Дәріс. Оқыту үдерісіндегі ынтымақтастық технологиялары.

Жоспары

1.Ынтымақтастық педагогика технологиясы мақсаты мен ерекшеліктері

2.Ынтымақтастық педагогикасының негізгі принциптері.

 

Оқыту үрдісінің жақсы жүзеге асырылуы мұғалім мен оқушылардың бірлескен іс-әрекетіне, өзара ынтымақтастығына байланысты. Жеке адамның мүмкіндігінің ашылуы педагогикалық үрдістің сипаты мен бағытына, педагогикалық ортаға, педагогикалық жағдайларға байланысты. Ш.А.Амонашвили педагогикалық үрдіс мұғалімнің оқушының қиындықты жеңуге көмектескен сәттегі ынтымақтастығы дейді. Оның ойынша мұғалім балаға материалды түсіндірсе, қалай орынтайтыны туралы бағыт берсе, тұспалдаса, ынталандырсағ қызықтырса, сенім ұялатса ғана ол балаға көмектесе алғандығы.

 

Ынтымақтастық педагогика технологиясы

Мақсаты:
* Талап ету педагогикасынан қарым-қатынас педагогикасына өту; * Балаға ізгілік тұрғысынан қарау; * Оқыту мен тәрбиенің ажырамас бірлігі.
Ерекшелігі:

 

 

1. Мұғалім де, оқушы да субьект болады 2. Басымдылық көрсетілмейді 3. Бірлік одақта қызмет етеді. 4. Оқушы мен мұғалім арасындағы өзара түсінушілік, ынтымақтастық қарым-қатынас.   5. Балаға жеке тұрғыдан қарау: 6. 7. Қоршаған орта педагогикаланады.
Принциптері:
1. Оқушылармен жылы қарым-қатынас жасау 2. Баланың жеке басын қадірлеу 3. Оқушылардың кемшілігін сынып алдында айтпау 4. Балаға сенім білдіру, талап қою, болашағына үмітпен қарау 5. Баланың қуанышы мен қайғысына ортақтаса білуі  

 


Дәріс. Модульдік оқыту технологиясы

Дәріс. Модульдік оқыту технологиясы

Жоспары

1. Модульдік оқыту технологиясының мақсаты мен ерекшеліктері.

2.Модульдік оқыту технологиясын пайдалану жолдары

 

Модульдік технологиясы оқушылардың оқу мотивациясын күшейтіп, шығармашылық ізденістерге жетелейді, бұл технология жеке оқушының білім сапасын анықтауға бағытталады. Оқушыға берілетін білімді алдын-ала модульге бөліп алып, үйрету өзінің тиімді нәтижесін береді. Модульдік оқыту 1960 жылдардың аяғына қарай АҚШ, Германия, Англия сияқты елдердің оқу үдерісіне еніп, қолданыла бастады. Білім алушының мүмкіндігіне қарай модульдік оқытуда мәтіннің мазмұны бөліктерге бөліп беріледі. Демек, модуль – іріленген мазмұнды дидатикалық бірлік деп саналады.

Энциклопедиялық сөздіктерде модуль (лат.) «өлшем», «шама», «мөлшер» деген ұғымды білдіреді деп көрсетілген. Ғалымдар мен зерттеушілердің (Г.Қ.Нұрғалиева, А.А.Гучинский, Г.С.Кудебаева, Ю.У.Байсалов, Ю.К.Балашов, Н.Д.Никандров, т.б.) пікірлерін, анықтамаларын сараптай келе, модульдің өзіндік ерекшелігін төмендегідей түйіндеуімізге болады. Атап айтқанда, модуль арқылы білім алушылардың өздік ізденісіне жол ашылады, олар әр бөліктер бойынша ойланады, қосымша материалды пайдаланады, тұжырым, қорытынды жасайды. Бөлінген мәтіндермен жұмыс жасай отырып, оларды толықтырады, қысқартады, мазмұнға сай өзгертулер жасайды. Сөйтіп, олар оқу материалының дербес бөлік екеніне көз жеткізіп, дәстүрлі оқыту мен модуль арқылы оқытудың ерекшеліктерін танып біледі.

Мысалы:

Дәстүрлі оқыту Модульдік оқыту
1. Оқытудың мақсаты айқын емес. 2. Оқыту нәтижесі ең соңында белгілі болады.   3. Оқу мәтіндерін жалпылама барлығы толық беріледі. 4. Мұғалім негізгі тұлға, өз пікірін жоғары қояды. 5. Оқушының қызығушылығы төмен, көп белсенділік танытпайды. 6. Мәтінді түсіндіру бір сарында өтеді. Оқушы кейде жалығып, тындамайды, өзіндік ізденіске түспейді. 7. Олардың білімі сабақта ғана тексеріледі. 1. Мақсат нақты , айқын. 2. Нәтиже белгілі болғандықтан, оқушылар соған жетуге тырысады. 3. Мәтіндер бөлікке, модульге бөлініп көрсетіледі. 4. Мұғалім – бағыт беруші студент пікірін үнемі ескереді. 5. Оқушы өз пікірін білдіруге қорғауға, дәлелдеуге белсенді. 6. Әр оқушы материалды өз мүмкіндігіне сай меңгереді. Қызығушылық танытып, тұжырымдар, қорытынды пікір айтуға дайын болады. 7. Оқушы білімі әр модульден кейін тексеріліп отырады.

 

Модульдік оқыту берілетін білімнің оқушылардың жеке бастарының ерекшеліктеріне, іскерліктеріне, жұмыс істеу қабілетіне, белсенділігі мен пәнге қызығушылығына бағыттауға, оқыту жүйесін оқушының жеке басының игеру қабілетімен үндестіру мәселесін іске асыруға мүмкінік туғызады. Ең бастысы мұнда пәнді мазмұнға қарай модульге бөлу, оның мақсатын нақтылау және модульдің тексерілуі, жүйелілігі, тиімділігі, нәтиженің айқындығы, оқушының шығармашылықпен ойлауға қалыптастындығы байқалады. Модульдік оқытуды саралап, оның осындай өзіндік ерекшеліктерін көрсетуде ғалым-зерттеушілердің пікір, тұжырымдары бір арнаға тоғысады.

Модуль оқу материалының мазмұнын сапалы, көрнекі түрде меңгеруге ықпалын тигізеді. Жазушы шығармаларын модульге бөліп оқытуда жалпы дидактикалық ұстанымдар басшылыққа алынады, мәселен, жүйелілік, әр модуль бірін-бірі толықтырып, төмендегідей жалғасып отырады:

– әр модульде интерактивті тапсырмалар мәтінге сай ұсынылады;

– мәтінді есте берік сақтау мақсатында теориялық материалдарға қайталау сұрақтары, әдеби жаттығулар беріледі;

– танымдық мотивациясын белсендіру, өздік жұмыстары, реферат, тест, эссе, шығарма т.б. жұмыстарды орындату көзделеді;

– әр модульдің мазмұн жағынан дербестігі, белгілі бір уақытқа негізделетіні ескеріледі.

– әр модуль инновациялық, жаңа технологиямен оқытуға байланысты үнемі толықтырылып, оларды өзгертіп отырудың оңтайлы болу жағы қарастырылады.

Модульдің мазмұны оқу үрдісінде төмендегідей бірнеше блогқа жіктеледі:

Модульге кіру блогы. Мұндағы мақсат оқушылардың тақырыпқа қатысты бұрынғы білетіндерін толықтыру, еске түсіру, білім деңгейін тексеру, қайталау сұрақтары гипермәтінге сәйкес беріледі.

Проблемалық блокта оқушыларды ойландыратын, іздендіретін құзыреттілік түріндегі сұрақтар мен тапсырмалар беріледі.

Тереңдету блогында білім алушыларға ұсынылған ақпараттық мәліметтер, жазба жұмыстары, әдеби-теориялық ұғымдар тереңдетіп талдауды қажет етеді, ізденушілік бағыт басым болады.

Қорыту,бекіту блогы. Мұғалім оқушылардың ә алған теориялық білімдерін іс жүзінде қолдана алуына бақылау жасайды.

Тексеру блогы. Мұнда берілетін тапсырмалар білім, білік, дағдылардың мақсатқа сай орындалуын, оқушылардың оқу жетістігінің нәтижелілігін тексереді.

Сөйтіп, берілетін білім мазмұнының модульға топтасуы білім алушылардың білімін нығайтуда, мазмұндық интеграцияны нығайтуда ұтымдылық байқатады. Модульдік оқытуда оқушылардың оқу материалын тұтас, жүйелі ұғынуына жағдай туады, ақпараттық білімдік орта құру арқылы модульден мәтінге, тапсырмалар мен тестерге өтуге болады. Модульге ену оқушылардың ақпаратпен жұмыс істеу, оны өз іс әрекеттерінде пайдалана алу біліктіліктері мен құзыреттіліктерін жетілдіреді. Модульдік оқытуда мұғалім өз міндетін нақты жоспарлайды, берілген тақырыптар төңірегінде әртүрлі әдеби тапсырмалар орындатуды ойластырады.

Модульдік оқыту технологиясының мақсаты мен ерекшеліктері.

Жаңа педагогикалық технологияның XX ғасырдың 60 жылдарында пайда болған түрі – «Модульдік блокпен оқыту жүйесі». Бұның дүние жүзінде 4 жолы бар:

-Американдық модуль

-Неміс модулі

-Скобиннің орыс модулі

-Алексюк пен Фурманның украиндік модулі

Бүгін таңда М.Чошановтың мәселелік модульді оқыту технологиясы, П.Третьяковтың, К.Вазинаның модульді оқыту технологиясы, жан-жақты қарастырылады.

Дидактикалық модуль – оқытудың жаңа технологиясының мазмұны. Берілген деңгейде таңдап алынған тарауды жете зерттеп, дайындық нәтижесі жоғары білім жүйесінің барлық белгілері мен қасиеттерін сақтап қалған дидактикалық модуль болып табылады. Дидактикалық модуль – нақтылы оқушылар тобында бір уақытта жүргізілген оқу процесінің жобалануы мен іске асырылуының педагогикалық ортасы. Ол – оқу процесін жасаушы, пән мұғалімінің әдістемелік тәжірибесін, орындаушылық тәсілін, өзіне тән қабілетін айқындайды. Дидактикалық модуль бойынша оқу процесін жобалағанда оқу материалдарының мазмұны (оның көлемі мен күрделілік деңгейі) мен нақты оқушылардың мүмкіндіктері және ерекшеліктері арасындағы табиғи байланыс қамтамасыз етіледі.

Дидактикалық модуль 45 минут уақытта модульдер жиынынан құралған оқу-тәрбиелік процестің кезеңдері мен элементтерін жоспарлап, жобалайтын бастапқы, үлгі модулі болып табылады. Оның құрылымы мен функциялары мынандай:

- берілген дидактикалық модульде оқу ісіне қажетті білім мен атқарылатын іс-әрекеттің маңыздылығы, іздену, дайындық жұмысын жолға қою және оны ұйымдастыру ерекшеліктері анықталады;

- берілген дидактикалық модульді меңгерудегі әрбір оқушының дайындығын белгілеу және оны даярлау.

- оқу ақпаратының бөліктері арқылы, соның нәтижесінде өз бетімен істелетін оқу-танымдық іс-әрекет арқылы материалдарды танып білу.

- оқушылардың жалпы білімдік дайындығын, сапасын базалық деңгейге жеткізу үшін қажетті нақты оқу материалдарын меңгеру (дидактикалық модуль көлемін, білімнің негізгі деңгейін, оқу мәліметін бір уақытта бастап, бір уақытта аяқтауды талап етеді).

- пән бойынша дайындықтары жоғары оқушыларға берілетін оқу материалдарын барынша тереңдетіп, кеңейту мүмкіндіктерінің болуы.

- оқу мәліметін өздігінен танып білуі мен меңгерудегі әр оқушының жеке басының қабілетін белгілеу (оқу процесін басқарудағы педагог мәліметінің дұрыстығы мен ақиқаттығы).

Сонымен бірге, модульдық оқытуды жобалаудың бір ерекшелігі – ол пән оқытушысының қай кезеңде болмасын өзінің кез-келген жаңалықтары мен әдістемелік ұсыныстарын модульге енгізуге мүмкіндігі барлығында.

Модульдік оқыту технологиясының мақсаты (В.М.Монахов) оқытудың тұтас технологиясын жобалау, алға қойған мақсатқа жетуді көздейтін педагогикалық үрдіс түзу, мұғалімге нәтижені талдап түсіндіріп бере алатындай жүйені таңдау және құру. Оқушылармен жүргізілетін жұмыстар барысындағы қиындықтың алдын алу және түзету жұмысының жүйесін жасау.

2.Модульдік оқыту технологиясын пайдалану жолдары

Білім мазмұнын жетілдірудің, ғылыми ұтымды оқыту жолының бірі сабақты модульдік технологиямен жүргізу. М.Жанпейісованың модульдік оқыту технологиясы жеке оқушының танымдық қызметін ұйымдастыруды көздейді. Әр бір модуль әр түрлі сағат санын қамтитын тараулардан тұрады. Тиімдісі 7-12 сағаттан тұратын тараулар.

Модульдік оқыту үш бөлімнен тұрады.

1. Кіріспе.

2.Диалог.

3. Қорытынды. Бұл оқу жоспары бойынша тақырыпқа, блокқа, бөлімге бөлінген сағат санына тәуелді. Модульдік оқытудың ерекшелігі кіріспе және қорытынды бөлімдеріне 1-2 сағаттан бөлінеді де, қалғаны диалог бөліміне қалады.

1-сабақ кіріспе бөлімді қамтиды. Алғашқы 10 минутта оқушылар неге, не үшін берілген тарауды оқиды, нені білу керек? Осыған көңіл бөлінеді. Оқушылар мақсат пен міндетті түсініп қабылдауы керек. Қалған 35 минутында лекция оқылады. Алдын ала дайындалған тірек – схема болуы шарт. Сабақ соңында үйге тапсырма беріледі. Келесі сабаққа тақырыптарды жай ғана қарап келу тапсырылады.

2-3 сабақтарда «Қар кесек» ойыны жүргізіледі. Мұғалім ойынның мақсатын, міндетін, шартын айтақаннан кейін оқушылар ойын үстеліне жайғасады. Әр оқушыға жетондар мен маршрут қағаздары таратылып беріледі. Әр топ тапсырма алады. 7-15 минут дайындалады. Қатысушылар ойын үстеліндегі орны мен ретін қолдарындағы маршрут қағаздары бойынша анықтайды.

Әр оқушының айтқанын тыңдай отырып, өздерінің маршрут қағаздарының «лидер» деген жеріне ең үздік орындаушының номерін белгілеп қояды. Осылайша ойын өткен сайын қосымша мәлімет алады. 3 рет тыңдайды, 3 рет мәлімет алады. Ойын біткеннен кейін маршрут қағаздарын жинап, балдарын есептейді.

4-сабақ жеке, жұптық, топтық ойындарға араналады. Басқа сабақтардан айырмашылығы бұл сабақта оқушылар өздерінің дайындығына байланысты деңгейлік тапсырмаларды өздері таңдау құқығына ие, әрбір оқушының үстелінде 3 деңгейі тапсырма жазылған парақ жатады. 1-деңгей – шығармашылық, 2-деңгей – алгоритмдік, 3-деңгей – оқушылық. 1 -деңгейдегі тапсырманы таңдап алған оқушыларды жеке үстелге отырғызып, көбірек уақыт беріледі.

5-6 сыныптарда «Брейн-ринг» ойынын жоспарлауға болады. Бұл сабақтарда әр оқушы 3 деңгейі сұраққа жауап береді. Бұл үшін әрбір ойын үстелінде 3 секторы бар барабан қойылады. Өткен сабақта 1- деңгейдегі тапсырмаларды орындаған оқушылар әрбір үстелдегі ойынды жүргізеді. Олар жауап беретін оқушының номерін анықтайды, жауабын таңдайды, жетондар арқылы бағаланады, көк жетон – «5», жасыл – «4», сары – «3».

7-8 сабақтарда тест және сынақ өткізіледі. Модульдің қорытынды бөлімі болып табылады. Тестке 20 минут кетеді. Оқушыларды 2 жаққа бөліп, 2 вариантты тест алынады. Бірінші деңгейіндегі тапсырмаларды өте жақсы орындалған және тестен «5» алаған оқушылар сынақтан босатылады. Тестен «4», «3», «2» алаған оқушылар сынақ тапсырады. Сынаққа 1 сағат 10 минут кетеді. Емтихандағыдай билет алып 7-10 минут дайындалып жауап береді.

Үздік оқушылар екпінділерді бағаласа, мұғалім әлсіз оқукшылармен жұмыс істейді. Осылайша барлық балаларды бағалау аяқталады. Мұғалім оқушыларға атқарған істері үшін алғыс білідерді. Келесі оқу модульдеріне жаңа табыстарға жетулерін тілейді.

Диалогтық бөлімдегі ойындар дамытушылық мақсатты көздейді. Өзінің ғана еңбегі емес, өзгенің де еңбегі жауапкершілікпен қаралады. Әр оқушы түсінген басқаға меңгергенінше түсіндіреді. Өзі оқи отырып, өзгені оқытады. Өзін-өзі басқару жүзеге асады. Рөлдік ойындар мен пікірталас ойындарының берері мол. Мысалы, «оптимисттер», «пессимисттер», «реалисттер» рөлдік ойында оқушылар 5 топқа бөлінеді.

Сегізінші сынып әдебиетіндегі Қ.Мырзалиевтің «Қазақтарды шетелдік қонақтарға таныстыру» атты өлеңін таңдағанда пайдаланамыз. «Оптимисттік» топтағы оқушылар болашаққа сеніммен қарап, өлеңдегі аталған қасиеттерімен қазақ халқының келешегі жарқын болатындығын дәлелдейді. «Пессимисттер» керісінше сенімсіздік танытады. «Реалисттер» шынайы дәлелді жеріне тоқталып, шындықты айтады. Төртінші топ –«Талдаушылар». Олар әр топ өз рөлдерін қалай ойнап шықты? Дәлелдеулері анық па? Соған талдау жасайды. Бесінші топ – «Бақылаушылар». Олар әр баланың білімін бағалайды. Ал, үй тапсырмасын тексергенде төмендегі ойын тиімді. Мұғалім алдын-ала «сыншы», «қорғаушы», «талдаушы» деген үлестірмеден 10 дана дайындап қояды. 4 адамнан топқа бөледі. 3 адамның біріншісі – «қорғаушы», екіншісі – «талдаушы», үшіншісі – «сыншы». Төртінші балаға үлестірме берілмейді. Ол үй тапсырмаларына жауап береді. Тақырыпты айтып болғаннан кейін міндетті түрде «қорғаушы» сөйлейді. Жауаптың ұтымды тұстарын іздеп мақтайды. «Талдаушылар» естігендерінің бәріне талдау жасайды. «Сыншылар» өз тобындағы оқушының жауабына сыни көзқараспен қарап, айтпай, ашпай кеткен мәселелерін көлденең тартады.