Дәріс. Тұлғалық-бағдарлы білім беру технологиялары

Дамыта оқыту технологиясы –оқушыны жан-жақты ізденуге, өзіндік ой-тұжырымдарын жасай алуға үйретеді. Дамыта оқыту – бұл оқу үрдісінде оқушының барлық мүмкіндігінің толық іске асуына негіз болатын бағдарлы оқыту болып табылады. Дамыта оқыту теориясы Г.Пестолоцкий, А.Дистервек, К.Ушинскиден басталған. Бұл теорияны алғаш негіздеп дәйектеген Л.С.Выготский болса, кейіннен Л.В.Занков, В.В.Элконин, В.В.Давыдов, И.А.Менчинский т.б. тәжірбиелік-эксперименттерінде әрі қарай жалғасын тапты.

Дамыта оқыту тұлғаның барлық қасиетін тұтас бірлікте дамытуға негізделген. Дамыта оқытудың барысында оқушылардың ойлау, байқампаздық қабілеті дамиды, ашық пікір қорғауға талпынады, мәтіндегі басты ойда түсінуге, талдауға ұмтылады, өзін-өзі бағалай білуде пікір алмастыра алады. Тұлғаның өзіндік үні «менің ойымша», «егер мен болсам», т.б. қалыптасады. Мұның өзі оқушыны ойландырады, тақырыпты терең түсініп, мән-мағынасын ашуға қызығады, өз бетінше жұмыс істеуге ұмтылады, өзіне деген сенімі артады. Шығармашылық қабілеті дамиды.

Кезінде Қ.Жұбанов ХХ ғ. 30-жылдары «технология» мәселесіне айтарлықтай мән бере отырып, тақырыпты баяндамас бұрын, сұрақ-жауап әдісі арқылы оқушыны ойлануға, пайымдауға шақыруды, оалрды іздендіре отырып санасына түрткі жасауды дамыта оқыту идеясынан туғанын көрсетеді. Зерттеушінің әдістемелік еңбектерінде блоктық-модульдік, оқыту, дамыта оқыту, қашықтан (аулақтан) оқыту идеяларының көрініс табуы, оның өміршеңдігін құндылығын дәлелдей түседі. Демек, дамыта оқыту оқушының ойлау дүниесін (сөйлеу, интелект, қиял, ес, сезім т.б.) дамытуға әсері ерекше екенін, мәтінді ұғыну, тіл-ойлау-сөйлеудің өзара әрекеттестігі негізінде құрылатынын байқатады. Мұның өзі оқушының ойлау мен сөйлеуін дамытуға ықпал етеді.

Ойлау қабілетінің дамытуда бала қиялы жүйрік, терең болуға тиіс, ол іс-әрекет үстінде дамып, жетіліп отырады. Сабақ барысында оқушылардың теориялық ойлау, пікір алмасуы, ой қорытуы, өзіндік тұжырым жасауы олардың танымдық қабілеттерін арттырады. Дамыта оқыту барысында оқушыларға берілетін жаттығулар мен тапсырмалардың қай-қайсысы болмасын олардың шығармашылықпен жұмыс істеуіне бағыт-бағдар береді, өз ойларын еркін жеткізуге дағдыланады. Шығармашылық ізденістер, жеке, дара т.б. тапсырмалар оқушылардың қызығушылығын арттырады, алдарына нақты мақсат қояды, оны шешуге өздіктерінен әрекет жасайды.

Демек, дамыта оқыту барысында танымдық-зерттеушілік әдіс жандана түседі. Мәтінді оқып, жете түсіну, ойлау шығармашылық ізденіске жетелейді. Мұның өзі білімді өз бетінше ізденуге жол ашады. Түсіну-ойлау әрекетінің өзіндік жемісі.

Бұл технология ‹‹оқушы мұғалімнің оқыту әрекетінің объектісі емес, оқудың өзін-өзі өзгерте алатын субъектісі болады›› деген қағиданы негізге алады. Субъектісі болу дегеніміз − ол өзін-өзі өзгертуге қажеттілік болу және оған оқу арқылы қол жеткізу. Яғни, оқығысы келу, оқуды ұнату және оқи алу. Бұл жерде білімді игеру, іскерліктері мен дағдыларының қажеттіліктері жоққа шығарылмайды, алайда тек мақсат ретінде емес, оқушыны дамытудың өзіндік құралы ретінде ғана қарастырады. Мұғалім оқушының өз бетімен ізденуіне жол көрсетуі қажет. Дамыта оқыту технологиясы жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуына және оның өзіндік шығармашылық қабілетін арттыруға, қажетті іскерліктері мен дағдыларын қалыптастыруға баулиды, өз мүмкіндіктерін пайдалана отырып, білім алуына жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Аталған технологияда білім алушының ізденушілік, зерттеушілік әрекетін ұйымдастыру басты назарда болады. Ол үшін оқушы осы уақытқа дейін өзінің алған білімінің жеткіліксіз екендігін сезінетіндей болуы қажет. Содан барып оның білім алуға деген ынтасы мен қызығушылығы артады. Сабақ оқу мақсатының қойылуы, оны шешудің жолдарын бірлестіре қарастыру, шешімнің дұрыстығын дәлелдеу тәрізді бөліктерден тұрады. Оқушы теориялық материалды жалаң, жаттанды түрде емес, қарапайым бақылаулар жасау, зерттеулер жүргізу арқылы меңгеруі керек. Дамыта оқытуда қойылатын сұрақтар ойлауды, пайымдауды қажет ететіндей проблемалы сұрақтар болуы қажет. Дамыта оқытуда сабақта жаңа материалды талдауға көп көңіл бөлінеді. Талдау ізденістен тұрады. Талдау барысында мұғалім баланың ой-пікірін бақылауға мүмкіндік алады. Дамыта оқыту жүйесінде мұғалім оқушыларды «жақсы оқитындар», «жаман оқитындар» деп бөлмей, барлық балардың дамуы үшін жағдай туғызады. Мұғалім мен оқушы арасындағы қатынас ынтымақтастыққа, өзара сыйластыққа негізделеді.