Тарау. Көлік экспедициясы
708-бап. Көлiк экспедициясы шарты
1. Көлiк экспедициясы шарты бойынша бiр тарап (экспедитор) сыйақы үшiн және басқа тараптың (клиенттiң - жүк жөнелтушiнiң немесе алушының) есебiнен жүктi тасымалдауға байланысты экспедиция шартында белгiленген қызмет көрсетулердi орындауға немесе орындауды ұйымдастыруға, оның iшiнде клиенттiң атынан немесе өз атынан жүктi тасымалдау шартын (шарттарын) жасасуға мiндеттенедi.
Көлiк экспедициясы шартында қосымша қызметтер көрсету ретiнде экспорт немесе импорт үшiн талап етiлетiн құжаттарды алу, кедендiк және өзге шарттылықтарды орындау, жүктiң саны мен жай-күйiн тексеру, оны тиеу мен түсiру, жөнелтушiге жүктелетiн баждарды, алымдар мен басқа да шығындарды төлеу, жүктi сақтау, оны баратын жерiнде алу, сондай-ақ өзге де операцияларды орындау мен қызмет көрсетулер сияқты жүктi жеткiзу үшiн қажеттi операцияларды жүзеге асыру көзделуi мүмкiн.
Жүк жөнелтушiнiң келiсiмiмен экспедитор жөнелтушiнiң мүддесiн, тарифтер деңгейiн және жеткізу мерзiмдерiн ескере отырып, жөнелтушiнiң жүгiн көлiктiң қай түрiмен тасымалдауды өзi белгiлей алады.
2. Осы тарауда реттелмеген бөлiгiнде экспедиция шартына қатысты қатынастарға, егер шарт талаптары бойынша экспедитор клиенттiң атынан iс-әрекет жасаса, осы Кодекстiң 41-тарауының ережелерi қолданылады, егер ол өз атынан iс-әрекет жасаса, осы Кодекстiң 43-тарауының ережелерi қолданылады.
709-бап. Шарттың нысаны
1. Көлік экспедициясы шарты жазбаша түрде жасалады.
2. Жүк жөнелтушi (алушы) экспедиторға, егер ол оның мiндеттерiн атқаруға қажет болса, сенiмхат беруге тиіс.
710-бап. Экспедиторға берiлетiн құжаттар мен басқа да ақпарат
1. Жүк жөнелтушi (алушы) экспедиторға жүктiң қасиеттерi, оны тасымалдау ережелерi туралы құжаттарды, сондай-ақ экспедитордың шартта көзделген мiндеттердi орындауына қажеттi өзге де ақпаратты беруге мiндеттi.
2. Экспедитор жүк жөнелтушiге (алушыға) алған ақпараттың анықталған кемшіліктері туралы хабарлауға, ал ақпарат толық болмаған жағдайда, жүк жөнелтушiден (алушыдан) қажеттi қосымша деректердi сұрауға мiндеттi.
3. Жүк жөнелтушi (алушы) қажеттi ақпаратты бермеген жағдайда, экспедитор осындай ақпарат берiлгенге дейiн өзiнiң тиiстi мiндеттерiн атқаруға кiрiспеуге құқылы.
4. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген ақпаратты беру жөнiндегi мiндеттердi бұзуына байланысты экспедиторға келтiрген залалдары үшiн жүк жiберушi (алушы) жауапты болады.
711-бап. Экспедитордың мiндеттерiн үшiншi тұлғаның атқаруы
1. Егер экспедиция шартынан экспедитордың өз мiндеттерiн жеке өзiнiң атқаруы мiндетi туындамаса, экспедитор өз мiндеттерiн орындауға басқа тұлғаларды тартуға құқылы.
2. Мiндеттеменiң орындалуын үшiншi тұлғаға жүктеу экспедиторды шарттың орындалуы үшiн клиенттiң алдындағы жауаптылықтан босатпайды.
712-бап. Ұстап қалу құқығы
Экспедитор жүктi тек оның экспедициялық қызмет көрсетулерi үшiн алуы тиiс сыйақының төленбеуiне байланысты ғана ұстап қалуға құқылы.
713-бап. Көлiк экспедициясы шарты бойынша экспедитордың жауапкершiлiгi
1. Экспедиция шарты жөнiндегi мiндеттердi орындамағаны немесе тиiстi дәрежеде орындамағаны үшiн экспедитор осы Кодекстiң 20-тарауындағы ережелерге сәйкес белгiленген негiздер мен мөлшер бойынша жауапты болады.
2. Егер экспедитор мiндеттi бұзу тасымалдау шарттарының тиiстi дәрежеде орындалмауынан пайда болғанын дәлелдесе, экспедитордың жүк жөнелтушi (алушы) алдындағы жауаптылығы да экспедитордың алдында тиiстi тасымалдаушы жауап беретiн ережелермен белгiленедi.
714-бап. Көлiк экспедициясы шартын орындаудан бiржақты бас тарту
1. Жүк жөнелтушi (алушы) немесе экспедитор, бұл туралы басқа тарапқа қисынды мерзiмде ескерте отырып, көлiк экспедициясы шартын орындаудан бас тартуға құқылы.
2. Шартты орындаудан бiржақты бас тарту кезiнде бас тартуды мәлiмдеген тарап екiншi тарапқа шарттың бұзылуынан келтiрiлген залалды өтейдi.
Тарау. Заем
ҚР Заңымен 10.07.03 ж. № 483-II 715-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
715-бап. Заем шарты
1. Заем шарты бойынша бiр тарап (заем берушi) басқа тараптың (заемшының) меншiгiне (шаруашылық жүргiзуiне, оралымды басқаруына) ақша немесе тектiк белгiлерiмен айқындалған заттарды бередi, ал осы Кодексте немесе шартта көзделген жағдайларда оларды беруге мiндеттенедi, ал заемшы заем берушіге дәл осындай ақша сомасын немесе осы тектегi және сападағы заттардың тең мөлшерiн уақытында қайтаруға мiндеттенедi.
2. Орындалуы ақша немесе тектiк белгiсiмен айқындалған заттарды беруге байланысты шарттарда заем, егер заң актiлерiнде өзгеше белгiленбесе және тиiстi мiндеттемелердiң мәнiне қайшы келмейтiн болса, аванс, алдын ала ақы төлеу, тауарларға (жұмысқа және қызмет көрсетулерге) мерзiмiн ұзартып және бөлiп-бөлiп төлеу түрiнде беру көзделуi мүмкiн.
3. Заңды тұлғалар мен азаматтарға кәсiпкерлiк қызмет ретiнде азаматтардан заем түрінде ақша тартуға тыйым салынады және мұндай шарттар олар жасалған кезден бастап жарамсыз деп танылады.
Бұл тыйым салу заемшылар депозиттер қабылдауға уәкiлеттi мемлекеттiк органның лицензиясы бар банктер болған жағдайларда, сондай-ақ шығарылуы заңдарда белгiленген тәртiппен тіркелген бағалы қағаздарға ақшаны айырбасқа қабылдау жағдайларында қолданылмайды.
716-бап. Заем шартының нысаны
1. Заем шарты осы Кодекстiң 151-152-баптарының ережелерiне сәйкес нысанда жасалуға тиiс.
2. Заем шарты заемшының облигациясы, қолхаты немесе оған заем берушiнiң белгiлi бiр соманы немесе заттардың белгiлi бiр мөлшерiн бергендiгiн куәландыратын өзге де құжат болған жағдайда да тиiстi жазбаша нысанда жасалды деп танылады.
717-бап. Заем шартын жасасу
Заем шарты, егер осы Кодексте немесе тараптардың келiсiмiнде өзгеше көзделмесе, ақша немесе заттар берiлген кезден бастап жасалды деп есептеледi.
Шартта ақшаны немесе заттарды бөлшектеп (бөлiп-бөлiп) беру көзделген жағдайларда, егер шартта өзгеше көзделмесе, олардың бiрiншi бөлiгi берiлген кезден бастап шарт жасалды деп есептеледi.
718-бап. Заем шарты бойынша сыйақы
1. Егер заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше көзделмесе, заем нысанасын пайдаланғаны үшiн заемшы шартта белгiленген мөлшерде заем берушiге сыйақы төлейдi.
2. Егер заем шарты бойынша заемшыға заттар берiлсе, сыйақы төлеу олардың көлемі мен нысаны (ақшалай немесе заттай) шартта көзделген жағдайда жүргiзiледi.
3. Сыйақы төлеудiң тәртiбi мен мерзiмi заем шартында белгiленедi.
Егер сыйақы төлеу тәртiбi мен мерзiмi шартта белгiленбесе, ол ай сайын төленедi.
4. Егер заемшы заем нысанасын мерзiмiнде қайтармаса, сыйақы заем нысанасын пайдаланған бүкiл кезеңге төленедi.
719-бап. Заем нысанасын беру
1. Заем нысанасын шартта көзделген мерзiмде, мөлшерде және жағдайда берiледi.
Егер шартта өзгеше көзделмесе, заем нысанасы оны заемшыға берген немесе оның банктегi шотына тиiстi ақша қаражаты есептелген кезден бастап берiлген деп есептеледi.
2. Егер заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше белгiленбесе, заемшы заем берудiң шартта белгiленген мерзiмiне дейін заем берушiнi бұл туралы хабардар ете отырып, заем алудан толық немесе iшiнара бас тартуға құқылы.
3. Тектiк белгiлерiмен айқындалатын заттарды заемға берген кезде олардың саны, түр-түрi, жинақтылығы, сапасы, ыдысы және (немесе) буып-түйiлуi туралы шарттарды орындау, егер шартта өзгеше көзделмесе, тауарларды сатып алу-сату шарттары туралы (осы Кодекстiң 406-492-баптары) ережелерге сәйкес жүзеге асырылуға тиiс.
720-бап. Нысаналы заем
1. Егер шартта өзгеше көзделмесе, заем нысанасыз болады және заемшы алынған заем нысанасын өз қалауы бойынша пайдаланады.
2. Шарт заемшының заем нысанасын белгiлi бiр мақсатқа пайдалануы шартымен (нысаналы заем) жасалған жағдайда, заем берушiнiң заемның нысаналы пайдаланылуын бақылауды жүзеге асыруға құқығы бар, ал заемшы заем берушiнiң осындай бақылауды жүзеге асыру мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
3. Заемшы заем нысанасын нысаналы пайдалану жөнiндегi мiндеттердi, сондай-ақ осы баптың 2-тармағында көзделген мiндеттердi орындамаған жағдайда заем берушi заем нысанасының берiлмеген бөлiгiне қатысты шартты орындаудан бас тартуға және заемшыдан заем нысанасын және ол бойынша сыйақыны мерзiмiнен бұрын қайтаруды талап етуге құқылы.
721-бап. Заемшының мiндеттемелерiн орындауын қамтамасыз ету
1. Заем нысанасын қайтару және сыйақы төлеу жөнiндегi мiндеттемелердi орындау осы Кодексте көзделген әдiстермен қамтамасыз етiлуi мүмкiн. Бұл жағдайда заемшы, егер заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше белгiленбесе, заем берушiге заемның қамтамасыз етiлуiн бақылауға мүмкiндiк беруге мiндеттi.
2. Заемшы нысанасын қайтару және сыйақы төлеу жөніндегі қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi орындамаған кезде, сондай-ақ заем берушi жауап бермейтiн мән-жайлар бойынша қамтамасыз етудi жоғалтқан немесе оның шарттарын нашарлатқан жағдайда заем берушi заем нысанасының тиiсiнше ұсынылмаған бөлiгiне қатысты шартты орындаудан бас тартуға және заемшыдан заем нысанасын және ол бойынша сыйақыны мерзiмiнен бұрын қайтаруды талап етуге құқылы.
722-бап. Заем нысанасын қайтару
1. Заемшы шартта көзделген тәртiппен және мерзiмде заем нысанасын қайтаруға мiндеттi.
Егер шартта өзгеше көзделмесе, заем нысанасы оны заем берушiге берген немесе оның банктегi шотына тиiстi ақша есептелген кезде қайтарылды деп есептеледi.
Егер заем нысанасын қайтару мерзiмi шартта белгiленбесе, оны заемшы ол туралы заем берушi талап еткен күннен бастап отыз күн iшiнде қайтаруы тиiс.
Сыйақы төлеу туралы шартсыз берiлген заем нысанасы мерзiмiнен бұрын қайтарылуы мүмкiн. Сыйақы төлеу шартымен берiлген заем нысанасы заем берушінің келісімімен не, егер ол шартта көзделсе, мерзімінен бұрын қайтарылуы мүмкін.
Егер шартта өзгеше белгiленбесе, заем бойынша сыйақы кез келген уақытта мерзiмiнен бұрын төленуi мүмкiн.
2. Заем берушiнiң келiсiмiмен заемшының мiндеттемелерi: ақша заемы шарты бойынша - борыш есебiне тектiк белгiлерiмен айқындалған заттарды қабылдаумен; заттар заемы шарты бойынша - борыштың есебiне ақша қабылдаумен орындалуы мүмкiн. Аталған заттардың құны тараптардың келiсiмiмен айқындалады.
3. Егер шартта заемды бөлшектеп (бөлiп-бөлiп) қайтару көзделсе, заемшы заем нысанасының кезектi бөлiгiн қайтару үшiн белгiленген мерзiмдi бұзған жағдайда заем берушi заем нысанасының қалған барлық бөлiгiнiң тиесiлi сыйақымен бiрге мерзiмiнен бұрын қайтаруды талап етуге құқылы.
4. Егер шартта заем бойынша сыйақыны заем нысанасының өзiн қайтару мерзiмдерiнен бұрын төлеу көзделсе, сыйақыны төлеу үшiн белгiленген мерзiм бұзылған жағдайда заем берушi заемшыдан заем нысанасын тиесiлi сыйақымен бiрге мерзiмiнен бұрын қайтаруды талап етуге құқылы.
723-бап. Заем нысанасын мерзiмiнен бұрын қайтару туралы талапты қанағаттандыру мерзімі
Заем берушi 720-баптың З-тармағында, 721-баптың 2-тармағында, 722-баптың 3 және 4-тармақтарында көзделген негiздер бойынша заем нысанасын мерзiмiнен бұрын қайтару туралы талаптар қойған кезде заем нысанасын қайтарудың және ол бойынша сыйақыны төлеудiң жаңа мерзiмi осы Кодекстiң 722-бабының 1-тармағында белгiленген ереже бойынша есептеледi.
724-бап. Заем шартын даулау
1. Заемшы заем берушiден өзiнiң заем нысанасын (ақшаны немесе заттарды) iс жүзiнде алмағандығын немесе шартта көрсетiлгеннен аз мөлшерде немесе аз санда алынғанын дәлелдей отырып, заем шартын даулауға құқылы.
2. Заем шарты жазбаша түрде жасалуға тиiс жағдайларда (осы Кодекстiң 716-бабы), шарт алдаудың, күш қолданудың, қорқытудың, тараптар өкiлдерiнiң қаскүнемдiк келiсiмiнiң немесе ауыр мән-жайлар тоғысуының ықпалымен жасалған жағдайларды қоспағанда (осы Кодекстiң 159-бабының 9 және 10-тармақтары), оны куәгерлiк көрсетулер арқылы даулауға жол берiлмейдi.
725-бап. Заем шартында мiндеттеменi жаңалау
1. Сатып алу-сату, мүлiктi жалға алу немесе өзге негiздегi мәмiлелерден пайда болған кез келген мiндеттеме тараптардың келiсiмi бойынша заем шартымен ресiмделуi мүмкiн.
2. Мiндеттеменi заем шартына ресiмдеу жаңалау туралы талаптарды (осы Кодекстiң 372-бабы) сақтай отырып жүзеге асырылады және заем шарты үшiн көзделген (осы Кодекстiң 716-бабы) нысанда жасалады.
726-бап. Мемлекеттiк заем шарты
1. Мемлекеттiк заем шарты бойынша заемшы - мемлекет, ал заем беруші - азамат немесе заңды тұлға болады.
2. Мемлекеттiк заемдар ерiктi болып табылады.
3. Мемлекеттiк заем шарты заем игерушiнiң шығарылған мемлекеттiк облигацияларды, сондай-ақ заем берушiнiң заемшыдан одан қарызға берілген ақшаны немесе заем талаптарына байланысты өзге де мүліктік баламаны, белгiленген сыйақыны немесе өзге де мүлiктiк құқықтарды осы заемды айналымға шығару шарттарында көзделген мерзiмде алу құқығын куәландыратын басқа да мемлекеттiк бағалы қағаздарды (құжаттық немесе құжаттық емес) алу жолымен жасалады.
4. Мемлекеттiк заем шартынан туындайтын өз мiндеттемелерi бойынша, заемшы тиiстi қазынаның мүлкiмен жауап бередi.
5. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк заем қатынастарына қатысу ерекшелiктерi заң актiлерiмен белгiленуi мүмкiн.
727-бап. Банк заемы шарты
ҚР 2005.23.12. № 107-III Заңымен 1-бап толықтырылды
1. Банк заемы шарты бойынша заем берушi заемшыға төлемділік, мерзімділік, қайтарымдылық шарттарымен қарызға ақша беруге мiндеттенедi.
2009.12.02. № 133-IV ҚР Заңымен бап 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Ислам банкі заем беруші болып табылатын банк заемы шарты бойынша ақша заемы мерзімділік және қайтарымдылық талаптары бойынша және ақшаны пайдаланғаны үшін сыйақы алынбай жүзеге асырылады.
2. Банк заемы шартына осы Кодекстiң 728-бабында көзделген ерекшелiктерiмен қоса заем шартына қатысты ережелер қолданылады.
10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара); 2007.19.02. № 230-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 728-бап өзгертілді
728-бап. Банк заемы шартының ерекшелiктерi
Банк заемы шартының мынадай ерекшелiктерi бар:
1) заем берушi ақша нысанында заем беруге уәкiлеттi мемлекеттiк органның лицензиясы бар банк немесе өзге де заңды тұлға болады;
2) шарттың нысанасы алдағы уақытта берiлуi мүмкiн ақша болып табылады. Соңғы жағдайда шарт, егер осы шартта өзгеше көзделмесе, оның жасалған кезiнен бастап (осы Кодекстiң 393-бабының 1-тармағы) күшiне ендi деп есептеледi;
3) шарт жазбаша түрде жасалуы тиiс. Жазбаша түрдi сақтамау банк заемы шартының жарамсыздығына әкеп соғады;
4) ҚР 2005.23.12. № 107-III Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
5) банктiк заем шартына, банк заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Кодекстің 722-бабы 2-тармағының ережелерi қолданылмайды.
Банктерге осы банк эмитенті болып табылатын акциялармен қамтамасыз етілген заемдар беруге не осы акцияларды сатып алуға арналған заемдар беруге тыйым салынады.