Аударма үдерісі мен технологиясы

 

Мақсаты:

Аударма үдерісі және аудармашылық іс-әрекетін талдау.

Жоспар:

- Көркем аудармаға қойылатын талап, шарттар.

- Әр аудармашының өзіндік ерекшелігі және аудармашылық мамандану қажеттіліктері.

Кілт сөздер: аударма үдерісі, шығармашылық тұлға, тілдік сәйкестік, тілдік орта, интерпретатор, шығармашылық мектеп, шығармашылық шеберхана, мәдениетаралық коммуникация дәнекері, синоним, синонимдік қатар, коммуникативтік акт

 

Бүгінгі таңдағы қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, халықаралық қарым-қатынаста уақыт талабына сай орын алып отырған жаңаша өзгерістер аударматану ғылымына да өз әсерін тигізді, бұл сала терминологиясын дамыту және жетілдіруге себеп болып отыр. Осы ретте аударма – тілдерді байытатын құрал, ел мен елді жақындастыратын алтын көпір десек, сол аудармамен айналысатын ерекше кәсіп иелері – аудармашы қызметінің маңызы зор екендігі анық.

Аударма теориясының ғылыми негіздері тек жиырмасыншы ғасырдың ортасына таман қалыптаса бастады. Қазақстандағы тәржіметану көбінесе көркем аударма бағытында дамыды. Бұл бұрынғы Кеңестер Одағы кезіндегі оқырман қауымның әдеби процеске деген зор қызығушылығына байланысты болса керек.

ХХ-ғасырдың 60-70 жылдары аударманы ғылыми-зерттеу жұмыстарының нысанына айналдыруда С.Талжанов, Ә.Сатыбалдиев, З.Тұрарбеков, Р.Хайруллин т.б. ғалымдардың еңбектерінің мәні зор болды.

Қазіргі кезеңде автордың жеке стильдік ерекшеліктері көбінесе ескеріле бермейтін саяси, коммерциялық, ғылыми-техникалық және тағы басқа «іскери» материалдардың аудармалары алдыңғы қатарға шықты.

Бұған қоса, аударма дәлдігіне қойылатын талаптардың да өсуі тілдік бірліктердің рөлін артырып отыр. Осы іспеттес материалдарды аудару барысында аударманың «жалпы» дұрыстығымен, түпнұсқа мен аударманың оқырманға беретін әсерінің сәйкестігімен қанағаттану жеткіліксіз болып табылады.

Аударма жекелеген сөздердің мағыналарына дейін ақпараттың толық жеткізілуін қамтамасыз етуі тиіс болды. Аудармашылық процестің тілдік негізі айқындала түсті.

Тәржімеленген мәтіндерге қойылатын талаптар да өзгерді. Олар дәлдік, нақтылық, баламалылық. Демек, аударманың тіл ғылымы аясында қарастырылуы маңызды болып отыр. Осы бағытта жазылған академик Ө.Айтбайұлының еңбектеріне («Аудармадағы фразеологиялық құбылыс», «Терминжасамдағы аударманың орны», сонымен қатар А.М.Алдашеваның «Аударматану: лингвистикалық және лингвомәдени мәселелері» монографиясына назар аударуды жөн көріп отырмыз.

Бұл еңбектер аударма мәселесінің теориялық тұрғыдан ғана емес, практикалық, дидактикалық бағытта толықтыруға өзіндік үлес қосты. Олар қазақ аудармашылары үшін қажетті көмекші құралдар болып келді.

Алайда аталған еңбектердің жарық көргеніне он жылдан астам уақыт өтті. Осы кезең аралығында аударматану өзінің жаңа даму сатысына көтерілді: ғылыми терминологиялық аппараты нақтылануда; жаңа бағыттар, оның ішінде аударманың прагматикалық қырлары даму үстінде; жаңа ақпараттық технологиялар қолданылуда.

Елімізде жаңа ғасырдың алғашқы 10 жылы ішінде аса маңызды өзгерістер болды. Аударманың жекелеген бағыттарына арналған басылымдар жарық көрді. Алайда олар ғылыми-көпшілік сипаттағы тар көлемді тақырыптарға арналған.

Бүгінгі күні кәсіби, біліктілігі жоғары мамандарды даярлау - кезек күттірмейтін мәселелердің бірі. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қазақ бөлімдерінде аудармашыларды даярлау үдерісі (орысша-қазақша, ағылшынша-қазақша аударма бағытында) 1991 жылдан бері жүргізіліп келеді. Әлі күнге дейін республикамыздың жоғары оқу орындарында қазақ бөлімдерінің студенттеріне арналған аударма теориясы бойынша оқулықтар, оқу құралдар жоқтың қасы. Соған байланысты студенттер оқу барысында орыс және ағылшын тілдерінде даярланған оқу-әдістемелік әдебиеттерді пайдалануға мәжбүр болып отыр.

Аталмыш мамандық бойынша білім алушы студенттер үшін базалық пән «Аударма теориясы» болып табылады. Бүгінгі таңда аударма ғылымының даму кезеңінде студенттерді тек тілдік интуицияға сүйене отырып оқыту жеткіліксіз. Аударманы талдап бағалауда қомақты, ғылыми тұрғыдан негізделген дәйектер қажет.

Қазақ тіліндегі тәржіметану бойынша оқулықтардың жоқтығы, қолданыстағы бар терминдердің көп нұсқалылығы аударма терминдері бойынша арнайы терминологиялық сөздік жасау қажеттілігін туындатты.

2005 ж. біз (Г.Жұмашевамен авторлық бірлестікте) «Аударма терминдерінің қысқаша орысша-қазақша түсіндірме сөздігін» шығардық. Бұл сөздікті құрастыру «Аударматануға кіріспе», «Аударманың теориясы» сияқты пәндерді оқыту қажеттілігінен туындаған еді. Басылым аударматану ғылымының лексикографиялық терминдерін қамтыған алғашқы тәжірибе болып табылады.

Сөздік негізгі аударма терминдер жайындағы мағлұматты қамти отырып, келесі міндеттерді шешуге бағытталған: аталмыш саладағы зерттеулердің қазіргі жағдайын көрсету; аударманың әдістері мен тәсілдерін сипаттау; аударма терминдерінің негізгі құрамын анықтап, оларға қазақ тілінде анықтама беру; оқытушылық мақсаттарға барынша лайық баяндаудың тиімді түрін табу (өйткені Сөздік негізінен аударма теориясы курсын тыңдаушыларға арналған оқу құралы ретінде құрастырылған болатын).

Аударма терминдердің сөздігін құрастыру барысындағы жұмыстың негізгі нәтижелерін төмендегіше қорытуға болады:

орыс және қазақ тілдеріндегі ғылыми әдебиеттер мен оқу құралдарында берілген аударма терминологиясының негізгі қоры зерттелді;

- аударматану терминологиясы саласына сыни лексикографиялық талдау жүргізілді;

- оқу мақсаттарына сәйкес сөздіктің тіл бірліктерін сұрыптау жүзеге асырылды;

- қазақ тіліндегі терминдердің баламалары ұсынылып, сөздікте олардың терминдік анықтамалары берілді;

- лұғаттық мақалалардағы өзара сілтемелер көмегімен терминдер арасындағы жүйелік қатынас анықталды.

Сөздікке аударматанудың теориялық мәселелеріне қатысты оның негізгі ұғымдық аппаратын көрсететін 250-ден астам негізгі термин енгізілді. Қазіргі кезде терминологиялық қорды одан әрі жетілдіру жұмысы жүргізілуде.

Негізгі терминдер мынандай ішкі блоктар бойынша құрылған: аударматанудың ғылым ретіндегі теориялық бағыттары (заңды сәйкестіктер, баламалылық деңгейлері, аударманың прагматикалық бейімделуі); аударма теориясының басқа да салалас пәндермен байланысы

(қостілділік, әдеби аударматану); аударма технологиясы (Ұғымды нақтылау, ұғымды жалпылау, лексикалық бірліктердің орын ауыстыру тәсілі, т.б.).

Қазақ тіліндегі аударма терминдерінің мағынасын толық және дәл ашып көрсету біршама қиындық тудырғанын атап өткіміз келеді. Осы мақсатта отандық аударма ғылымын жан-жақты зерттеген төмендегі ғалымдардың еңбектеріне талдау жасалды: С.Талжанов, Ә.Сатыбалдиев, З.Тұрарбеков, Ө.Айтбаев, А.Алдашева, Ж.Жақыпов т.б.

Сөздікке енген терминдерді үш топқа бөліп қарастыруға болады:

1. Қазақ тіліндегі ғылыми әдебиеттерде бұрыннан пайдаланылып келе жатқан аударматану терминдері: аударма (перевод), еркін аударма (вольный перевод), баламасыз лексика (безэквивалентная лексика), сөзбе-сөз аударма (дословный перевод). Алайда мұндай терминдер өте аз.

2. Өз тарапымыздан ғылыми айналымға енгізіліп отырған терминдер: нұсқалық сәйкестік (вариантное соответствие), күәландырылған аударма (завереннный перевод), аралас аударма ( смешанный перевод, т.б.

3. Әр ғалым өзінше түсіндіріп, еңбектерінде түрлі анықтамалармен беретін көпнұсқалы терминдер. Бұл топтың терминдеріне нақтырақ тоқталып көрейік.

Қазақ тіліндегі аударматану терминологиясында әлі де нақтыланбаған мәселелер жетерлік. Атап айтсақ, ресейлік аударматануда авторский перевод және авторизованный перевод сияқты бір-бірінен ажыратылып қарастырылатын терминдер бар.

Бұл айырмашылықты түсіну үшін ғылыми ұғымдар көлемін салыстырып, талдау жүргізейік:

авторский перевод - авторлық аударма – түпнұсқа мәтін авторының өзі жасаған тәржімесі;

авторизованный перевод автор мақұлдаған аударма –автордың құптауымен орындалған түпнұсқа мәтінінің тәржімесі; аударылған мәтіннің мазмұнына қажетті тілдік, стильдік өзгерістер енгізілгендіктен, аудармашыны авторлық бірлестік құрамында тануға мүмкіндік туғызатын тәржіме.

Ал, біз талдап отырған салалық үш терминологиялық сөздікте авторизованный перевод - авторлық аударма деп берілген;

Көп нұсқалы түрде беріліп жүрген терминдердің бірі – последовательный перевод (мәтін тыңдалып болғаннан кейін жасалатын аударма). Ғылыми әдебиетте төмендегідей нұсқалары кездеседі: жарыса аудару (З.Тайшыбай), қосарласқан аударма, жалғас аударма (А.Алдашева), ілеспе аударма (Ә.Тарақов), ретті аударма (М.Қожаева), ілеспелі аудару («Аудармашылық жазба техникасы» пәнінің типтік оқу бағдарлама, 2003 ж.). Аталған терминнің нұсқалары последовательный перевод терминінің ұғымдық көлемін толық әрі дәл ашып көрсете алмайды, сондай-ақ бұл нұсқалар өзге де терминдерге балама ретінде қолданылып жүр, мысалы, ілеспе аударма – синхронный перевод. Осыны ескере отырып, өз тарапымыздан ізбе-із аудармабаламасын ұсынып отырмыз. Мұны «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігіндегі» ізбе-ізсөзіне берілген түсініктемемен дәйектеуге де болады: «бірінен соң бірі, бірінің ізін бірі басып» [10] деп берілген.

Терминдердің көп нұсқалылығы «Аударма ісі» мамандығы бойынша типтік оқу бағдарламаларын (2005 ж. шыққан) салыстыру кезінде де көзге түседі. Мысалы, «Аударма теориясы» типтік оқу бағдарламасында жалғаспалы аударма (последовательный перевод), ілеспе аударма (синхронный перевод) терминдер қолданылса, «Мамандыққа кіріспе» типтік оқу бағдарламасында іліспелі аударма (последовательный перевод), синхронды аударма (синхронный перевод) терминдерін кездестіреміз.

Сонымен қоса қате жасалған аудармалар да байқалады: «Аударма теориясы» типтік оқу бағдарламасындағы бірлік сәйкестіліктер (единичные соответствия) терминінің орнына жеке сәйкестіктер терминдік тіркесін қолданған жөн болар еді.

Көптеген ғылыми әдебиеттерде келесі терминдер шатастырылып беріліп жүр:

точный перевод – дәлме-дәл аударма, буквальный перевод – дәлме-дәл аударма;

точный перевод – сөзбе-сөз аударма, дословный перевод – сөзбе-сөз аударма;

адекватный перевод – балама аударма, эквивалентный перевод – балама аударма.

Аталған терминдер әлемдік тәржіметануда аударма сапасын егжей-тегжейлі бағалау үшін дәстүрлі түрде қолданылады және олардың бір-бірінен айырмашылығы бар.

Біз құрастырған сөздікте бұл ұғымдар былай ажыратылды: точный перевод – дәлме-дәл аударма, буквальный перевод – әріпшіл аударма, дословный перевод – сөзбе-сөз аударма, адекватный перевод – барабар аударма, эквивалентный перевод – балама аударма .

Ғалымдар аударма баламалылығы, аударма барабарлығы (адекваттылығы) деген терминдерді әртүрлі түсіндіріп жүр. Сол себепті де ғылыми әдебиеттерде осы терминдерге берілген анықтамаларда біршама айырмашылықтар бар.

Жоғарыда аталған терминдердің өздеріне тән айрықша белгілерін бөліп көрсету үшін, біз Я.И.Рецкер, В.Н.Комиссаров, А.Д.Швейцер, Р.К.Миньяр-Белоручев, А.В.Федоров, Л.С.Бархударов сияқты белгілі аударматанушы ғалымдардың еңбектеріне шолу жасадық.

 

Дәрісті қорытындылау.

Аудармашылардың бір тобы аударма мәтінінің түпнұсқасын беру мүмкіншілігін – барабарлық, ал келесі бір тобы баламалылықдеп атап жүр.

Ғалымдардың көпшілігі терминологиялық тұрғыдан баламалылық деген ұғымды дәл деп санайды. Ал барабарлықтермині көбінесе көркем аударма теориясында қолданылады. Барабарлықжәне барабар терминдері аударма процесіне бағытталған. Барабараударма - бұл әдетте көркем аударманың мақсаты.

Бақылау сұрақтары:

1. Сөз мағынасын нақтылау дегеніміз не?

2. Сөз мағынасын ұлғайту дегеніміз не ?

Ұсынылатын әдебиет:

1 Б.Майтанов. Қазақ романы және психологиялық талдау. — Алматы: Санат, 1996. –336 б. 2 Пірәлиева Г.Ж. Ішкі монологтың кейіпкер психологиясын ашудағы көркемдік қызметі: филол. ғыл. канд. ... дис. – Алматы, 1994. – 138 б.

3 Соловьев С.М. Изобразительные средства в творчестве Достоевского. Очерки. – М.: Советский писатель, 1976. – 352 с.

4 Ф. М. Достоевский в русской критике // Сборник статей. – М.: Издательство художественной литературы, 1956. – 469 с.

5 Есембеков Т.О. Аударманың поэтикалық мәселелері // Аударматану мен әдеби компаративистиканың өзекті мәселелері: республикалық ғылыми- теориялық конференция материалдары. – Алматы, 2010. – Б. 31-35.