Тақырып. Қазақ этнопедагогикасының алғашқы бастаулары

Жоспар

1.Орхон-енисей ескерткіштеріндегі халық педагогикасының көріністері.

2.Білге Қаған мен Күлтегіннің ескерткіштеріндегі абырой, намыс, ерліктерінің патироттық маңызы.

3. Ұлттық педагогика – бүгінгі Егемен Қазақстан мектептеріндегі оқу-тəрбие ісінің рухани бастау бұлағы

 

1.Орхон-енисей ескерткіштеріндегі халық педагогикасының көріністері.Тарихи жазбалар мен әдеби мұралар қадым заманнан бастап бүгінгі күнге дейінге үласқан рухани даму үрдісінің үздіксіз желісін үзбей келеді. Ол сонау Орхон-Енисей кезінен басталған түркі мәдениетінің тарихында, қазақ педагогикасының тарихи заңдылықтарында, тәлім-тәрбиелік ойларында, әрі тарих пен философия, әрі этнопедагогика мен этнопсихология, әрі этнология сипаттарды қоса білдіретін рухани қорлану көзі. Ежелгі түрік әдебиетінің көркемдік жүйесі - аса күрделі, тарихи сананың түзілу құбылыстарын даралайтын жүйелі таным дүниесі. Орта ғасырлардағы тәлім-тәрбиелік ойлардың көркемдік жүйесін, тарихи кезеңдердегі пікірлердің ішкі бастауының жаратылысын саралап тану қазіргі таңдағы қазақ педагогика ғылымы үшін өзгеше өркенді арна. Орхон - Енисей, Фараби мұралары мен «Құтты біліктің» арасында елеулі мәдени дәстүр, тәліми түркілік мектеп жатыр, танымдық халықтық психология, эстетикалық көзқарастың ішкі заңдылығы болатыны белгілі. «Құтты білік» классикалық көне түркі поэзиясының алғашқы кітабы деп қарағанымыз дүрыс. Бұл түркі мәдениетінің осынау ұлы ескерткіштерінің ішкі байланыстары мен дәстүрі - әлі де тереңдей үңілуді қажет ететін сирек әмбебап құбылыстардың бірі. Бұған адамзат өркениетінің әр саласының ғалымдары бүгінгі психология, салыстырмалы педагогика, этнопедагогика мәселелерінің астарында зер сала қарағанының куәсі болармыз. Бүгінгі қазақ қоғамындағы халықтық педагогика мен халықтық психологияның түп-төркіні, ілкі бастаулары, түркі тайпаларының бірігіп, Түрік қағанатын құрған кезден тасқа ойып жазылған ескерткіштерден келген. Ежелгі түркілер осындай жазуларын «бітік тас» («жазба тас») аталған ескерткіштерінде ел бірлігі, отанды қорғау, жерін сақтау, тән тазалығы, ар тазалығы, көрші елдермен тату-тәтті өмір сүру, олар мен әдепті карым-қатынаста болу, ұрпақты тәрбиелеу, тілін қастерлеу, түркілік мінезді калыптастыру сол заманның заңдылықтары, халық творчествосынан ұлттық психология, салт-дәстүрлер бейнеленген.

Орхон - Енисей жазбалары негізінен, қазіргі оқырманға да үғынықты. Осы ойма жазба тастарда терең мағыналы нақыл сөздердің тәлім-тәрбиелік тағылымдардан кейін бүгінгі қазақ халқына ықпал етіп, себеп болып, біртіндеп халықтық педагогикасы мен психологиясы пайда болып, орын алғаны белгілі.

2.Білге Қаған мен Күлтегіннің ескерткіштеріндегі абырой, намыс, ерліктерінің патироттық маңызы. Білге Қаған Ескерткіші Орхон түркі жазба ескерткіштерінің ішіндегі көлемі мен мазмұны жағынан ең үлкені әрі аса ірі “мәңгі тас” (көне түркі тілінде — “Беңгү таш” ) қатарына жататын ескерткіш кешен. Күлтегін ескерткішінен 0,5 км жерде орнатылған. Білге Қаған Ескерткіші мен Күлтегін ескерткішін орыс ғалымы Н.М.Ядринцев тауып (1889), оны белгілі түркітанушы В.В. Радлов Дания ғалымы В.Томсен анықтаған әріптік жүйемен оқыды (1894). Білге Қаған Ескерткішін А. Аманжолов, Ғ.Айдаров, т.б. ғалымдар әр қырынан қарастырып, зерттеген. Ескерткіш Екінші Шығыс Түрік қағанатының атақты қағаны — Білге қағанға арналған. Көне түркі бітік жазуындағы Білге қаған есімі қытай жазбарында рі-кіа, мо-кі-lіen, mo-gі-lan [могилен] т.б. кездеседі. Сол себептен ғалымдар “Білге қаған” лауазымы, ал “Могилиен, могилян” — оның өз аты дейді. Көне түркі бітігіндегі “Білге қаған” деген сөздің мән-мағынасы — “білікті, билік-төрелікті ұстай білген, сұңғыла-білгір қаған” деген ұғымды білдіреді. Білге қаған тұсында Екінші Түрік қағанаты терр. тұрғыдан кеңейіп бекіді, аса қуатты құдыретті империяға айналды. Бұл жайында Білге Қаған Ескерткішінде кеңінен мәлімет берілген. Ескерткіште көшпелілердің “тәңрітекті түрік елі үшін” Бумын, Естемі, Білге Құтылық қағандары мен баїадүр, ақылгөй ерлерінің “ел-жер-тірлік” тұтастығын сақтау, қорғау, болашақ ұрпаққа жеткізу жолындағы ерліктері, мемл. ұлы істің бірегей мақсат-мүддесі шебер тілмен, тұжырымды да тиянақты түрде жазылып, тарихи оқиғалар уақыт желісімен баяндалып бәдізделген. Ескерткіште “елді халық едім, елім енді қайда! Қағаны бар ел едім, қағаным енді қайда, қай қағанға іс-күшімізді жұмсар екенбіз!” деген астарлы тілмен ел тағдырын жырлайды. Тәңірі күш-қуат бергендіктен, қағандық әскері бөрідей, жаулары қойдай болды деген рухтандырғыш жолдар да мол. Білге Қаған Ескерткішінде оғыз, тоғыз-оғыз, қырқыз, құрықан, отұз татар, татабы, қытан, ұйғыр, үч құрықан, қарлұқ, түргеш секілді көшпелі түркі этностары және де моңғол-манжұр тектес ру-тайпаларымен қатар Бөклі чөллік ел, түпүт, апар, пұрұм, табғач, т.б. отырықшы елдер туралы тарихи деректер, нақты мәліметтер баяндалған. Жер жүзінің төрт тарапы (бұрышы), Ұлы Түрік қағандығын нығайту, одан әрі ұлғайта дамыту жолындағы саяси іс-шаралар, көптеген жорық-шабуылдар, олар өткен Бөклі шөлі, Темір қақпа, Шантұң, Йашыл өзен, Көгмен, Қадырқан, Бесбалық, Селеңгі, Ертіс, Езгенті, Мағы Қорған, Байырқұ, т.б. жер-су, елді-мекендер көркем жырланады. Бұл “мәңгі таста” Білге қағанның інісі Күлтегін, дана білгір Тоныкөк жайында да сөз етеді.