Инволюциялық параноид

Бұл психоз жүйеленген сандырақтың идеялар дамуымен сипатталады. Сандырақтық идеялар, ереже бойынша, үрейлі-жабырқаулы көңіл-күймен бірге жүреді. Науқастар өздері мен жақындарының сәттілігі мен денсаулығы үшін үрейленеді. Сандырақтық идеялар мазмұны қарапайым өмірдегі нақты оқиғаларға қатысты және қияли, фантастикалық сипатта болмайды. Науқастар көршілері немесе басқа да адамдар олар жоқта үйіне кіріп, ыдыс – аяқ, үй жиһаздарын бүлдіретінін, тамаққа улы зат салатынын мәлімдейді. Кейде науқастардың айтқандары шындыққа ұқсап, айналасындағыларын шатастырады. Бір науқас жақындарына, таныстарына өзінің көршісі ол үйде болмағанда кілт таңдап алып үйге кіріп, азық-түлік пен заттарын ұрлайтындығын әңгімелеген. Науқастың туыстары онымен бірге милицияға шағымданған. Бірақ күндердің күнінде, науқас туыстарына көршісінің үйіне түсіп, зиян келтіру мақсатында кілеміне дейін қиқалап кеткендігі жөнінде әңгімелеген, осы жағдайдан кейін туыстары оның ауруға шалдыққанын түсінеді.

Сандырақтық күйзелістермен қатар науқастарда галлюцинаторлы көріністер жиі бақыланады. Галлюцинациялар жиі есту сипатында. Науқастар қабырғаның арғы жағынан шу, аяқ дыбысын, өзін қорқытатын, іс-әрекетін жазғырушы дауыстар естиді. Психопатологиялық көріністерінің жалпы суреттемесіне әртүрлі ипохондриялық сезімдердің қосылуы жиі кездеседі. Науқас денесінің әр бөлігіндегі, жиі жыныс мүшелері аумағындағы жағымсыз сезімдерге шағымданады. Бұл сезімдерді сандырақтық сипатта талқылайды, оларды соңына түсушілер, қастандық жасаушылар тарапынан уландыру немесе басқа да әсерлердің салдарымен байланыстырады.

Науқас С.Н.Н., 56 жаста. Туыстарынан ешкім психикалық аурулармен зардап шекпеген. Уақытында туылған. Анасының жүктілігі және босануы жақсы өткен, ешқандай асқынусыз. Балалық шағында қалыпты өсіп, дамыған, дамуы жағынан құрдастарынан арта қалмаған. Мектепке 8 жасында барған. Мінезі бойынша көңілді, ашық, мейірімді, көп достары болған. Мектепте жақсы оқыған. Соғыс кезінде эвакуацияда болып, соғыс біткен соң, анасы мен кіші сіңілісі тұратын Апрелевкаға (Москва обл.) көшіп барған. Бұл жерде грампластинкалар заводында жұмыс жасап, жас жұмысшылар мектебінде 9 сыныпты бітірген. Одан кейін бала бақшаға ауысқан, себебі балаларды тәрбиелеуді ұнатқан және балабақша үйіне жақын орналасқан. Күйеуге шыққан. 49 жасында сіңілісі мен күйеуіне пәтерлес көршілерінің өзіне нашар қарайтындығы жөнінде әңгімелеген. Дәлел ретінде үйіне кеш қайтқан күні есікті қанша соқса да көршілері есік ашпағанын келтіреді. Сіңілісіне көршілері оны бұл үйден ығыстырып шығарып жіберіп, үйді өздері толық иемденбекші деп шағымданған. Көршісінің өзі жоқта бөлмеге кіріп, оның заттарын бүлдіретінін байқай бастайды. Дәлел ретінде шынының кетігін, төсек төсеніштеріндегі дақтарды, сөгілген жіптерді нұсқаған.

Науқас бірқатар уақыт өткен соң ізіне түскендер тек заттарды бүлдіріп қана қоймай сонымен бірге тамаққа улы заттар қосуға көшкенін «байқай бастаған» (науқас сорпа ішкенде тілінің күйгенін сезген). Көршісі оның бас жуатын суына улы зат қосып жібергенін, соның нәтижесінде шашы түсе бастағанын әңгімелеген.

Бірнеше рет милиция қызметкерлеріне шағымданған, бөлмесін ауыстыруды өтінген. Жеке бір бөлмелі үйді пәтер алып, өте қатты қуанған. Бірақ қуанышы ұзаққа созылмады, себебі астында тұратын көршілері ізіне түсіп, әлі күнге дейін олардың аңдулары жалғасуда деп есептейді. Осы себепке байланысты психиатриялық ауруханаға жатқызылған.

Түскен кездегі психикалық күйі: дәрігермен жеңіл сөйлеседі, даусы жұмсақ, монотонды, әңгімеде байымды, бұл ауруханада жатуы дұрыс емес деп, көршілері тарапынан ұйымдастырылған аңдулар жөнінде егжей-тегжейлі әңгімелейді, госпитализацияны солардың ұйымдастырғанына сенімді. Таза емес істермен айналысатын «топ» бар деп есептейді. Ол жөнінде науқас хабардар болғандықтан олар өзінен құтылғысы келеді. Көршілерінің өзін өлтіру қажет деген сөздерін естіген. Көршілерінің дауыстарын ашық терезеден, үй қабырғасы арқылы еститінін айтады. Өзін психикалық науқас деп есептемейді.

Бірінші күні бөлімшеде ешкіммен сөйлескен жоқ, уақытының көп бөлігін төсекте газет – журнал оқумен өткізді. Ешқандай шағым айтпайды. Бөлімшеге түскеннен бері ешқандай жағымсыз әсер сезінбеді, дауыстар естімеді. Ұйқысы, тәбеті жақсы. Бөлімшеде жүргеніне қымсынбайды, дәріні медперсонал қадағалауымен қабылдайды, мүмкіндігінше лақтырып тастауға ұмтылады.

 

Инволюциялық параноидтың болжамы инволюциялық меланхолия сияқты аса жайлы емес. Науқаста аффективті бұзылыстар, сандырақтық күйзелістер ұзақ уақыт сақталады. Бұл психопатологиялық көріністердің инерттілігі мен тұрақтылығына бас миы қантамырларының атеросклеротикалық өзгерістері ықпал етеді. Уақыт өте келе науқастардағы депрессивті-үрейлі және сандырақтық көріністер біртекті сипат алады. Науқастар өздерінің шағымдарын, үрейлерін және сандырақтық күйзелістерін біртекті сөздермен баяндайды. Дертті көріністердің айтарлықтай әлсіреуі және өзінің алдағы болған күйзелістеріне деген сын көзқарас қалыптасуы да мүмкін. Бірақ дерттен толық айығу байқалмайды.

Науқастарда өздеріне тән тұлғалық өзгерістер байқалады: қызығушылықтар шеңбері тарылады, тұлғалық көріністер монотондылығы, жоғары үрейшілдік пен күмәншілдік.

Кәрілік алды кезең психоздарының клиникалық көрінісінің ерекшеліктеріне байланысты МДП-бен, шизофрениямен, қантамырлық және басқа да психоздармен диферренциальды диагностика жүргізу қажеттілігі пайда болады. Инволюционды меланхолияның үрейлі күйдің бақылануымен, жедел кезеңде және одан кейінгі кезеңде де шизофрениялық тип бойынша тұлға өзгерістерінің болмауымен шизофрения ауруының кеш басталуы жағдайынан, МДП кезіндегі депрессиядан айырмашылығы бар. Органикалық психоздардан, және соның ішінде қантамырлық генезді психоздардан инволюционды меланхолияның инициальды көріністерінде бақытсыздықты күту үрейі, ипохондриялылық бақыланады, клиникалық суретінде бұзылған сана эпизодтары, психоорганикалық тип бойынша тұлғаның айқын өзгерістерінің, бас миының органикалық ауруын нұсқайтын неврологиялық мәліметтердің болмауымен ерекшеленеді. Егде жастағы адамдарда дамуы мүмкін басқа психикалық аурулардағы параноидты синдромнан инволюционды параноидты ажырату үшін жоғарыда аталған диференциальды диагностикалық критерийлерді қолдануға болады. Сонымен қатар инволюционды параноидқа «қарапайым өмірдегі оқиғаларды» бейнелейтін сандырақтық идеялар тән. Бұл аурулар диагностикасында оның егде жастағы адамдарда алғаш рет пайда болу фактының үлкен мәні бар.

Кәрілік жас кезеңіндегі психикалық бұзылыстар клиникасында қантамырлық бұзылыстардың үлес салмағы басым.

Сондықтан, жиі кәрілік алды және кәрілік жас кезеңінің психотикалық бұзылыстарын қантамырлық психоздардан ажырату қажет болады. Бірінші кезекте қантамырлық патологиямен науқастардағы психопотологиялық күйлер ағымының ерекшеліктеріне назар аудару қажет. Бас миының қантамырлық патологиясы бар науқастардағы психопатологиялық бұзылыстардың динамикасында психотикалық бұзылыстар мен қантамырлық патология динамикасы арасында белгілі бір байланыстылықты байқауға болады. Мұндай науқастардың психикалық күйінде көрсетілген психотикалық синдромдардан басқа психоорганикалық тип бойынша тұлға өзгерістері анықталады. Сонымен бірге тиянақты жиналған анамнез, әсіресе қантамырлық патологияны нұсқайтын мәліметтер болған жағдайда (мысалы, гипертониялық ауру) дұрыс диагноз қою жеңіл түседі.