Психофармакология дамуына байланысты психикалық науқастар терапиясының қазіргі кезеңдегі ерекшеліктері

 

Психиатрияның заманға сай даму ерекшеліктері оның психофармакологиямен органикалық тығыз байланыста болуы. Біздің ғасырымыздың 50-ші жылдарға дейін «психофармакологиялық терапия» ұғымы мүлде болған жоқ. Психозбен науқастарды шок әдістерімен (инсулиншокты, тырысулық терапия, атропинді кома) емдеп, пиротерапияны қолданды. Қозуды седативті дәрілер, үлкен мөлшерде ұйықтататын дәрілермен, наркотикалық заттармен, гидропроцедуралармен басатын. Симптоматикалық дәрілік және медикаментті емес терапияны (физио-, психо- және еңбек терапиясы) кеңінен қолданды. Жедел психоз жағдайларын басу мақсатындағы белсенді терапия аса ауқымды болды; көрсетілімдеріндегі шектеулерге және қарсы көрсетілімдеріне байланысты тек науқастардың кейбір бөліктері ғана қамтылды. Максимальды түрде алынған терапиялық эффект жиі толық емес немесе тұрақты болмады, біршама уақыт өткен соң науқас психиатриялық стационарға қайтып оралатын. Шок терапиясының қайталамалы курстары олардың төмен тиімділігі мен асқынулар қаупінің жоғарылығына байланысты өте сирек жағдайларда өткізілетін. Психоз уақытының өсуіне байланысты белсенді терапияның тиімділігі төмен болатыны дәлелденгендіктен, оның созылмалы түрге ауысуы науқастың әлеуметтік-белсенді қызметке оралуына деген үміттің үзілгендігін білдірді.

Психофармакологиялық терапияның дамуы фенотиазин мен оның түрлерін зерттеу мен синтездеуден басталған. Фенотиазиндік қатарға жататын аминазин мен басқа да дәрілік заттарды қолдану тәжірибесіне байланысты қысқа уақыт аралығында, тек жедел ағымдағы емес, сонымен қатар созылмалы ағымдағы психикалық ауруларға едәуір әсер көрсететін, психикалық сфераға бағытталған әсері бар дәрілік заттың табылғандығы мәлім болды. Қазіргі уақытта психикалық қызметке кеңінен (нейролептиктер, транквилизаторлар) және де таңдамалы түрде әсер ететін психофармакологиялық белсенділігі бар (антидепрессанттар) әртүрлі дәрілік затардың үлкен мөлшері өндірілді. Бұл препараттардың ерекшелігі олардың медиаторлық алмасуға салмақ түсіруінде: қандай-да медиаторлардың синтезін немесе ыдырауын күшейту немесе басу, медиаторлар бөлініп шығуын күшейту немесе тежеу, олардың синапстық саңылауда жиналуына әсер көрсетеді және т.с.с. Бұл препараттардың әсер ету механизмін біле отыра біз науқастың психикалық жағдайын реттеп, оның жүріс-тұрысын әртүрлі дәрілер комбинациясын қолдану арқылы қалыпқа келтіре аламыз. Осылайша, психофармакологиялық терапия әдісінің пайда болуы мен дамуының негізгі мәні психикалық науқастарға медициналық жәрдем көрсету мүмкіндіктерінің кеңеюінде жатыр.

Психиатрия патогенетикалық дәрілік терапияның тиімді әдісімен толықты. Психофармакологиялық кезеңге дейін психозбен ауратын науқастарды белсенді емдеуді дәрілермен емес, коматозды, қызбалық, тырысулық - жағдайлармен жүзеге асырды. Науқасты осындай төтенше, өмірге қауіпті жағдайға жеткізу арқылы ағзаның қорғаныс күштерін мобилизациялауға қол жеткізеді, бұл жағдай жиі психоз жағдайынан шығуға ықпал етеді. Барлық шокты әдістер әсері осыған негізделген. Бұл емдеу әдісіне шокты жағдай қандай жолмен шақырылғанының еш маңызы жоқ. Мысалы, тырысулық терапияны өткізгенде бастапқыда ағзаға камфора немесе коразолдың көп мөлшерін енгізген, кейін келе бұл мақсатта электр тоғын (электро тырысулық терапия) қолдана бастады. Бұл әдістермен салыстырғанда психофармакологиялық терапия дәрілік заттарға, олардың аурудың клиникалық көрінісіне сәйкес тікелей әсеріне бағытталған. Идеологиялық тұрғыда бұл фактқа баға беру қиын: соматикалық ауруларға көрсетілетін медициналық көмекті, психиатриялықтан ажырататын соңғы шекара сөне берді. Бұған дейін аурудың этиологиясы мен патогенезін зерттеу арқылы психикалық аурулар соматикалық аурулар шақырған себептермен шақырылуы мүмкін екендігі, ал соматикалық, психикалық салада да күрделенетін патогенетикалық механизмдер түбі бір екендігі дәлелденді, өйткені олар адам ағзасының қоршаған ортаның қолайсыз, зиянды әсерлерінен қорғаанысын және бейімделуін көрсетеді. Нақ осылайша психикалық аурулар мен олардың терапиясы жөнінде жаңа білім игеру арқылы адам патологиясының жалпы теориясы негізінде психикалық аурулар жөнінде ілімнің материалды негіздері беки түсті.

Психофармакологияның дамуына байланысты науқастардың қозу жағдайын басу проблемасы толық шешілді. Қалыптасқан дағды көмегімен кез-келген қозуды жоюға болады. Көп жағдайда қозу жойылған соң науқас жағдайы қалыпқа келеді, оларды тасымалдау, емдеу мүмкіндігі туып, реабилитациялық іс-шараларды өткізуге қолайлы жағдайлар туады. Қозумен тиімді күресу арқылы психикалық науқастардың қоғамға зиянды әрекеттерінің қаупі азайды.

Психотропты заттар көмегімен екінші және үшінші кезектегі психопрофилактика мәселелерін шешуге болады. Психозды ерте анықтау және емдеу психопатологиялық симптоматиканы дерттің бастапқы кезеңдерінде үзуге мүмкіндік береді - яғни инициальды кезеңде немесе манифестация сатысында. Бұл тосқауылдық (тежеу, басу) терапия стационарда әрбір жеке жағдайға максимальды қажетті дозада жүргізіледі, ал кейде (науқастың әлеуметтік бейімделуіне зиян келтірмес үшін) амбулаторлық жағдайда жүргізіледі. Жедел кезең өткен соң, психотропты дәрілердің төмен мөлшерімен сүйемелдеуші терапия алу үшін науқас диспансерлік бақылауға шығарылады. Бұл терапия пайда болған ремиссияны тереңдету, болуы мүмкін психоз асқынуының алдын-алу және науқастың әлеуметтік қарым-қатынасын жеңілдету үшін қажет. сүйемелдеуші терапия ұзақтығы мен белсенділігі әрбір жеке жағдайда әртүрлі. Кейбір науқастарға бұл терапияның 2-3 аптасы жеткілікті, ал кейбіреулерінде ол бірнеше жылға созылады, емдеуді тоқтату немесе дәрі-дәрмектің мөлшерін өздігімен азайту науқас жағдайын нашарлатады.

Терапиялық тактиканы белсендендіру, емдеу нәтижелілігінің өсуі психикалық аурудың әлеуметтік аспектілеріне әсерін тигізді. Қазір психикалық ауруларды дауасы жоқ дерт ретінде қабылдау түсінігі жойылды. Психиатриялық ауруханалар есінен адасқан бейкүнә жандарға лық толмайтын болды. Науқастардың қозуын жою арқылы психиатриялық стационарларда қолайлы, жайлы жағдай жасауға, дәрілік емес терапияны кеңінен қолдану (психотерапия, еңбек терапиясы, музыка терапиясы, емдік дене тәрбиесі және т.б.), науқастардың бос уақытын, көңіл көтерулеріне жағдай туғызуға мүмкіндік пайда болды. Кейбір стационарлар мен ауруханалар бөлімшелері ашық есік тәртібіне көшті. Психиатр бақылауы мен психиатриялық стационарларға шекаралық психопаталогиялық жағдаймен (невроз, психопатия) науқастар жиі түсе бастады, бұл нозологиялық формаларды кеңінен зерттеуге мүмкіндік пайда болды. Науқастардың стационарларда емделу мерзімі азайды. Науқасқа стационарлық және амбулаторлы мамандандырылған жәрдем беру мәселесі бірінші кезекке шықты. Сонымен бірге психикалық аурулармен күресу бойынша іс-шараларды іске асыруда психоневрологиялық диспансерлердің рөлі өсті. Науқастардың әлеуметтік бейімделу дәрежесі мен олардың өндірістік қажеттілігі артты.

Уақыт өткен сайын психофармокологиялық терапияның кемшіліктері де анықталды. Психотропты дәрілерге сезімталдығы жоқ белгілі бір науқастар тобының терапиялық резистенттілігі өзекті мәселеге айналды. Мысалы, депрессивті науқастар арасында олар 15-30% құрайды. Резистенттілікті жою үшін дәрілердің максимальды мөлшері қолданылады, бірі екіншісіне, белсендірек түріне алмастырылады, әртүрлі дәрілер үйлестіріліп беріледі, оларды парентеральды (инъекция, көктамыр ішіне,тамшылатып) енгізу, емді бірнеше күнге күрт тоқтату арқылы ағзада соматикалық және вегетативті өзгерістер шақырады (тоқтату синдромы), дәрілер мөлшерін өзгертеді (зигзагтар әдісі) және т.б. әдістер қолданылады. Ем тиімділігін жоғарылатып, резистенділікті жою үшін соңғы кезде пиротерапия мен шок әдістері (әсіресе электро тырысулық терапия) кеңінен тағайындалуда, оларды қолдану психотропты дәрілерді қолдану жоғарылау кезеңінде шектелген болатын.

Ем әсеріне қанағаттанбау терапияның зияндылығы жөнінде ой туғызады. Белсенділігі жоғары психотропты дәрілер айқынырақ жанама әсерлер мен асқынулар шақырады деген заңдылық бар. Бұл үнемі мінсіз психотропты зат іздеуге итермелейді, ал ол зат мынадай талаптарға сәкес келуі керек: айтарлықтай әсер ету күші, ұзақтығы және психикаға таңдамалы әсері, қолдануға қолайлы, науқастың соматикалық, жалпы жағдайын нашарлатпауы керек, науқастың емделуі кезеңінде әлеуметтік ортада бейімделуіне кедергі келтірмеуі тиіс.

Созылмалы аурулармен ауыратын науқастардың наризалығын емге психологиялық тәуелділік және көп жылдар бойы күн сайын көп мөлшерде дәрі қабылдау қажеттілігі туындатады. Соңғы мәселені пролонгирленген әсер көрсететін препараттарға көшу арқылы шешуге болады. Мәселен, модитен-депо (фтор-феназин-деканоат) атты нейролептикалық препарат иъекциядан кейін 2-4 апта өзінің антипсихотикалық әсерін береді. Тек дәрігер ғана емес, науқас та ем тиімді болуы үшін табандылық танытып, көп еңбек етуі керек. Бұл табандылық үдемелі ағымдағы психикалық ауруларды белсенді емдеу барысында оның тек жасырын қолайлы тенденцияларын (мысалы, ремиттирлеуші ағымға бейімділікті) ғана емес, қолайлы емес тенденцияларының алдын-алуға мүмкіндік береді. Шизофренияның үздіксіз-үдемелі ағымымен науқастардың терапиялық ремиссияға ауысқан жағдайлары, ем әсерінен ақаулы күйлердегі симптоматиканың кері дамуы, қатерлі формалардың психопатологиялық өнімдерінің қатерсіз (мысалы, гебефренді қозудың маниакальды тәрізді қозуға көшуі) түрге ауысуы сияқты жағдайлар жиі кездеседі. Психофармокологиялық терапия қанша қарапайым болып көрінгенімен белсенді шокты терапиямен салыстырғанда аса индивидуальды тәсілді талап етеді.