Ылыми-зерттеу, тәжiрибе-конструкторлық және
технологиялық жұмыстарға мердiгерлiктiң
Ерекшелiктерi
673-бап. Ғылыми-зерттеу, тәжiрибе-конструкторлық және технологиялық жұмыстарға шарттар
1. Ғылыми-зерттеу жұмыстарына жасалған шарт бойынша мердiгер (атқарушы) тапсырысшының тапсырмасында көзделген ғылыми зерттеулердi жүргiзуге, ал тәжiрибе-конструкторлық және технологиялық жұмыстарға шарт бойынша - жаңа бұйымның үлгiсiн, оған конструкторлық құжаттаманы, жаңа технологияны жасауға немесе үлгi дайындауға міндеттенеді; тапсырысшы мердігерге (атқарушыға) техникалық тапсырма беруге, жұмыс нәтижелерін қабылдауға және оларға ақы төлеуге міндеттенеді.
2. Мердiгермен (атқарушымен) жасалған шарт зерттеу жүргiзудiң, үлгiлердi әзiрлеу мен жасаудың бүкiл циклын да, сондай-ақ олардың жекелеген элементтерiн де қамтуы мүмкiн.
674-бап. Жұмыстарды орындау
1. Мердiгер (атқарушы) ғылыми зерттеулердi жеке өзi жүргiзуге мiндеттi. Егер шартта өзгеше көзделмесе, ол ғылыми-зерттеу жұмыстарына жасалған шартты орындауға тапсырысшының келiсiмiмен ғана үшiншi тұлғаларды тартуға құқылы.
2. Тәжiрибе-конструкторлық және технологиялық жұмыстарды орындау кезiнде, егер шартта өзгеше көзделмесе, мердiгер оларды орындауға үшiншi тұлғаларды қосалқы мердiгер ретінде тартуға құқылы.
675-бап. Жұмыстарды тапсыру, қабылдау және оған ақы төлеу
Мердiгер (атқарушы) толық аяқталған ғылыми-зерттеу, тәжiрибе-конструкторлық және технологиялық жұмысты тапсыруға, ал тапсырысшы оны қабылдауға және оған ақы төлеуге міндетті. Шартта жұмыстың жекелеген кезеңдерін қабылдау және оларға ақы төлеу не ақы төлеудiң өзге де әдiсi көзделуi мүмкiн.
676-бап. Шарт туралы мәлiметтердiң құпиялылығы
Егер ғылыми-зерттеу жұмыстарына не тәжiрибе-конструкторлық және технологиялық жұмыстарға жасалған шартта өзгеше көзделмесе:
1) мердiгер (атқарушы) де, тапсырысшы да шарттың нысанасына, оның орындалу барысына және алынған нәтижелерге қатысты мәлiметтердiң құпиялылығын қамтамасыз етуге мiндеттi. Құпия деп танылатын мәлiметтердiң көлемi шартта белгiленедi;
2) мердiгер аталған шарт бойынша алынған жұмыс нәтижелерiн тек тапсырысшының келiсiмiмен ғана патенттеудi жүзеге асыруға құқылы.
677-бап. Тараптардың жұмыс нәтижелерiне құқықтары
1. Тапсырысшының ғылыми-зерттеу жұмыстарына не тәжiрибе-конструкторлық және технологиялық жұмыстарға жасалған шарт бойынша өзiне берiлген жұмыс нәтижелерiн шартта көзделген шекте және жағдайда пайдалануға құқығы бар.
2. Егер шартта өзгеше көзделмесе, мердiгер (атқарушы) өзi алған жұмыс нәтижелерiн өзi үшiн пайдалануға құқылы.
3. Шартта мердiгердiң (атқарушының) жұмыс нәтижелерiн үшiншi тұлғаларға сату құқығы көзделуi мүмкiн.
678-бап. Тапсырысшының мiндеттерi
Ғылыми-зерттеу не тәжiрибе-конструкторлық және технологиялық жұмыстарға жасалған шарт бойынша тапсырысшы:
1) мердiгерге (атқарушыға) техникалық тапсырма беруге және онымен жұмыс бағдарламасын (техникалық-экономикалық өлшемдердi) немесе тақырыптамасын келiсуге;
2) мердiгерге (атқарушыға) жұмысты орындауға қажеттi ақпарат беруге;
3) орындалған жұмыс нәтижелерiн қабылдауға және оларға ақы төлеуге (осы Кодекстiң 623-бабы) мiндеттi.
679-бап. Мердiгердiң (атқарушының) мiндеттерi
1. Ғылыми-зерттеу жұмыстарына не тәжiрибе-конструкторлық және технологиялық жұмыстарға жасалған шарт бойынша мердiгер (атқарушы):
1) жұмысты тапсырысшымен келiсiлген бағдарламаға (техникалық-экономикалық өлшемдерге) немесе тақырыптамаға сай орындауға және тапсырысшыға шартта көзделген мерзiмде жұмыс нәтижелерiн беруге;
2) интеллектуалдық меншiктi құқықтық қорғауға байланысты талаптарды сақтауға;
3) шартта немесе тапсырысшының техникалық тапсырмасында көзделген техникалық-экономикалық өлшемдерден ауытқуға соқтыруы мүмкiн техникалық құжаттамадағы өз кiнәсiнен жiберiлген кемшiлiктердi өз күшiмен және өз есебiнен жоюға;
4) тапсырысшыға күтiлетін нәтижелерге жету мүмкiн болмайтыны анықталғаны немесе жұмысты одан әрi жүргiзу орынсыз екенi туралы дереу хабарлауға;
5) тапсырысшыға осындай шарт негiзiнде берiлген нәтижелерге үшiншi тұлғаларда айрықша құқықтарының болмайтынына кепiлдiк беруге мiндеттi.
2. Егер ғылыми-зерттеу жұмыстарына не тәжiрибе-конструкторлық және технологиялық жұмыстарға жасалған шарттарда өзгеше көзделмесе, мердiгер (атқарушы):
1) жұмысты орындау кезiнде алынған ғылыми-техникалық нәтижелердi тапсырысшының келiсiмiнсiз жариялаудан тартынуға;
2) жұмысты орындау кезiнде алынған құқықтық қорғауға қабiлеттi нәтижелердi қорғау үшiн шаралар қолдануға және бұл туралы тапсырысшыға хабарлауға;
3) орындалған жұмыстарда қолданылған, құқықтық қорғауды иеленетiн ғылыми-техникалық нәтижелердi пайдалануға тапсырысшыға айрықша лицензия беруге мiндеттi.
680-бап. Ғылыми-зерттеу жұмыстарына жасалған шартта нәтижеге жету мүмкiндiгi болмауының салдары
Егер ғылыми-зерттеу жұмыстарының барысында мердігерге (атқарушыға) байланыссыз себептер салдарынан нәтижеге жетудің мүмкін еместiгi анықталса, тапсырысшы шартта көзделген нәтижелерге жетудiң мүмкiн еместiгi анықталғанға, дейiн жүргiзiлген жұмыс құнын төлеуге мiндеттi, бiрақ ол шартта көзделген жұмыстардың тиiстi бөлiгiнiң бағасынан аспауға тиiс.
681-бап. Тәжiрибе-конструкторлық және технологиялық жұмыстарға жасалған шартта жұмыс нәтижесiне жету мүмкiндiгi болмауының салдары
Егер тәжiрибе-конструкторлық және технологиялық жұмыстарды орындау барысында мердiгердiң кiнәсiнсiз жұмысты одан әрi жалғастыру мүмкiн болмайтыны немесе орынсыз екенi анықталса, тапсырысшы атқарушы шеккен шығындарды төлеуге мiндеттi.
682-бап. Мердiгердiң (атқарушының) шартты бұзғаны үшін жауапкершілігі
1. Мердігер (атқарушы) тапсырыс берушінің алдында ғылыми-зерттеу жұмыстарына не тәжiрибе-конструкторлық және технологиялық жұмыстарға жасалған шартты орындамағаны және тиiстi дәрежеде орындамағаны үшiн, егер шарттың бұзылуы мердiгердiң (атқарушының) кiнәсiнен болмағанын дәлелдей алмаса, жауапты болады.
2. Шартты бұзған мердiгер (атқарушы), егер шартта өзгеше көзделмесе, тапсырыс берушi шеккен залалды нақты зиян түрiндегi жұмыстың құны шегiнде өтеуге мiндеттi.