Тарау. Банктік қызмет көрсету

Жалпы ережелер

739-бап. Банктiк қызмет көрсету шарты

1. Банктiк қызмет көрсету шарты бойынша бiр тарап (банк) екiншi тараптың (клиенттiң) тапсырмасы бойынша банктiк қызмет көрсетуге, ал клиент, егер шартта өзгеше көзделмесе, осы көрсетiлген қызметке ақы төлеуге мiндеттенедi.

2. Банктiк қызмет көрсету шарты:

1) банктiк шот шарты;

2) ақша аудару шарты;

3) банк салымы шарты;

4) заңдарда немесе тараптардың келiсiмiнде көзделген өзге де шарт түрлері болып бөлінеді.

3. Банк клиенттiң өз ақшасына кедергiсiз иелiк жасау құқығына кепiлдiк бере отырып, шотта бар ақшаны пайдалана алады.

ҚР 29.03.2000 № 42-II Заңына сәйкес 740-бап өзгерді; 2009.11.07 № 185-IV ҚР Заңымен 740-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

740-бап. Банктегі ақшаға билік етуді шектеу

1. Заңды тұлғалар мен азаматтардың банктердегі ақшаcына тек соттар, тергеу және анықтау органдары мен атқарушылық іс жүргізу органдары өздерінің іс жүргізуіндегі қылмыстық және азаматтық істер және атқарушылық іс жүргізу істері бойынша Қазақстан Республикасының қыл­мыс­тық іс жүргізу және азаматтық іс жүргізу заңнамасында және Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен және негіздер бойынша тыйым сала алады.

2. Заңды тұлғалар мен азаматтардың банктердегі ақша­cына тыйым салу мерзімі тиісті істерді жүргізу үшін Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу және азаматтық іс жүргізу заңнамасында белгіленген мерзімдерден аспауға тиіс.

3. Тергеу және анықтау органдарының клиенттің ақшасына тыйым салу туралы шешімдеріне Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен сотқа шағым жасалуы мүмкін.

4. Клиенттің банк шоттары бойынша шығыс опера­цияларын тоқтата тұру Қазақстан Республикасының заң­намалық актілерінде белгіленген тәртіппен және жағдайларда жүргізіледі.

5. Клиенттің банк шоттары бойынша шығыс опера­цияларын тоқтата тұру құқығына ие уәкілетті мемлекеттік органдардың өкімі уәкілетті мемлекеттік органдардың немесе лауазымды адамдардың тыйым салу туралы шешімі негізінде тыйым салынған ақша сомасына қолданылмайды.

6. Клиенттің банк шоттарындағы ақшасына тыйым салу құқығына ие уәкілетті мемлекеттік органдардың немесе лауазымды адамдардың банк уәкілетті мемлекеттік органдардың шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімін орындауға қабылдағаннан кейін ұсынылған шешімдері, осы баптың 7-тармағында белгіленген жағдай­ларды қоспағанда, осындай өкімнің күші жойылғаннан кейін орындалуға жатады.

7. Талап қоюды қамтамасыз ету немесе атқару құжат­тарын орындау мақсатында клиенттің банк шоттарындағы ақшасына салынған тыйымдар осы Кодекстің 742-бабы 2-тармағының 4) тармақшасында көзделген талаптарды қанағаттандыру мақсатында тыйым салу жағдайларын қоспағанда, бірінші кезектегі тәртіппен орындалады.

Бұл ретте банктің бұрын қабылданған уәкілетті мемлекеттік органдардың немесе лауазымды адамдардың тыйым салу туралы шешімдерін және клиенттің банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру құқығына ие уәкілетті мемлекеттік органдардың өкімдерін орындауы талап қоюды қамтамасыз ету немесе атқару құжаттарын орындау мақсатында тыйым салынатын ақша сомасы шегінде тоқтатыла тұрады.

Талап қоюды қамтамасыз ету немесе атқару құжатта­рын орындау мақсатында клиенттің банк шоттарындағы ақшасына біреуден көп тыйым салу кезінде олар банктің оларды қабылдау кезектілігі тәртібімен орындалуға жатады.

Уәкілетті мемлекеттік органдардың немесе лауазымды адамдардың тыйым салу туралы өзге де шешімдері және клиенттің банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру құқығына ие уәкілетті мемлекеттік органдар­дың өкімдері талап қоюды қамтамасыз ету немесе атқару құ­жаттарын орындау мақсатында салынған тыйым алып тас­тал­ғаннан кейін немесе оның күші жойылғаннан кейін банктің оларды қабылдау кезектілігі тәртібімен орындалады.

 

29.03.2000 № 42-II; 24.12.2001 № 276-II; 13.03.03 ж. № 394-II; 08.04.04 ж. № 542-II (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарына сәйкес 741-бап өзгерді; 2006.22.06 № 147-III ҚР Заңымен 741-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2010.30.06. № 297-ІV ҚР Заңымен 741-бап өзгертілді (2010 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

741-бап. Клиенттің келісімінсіз ақшаны алып қою

Заңды тұлғалар мен азаматтардың банктердегі және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын өзге де ұйымдардағы ақшаларын олардың келісімінсіз алып қою тек қана заңды күшіне енген сот актісі негізінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Салық, кеден одағының және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында және Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы және міндетті әлеуметтіксақтандыру туралы заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда жүргізілуі мүмкін.

ҚР 29.03.00 ж. № 42-II; 13.03.03 ж. № 394-II 09.07.03 ж. № 482-II. (бұрынғы ред. қара); 08.04.04 ж. № 542-II (бұр. ред. қара); 2007.15.05. № 253-III (бұр.ред.қара) Заңдарымен 742-бап өзгертілді

742-бап. Клиенттiң ақшасын алу кезектiлiгi

1. Клиенттiң банктегi ақшасы клиентке қойылған барлық талапты қанағаттандыру үшiн жеткiлiктi болған жағдайда, егер заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, ақшаны алу клиенттiң немесе өзге тұлғалардың өкiмдерi түсу ретiне қарай (күнтiзбелiк кезектiлiк) жүзеге асырылады.

2. Клиенттiң банктегi ақшасы клиентке қойылған кезектi талапты қанағаттандыру үшiн жеткiлiксiз болған жағдайда банк сомасы аталған талапты қанағаттандыруға жеткiлiктi, клиенттің пайдасына түсетiн ақшаны жинақтайды. Клиентке бiрнеше талап қойылған жағдайда, Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, банк клиенттiң ақшасын мынадай кезектiлiк бойынша алуды жүргiзедi:

1) бiрiншi кезекте адам өмiрi мен денсаулығына келтiрiлген зиянды өтеу туралы талаптарды, сондай-ақ алименттердi өтеу жөнiндегi талаптарды қанағаттандыруды көздейтiн атқарушы құжаттар бойынша ақша алу жүзеге асырылады;

2) екiншi кезекте еңбек шарты жұмыс iстейтiн адамдармен жұмыстан шығу жәрдемақыларын төлеу және еңбекақы төлеу жөнiндегi, авторлық шарт бойынша сыйлықақы төлеу, клиенттiң мiндеттi зейнетақы жарналарын жинақтаушы зейнетақы қорларына және мiндеттi әлеуметтiк аударымдарды Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорына аудару жөнiндегi мiндеттемелерi бойынша есеп айырысу үшiн ақша алуды көздейтiн атқару құжаттары бойынша ақша алу жүргiзiледi;

3) үшiншi кезекте клиенттiң бюджет алдындағы мiндеттемелерi бойынша ақша алу жүргiзiледі;

4) төртiншi кезекте басқа да ақшалай талаптарын қанағаттандыру көзделген атқарушы құжаттар бойынша ақша алу жүргiзiледi;

5) бесiншi кезекте клиентке қойылған басқа да талаптарды қанағаттандыру үшін күнтiзбелiк кезектiлiк тәртiбiмен ақша алу жүргiзiледi.

Бiр кезекке жататын талаптар бойынша банктен ақша алу тиiстi құжаттардың түскен уақыты бойынша кезектiлiкпен жүргiзiледi.

3. Клиент болып табылатын заңды тұлға тараған кезде кредит берушiлердiң талабын қанағаттандыру осы Кодекстiң 51-бабында көзделген кезектiлiкпен жүргiзiледi.

ҚР 2005.23.12. № 107-III Заңымен 743-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)

743-бап. Банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың банктiк қызмет көрсетуi

Банктiк қызмет көрсетудiң жекелеген түрлерiн банктiк қызметтiң жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар көрсетуге құқылы.

Мұндай ұйымдардың банктік қызметтің жекелеген түрлерін көрсетуi осы Кодекспен және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерiмен белгіленген тәртiп бойынша жүзеге асырылады.

744-бап. Банктiк қызмет көрсетуге ақы төлеу

Клиент банктiк қызмет көрсету шарты бойынша өзiне банк көрсеткен қызметтерге шартта көзделген ережелер мен тәртiп бойынша ақы төлейдi.

745-бап. Банк құпиясы

Банк құпиясын жария етпеуге банк кепiлдiк бередi.

Банк құпиясын құрайтын мәлiметтер тiзбесi және оны беру негiздерi банк қызметiн реттейтiн заң актiлерiмен белгiленедi.

ҚР 29.03.2000 № 42-II Заңына сәйкес 746-бап жаңа редакцияда

746-бап. Клиенттерге банктiк қызмет көрсету шарттарын бұзғаны үшiн жауапкершiлiк

Банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар клиенттерге банктiк қызмет көрсетуге байланысты бұзушылықтар жасағаны үшiн Қазақстан Республикасының банк қызметiн реттейтiн заң актiлерiнде және банктiк қызмет көрсету шарттарында белгiленген шекте жауап бередi.

Банктiк шот

ҚР 29.11.1999 № 486-I Заңына сәйкес 747-бап өзгерді

747-бап. Банктiк шот шарты

1. Банктiк шот шарты бойынша бiр тарап (банк) екiншi тараптың (клиенттiң) пайдасына түсетiн ақшаны қабылдауға, клиенттiң клиентке немесе үшiншi тұлғаларға ақшаның тиiстi сомаларын аудару (беру) туралы өкiмдерiн орындауға және банктiк шот шартында көзделген басқа да қызметтердi көрсетуге мiндеттенедi.

Банктiк шот шарты бойынша клиентке немесе ол көрсеткен адамға клиенттiң банктегi ақшасына есеп жүргiзу мақсатында тараптар келiскен шарттар бойынша клиенттiң бiр ыңғайландырылған дербес коды берiледi. Клиенттiң бiр iзге түсiрiлген дербес кодын беру, жою, банктiң клиент ақшасына есеп жүргiзу тәртiбi банктiк заңдармен белгiленедi.

2. Заңды тұлғалар мен азаматтар қызмет көрсету банктерiн өз бетiнше таңдайды және олар банктiк шот шартын бiр банкпен де, бiрнеше банкпен де жасауға құқылы.

3. Егер заң актілерінде немесе тараптар келісімінде өзгеше белгіленбесе, банктік шот шарты мерзімсіз болып табылады.

748-бап. Банктік шот шартының нысаны

1. Банктiк шот шарты жазбаша түрде жасалуға тиiс.

2. Банктiк шот шартының жазбаша түрiн сақтау осы шарттың жарамсыздығына әкеп соғады.

749-бап. Клиенттiң ақшасына билiк ету

1. Банк клиенттiң банктегi ақшасын алып қоюды егер заң актiлерiнде немесе банктiк шот шартында өзгеше көзделмесе, клиент өкiмiнiң негiзiнде жүзеге асырады.

Егер заңдарда немесе банктiк шот шартында өзгеше көзделмесе, банк клиенттiң ақшаны пайдалану бағытын белгiлеу мен бақылауға және оның өз қалауынша ақшаға билiк ету құқығына заңдарда көзделмеген шек қоюға құқығы жоқ.

2. Егер ақшаны азамат салған болса, банктегi ақшаға билiк ету құқығын не азаматтың өзi, не ол осы құқықты сенiп берген адам пайдаланады.

Егер ақшаны заңды тұлға салған болса, банктегi ақшаға билiк ету құқығын осы заңды тұлғаның басшысы және (немесе) ол уәкiлдiк берген өзге адамдар пайдаланады.

3. Банктегi ақшаға клиент атынан билiк етудi жүзеге асыратын адамдардың құқықтары клиент банкке заңдарда және шартта көзделген құжаттар ұсыну арқылы расталады.

4. Банктiк шот шартында банктегi ақшаға билiк етудiң тәртiбi белгiленуге тиiс. Мұндай тәртiпке қойылатын талаптар банктiк заңдармен белгiленедi.

2009.11.07 № 185-IV ҚР Заңымен 750-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)

750-бап. Банктiк шот шарты бойынша банк орындайтын операциялар

1. Банктiк шот шартына сәйкес банк:

1) клиент талап еткен кезде ақшаның болуын қамтамасыз етуге;

2) клиенттiң пайдасына түскен ақшаны қабылдауға;

3) клиенттiң үшiншi тұлғалардың пайдасына ақша аудару туралы өкiмiн орындауға;

4) үшiншi тұлғалардың, егер бұл Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде және (немесе) банктiк шот шартында көзделсе, клиенттiң ақшасын алып қою туралы өкiмдерiн орындауға;

5) банктiк шот шартында белгiленген тәртiп бойынша клиенттен қолма-қол ақша алуды және оған берудi жүзеге асыруға;

6) клиенттiң талап етуi бойынша клиенттiң банктегi ақша сомасы және жүргiзiлген операциялар туралы ақпаратты шартта көзделген тәртiппен беруге;

7) клиентке шартта, заңдарда және банктiк тәжiрибеде қолданылатын іскерлік айналым дағдыларында көзделген өзге де банктік қызмет көрсетуге мiндеттi.

2. Банк клиенттiң пайдасына келiп түскен ақшаны қабылдауға, сондай-ақ клиенттiң ақшасын алып қоюды немесе оның ақшасын берудi, егер заң актiлерiнде және соларға сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi шығарған нормативтiк құқықтық актiлерде өзге мерзiмдер көзделмесе, оның бір ізге түсірілген дербес коды бойынша тиісті нұсқаумен банкке келiп түскен күннен кейiнгi келесi күннен кешiктiрмей, сондай операцияларды көрсете отырып жүргiзуге мiндеттi.

ҚР 29.11.1999 № 486-I Заңына сәйкес 751-бап өзгерді

751-бап. Ақшаны пайдаланғаны үшін сыйақы

Банктегi ақшаны пайдаланғаны үшiн банк шартта белгiленетiн мөлшер мен тәртiп бойынша сыйақы төлейдi.

752-бап. Банктiк шот шартын бұзу

1. Банктiк шот шарты, егер заңдарда немесе шартта өзгеше көзделмесе, клиенттiң өтiнiшi бойынша кез келген уақытта бұзылады.

2. Банктік шот шартын бұзу клиенттің бір ыңғайландырылған дербес кодын жою үшiн негiз болып табылады.

3. Банкте қалған ақша клиентке берiледi не оның нұсқауы бойынша үшiншi тұлғалардың пайдасына аударылады (алып қойылады).

753-бап. Банктердiң банктiк шоттары

Осы тараудың ережелерi, егер заң актiлерiнде немесе оларға сәйкес қабылданған Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтiк құқықтық актiлерiнде өзгеше көзделмесе, банктердiң банктiк шоттарына қолданылады.

Ақша аудару

754-бап. Ақша аудару туралы шарт

1. Ақша аудару туралы шарт бойынша бiр тарап (банк) екiншi тараптың (клиенттiң) тапсырмасы бойынша клиентке бiр-ыңғайландырылған дербес код бермей-ақ үшiншi тұлғаға ақша аударуға мiндеттенедi.

2. Банктiң клиентке бiр ыңғайландырылған дербес код бермей-ақ ақша аудару тәртiбi банк қызметiн реттейтiн заң актiлерiмен белгiленедi.

755-бап. Ақша аудару туралы шарттар жасасу

Егер банк қызметін реттейтін заң актілерінде өзгеше көзделмесе, егер банк клиенттiң тапсырмасын клиент оған осындай банктiк қызмет көрсету туралы ұсыныс жасаған кезде орындауға қабылдаған жағдайда, банктік шот ашпай-ақ ақша аудару туралы шарт жасалған болып есептеледi.

Банк салымы

09.07.03 ж. № 482-II ҚР Заңымен ; 2009.12.02. № 133-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 756-бап өзгертілді

756-бап. Банк салымы шарты

Банк салымы шарты бойынша бiр тарап (банк) екiншi тараптан (салымшыдан) ақша (салым) алуға, олар бойынша банктік салым шартында көзделген мөлшерде және тәртiппен сыйақы төлеуге және салымның осы түрi үшiн заң актiлерiнде және шартта көзделген жағдайлар мен тәртiп бойынша салымды қайтаруға мiндеттенедi.

Салымдар түрiнiң әрқайсысы бойынша банктер клиенттiң ақшасын есепке алу мақсатында оған бiрыңғайландырылған дербес код бередi. Бiрыңғайландырылған дербес кодты беру, жою, клиенттiң ақшасына есеп жүргiзу тәртiбi Қазақстан Республикасының банк заңдарында белгiленедi.

Банк салымдарының ерекшеліктері Қазақстан Республикасының банк қызметін реттейтін заңнамалық актілерінде белгіленуі мүмкін.

 

757-бап. Банк салымдарының түрлерi

1. Салымдарды қайтару талаптарына қарай олар мынадай түрлерге бөлiнедi:

1) талап етiлмелi салым;

2) мерзiмдi салым;

3) шартты салым.

2. Талап етiлмелi салым салымшының бiрiншi талап етуi бойынша толық немесе iшiнара қайтарылуға тиiс.

Мерзiмдi салым белгiлi бiр мерзiмге салынады.

Шартты салым банк салымы шартында белгiленген мән-жайлар болғанға дейiн салынады.

3. Мерзiмдi салымды салымшы белгiленген мерзiм өткенге дейiн, ал шартты салымды банктiк салым шартында белгiленген мән-жайлар басталғанға дейiн талап еткен жағдайда салым бойынша сыйақы, егер банк салымы шартында өзгеше көзделмесе талап етiлмелi салым бойынша белгiленген мөлшерде төленедi.

2007.12.01. № 225-III ҚР Заңымен 758-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)

758-бап. Банк салымы шартының нысаны

1. Банк салымы шарты жазбаша түрде және заң актiлерiнде, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң нормативтiк құқықтық актiлерінде және банктiк тәжiрибеде қолданылып жүрген іскерлік айналым дағдыларында белгіленген талаптарға сай жасалуға тиіс.

2. Салымшының талап етуi бойынша салымның жасалғанын куәландыратын құжат не оның атына, не белгiлi бiр үшiншi тұлғаның атына ресiмделуi мүмкiн.

3. Банк салымының жазбаша нысанын сақтамау осы құқықтың жарамсыздығына әкеп соғады.

759-бап. Банк салымы шартының қолданылу мерзiмi

1. Банк салымы шарты салым сомасы банкке келiп түскен күннен бастап жасалған болып саналады.

2. Талап етiлмелi банк салымы шарты мерзiмсiз болып табылады.

3. Салымшы мерзiмдi салымның сомасын оның мерзiмi өткеннен кейiн, сондай-ақ шартты салымның сомасын банк салымы шартты салымның қайтарылуын байланыстыратын мән-жайлар пайда болғаннан кейiн талап етпесе, егер шартта өзгеше көзделмесе, банк салымы шарты талап етiлмелi салым шарттарымен ұзартылған болып саналады.

ҚР 29.11.1999 № 486-I Заңына сәйкес 760-бап өзгерді

760-бап. Банк салымы шарты бойынша сыйақы

1. Банк салымшыға банк салымы шартында белгiленетiн мөлшерде салым сомасына сыйақы төлейдi.

2. Егер банк салымы шартында өзгеше көзделмесе, банктiң салым бойынша сыйақының мөлшерiн бiржақты тәртiппен өзгертуге құқығы жоқ.

761-бап. Банк салымы шарты бойынша сыйақы төлеудiң тәртiбi

1. Банк салымы шарты бойынша банк сыйақыны банк салымы шартында белгiленген тәртiппен және мөлшерде төлейдi.

2. Егер банк салымы шартында өзгеше көзделмесе, банк салымы бойынша сыйақы салымшыға оның талап етуi бойынша әр тоқсан аяқталғаннан кейiн салым сомасынан бөлек төленедi, ал бұл мерзiмде талап етiлмеген сыйақының сомасы салымның сыйақы төленетiн сомасын арттырады.

Салымды қайтару кезiнде салымшыға сол кездегі оған тиесілі барлық сыйақы төленедi.

3. Талап етiлмелi салым бойынша салымшы салым бойынша өзiне тиесiлi сыйақыны салым сомасынан бөлек алуға құқылы.

Мерзiмдi салым бойынша да салымшы салым бойынша өзiне тиесiлi сыйақыны оның мерзiмi аяқталғанға дейiн салым сомасынан бөлек алуға құқылы, бiрақ бұл ретте, банк салымы туралы шартта өзгеше көзделмесе, сыйақының мөлшері банк талап етілмелі салым үшiн қолданатын мөлшерге сәйкес қайта есептелiнедi. Салым мерзiмiнiң аяқталуы бойынша салымшы өзiне тиесілі сыйақыны ол салымды талап ете ме немесе етпей ме оған қарамастан, толық мөлшерде алуға құқылы (осы Кодекстiң 759-бабының 3-тармағы).

Шартты салым бойынша салымшының оған тиесiлi сыйақыны салымның сомасынан бөлек алуы банк салымы шартында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.

4. Сыйақы салымды қайтару үшiн көздемеген мерзiмдерде және нысанда төленедi (осы Кодекстiң 765-бабы).

5. Салымды толық қайтару кезiнде салымшыға сол кездегi өзiне тиесiлi барлық сыйақы төленедi.

762-бап. Салымдарды енгiзу

1. Егер банк салымы шартында өзгеше көзделмесе, салымшылар салымдарды қолма-қол ақшамен де, қолма-қол ақшасыз аудару арқылы да енгiзедi.

2. Талап етiлмелi салым кезiнде салымшы ақшаны кез келген сомада және кез келген кезеңде жекелеген жарналармен енгiзе алады. Бұл ретте жаңа түскен сомалар бойынша сыйақы есептеу, сыйақының банкке ақша түскен күнi қолданылған мөлшерiне қарай жүргiзiледi.

Мерзiмдi салымдар, сондай-ақ шартты салымдар кезiнде, егер банк салымы шартында өзгеше көзделмесе, салымшы ақшаны бiр жолғы жарна түрiнде енгiзедi.

763-бап. Үшiншi тұлғалардың салымға ақша енгiзуi

Банкке үшiншi тұлғалардан салымшының атына оның бiрыңғайландырылған дербес коды туралы қажеттi деректер көрсетiле отырып түскен ақша салымға енгiзiледi.

764-бап. Үшiншi тұлғалардың пайдасына салымдар

1. Банкке салым белгiлi бiр үшiншi тұлғаның атына енгiзiлуi мүмкiн.

Пайдасына салым енгiзiлетiн азаматтың атын (осы Кодекстiң 15-бабы) немесе заңды тұлғаның атауын (осы Кодекстiң 38-бабы) көрсету тиiстi банк салымы шартының елеулi талабы болып табылады.

Шарт жасасу қарсаңында қайтыс болған азаматтың не сол кезде болмаған заңды тұлғаның пайдасына банк салымы шарты жарамсыз болады.

2. Үшiншi тұлға салымшының құқығынан жазбаша түрде бас тартқан жағдайда банк салымы шартын жасаған тұлға салымға өзi енгiзген ақшаға қатысты салымшының құқықтарын пайдалана алады.

3. Үшiншi тұлғаның пайдасына шартты салым енгiзген жағдайда, ол банк салымы шартында көзделген талаптарды сақтаған кезде ғана оларға билiк етуге құқылы. Бұл талаптар басталғанға дейiн үшiншi тұлға салымға тек салым енгiзген тұлғаның жазбаша рұқсаты бойынша ғана билiк ете алады.

Салым бойынша талап, банк салымы шартында жазбаша түрде жазылуға, заң актiлерiне қайшы келмеуге және салымды берудi қиындататын түсiнiксiздiгi болмауға тиiс.

Шартты салымды алу үшiн үшiншi тұлға банкке белгiленген талаптарды орындағандығын растайтын құжаттар табыс етедi.

Үшiншi тұлғаның пайдасына шартты салым енгiзген тұлғаның: үшiншi тұлға осы талаптың орындалғанын растайтын құжат ұсынбаған жағдайда, өзi белгiлеген талаптарды өзгертуге; үшiншi тұлға салым енгiзу кезiнде көрсетiлген талапты орындамаған не ол банк салымы шартында көзделген талапты орындағанға дейін қайтыс болған жағдайда салымға билік етуге құқығы бар.

4. Yшiншi тұлғаның пайдасына шарт туралы ережелер (осы Кодекстiң 391-бабы), егер ол осы баптың ережелерiне қайшы келмесе, үшiншi тұлғаның пайдасына банк салымы шартына қолданылады.

ҚР 29.03.2000 № 42-II Заңына сәйкес 765-бап жаңа 6-1-тармақпен толықтырылды

765-бап. Банк салымдарын қайтару

1. Банк салымды немесе оның бiр бөлiгiн салымшының алғашқы талап етуi бойынша:

1) талап етiлмелi салымдар бойынша - салымшы талаптарының келiп түсуi бойынша;

2) мерзiмдi салымдар бойынша - банк салымы шартында көзделген мерзiмнiң басталуы бойынша;

3) шартты салымдар бойынша - банк салымы шарты басталуымен салымның қайтарылуын байланыстыратын мән-жайлар болған кезде беруге мiндеттi.

2. Салымшының мерзiмдi салымды мерзiмiнен бұрын қайтарып алуға құқығы бар.

Бұл ретте банк салымды немесе оның бiр бөлiгiн салымшының талабы келiп түскен кезден бастап бес күннен кешiктiрмей беруге мiндеттi.

3. Шартты салымдар бойынша салымшының банк салымы шарты салымның қайтарылуын байланыстыратын мән-жайлар басталғанға дейiн салымды қайтарып алуға құқығы бар. Бұл ретте банк салымды немесе оның бiр бөлiгiн осы баптың 2-тармағында көзделген мерзiмде беруге мiндеттi.

4. Салымшының мерзiмдi салымды мерзiмiнен бұрын алу құқығынан бас тартуы туралы банк салымы шартының, сондай-ақ шартты салымның ережелерi көзделген талаптар басталғанға дейiн жарамсыз болып табылады.

5. Шетел валютасымен енгiзiлген салым, егер заң актiлерiнде, банк салымы шартында немесе тараптардың қосымша келiсiмiнде өзгеше көзделмесе, нақ сондай валютамен қайтарылуға тиiс.

6. Банк салымшының салымды немесе оның бiр бөлiгiн қайтару туралы талабын осы баптың 2-3-тармақтарында көзделген мерзiмде орындамаған жағдайда сыйақыны төлеу банк салымы шартында көзделген талаптарда жалғастырылады.

6-1. Осы баптың ережелерi кепiл нысанасы болып табылатын және банкке салымшының мiндеттемелерiн қамтамасыз ету үшiн енгiзiлген салымдарға қолданылмайды.

2009.28.08 № 192-IV ҚР Заңымен 7-тармақпен толықтырылды (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді)

7. Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдас­тыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржылан­дыруға қарсы іс-қимыл туралы Қазақстан Респуб­ликасының заңнамасында көзделген негіздер бой­ынша және тәртіппен банк салымын беру тоқта­тыла тұруы мүмкін.

 

766-бап. Банк салымын қайтаруды қамтамасыз ету

Банк өзі алған салымдарды қайтаруды қамтамасыз ету үшін пайдалануға мiндеттi амалдар мен әдiстер заң актiлерiмен, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң нормативтiк құқықтық актiлерiмен және банк салымы шартымен белгiленедi.

767-бап. Банк салымы бойынша жасалған операциялар үшiн банк көрсеткен қызметтерге ақы төлеу

Салымшы банк салымдары бойынша жасалған операциялар жөнiндегi банк көрсеткен қызметтерге шартта көзделген тәртiппен ақы төлейдi.

Тарау. Сақтау