Тұлға теориялары.

 

Тұлға психологиясы саласындағы зерттеулер бұрыннан жүргізіліп келеді, олардың өзіндік тарихы бар. Тұлға психологиясы дамуының 3 кезеңі келесідей: философиялық-әдеби, клиникалық және тәжірибелік.

Зерттеулердің бірінші кезеңі көне ойшылдардың жұмысынан басталып, ХIХ ғ-ң басына дейін жалғасқан. Бұл кезеңдегі тұлға психологиясының негізгі мәселелеріне адамның өнегелік және әлеуметтік табиғаты жөніндегі сұрақтар жатады. Тұлға туралы алғашқы анықтамалар айтарлықтай ауқымды. Ол анықтамаларға адамның бойындағы бар нәрсе, оның жеке басыныкі деп саналатынның бәрі жатқызылған: биологиясы, психологиясы, мүлігі, мінез-құлқы, мәдениеті және т.б. Тұлға туралы осындай түсінік кейінгі уақытқа дейін сақталыпты. Нақты мазмұнға толы, тұлғадан бөлек көптеген басқа да түсініктер мен ғылыми категориялары бар психология үшін мұндай анықтама өте кең болып табылады.

ХIХ ғ-ң бірінші он жылдығында тұлға писхологиясының мәселелерімен философтармен қатар дәрігер-психиатрлар да айналыса бастады. Олар ең бірінші рет клиника жағдайында науқасқа тұлға ретінде жүйелі түрде байқаулар жүргізіп, оның жүріс-тұрысын, өзін өзі ұстауын жақсырақ түсіну үшін өмір тарихын зерттей бастаған. Психикалық ауруларды диагностикалау және емдеумен байланысты кәсіби қорытындылар ғана жасалып қоймай, адамзат тұлғасының табиғаты жөнінде жалпы ғылыми қорытындылар да келтірілген. Философиялық-әдеби кезеңмен салыстарғанда клиникалық кезеңде тұлға - ерекше құбылыс деген түсінік мағынасы таратылған. Психиатрлардың аса мән бергені - әдетте науқас адамнан табылатын тұлғаның ерекшеліктері. Дәрігерлер тапқан ерекшеліктер барлық дені сау адамдарға тән болғанымен, науқастарда олардың көріністері гипертрофияланатыны (асыра білінетіні) анықталды. Мысалы, күйгелектік пен ригидтілік, тежелу мен қозғыштық.

Қалыпты, патологиялық және акцентуацияланған (норманың шекті варианты) тұлғаны сипаттауға мүмкіндік беретін терминдерді дәрігерлер тұлғаға анықтама беру үшін қолданған. Алайда мұндай көзқарас психология үшін жеткіліксіз деп танылды. Өйткені, қалыпты тұлғаны тұтас сипаттау үшін ол анықтамалардың мазмұны тар, ондай анықтамаларға шектен тыс көрініс бергенімен кез келген жағдайда “қалыпты” деп саналатын тұлға қасиеттері (мысалы, түрлі қабілеттердің болуы, адамгершілік қасиеттер) енгізілмеген.

ХХ ғ-ң басына дейін тұлға философиялық-әдеби және клиникалық тұрғыдан ғана зерттелсе, кейін бұл іске таным процестері мен адамның күйін зерттеумен айналысқан психологтар кірісті. Ғасыр басында психологияда тәжірибелік зерттеулер қарқынды дамып, гипотезаларды нақты тексеру және айқындалған фактілерді алу мақсатымен психологтар зерттеулерге мәліметтерді математикалық-статистикалық өңдеу әдістерін енгізуге тырысқан. Осыған байланысты психологтар ұзақ жылдар бойы қалыпты тұлғаны сенімді және валидті тесттер арқылы зертеу тәсілдерін жетілдіруді өз алдарына мақсат етіп қойған.

Келесі кезектегі әңгіме неғұрлым әйгілі тұлға концепциялары мен теориялары, олардың жіктелуі жөнінде болады.

Ғылыми жұмыстар мен оқу құралдарында тұлға концепциялары мен теорияларының әрқалай жіктелуі келтіріледі. Р.С.Немовтың ессебі бойынша 48 тұлға теориясы бар, олардың әрқайсысы 5 параметр бойынша бағалануы мүмкін.

Мінез-құлықты түсіндіру жолдары бойынша барлық тұлға теорияларын психодинамикалық, социодинамикалық және интеракционистік деп бөлуге болады.

Психодинамикалық теориялар психологиялық, немесе ішкі, сипаттамаларына орай тұлғаны сипаттайды, адамның жүріс-тұрысын түсіндіреді. Ал социодинамикалық теориялар бойынша тәрбие детерминациясындағы басты роль сыртқы жағдайларға беріледі. Интеракционистік теориялар сыртқы және ішкі факторлардың өзара әрекеттесу принципіне негізделген. Ондай өзара әрекеттер адамның өзекті әрекеттерін басқарады.

Теорияларды типтерге бөлудің келесі негізі - тұлға туралы мәліметтер алу жолы. Осы тұрғыдан барлық теорияларды эксперименталды және эксперименталды емес деп бөлуге болады. Эксперименталды теорияларға тәжірибе барысында жинақталған мәліметтерді сараптау және жалпылау арқылы құрастырылған теориялар жатқызылады. Эксперименталды емес теориялардың авторлары эксперимент жасамай-ақ өмірден алған байқауларға сүйеніп, теориялық талдап қорытады.

Тұлғаға құрылымдық және динамикалық құрылым деген көзқарастағы авторлар тұлға теорияларын басқаша жіктейді. Құрылымдық теория үшін басты мәселе- тұлға құрылымын және оны сипаттауға көмектесетін ұғымдар жүйесін анықтау. Негізгі тақырыбы - тұлға дамуындағы қайта құрылу, өзгерістер, яғни оның динамикасы болып табылатын теориялар динамикалық деп аталады. Сонымен қатар, бірқатар теориялар жас кезеңдік және педагогикалық психология шеңберінде пайда болған. Олар тұлға дамуындағы шектелген жас кезеңін қарастырады, мысалы, туылғаннан орта мектепті бітіргенге дейінгі, яғни нәресте болудан ерте бозбалалық шаққа дейінгі. Кейбір басқа теориялардың авторлары тұлға дамуын бүкіл өмір бойында бақылайды.

Тұлға теорияларын жіктеу кезінде көңіл бөлінетін нәрселер: ішкі қасиеттер, тұлғаның қырлары мен қасиеттері немесе олардың сыртқы көріністері, мысалы, мінез-құлқымен жасаған іс-әрекеттері. Осылай қасиеттер теориясын бөліп қарастыруға болады. Бұл топ теорияларының қағидаларына орай барлық адамдар бір-бірінен жеке, тәуелсіз қырларының жиынтығы мен даму дәрежесі бойынша ажыратылады, бірнеше адам бір адамның мінез-құлықтарын, қырларын байқап, оларды жалпылау арқылы тұлғаға біртұтас сипаттама бере алады. Тұлға қырларын бағалаудың екінші жолы барлық адамдарды типологиялық топтарға біріктіруді жорамалдайды. Мұндай бір топқа кіретін адамдардың психологиялық сипаттамалары бір-біріне жақын, мінез-құлықтары ұқсас. Сонда әрбір типологиялық топтың психологиялық сипаттамалары өзгеше, басқаға ұқсамайды деген сөз.

Тұлға теорияларының жіктелуін қарастырған тек Р.С.Немов қана емес. Б.В.Зейгарник теорияларды пайда болу және даму жағдайларына тәуелді мазмұнды-мағыналық және тарихи аспектілерде қарастырған. Ол келесі теория топтарын бөліп көрсетеді: фрейдизм мен неофрейдизмнің тұлға теориялары, гуманистік тұлға теориялары, экзистенциальді психологияның тұлға теориясы, француз әлеуметтік мектебінің тұлға теориялары және т.б. Осылардың кейбіреулерін жалпы түрде қарастырайық.

Қазіргі кезде тұлға зерттеуде жеті негізгі тұлға теориялары дамыды. Әрбір бағыт өзінің теориясымен және де өзінің әдісімен, құрылымымен ерекшелінеді.

Тұлғаның психологиялық сипаттамасы. Қазіргі кезде психологияның ерекшелігі психиканы зерттеуші бағыттың көптігімен, тұлға теориясының кеңдігімен мәселенің күрделілігі психологияның алдында тұрған теориялық міндеттерге және ғылымның дамуының ішкі қажеттіліктеріне байланысты.

Тұлға – психологиялық сипаттамасы,бірқалыпты жоғарғы даму жүйесі, индивидуалды қажеттіліктермен қамтамасыз ететін, уақытша және белгілі бір жағдайларда адамның тұрақты жүріс-тұрысы.

Тұлға теориясы – бұл болжамдардың жиынтығы немесе тұлға дамуының табиғаты мен механизмінің болжамы.

Тұлға теориясын тек түсіндіруге тырысып қана қоймай, ол адамның жүріс- тұрысын сипаттайды (А.Хьелл, Д. Зиглер).