Тарау. Өтелмелі қызмет көрсету

683-бап. Өтелмелi қызмет көрсету шарты

1. Өтелмелi қызмет көрсету шарты бойынша орындаушы тапсырысшының тапсырмасы бойынша қызмет көрсетуге (белгiлi бiр iс-әрекет жасауға немесе белгiлi бiр қызметтi жүзеге асыруға) мiндеттенедi, ал тапсырысшы бұл қызмет көрсетуге ақы төлеуге мiндеттенедi.

2. Осы тараудың ережелерi байланыс қызметiн, медициналық, мал дәрiгерлiк, аудиторлық, консультациялық, ақпараттық қызмет көрсетуге, оқыту бойынша көрсетiлген қызметтерге, туристiк қызмет көрсетуге және осы Кодекстiң 32,34, 35, 39, 41, 43, 44-тарауларында көзделген шарттар бойынша көрсетiлетiн қызметтердi қоспағанда, өзге де қызмет көрсетулерге қолданылады.

684-бап. Өтелмелi қызмет көрсету шартын атқару

Егер өтелмелi қызмет көрсету шартында өзгеше көзделмесе, атқарушы қызметтi өзi көрсетуге мiндеттi.

685-бап. Көрсетiлген қызметтерге ақы төлеу

1. Тапсырысшы өзiне көрсетiлген қызметтерге өтелмелi қызмет көрсету шартында көрсетiлген мерзiм мен тәртiпте ақы төлеуге мiндеттi.

2. Тапсырысшының кiнәсiнен орындау мүмкiн болмаған жағдайда, егер заң актiлерiнде немесе өтелмелi қызмет көрсету шартында өзгеше көзделмесе, көрсетiлген қызметке ақы толық көлемiнде төленуге жатады.

3. Орындаудың мүмкiн болмауы тараптардың ешқайсысы жауап бермейтін мән-жайлар бойынша туындаған жағдайда, егер актiлерінде немесе шартта өзгеше көзделмесе, тапсырысшы атқарушыға оның iс жүзiнде шыққан шығындарын өтейдi.

686-бап. Өтелмелi қызмет көрсету шартын орындаудан бiржақты бас тарту

1. Тапсырысшы атқарушының iс жүзiнде шеккен шығыстарын өтеген жағдайда өтелмелi қызмет көрсету шартын орындаудан бас тартуға құқығы.

2. Тапсырысшының кiнәсiнен болған жағдайды қоспағанда, атқарушы өтелмелi қызмет көрсету шарты бойынша мiндеттемелердi орындаудан тапсырысшыға шартты бұзудан келтiрiлген залалды толық өтегенде ғана бас тартуға құқылы.

687-бап. Өтелмелi қызмет көрсету шартын құқықтық реттеу

Мердiгерлiк туралы жалпы ережелер (осы Кодекстiң 616-639-баптары) және тұрмыстық мердiгерлiк туралы ережелер (осы Кодекстiң 640-650-баптары), егер осы Кодекстiң 683-686-баптарына, сондай-ақ өтелмелi қызмет көрсету шарты нысанасының ерекшелiктерiне қайшы келмесе, өтелмелi қызмет көрсету шартына қатысты қолданылады.

Тарау. Тасымалдау

688-бап. Жалпы ережелер

1. Жүктердi, жолаушыларды және теңдеме жүктi тасу тасымалдау шартының негiзiнде жүргiзiледi.

2. Тасымалдаудың жалпы талаптары көлiк туралы заң актiлерiмен, өзге де заң актiлерiмен және оларға сәйкес шығарылған ережелермен белгiленедi. Жүктердi, жолаушыларды және теңдеме жүктi көлiктiң жекелеген түрлерiмен тасымалдау талаптары, егер осы Кодекспен, көлiк туралы заң актiлерiмен, өзге де заң актiлерiмен және оларға сәйкес шығарылған ережелермен өзгеше белгiленбесе, тараптардың келiсiмiмен белгiленедi.

689-бап. Жүктi тасымалдау шарты

1. Жүктi тасымалдау шарты бойынша бiр тарап (тасымалдаушы) өзiне басқа тараптың (жүк жөнелтушiнiң) сенiп тапсырған жүгiн белгiленген мекенге жеткiзуге және жүктi алуға уәкiлеттi адамға (алушыға) оны беруге міндеттенеді, ал жүк жөнелтуші жүкті тасымалдағаны үшiн шартқа немесе тарифке сәйкес ақы төлеуге мiндеттенедi.

2. Жүк тасымалдау шарты көлiктiк құжатын, коносаменттi, тауар-көлiк құжатын немесе жүк тасымалдаудың көлiк туралы заң актiлерiнде көзделген өзге құжатын толтыру арқылы ресiмделедi.

690-бап. Жолаушы тасымалдау шарты

1. Жолаушы тасымалдау шарты бойынша тасымалдаушы жолаушыны баратын мекенiне, ал жолаушы теңдеме жүктi тапсырған жағдайда теңдеме жүктi де апаратын мекенге жеткiзудi және оны теңдеме жүктi алуға құқық берiлген адамға беруге мiндеттенедi; жолаушы жолына, ал теңдеме жүгiн тапсырған кезде - теңдеме жүгiн алып баруға ақы төлеуге мiндеттенедi.

2. Жолаушы мен теңдеме жүктi тасымалдау шарты тиiсiнше жол жүру билетiмен және теңдеме жүк түбiртегiмен ресiмделедi. Жол жүру билетi мен теңдеме жүк түбiртегiнiң нысаны көлiк туралы заң актiлерiнде көзделген тәртiппен белгiленедi.

691-бап. Кеме жалдау (чартер) шарты

Кеме жалдау (чартер) шарты бойынша бiр тарап (кемемен жалданушы) басқа тарапқа (кеме жалдаушы) жолаушыларды, теңдеме жүктi және жүктердi тасымалдау үшiн бiр немесе бiрнеше көлiк құралын толық немесе оның сыйымдылығының бiр бөлiгiн бiр немесе бiрнеше рейске ақы төлеттiрiп беруге мiндеттенедi.

Кеме жалдау шартын жасасу тәртiбi, сондай-ақ оның нысаны мен түрлерi көлiк туралы заң актiлерiмен белгiленедi.

692-бап. Тасымалдауды ұйымдастыру туралы шарттар

Жүйелi түрде тасымалдауларды жүзеге асыру қажет болған кезде тасымалдаушы мен жүк жөнелтушi тасымалдауларды ұйымдастыру туралы ұзартылған шарттар жасаса алады.

Жүктердi тасымалдауларды ұйымдастыру туралы шарт бойынша тасымалдаушы белгiленген мерзiмде жүктi қабылдауға, ал жүк жөнелтушi - келiсiлген көлемде тасымалдауға жүк берiп тұруға мiндеттенедi.

Тасымалдауды ұйымдастыру туралы шартта тасымалдау көлемдерi, мерзiмдерi, сапасы және көлiк құралдарын беру мен тасымалдауға жүктердi берудiң басқа да жағдайлары, сондай-ақ тасымалдауды ұйымдастырудың заң актiлерiнде көзделмеген өзге де жағдайлары белгiленедi.

693-бап. Көлiк ұйымдары арасындағы шарттар

Әртүрлi көлiк ұйымдары арасында жүктердi тасымалдауды қамтамасыз ету жөнiндегi жұмысты ұйымдастыру туралы шарттар (тораптық келiсiмдер, жүктердi орталықтандырылған түрде әкелу (әкету) шарты және басқалар) жасалуы мүмкiн.

Мұндай шарттарды жасасу тәртiбi көлiк туралы заң актiлерiмен белгiленедi.

694-бап. Тiкелей аралас қатынас

Көлiк ұйымдарының жүктердi, жолаушыларды, теңдеме жүктi әртүрлi көлiк түрлерiмен бiрыңғай көлiк құжаты бойынша (тiкелей аралас қатынас) тасымалдау кезіндегі өзара қарым-қатынастары, сондай-ақ осындай тасымалдауларды ұйымдастыру тәртiбi тiкелей аралас тасымалдау туралы заң актiлерiне сәйкес тиiстi көлiк түрлерi ұйымдарының арасындағы жасалатын келiсiмдермен белгiленедi.

695-бап. Жалпы пайдаланыстағы көлiкпен тасымалдау

1. Коммерциялық ұйым жүзеге асыратын тасымалдау, егер заң актiлерiнен, өзге нормативтiк құқықтық актiлерден немесе осы ұйымға берiлген лицензиядан (патенттен) бұл ұйым жолаушыларды, жүктердi және (немесе) теңдеме жүктi кез келген азаматтың немесе заңды тұлғаның өтiнiшi бойынша тасымалдауды жүзеге асыруға мiндеттi екенi туындайтын болса, жалпы пайдаланыстағы көлiкпен тасымалдау болып танылады.

2. Жалпы пайдаланыстағы көлiкпен тасымалдау шарты жария шарт болып табылады (осы Кодекстiң 387-бабы).

696-бап. Көлiк құралдарын беру, жүктi тиеу (түсiру)

1. Тасымалдаушы жүк жөнелтушiге жүк тиеуге қабылданған өтiнiмде (тапсырыста), тасымалдау шартында белгiленген мерзiмде тиiстi жүкті тасымалдауға жарайтын күйінде ақаусыз көлiк құралдарын беруге мiндеттi.

Жүк жөнелтушi тиiстi жүктi тасымалдауға берiлген жарамсыз көлiк құралдарынан бас тартуға құқылы.

2. Жүктi тиеудi (түсiрудi) көлiк ұйымдары мен жүк жөнелтушi (жүк алушы) көлiк туралы заң актiлерiнде және оларға сәйкес шығарылған ережелерде белгiленген талаптарды сақтай отырып, шартта көзделген тәртiппен және мерзiмде жүзеге асырады.

3. Жүк жөнелтушiнiң (алушының) күшiмен және құралдарымен жүзеге асырылатын жүк тиеу (түсiру), егер мұндай мерзiмдер көлiк туралы заң актiлерiнде және оларға сәйкес шығарылған ережелерде белгiленбесе, шартта белгiленген мерзiмде жүзеге асырылуға тиiс.

697-бап. Кiре ақысы

1. Егер заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, жүктердi, жолаушыларды және теңдеме жүкті тасымалдау үшін тараптардың келiсiмiнде белгiленген ақы төленедi.

2. Жалпы пайдаланыстағы көлiкпен жүктердi, жолаушыларды, теңдеме жүктi тасымалдауға ақы төлеу көлiк туралы заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен бекiтiлетiн тарифтер негiзiнде айқындалады.

3. Жүк иелерiнiң талабы бойынша орындалатын және тарифтерде көзделмеген жұмыстар мен қызмет көрсетулерге ақы тараптардың келiсiмi бойынша төленедi.

4. Тасымалдаушының өзiне тасымалдау үшiн берiлген жүктер мен теңдеме жүктi оған тиесiлi кiре ақысын және тасымалдау жөнiндегi басқа да төлемдердi (осы Кодекстiң 292-бабы) қамтамасыз ету үшiн, егер заң актiлерiнде, тасымалдау шартында өзгеше белгiленбесе немесе міндеттеме мәнiнен туындамаса, ұстап қалуға құқығы бар.

698-бап. Жүктi, жолаушыны және (немесе) теңдеме жүктi жеткiзу мерзiмi

Тасымалдаушы жүктi, жолаушыны және (немесе) теңдеме жүктi тиiстi пунктке көлiк туралы заң актiлерiнде айқындалған және оларға сәйкес тасымалдау ережелерiнде белгiленген мерзiмде жеткiзуге мiндеттi.

Егер жүктi, жолаушыны немесе теңдеме жүктi жеткiзу мерзiмi белгiленбесе және тараптар бұл мерзiмдi шартта көздемеген болса, жеткiзу қисынды мерзiмде жүргiзiлуi тиiс.

ҚР 06.12.2001 № 260-II Заңына сәйкес 564-бап 3-тармақпен толықтырылды

699-бап. Жүкке билiк ету құқығы

1. Жүк жөнелтушi немесе жүкке билiк ету құжатының иесi тасымалдаушыға тасымалдауды тоқтатуды немесе жүктi қайтаруды талап ете алады не басқа да өкiм бере алады. Бұл жағдайда тасымалдаушы жасалған тасымалға ақы төлеуді, сондай-ақ жасалған өкімге байланысты келтiрген шығындарды өтеуiн талап етуге құқылы.

2. Жүк баратын жерiне жеткеннен кейiн жүк алушыға жүктi берген кезде жүк жөнелтушi алдыңғы тармақта көрсетiлген құқықтардан айырылады.

3. Жүк алушы ерекше сақталу жағдайларын қажет ететiн (тез бүлiнетiн) жүктi алу жөнiндегi мiндеттемелердi орындаудан жалтарған кезде, мұндай жүктi сақтау мүмкiн болмаған және оның бүлiнуiне әкеп соғуы ықтимал жағдайда жүк жөнелтушiнiң оған қалай иелiк ету керектiгi жөнiнде нұcқауы болмаса, тасымалдаушының жүктi сатуға құқығы бар.

Жүктi сатудан түскен сома тасымалдаушыға тиесiлi соманы шегергеннен кейiн нотариустың атына депозит шартымен салынады.

700-бап. Жолаушылардың құқықтары

Көлiк туралы заң актiлерiнде көзделген тәртiп бойынша жолаушының:

1) өзiмен бiрге балаларды тегiн немесе өзге де жеңiлдiктi жағдайларда алып жүруге;

2) белгiленген нормалардың шегiнде өзiмен бiрге қол жүгiн ақысыз алып жүруге;

3) теңдеме жүкті тариф бойынша ақы төлеп, тасымалдауға тапсыруға құқығы бар.

701-бап. Тасымалдау жөнiндегi мiндеттемелердiң бұзылғаны үшiн жауапкершiлiк

1. Тасымалдау жөнiндегi мiндеттемелер орындалмаған немесе тиiстi дәрежеде орындалмаған жағдайда, тараптар осы Кодексте, көлiк туралы заң актiлерiнде, өзге заң актiлерiнде, сондай-ақ тараптардың келiсiмiнде белгiленгендей жауапты болады.

2. Көлiк ұйымдарының жолаушылармен және жүк жөнелтушiлермен (жүк алушылармен) заң актiлерiнде белгiленген жауапкершiлiктi шектеу немесе жою туралы келiсiмдерi, жүктi тасымалдау кезiнде мұндай келiсiмдер жасау мүмкiндiгi көлiк туралы заң актiлерiнде көзделгеннен басқа жағдайларда, жарамсыз болады.

702-бап. Тасымалдаушының көлiктi бермегенi үшiн және жөнелтушiнiң берiлген көлiк құралдарын пайдаланбағаны үшiн жауапкершiлiгi

1. Тасымалдаушы қабылданған өтiнiмге (тапсырысқа) немесе өзге шартқа сәйкес жүктi тасымалдау үшiн көлiктi бермегенi үшiн, ал жөнелтyшi жүктi ұсынбағандығы не өзге себептер бойынша берiлген көлiк құралдарын пайдаланбағаны үшiн көлiк туралы заң актiлерiнде, сондай-ақ тараптардың келiсiмiнде белгiленгендей жауапты болады.

2. Тасымалдаушы және жүктi жөнелтушi көлiк құралдары берiлмеген немесе уақтылы берiлмеген не көлiк құралдары пайдаланылмаған жағдайда, егер ол:

1) дүлей күштің;

2) көлiк туралы заң актiлерiнде көзделген тәртiппен белгiленген белгiлi бiр бағыттарда жүктердi тасымалдауды тоқтатудың немесе шектеудiң;

3) заң актілерiнде көзделген өзге де жағдайлардың салдарынан болса, жауаптылықтан босатылады.

703-бап. Тасымалдаушының тiкелей аралас қатынас кезiндегi жауапкершiлiгi

Тасымалдаушылар тiкелей аралас қатынаста жүктiң жоғалғаны, бүлiнгенi, зақымданғаны, кем шыққаны үшiн жүктi жөнелтушiнiң (жүк алушының) алдында ортақтасып жауап бередi.

Кешiктiргенi үшiн, егер кешiктiру тасымалдаушылардың кiнәсiнен болмағанын дәлелдемесе, соңғы тасымалдаушы жауапты болады.

704-бап. Тасымалдаушының жолаушыны жөнелтудi кiдiрткенi үшiн жауапкершiлiгi

1. Жолаушыны тасымалдайтын көлiк құралын жөнелтудi кiдiрткенi немесе мұндай көлiк құралының баратын жерiне кешiгiп барғаны үшiн (қалалық және қала маңы қатынастарындағы тасымалдауды қоспағанда) тасымалдаушы, егер кiдiрту немесе кешiгу дүлей күштiң салдарынан орын алғанын дәлелдемесе, жолаушыға көлiк туралы тиiстi заң актiлерiнде белгiленген мөлшерде айыппұл төлейдi.

2. Жолаушы көлiк құралы жөнелтiлуiнiң кiдiруi себебiнен тасымалдаудан бас тартқан жағдайда, тасымалдаушы жолаушыға кіре ақысын толық көлемiнде қайтаруға, сондай-ақ жолаушыға осындай кiдiртуге байланысты ол шеккен залалдың орнын толтыруға мiндеттi.

705-бап. Жүктiң немесе теңдеме жүктiң жоғалғаны, кем шыққаны және зақымданғаны (бүлiнгенi) үшiн тасымалдаушының жауапкершiлiгi

1. Тасымалдаушы жүктi немесе теңдеме жүктi тасымалдауға қабылдап алған кезден бастап және алушыға, ол жүктi алуға уәкiлеттi адамға немесе теңдеме жүктi алуға уәкiлеттi адамға бергенге дейiн олардың сақталуын қамтамасыз етедi.

2. Егер тасымалдаушы жүктiң немесе теңдеме жүктiң жоғалуы, кем шығуы немесе зақымдануы (бүлiнуi) өзiнiң кiнәсiнен болмағандығын дәлелдемесе, ол жүктiң немесе теңдеме жүктiң жоғалғаны үшiн жауап бередi.

3. Жүктi немесе теңдеме жүктi тасымалдау кезiнде келтiрiлген зиянды тасымалдаушы:

1) жүк немесе теңдеме жүк жоғалған немесе кем шыққан жағдайда жоғалған немесе кем шыққан жүктiң немесе теңдеме жүктiң құны мөлшерiнде;

2) жүк немесе теңдеме жүк зақымданған (бүлiнген) жағдайда - оның құнының төмендеген сомасының мөлшерiнде, ал зақымданған жүктi немесе теңдеме жүктi қалпына келтіру мүмкiн болмаған кезде - оның құны мөлшерiнде;

3) тасымалдауға құны жарияланып тапсырылған жүк немесе теңдеме жүк жоғалған жағдайда - жүктiң немесе қол жүгiнің жарияланған құны мөлшерiнде өтейдi.

Жүктiң немесе теңдеме жүктiң құны оның сатушының шотында көрсетiлген немесе шартта көзделген бағасының негiзiнде, ал шот болмаған немесе шартта баға көрсетiлмеген кезде, салыстырмалы мән-жайлар кезiнде әдетте осыған ұқсас тауарлар үшiн алынатын бағаны негiзге ала отырып белгiленедi.

4. Тасымалдаушы жүктiң немесе теңдеме жүктiң жоғалуынан, кем шығуынан немесе зақымдануынан (бүлiнуiнен) келтiрiлген белгiленген зиянның орнын толтыра отырып жөнелтушiге (алушыға), егер бұл ақы жүк құнына кiрмейтiн болса, жоғалған, кем шыққан, бүлiнген немесе зақымданған жүктi немесе теңдеме жүктi тасымалдау үшiн алынған кiре ақысын қайтарады.

5. Жүктiң немесе теңдеме жүктiң сақталмау себептерi туралы тасымалдаушы бiржақты тәртiппен жасаған құжаттар, (коммерциялық акт, жалпы фирманың актiсi және т.б.) дау туған жағдайда, жүктi немесе теңдеме жүктi тасымалдаушының, жөнелтушiнiң не алушының жауапкершiлiгi үшiн негiз бола алатын мән-жайларды куәландыратын басқа құжаттармен бiрге соттың бағалауына жатады.

706-бап. Жүктердi тасымалдау жөнiндегi талаптар мен талап қоюлар

1. Тасымалдаушыға жүктi тасымалдаудан туындайтын талап қоюға дейiн оған көлiк туралы заң актiлерiнде көзделген тәртiпте талаптар қойылуы мiндеттi.

2. Жүк тасымалдаудан туындайтын талаптар бойынша талап қою мерзiмi бiр жыл деп белгiленедi.

3. Осы баптың ережелерi жолаушыны және теңдеме жүктi тасымалдаудан туындайтын талаптарға қолданылмайды.

707-бап. Жолаушының өмiрi мен денсаулығына зиян келтiргенi үшiн тасымалдаушының жауапкершiлiгi

Жолаушының өміріне немесе денсаулығына зиян келтірілуі салдарынан туындайтын мiндеттемелер бойынша тасымалдаушының жауапкершiлiгi, егер заң актiлерiнде немесе шартта тасымалдаушының жоғары жауапкершiлiгi көзделмесе, осы Кодекстiң 47-тарауындағы ережелер бойынша белгiленедi.



php"; ?>