Болашақ маманның тұлғалык қалыптасуындағы саясаттанудың рөлі мен маңызы.

Лекция. Саясаттану ғылым және оқу пәні ретінде

Саясаттанудың объектісі. Саясаттанудың танымдык пәні. Жеке пән ретіндегі саясаттанудың жанжақтылығы.

Леуметтік-гуманитарлық ғылымдар жүйесіндегі саясаттанудын орны. Саясаттану курсының құрылымы мен міндеті.

Саясаттанудың теориялық-әдістемелік негіздері.

Саяси зерттеулердің негізгі әдістері. Саясаттанудағы негізгі ғылыми түсініктер жүйесі және соларға тән ерекшеліктері.

Саясаттанудың қызметі. Саясаттанудың басқа да қоғамдык ғылымдармен арақатынасы.

Болашақ маманның тұлғалык қалыптасуындағы саясаттанудың рөлі мен маңызы.

Саясаттану объектiсi мен пәні. Саясаттанудың өзi зерттейтiн мәселесi, пәнi бар дербес ғылым. Саясаттану ұғымы гректiң «politik» және «logos» деген сөздерiнен шыққан. Бiрiншiсi мемлекеттiк iс, мемлекеттiк iстi басқару мағынасын бiлдiрсе, екiншiсi, iлiм, ғылым деген мағынаны бiлдiредi. Саясаттану дегеніміз саясат, оның қоғам мен жеке адамның өзара әрекеті туралы ғылым. Демек, саясаттануғылымы саясат және саяси билiк, қоғамның саяси өмiрiнiң қалыптасуы мен даму заңдылықтары, саяси мүдделер мен саяси қатынастар, саяси сана мен саяси мәдениет, адамдардың саяси әрекеттерi мен саяси үрдiстері, халықаралық саяси қатынас туралы бiртұтас iлiмдердiң жиынтығын құрайды.

Саясаттану обьектiсi – қоғамдағы саяси қатынас болып табылады. Қоғамның саяси қатынасы өзiне билiктiң әрекет ету процесi мен дамуын, бұқараның билiкке қатысуын, сонымен бiрге саяси ықпал ету обьектiсi- экономикалық, әлеуметтiк және рухани мүдделердi қамтиды. Басқа сөзбен айтқанда, саяси қатынастар саласы саяси қызмет обьектiсiнiң барлық саласы. Сондықтан саяси қатынастар басқада ғылымдардың философия, әлеуметтану, құқық және тарихтың зерттеу обьектiсi болады, бұл ғылымдардың әрқайсысы өзiндiк зерттеу пәнiне ие. Саясаттанудың танымдық пәнi – саяси билiктiң қалыптасуы мен даму заңдылықтары, оның әрекет ету формасы мен әдiстерi болып табылады.

Өздiгiнше саясаттану барлық әлеуметтiк құбылыстар мен қағидаларды саяси билiк негiзiнде түсiндiредi. Американ саясаттанушысы Г. Лассуэлл (1902-1978ж.ж.) «бiз саясат саласындағы ғылым туралы айтқанда, бiз билiк туралы ғылымды айтамыз» – деп жазды.

Ғылымның басқа салаларындағы сияқты саясаттанудың да өзiндiк ұғымдары (категориялары) бар. Оған саяси құбылыстар мен процестердiң мәнiн бiлдiретiн ғылыми терминдер, сөз тiркестерi жатады. Мысалы, «саясат», «саяси билiк», «саяси жүйе», «саяси тәртiп», «саяси партия», «саяси мәдениет», «саяси әлеуметтендiру», «саяси өмiр», «егемендiк», «саяси қатынастар», «қоғамдық ұйымдар», «мемлекет», «демократия», «iшкi саясат», «сыртқы саясат» және т.б.

Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар жүйесіндегі саясаттанудын орны. Саясаттану басқа әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдармен тығыз байланыста дамиды. Себебi, бәрiнiң зерттеу обьектiсi ортақ, ол – қоғамдық өмiр. Олар кейбiр ортақ ұғымдарды да пайдаланады. Бiрақ, әрбiр қоғамдық ғылымның өзiндiк зерттеу пәнi бар.

Саясаттану жалпы әдiстемелiк ғылым болып табылатын философиямен тығыз байланысты. Өйткені, философия саяси құбылыстар мен процестердi талдауда дүниетанымдық бағдар болып табылады. Ол жалпы саяси болмысты, саяси оқиға мен құбылыстарды философиялық түсініктермен сараптауға мүмкіндік береді.

Саясаттану экономикалық теориямен өзара байланысты. Саяси экономика саяси процестердi экономикалық тұрғыдан дәлелдей отырып, ол процестердiң негiзiнде әр түрлi әлеуметтiк топтардың өз мүдделерiн жүзеге асыру үшiн күресiп жатқанына көз жеткiзедi. Саясаттану экономикалық саясатты дайындау және iске асыру, ол процестердi мемлекеттiк реттеу қағидаларын ғылыми түрде негiздейдi.

Саясаттану құқықтық ғылыммен тығыз байланысты. Қоғамдағы қатынастарды, оның ішінде саяси қатынастарды реттеп отыратын құқық болып табылады. Саясаттанудың негізі зерттеу мәселелерінің барлығы да оның құқықтық аспектілермен байланысып жатады, онсыз толық мәнді талдау болмайтындығы да сөзсіз.

Саясаттануға жақын ғылымның бiрi – әлеуметтану. Саясаттану ғылымы қоғамның саяси өмірінің дамуы мен өзгерістерін процесс ретінде қарап, оны зерттеп отыруы қажет. Ал, әлеуметтану оған қолданбалы зерттеулер жасауға, қоғамдағы оқиға-құбылыстарға адамдық өлшеммен қарауға, бағалау мен сараптауға мүмкіндік береді.

Тарих болса жүйелi түрде саяси институттар мен идеялардың дамуы туралы деректер жинауға, тарихи-салыстырмалы саяси талдаулар жасауға көмектеседі.

Саясаттану курсының құрылымы мен міндеті. Саясаттың теориясы және әдiснамасы, онда саясаттанудың философиялық-әдiснамалық негiзi, саясат пен билiктiң мәнi мен мазмұны, оның негiзiн салушы белгiлерi, қызметтерi, даму заңдылықтары қарастырылады.

Саяси жүйелер теориясы – саяси жүйенiң мәнiн, құрылымын, қызметiн зерттейдi, оларға салыстырмалы талдау жасайды, сонымен бiрге негiзгi саяси институттарға – мемлекет, партия, қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстарға, қатынастарға сипаттама бередi.

Әлеуметтiк-саяси процестердi басқару теориясы қоғамды саяси басқару мен жетекшiлiк жасаудың мақсатын, мiндеттерiн және формасын зерттейдi, саяси шешiм қабылдау мен тарату механизмiн қарастырады.

Саяси iлiмдер тарихы. Саяси iлiмдердiң қалыптасуы мен даму тарихын, кезеңдерiн зерттейдi.

Халықаралық қатынастар теориясы iшкi және сыртқы саясат мәселелерiн, әлемдiк саясатты, халықаралық қатынастың әртүрлi аспектiлерiн т.б. қарастырады.