Олигофрения кезiндегi психикалық бұзылыстар

 

Олигофрениялар кезiндегi психикалық бұзылыстар басым түрде интеллект жеткіліксіздігімен көрінетін психика дамуының жалпы артта қалуымен сипатталады. Олигофрениямен зардае шегетін балалар дамуы жағынан артта қалады, және олардың тiлi кеш шығады немесе мүлдем дамымайды, олар 3-5 жастан бастап кейде одан да кеш жүрудi бастайды, ал ауыр жағдайларда бұл қозғалыс дағдысын да игермейді. Олардың қозғалыстары жеткіліксіз координацияланған, мимикасы бiртекті. Сыртқы әлпеттері өздеріне тән және дене бiтiмiнің бұрыстығымен, пропорциональды еместiгiмен, бет сүйегінің, мускулатурасының ассиметриясымен, бас сүйегiнiң кiшкентай немесе аса үлкен болуымен ерекшеленеді.

Ойлау қабiлетi күрт бұзылған және оның бұзылысының айқындылығы олигофрения түрiне байланысты болады. Науқастарда аналитикалық, әсіресе синтездік ойлау қызметіне қабілет болмайды. Тек олигофренияның жеңiл түрiнде аса шектелген аналитикалық ойлау қабiлетi болады.

Эмоциональды сферада төменгі дәрежелі эмоциялар басым болады, аффектiлерi дифференцацияланбаған және толымсыз.

Еріктік үрдістер элементарлы әуестіктермен, мақсатты әрекеттерді орындауда қабiлетсiздiк немесе жеткiлiксiздiкпен көрінеді.

Олигофрения кезiндегi психикалық бұзылыстар өте тұрақты және өмiр бойы сақталып қалады.

Психикалық даму артта қалуының үш дәрежесiн ажыратады (психикалық бұзылыстардың тереңдiгi мен ауырлық дәрежесі бойынша) – идиотия, имбецильдiк және дебильдiк. Олигофренияның бұл формаларының барлығы адам қызметтері зақымданулары акцентімен - ойлау және адамзаттың филогенетикалық ежелгi инстинктивтi ерекшелiктерiнің салыстырмалы түрде сақталып қалуымен психикалық даму артта қалуының глобальды сипатымен бiрiгедi.

Идиотия (грек тiлiнен idioteia - көргенсiздiк) - олигофренияның аса ауыр формасы, оларға қоршаған ортаға жеткіліксіз реакция тән (реакция болмайды, немесе адекватсыз, дифференцацияланбаған). Сөйлеу әдетте дамымайды, айналасындағылардың сөзі үлкен қиындықпен қабылданады, олардың мәнiн түсiнбейді, тек интонация қабылданады. Идиотиямен науқастар сырттан үнемі күтімді қажет етеді және олардың көмегiнсiз өмiр сүруге қабілетсіз. Олар қоршаған ортадағы жайттарға мүлдем қатыспайды, пассивтi және ашығу, тоңу тәрізді сезімдерге түсініксіз дыбыстармен элементарлы реакциялар танытуы мүмкін. Эмоциялары өте кедей және өздерін қалай сезінгендігіне, элементарлы қажеттіліктерінің қанағаттандырылуына байланысты болып келеді. Жиi ашу-ыза аффектi айқын болады, ол қоршаған адамдарға және өзiне деген агрессияға бейімділікпен қимылдық қозу жағдайымен көрініс береді. Олигофрендердiң әрекеттері /идиотия сатысында/ - инстинктивтi автоматты акттар немесе сыртқы тiтiркендiргiштерге элементарлы қимылдық реакциялар түрінде болады.

Бұл психикалық ерекшелiктер дөрекі физикалық дефектiлермен (айқын диспластика, бас сүйек және қаңқа деформациясы) бірге жүреді, неврологиялық симптомдар (салданулар, парездер, тырысулық пароксизмдер) бақыланады.

Идиотияның сипатталған көріністері өте тұрақты және терапиялық әсер тиімділігі төмен.

Имбецильдiк (латын тiлiнен imbecillus – әлсiз) - олигофренияның орташа дәрежесi. Идиотиямен зардап шегетін науқастармен салыстырғанда имбецильдiкпен науқастарда психикалық даму едәуір жоғары және қоршаған ортаға реакциясы әртүрлi және жанды болып келеді. Имбецилдер сөйлеу функциясын игереді, бiрақ олардың сөздiк қоры оншақты сөзбен шектеледi, кейде олар қысқа фазалар айтады, сөздері зат есiмдерден және етiстiктерден тұрады, аграмматикалы, тілдері мүкіс. Ойлау аса нақты, бірақ элементарлы бiрiктiру қабiлетi болады. Механикалық есте сақтауға шектелген қабiлеттілік болады, бiрнеше бiрлiктерден тұратын арифметикалық әрекеттер жасай алады (қосу және алу). Ұғымдары өте кедей, жекелігі жоқ – айналадағылардың iс-әрекетiн қайталайды, еліктейді. Имбецильдiкпен науқастар өзiн-өзi күтудің элементарлы дағдыларын игерген. Кейде оларды қарапайым еңбек процесстерiне икемдендiруге болады және олар жеке операцияларды игереді. Өз бетiмен өмiр сүруге қабілетсіз және үнемі қорғаныс пен күтiмді қажет етедi.

Имбецилдер эмоциясы төмен дифференцацияланған, бiрақ идиотиямен салыстырғанда қанық болып келеді. Аффективті қызмет аздап әрқилы. Элементарлы жағдайларда олар жиi абдырып, ұялады. Олар ренжiгiш, кек сақтағыш келедi, олардың кейбiрi ызқорлықпен және агрессивтiлікпен ерекшеленеді.

Имбецилдердiң психикалық ақаулары физикалық және неврологиялық бұзылыстармен бiрге жүреді.

23 жастағы науқаста психикалық аурулармен тұқым қуалау ауырлығы жоқ. Ата-анасының дені сау. Анасының жүктiлiгi асқынусыз өткен. Асфиксия жағдайында босанған. Өмiрiнiң алғашқы күндерінен-ақ дамуы жағынан артта қалған, 2 жасында жүрген, 7 жасында сөйлеген. Балалар инфекциясынан қызылша, қызамықпен ауырған. 8 жасқа дейiн түнгi энурез байқалған. Науқасты жазуға және оқуға үйреткен, бiрақ нәтижесiз болған. Сүйемелдеуші мектеп бағдарламасы бойынша да оқи алмаған. Үйiнде өзiн-өзi күтудің элементарлы тәсілдерін орындайды, ата-анасының бақылауымен қарапайым еңбек процестерiн орындаған. 16 жасынан 1-топ мүгедегi. Осы уақытқа дейiн сабырлы, болбыр, аз қозғалатын болып өскен. Пубертатты кезең басынан бастап айқын психомоторлы қозу жағдайлары бақыланған, ызалы, агрессивтi күйлерге түсетін болған, анасына қатысты оғаш эротикалық қозу күйлері болған. Психиатриялық ауруханаға бiрнеше рет орналастырылып, аминазин, неулептил қабылдаған. Дегенмен шыққаннан кейін үйінде ұзақ тұрақталмаған.

Соматикалық жағдайы: орта бойлы, артық салмақты. Терiсi таза, түсі қалыпты. Ішкi мүшелерi өзгерiссiз.

Неврологиялық жағдайы: көз қарашықтары бiр деңгейде, жарыққа реакциясы сақталған, сiңiрлiк және периостальды рефлекстерi екi жақты күшейген, бiртекті емес. Науқасты Ромберг позасына тұрғызу мүмкін емес.

Психикалық жағдайы: iшiн алға қампайтып айрықша позада тұр; қолдары бүгiлген, қолдарымен және саусақтарымен іртекті қимылдар жасайды. Тек қарапайым инструкциялырды қиындықпен орындайды. Госпитализациялануын еш ауырсынбайды. Сабырлы, аздап бейғам. Элементарлы сұрақтарға бiртектi жауап қайырады, Өзi жайлы ештеңе айта алмайды. Ешқандай сұраныс, шағымдар айтпайды, сөзі олигофазалы, ойлауы нақты. Науқас элементарлы ұғымдардың өзін біріктіре алмайды. Оқып, жаза алмайды, онға дейін санай алады, оның өзінде қателеседі. Ағымдағы күнді білмейді, уақытты бағдарлай алмайды. Күндер мен айларды есiне сақтай алмайды. Қызығушылықтары аса шектелген. Бөлiмшедегi тәртiбi бiрқалыпты, режимге пассивтi бағынады; қорғансыз, қасықты дұрыс ұстай алмағандықтан медицина қызметкерлерi тамақтандырады. Басқа науқастармен қатынаспайды, ұқыпсыз, лас, бөлектеніп жүреді. Палатада өзiнiң кереуетiн таниды. Өзiнiң аты-жөнiн дұрыс айтады, жасын бiлмейдi. Туыстарының келгендерiне немқұрайлы, тек әкелген тағамдарға қуанады. Бөлiмше жағдайын ауырсынбайды.

Диагноз: имбецильділік дәрежесiндегi олигофрения.

Дебилдiк (латынша dibilis - әлсiз, әлжуаз) - олигофренияның жеңiл дәрежесi, ойлау рутинділігімен (қрапайымдылығымен), абстрактылы ойлау қабiлетiнің болмауымен көрінетін интеллектуальды жеткіліксіздіктің өзіне тән сипатымен ерекшеленеді.

Дебильдiк жағдайын анықтау қиын, өйткені бұл дәрежеде имбецильдік кезіндегідей дөрекі бұзылыстар болмайды. Науқастың сөздік қоры жеткілікті, механикалық жадысы жақсы болған жағдайда кемақылдықты анықтау қиындай түседі.

Дебилдер қарапайым ұғымдарды біріктіре алады, бірақ абстрактылы түсiніктердің жоғары деңгейiне қабілетсіз. Дебилдердің сөз қоры жеткілікті жоғары мөлшерде болуы мүмкін, бірақ олардың сөздері біртекті, кедей, ойлау өнімділігі төмен. Кейде олар қарапайым, әсіресе тұрмыстық өмiрде жақсы бағытталады, жеке өмір сүруге қабілетті. Олар бастауыш немесе көмекшi мектептерді аяқтайды қарапайым қызмет түріне орналаса алады және неке құра алады.

Дебильдік дәрежесіндегі тұлғаның эмоциональды және еріктік ерекшелiктері имбецильдікпен салыстырғанда жақсырақ дамыған, олардың характерологиялық ерекшеліктері әрқилы, дегенмен ортақ белгілері де бар - өзін-өзі ұстау, әуестіктерін басуға жеткіліксіз қабілет, аса сенгіштік, сондықтан мұндай науқастар өзгелердің ықпалына жеңіл түседі. Дебилдердiң қозғалыс сферасы едәуір жетілген, бiрақ қозғалыстары икемсiз, сілтемелі болып келеді.

Олигофренияның басқа да формаларындағыдай дебилдерде физикалық даму ақаулары, неврологиялық бұзылыстар бақыланады. Олигофренияның жеңiл түрi - дебильдiкті шекаралық ақыл кемдігінің жеңіл формаларынан ажырату қажет. Интеллектуальды жеткіліксіздіктің шекаралық формаларымен балалар тұлғалық дамудың артта қалуымен ерекшеленеді: сенгіш, жеткіліксіз критика, таным қызметiнiң төмендеуi, эмоциялардың дифференцацяланбауымен. Мақсатты әрекет етуі бұзылған, міндеттер құруға және орындауға қабілетсіз балалар ерекше топты құрайды. Оларға қозғалыстық тежеусіздену, мақсатты қызмет бұзылысы, зейін шашырандылығы, концентрациясының бұзылысы тән, олар фантазиялауға бейім келеді.

Олигофренияның әртүрлi дәрежелерінің өзіне тән ерекшеліктері болғанымен олардың арасында нақты шекара жоқ. Олигофренияның барлық дәрежелеріне даму тежелуінің глобальдылығы және неғұрлым «балғын» психикалық функциялардың жетiлмеуi тән.

Соңғы жылдарда олигофренияларды динамикалық зерттеу қолданылуда. Әлеуметтiк-еңбектік реабилитация жүркізу арқылы психикалық ақауды компенсациялау мүмкiндігі пайда болды.

Қолайсыз факторлар әсерiнен (психикалық жарақаттар, соматикалық инфекциялық аурулар, жыныстық метаморфоз, қартаю, алкоголизация және т.б.) декомпенсация жағдайы пайда болуы мүмкiн. Декомпенсацияның клиникалық көрiністері невроз тәрiздi және психопатия тәрiздi бұзылыстармен, сонымен қатар пубертат алды және пубертатты кезеңдерде өзгерген сана фонында аффективті және қозғалыстық бұзылыстармен, егде жас кезеңінде галлюцинаторлы және сандырақтық феномендермен - психоз жағдайларымен көрiнедi. Психоз құрылымы мазмұнының элементарлылығымен ерекшеленеді.

Олигофрения синдромдары аса стабильдi, сондықтан емдеу кезiнде айтарлықтай тиімді әсерге қол жеткізу мүмкiн емес. Бұған қарамастан медико-педагогикалық шаралар комплексін өткізу науқастардың өмірлік жағдайларға адаптациялануына оң ықпал көрсетуі мүмкін.

 

Олигофрения формалары

 

Табиғаты эндогендi олигофрениялар. Хромосомды-генетикалық бұзылыс нәтижесiнде дамитын осы олигофрениялар iшiнде кең тараған формасы Даун синдромы болып табылады. Бұл синдром кезінде хромосомалар санында өзгерістер болады ( қалыпты адамда олардың саны 46), артық 47 хромосома болуымен ерекшеленеді.

Даун ауруы кезінде интеллектуальды жетiспеушiлiк көп жағдайда имбецильдік дәрежесімен жүреді, сирек идиотия және одан да сирек жағдайда дебильдiк дәрежесіне жетуі мүмкін.

Науқастардың сыртқы әлпеті өздеріне тән: көз сызықтары қиғаш, көздердің iшкi бұрышындағы терi қатпары (үшiншi қабақ, эпикант), нұрлы қабат перифериясындағы депигментация аймақтары, ұшы қызарған жалпақ бет, кiшкентай мұрын және кішкентай жоғарғы жақ. Тiлi мен жоғарғы еріннің ұлғаюы байқалады, тiлiнiң жүлгелері терең. Тiстерi майда және сирек, Аузы кішкентай, ашық күйде, жиі саливация бақыланады. Басы кiшкентай, шүйдесi тығыздалған. Саусақтары тырсиған, қысқа. Iшкi мүшелерінде даму ақаулары бар.

Нағыз микроцефалия. Табиғаты эндогендi олигофренияның бiр түрi болып табылады. Олигофренияның бұл формасының негiзiнде бас миының жетiлмеуi, бiрiншi кезекте оның жарты шарларының жетiлмеуі жатыр: жарты шарлар мишықты жаппайды, жүлгелері мен иiрiмдерi нашар дамыған және әрқашан анықтала бермейді. Әсiресе маңдай бөлiктері дұрыс дамымаған. Кемақылдық жиі идиотия сатысында болады.

Табиғаты эндогендi олигофрениялардың келесi түрi энзимопотиялық олигофрения болып табылады. Бұл ауру метоболизмнiң туа біткен бұзылыстарымен байланысты. Зат алмасу бұзылыстары негiзiнде тұқым қуалайтын ферментативтi жетiспеушiлiк (энзимопатия) жатыр.

Олардың ішінде жақсы зерттелгені фенилпирожүзiмдік олигофрения – фенилкетонурия болып табылады. Осы аурудың негiзi фенилаланиннiң тирозинге қайта өңделуінің бұзылысы болып табылады, нәтижесiнде фенилаланин жиналып және оның алмасуының жартылай өнiмдерінің артық мөлшері түзіледі (фенилпирожүзiм және фенилмай мен фенилсiрке қышқылдары).

Науқас балаларға өмiрiнiң бiрiншi айларынан құрамында фенилаланинi жоқ арнайы диета тағайындау интеллектуальды жеткіліксіздік дамуының алдын алуға мүмкіндік береді. Диетотерапия жүйелi түрде, үздiксiз бiрнеше жыл бойы (3-4 жылдан аз болмау керек) жүргiзіледі.

Ерте және қысқа уақыттық диетотепарияның тиімділігі кеш және ұзақ жүргізілген диетотерапиядан төмен.

Құрсақтық генездi олигофрения (эмбриопатиялар мен фенопатиялар).Бұл топқа ұрық тiнiнiң вирустармен зақымдануы нәтижесінде дамыған олигофрениялар жатады. Вирусты эмбриопатиялардың ең жиi тараған түрi рубеолярлы эмбриопатия болып табылады. Бұл жағдайда кемақылдық күрт айқындылық дәрежесінде және идиотия формасында көрінеді (сирек имбецильдiк дәрежесінде). Эмбриопатиялар анасының тумау, эпидемиялық паротит, гепатит, әртүрлi нейроинфекциялар және т.б. вирусты аурулары нәтижесінде дамиды.

Олигофренияның бұл тобына токсоплазмозбен байланысты формалары да (науқас анасынан плацента арқылы ұрықтың токсоплазмозбен зақымдануы) жатады. Ұрық ерте зақымданған жағдайда өлі туылады, ал кеш жарақаттанса олигофрения дамиды (фенопатияның бір түрі).

Олигофрения нәрестелердің гемолитикалық аурулары кезінде де дамиды (резус-сәйкессіздік). Бұл дерттің негiзiнде анасының қанының антигендiк құрамының ұрықтікімен сәйкес келмеуi жатыр. Ақыл аздық бұл кезде әртүрлі дәрежеде көрігуі мүмкін - дебильдiктен идиотияға дейiнгi аралықта болады. Жиі экстрапирамидалық бұзылыстар байқалады. Бала туылған сәтте токсикозды болдырмау үшiн алмастырушы гемотрансфузия жүргізу қажет.

Постнатальды зияндылықтар нәтижесінде дамыған олигофрениялар.Ең жиi және қолайсыз себептері босану кезіндегi жарақаттар және нәрестенің асфиксиясы болып табылады, және олар бірге кездесуі мүмкін.

Ошақ локализациясына байланысты неврологиялық бұзылыстар да бақыланады.

 

Емi

Олигофрениямен науқастардың емі медициналык және педагогикалық іс-шараларды кеңiнен қолдану арқылы кешенді және индивидуальды жүргізілуі қажет.

Витаминотерапия (В тобының витаминдері), гаммалон (аминалон), глутамин қышқылы, церебролизин, гипертензионды синдром кезінде – дегидратациялық терапия қолданылады. Ми қызметiн ынталандыратын және церебральды метаболизмдi белсендендіретін дәрiлік заттар кеңiнен қолданылады.

Психотикалық декомпенсация орын алғанда индивидуальды дозаларда нейролептиктер тағайындалады: седуксен, аминазин, френолон, трифтазин, галоперидол, этаперазин, финлепсин (дисфориялар кезінде, агрессиялық реакцияларда, тырысулық ұстамаларда).

Олигофрения терапиясындағы негiзгi бағыттың бiрi емдік-педагогикалық шаралар комплексін жүргiзу болып табылады. Олигофрендерді арнайы бағдарлама және әдіс бойынша мақсатты тәрбиелеу және оқыту неғұрлым ерте басталса, соғұрлым олардың әрi қарай еңбекке орналасуы және адаптациясы сәтті шығады. Бұл науқастардың жүріс-тұрысын коррекциялау, оларда өзін күту дағдыларын түзу, адаптациялық мүмкіндіктерін дамыту маңызды болып табылады, бұл қызмет түрі интеллектуальды ақаулардың тұрақтылығы мен қайтымсыздығына байланысты шектеулі болғанымен қандай-да бір дәрежеде тиімділік көрсетеді.