Тақырып. Қазақ халық педагогикасы қазақ этнопедагогикасының негізгі көзі

Жоспар

 

1.Қазақ халық педагогикасы және этнопедагогика

2. Қазақ этнопедагогикасындағы ұлттық философияның рөлі

 

1. Қазақтың халық педагогикасы мен этнопедагогика.Қазақтың халық педагогикасы ғасырлар бойы қалыптасқан қағидаларында, қисындарында, жөн-жоралғыларында, сөздері мен ұғымдарында, болжамдарында көрініс тапқан. Ал осылар халық әдебиетінде, тарихымыз бен мәдениетімізде, әдет-ғұрып, дәстүрлерімізде, оларды әнге қосқан, жыр еткен ұланғайыр поэзиямызда, ата-бабаларымыздың даналығында, батырлардың білегінде, қыранның қанатында, арулардың жүрегінде, ақсақалдардың ақ батасында, аналардың тілегінде, тұлпарлардың дүбірінде, халықтың сан ғасырлық тәжірибесінде сақталған. Теорияны шартты түрде заң десек, қазақ үшін ол заңдардың негізі салт-дәстүрлеріболған. Қазақ халқының өзіндік мәдени, рухани, әдеби ұлттық дәстүрі қалыптасты. Халқымыздың тәрбие туралы ұғымдары өз өмірінде заң ретінде қолданылып келді, олардың іске асуын ақсақалдар қадағалады. Халық ауыз әдебиетінде қалыптасқан дәстүрлер одан әрі жалғастырылып, халықтық тәрбие туралы ой-пікірлер тереңдей түсті. Демек халықтың тәлім-тәрбиесінің теориясы халықтың салт-дәстүрі, өмірлік өрнегі мен дағдысында, мәдениетінде жинақталған. Қазақ халқының тағы бір этномәдени ерекшелігі - өзі мекен еткен даланың, таудың, теңіздің, өзеннің сырын, жер жағдайын, ауа райын бақылап және көрген-білгенін ертекке, жырға, жұмбаққа, мақал-мәтелге айналдыруы, табиғат сырын ұғып қана қоймай, оның тылсым дүлей күшіне қарсы күресуі, әр түрлі қиялдауы. Ұлттық психология қоғамдық сананың компоненті ретіндегі құбылыс. Ол ұлттық мінез-құлықты сипаттайтын психикалық белгілер мен қасиеттер жиынтығын көрсетеді. Ұлттық психологиялық құрылымдардың ерекшелігі адамдардың отбасының қарым-қатынасынан, киім кию формасынан, ойын түрлерінен, салт-дәстүрінен, жасалған ұлттық тағам түрлерінен байқалады. Ұлттың психикалық құрылымы үш компоненттен тұрады: ұлттық сезім, ұлттық салт-дәстүр, ұлттық мінез-құлық. Ұлттық сезім - адамдардың туған елге, өскен жерге, ана тіліне, ұлттық салт-дәстүріне деген сүйіспеншілігі, қоршаған ортаның (әлеуметтік, экономикалық, мәдени және жаратылыс құбылыстарының, т.б.) сол ұлт өкіліне тартқан ерекшелігі. Ұлттық сезім басқа да сезімдер сияқты адамның жеке басының қанағаттану, шаттануынан немесе риза болмай қанағаттанбауына байланысты туған ой-қиялдар әсерінің сезім арқылы шығарған көрінісі. Мысалы, «Елім-ай» өлеңін ести, «Сары-арқа» күйін тыңдай отырып, туған жер табиғатына деген сүйіспеншілік шаттық сезімнің оянуы табиғи заңды құбылыс. Адамның ана тіліне адамның ішкі сезімін басқаға, ой-қиялға жақын, жүрегіне жылы, ойға таза оралатын сезімнің сыртқа шығар көрінісі, басқаға білдірудің күшті құралы. Айталық, сұлу қызды аспандағы айға, күлімдеген күнге, судағы құндызға теңеу қазақ ұғымында ұлттық сезімге жақын теңеулер. Ұлттық салт-дәстүр - әрбір қоғамның ондағы әлеуметтік топтардың белгілі бір өмір сүру тәсілі. Бұл ұғым қоғамның, оның топтары мен таптарының өздеріне тән жұмыс-тұрмыс жағдайын, мәдениетінің дамуын, отбасындағы және тұрмыстағы қатынас ерекшеліктерін бейнелейді. Осы асыл-мұра өмірде қолданылмаса, шет қалып бара-бара ұмытылады. Ал, тіл сақталмаса, ол халық ұлт ретінде жойылады, яғни тіл бар жерде ел бар, ел бар жерде салт-дәстүр бар. Қазақтың дәстүрлері үлкен кісіге, ақ сақалды қарияға, ата мен анаға иіліп сәлем беру, есік ашу, кебісін кигізу, жол беру, атқа отырғызу әдеттері көпшіліктің бойына сіңген ізгі қасиеттері. Ол сый-құрметтің белгісі оларға қариялар бата беріп, «бақытты бол, балам!» деп жатады. Ал, бата алу зор ғанибет. Сондықтан қазақ халқында «Батасыз ұл жарымас, баталы ұл арымас» деген мақал бар. Бұлар негізінен ұлттық ерекшеліктерге жатады. Ұлттық мінез-құлық - сол ұлтқа тән темпераменттік, психикалық, адамгершілік рухани саласымен ерекшеленіп көзге түседі. Әрине, бұл қасиеттер басқа халықтар да жоқ деген ұғым тумауы қажет. Олар әр халықта әр түрлі қырынан көрініс табады. Ұлттық қасиет – ұлттың мінез-құлық манерасын, өмір сүру үлгісін, олардың еңбекке, басқа ұлтқа және өзінің мәдениетіне қатынасын анықтайтын тұрақты тарихи қалыптасқан психологиялық белгілерінің жиынтығы. Халықтың ұлттық психологиялық ерекшеліктері төмендегі компоненттерді де қамтиды: мотивациялық – байқағыштық, байқампаздық, іскерлік, жұмысқа қабілеттілік сияқты қасиеттердің көрінуі мен үйлесімділік дәрежесінің ерекшелігі мен айқындығы; интеллектілік – ойлау әрекетін ұйымдастыру сипаты, ойлау операцияларының жылдамдығы, тапқырлық, ептілік, логикалық және абстрактылық ойлау дәрежесі; танымдық – қабылдаудың белсенділігі мен тереңдігі, көңіл қойып бейнелеудің айқындығы; көңіл- күй – сезімнің өту динамикасы, сезімді көрсету ерекшелігі; еріктік – ерік жігерінің тұрақтылығы мен ұзақтығы;коммуникативтілік – адамдармен өзара әрекет сипаты. Осы ұлттық психологиялық қасиеттердің барлығының тұрақты қызмет атқаруы халықтың ұлттық санасына өзіндік әсерін береді.

2. Қазақ этнопедагогикасындағы қазақтың ұлттық философиясының рөлі.Әр ұлттың өзіне тән тіршілік кәсібі, тарихы мен мәдениеті бар. Мәдениет сөйлеу тілінен, ойлау жүйесінен айқын көрініс табады. Сондай-ақ ұлттық мәдени ерекшелік сол халықтың өмір сүру тәсілінен, әдет-ғұрпынан, салт-санасы мен дәстүрінен өзекті орын алады. Қазақ халқының ұлттық философиясы ой толғаныс қазынасына (ұлттық психология), ұрпақ тәрбиелеу тәсілдеріне (этнопедагогика), салт-дәстүр ерекшелігіне(этнография) тікелей байланысты. Осы тұрғыдан алғанда қазақ халқының бойына туа біткен ұлттық психологиялық қасиеті философиялық ойлау жүйесінің негізі болып табылады. Қазақтың ұлттық философиясының ерекшелігі біріншіден, ол тұспалдап, мақалдап, мақамдап, тақпақтап сөйлеу, жыр, терме, толғау, айтыс өнері арқылы көзге көріну. Екіншіден, танымдық, яғни ата мекен, ел-жұрт, т.б. мәселе жөніндегі көзқарасы.Үшіншіден, ана тіліне, сөз өнеріне ерекше ден қойып, жоғары баға беруі. Төртіншіден, ұлттық базисі болып есептелетін көшпелі өмірімен, мал шаруашылығымен тығыз байланыстылығы. Қазақ философиясы қазақтың әлемді сезінуінің мәнін анықтайтын дүниетаным. Ол қазақ этнопедагогикасы мазмұнының дүниетанымдық бағытын қалыптастыруға әсер етеді.Қазақ фольклорындағы философиялық ойлар халық даналығының жетістігі деп саналады. Онда философиялық, диалектикалық әдістер толық жүзеге аспаса да, өмір сүрген қоғамда халықтық ой-сана қалыптасады. Қазақ философиясының ерекшеліктері көбінесе салт пен дәстүрде, рухани мұра мен адамдардың мінез-құлықтарында басым қолданылады. Табиғи ортаны өзгертудің пайда болуы философиялық көзқараста адамның айқын мақсатты қызметін, мақсат қою факторын өмірге келтірді, ұлттық дүниетанымы пайда болды. Қазақтың ата тегі мәдениетіне назар аудару ондағы этнос менталитеті ұғымын түсінуге мүмкіндік берді. Бұдан қоғам мүшелерінің барлығына қатысты және жекелік деңгейде көрінетін, қоғамда ұжымды түрде қалыптасатын ойлау мен психика құрылымын ұғынамыз. Менталитетғылыми мінез-құлық пен әдет-ғұрыптар жиынтығы негізінде бағдар таңдауын талап етеді. Табиғи және әлеуметтік өмірді тікелей бейнелеу, дүниенің құрылымы, оның жасырын күштері туралы тұрпайы түсінік бұл қазақ философиясының бастапқы кездегі деңгейі еді. Қазіргі кезде тарихи-философиялық ғылымның көптеген халықтардың философиялық мұраларын зерттеген тәжірибесі ұлттық философияның қалыптасуы мен дамуы, бағыттары жинақталған жалпы ойларды тұжырымдауға кең мүмкіндіктер береді. Қазақтың ұлттық философиясында қоғамдық ой үш кезеңнен қоғам, қоғамдастық, қоғамдық пікірден өтті. Қоғамдастық- бұл өзінше бір тарихи институт, оның пайда болуы арқылы қоғам өз мәніне ие болуға қабілетті деп қарау керек. Табиғи және әлеуметтік өмірді тікелей бейнелеу, дүниенің құрылымы, оның жасырын күштері туралы тұрпайы түсінік бұл қазақ философиясының бастапқы деңгейі еді. Қазақ философиясы қазақ халқының мәдени жетістіктерінің негізгі бөлігі және заңды жалғасы. Қазақтың ұлттық философиялық ойының ерекшелігі - оның шынайы патриотизмін, халқына сүйіспеншілігін, оның бақыты, мүддесі және болашағы үшін күресуге дайын және оған жету жолдарын өз қадерінше анық, жан-жақты көрсете білуі дер едік (М.Жұмабаев). Аса маңызды философиялық категориялардың бірі - уақыт ұғымы болып табылады. Қоғамның біртіндеп дамуымен, тайпаның тарихи жадында қалған жекеленген құбылыстар мен белгілі бір оқиғаларға байланысты адамдардың уақытты сезінуі ояна бастады. Жұт, аштық, оба, мал індеті, соғыс, т.б. табиғи және стихиялы апаттар адамдар санасында өз ізін қалдырып, белгілі бір уақыт қарқынының анықтамасы ретінде қызмет атқарды. Уақытты түсінушілік жекеленген адамдар үшін ғана мәні болғанымен, әлемдік жаратылыстың өтпелі компоненттерімен берік байланыста болды. Ол туралы Л.Н.Гумилев «Халықтың әл-ауқат жағдайын анықтайтын, классификация үшін аса ыңғайлы индикатордың бірі этникалық сананың уақыт категориясына қатыстылығы болып табылады,»- деп жазды. Уақыттың ең бірінші бағдары ауа райы болды. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер кезі – қыстың соңғы күндерінен соң көктемгі алғашқы көкке ілігу мен қайта түлеу өзгеріс әкеледі. Көктемгі күн мен түннің теңелуімен Жаңа жыл – Наурыз келеді. Осыдан барып «шөптің көгі» уақыттың обьективті критерийі болып табылады. Бұл көктемгі-күзгі науқанға, қыстаудан жайлауға шығу, осы көш жолындағы көктемгі және күзгі маусымға байланысты әр түрлі мейрамдардың тууына негіз болды. Ежелгі түріктер мен қазақтың ата тегі осылайша өзінің табиғатпен етене жақындығы мен ұқсастығы арқасында табиғат құбылыстары күнтізбесін – фенологиялық календарды қолданды. Бұл қазақтың ата тегінің этнос ретінде табиғатты біртұтас және өзіне өте жақын деп танығандығын көрсетеді. Дәл осының өзі «халық – адам – табиғат» қатынасын мейлінше толық және адекватты көрсететін болмыс қисыны. Шаруашылық қызметтің өсуі циклдік күнтізбеге көшуге мәжбүр етті. Оның құрамына жеті күндік апта, төрт апталық ай, он екі айлық жыл және он екі жылдық мүшел циклдері кірді. Бір цикл айналымына сыймайтын оқиғаларға уақыттың «тірі хронология» стилі қолданылды. Түрік қағанатының құрылуымен ұзақ жыл санау әдісіне көшті, бұл атау түріктердің тіршілік кеңістігі ұлғаюына, батысқа және шығысқа бағытталған экспансиясы артуына байланысты болды.Кеңістік - сандық өлшем ретінде өз шамасын талап етеді. Өлшем саласына жататын мөлшер ұғымы ежелгі түріктерде екі мәнге ие болды. Бұл тұрғыда қазақтың ата тегінде мөлшер – сапа ұғымын алдын ала қолдану негізінде сан категориясының жалғасы болып табылады. Мөлшердің түп-төркінін түсіну жеке адамға мөлшердің ішінде сапалық шамаластық бар екенін, бір сапаның сандық өлшемдері өзара байланысты екендігін, яғни заттың, құбылыстың ішінде сандық өлшемдер арасында өзара қатынастық болатынын көрсетеді. Қазақтың ататегі үшін қарапайым жер өңдеуден көшпенділікке, одан кейін жартылай көшпенді мал өсіру кәсібіне ауысу материалдық мәдениеттің жаңа формасын іздеуден көрінді. Бұдан қазақтың ата тегіболмыс дүниесін – сапаның, кеңістіктің, уақыттың, мөлшер мен форманың тікелей нұсқаларын мейлінше жақсы игергенін көреміз. Қорыта келгенде, мәдени мұраның халықтық психология мен тәлім-тәрбие сипатын тануда өзіндік орны бар. Әрбір этностың, халықтың өзіне тән ұлттық психологиясы, мінез-құлқы, этикасы, эстетикалық талғамы, моралдық, т.б. ерекшеліктері болады. Қазақтың халық педагогикасының болашақ ұрпақтың дүниетанымдық көзқарасын дамытудағы маңызы ерекше.