алушы:

1) мүлiктi қалыпты пайдалануды мүмкiн етпейтiн немесе ауырлататын кемшiлiктерiн тапқан кезде, олардың бар екенi туралы шарт жасасу кезiнде бiлмеген және бiлу мүмкiн болмаса;

2) егер мүлiк ол жауап бермейтiн мән-жайларға байланысты пайдалануға жарамсыз күйде болса;

3) егер шартты жасау кезiнде несие берушi оған берiлген мүлiкке үшiншi тұлғалардың құқықтары туралы ескертпесе;

4) несие берушi мүлiктi беру не оның керек-жарақтары мен оған қатысты құжаттарды беру мiндетiн орындамаса, тегiн пайдалану шартын мерзiмiнен бұрын бұзуды талап етуге құқылы.

613-бап. Шарттан бас тарту

1. Тараптардың әрқайсысы мерзiмi көрсетiлмей жасалған тегiн пайдалану шартынан, егер шартта хабарлаудың өзге мерзiмi көзделмесе, бұл туралы басқа тарапқа бiр ай iшiнде хабарлап, кез келген уақытта бас тартуға құқылы.

2. Егер шартта өзгеше көзделмесе, несие алушы мерзiмiн көрсетiп жасалған шарттан, осы баптың 1-тармағында көзделген тәртiппен, кез келген уақытта бас тартуға құқылы.

614-бап. Шарттағы тараптардың өзгеруi

1. Несие берушi мүлiкке иелiктен айыруды жүргiзуге немесе оны үшiншi тұлғаға тегiн пайдалану үшiн беруге құқылы. Бұл орайда жаңа меншiк иесiне немесе пайдаланушыға бұрын жасалған тегiн пайдалану шартынан құқықтар ауысады, ал оның мүлiкке қатысты құқықтарына несие алушының құқықтары қосылады.

2. Несие берушi азамат қайтыс болған не несие берушi заңды тұлға қайта ұйымдастырылған немесе таратылған жағдайда несие берушiнiң құқықтары мен мiндеттерi тегiн пайдалану шарты бойынша мұрагерге (құқық мирасқорына) немесе мүлiкке меншiк құқығы немесе мүлiк тегiн пайдалануға берiлген деп негiзге алынған өзге құқық ауысқан басқа тұлғаға көшедi.

Несие алушы - заңды тұлға қайта ұйымдастырылған жағдайда, егер шартта өзгеше көзделмесе, оның құқықтары мен мiндеттерi шарт бойынша оның құқық мирасқоры болып табылатын заңды тұлғаға көшедi.

615-бап. Шартты тоқтату

Тегiн пайдалану шарты, егер шартта өзгеше көзделмесе, несие алушы азамат қайтыс болған немесе несие алушы заңды тұлға таратылған жағдайда тоқтатылады.

Тарау. Мердігерлік



php"; ?>