Ерекше жағдайларда жазалар қолдану

 

123. Гарнизон бастығының гарнизонның әскери қызметшілеріне немесе гарнизонда уақытша тоқтағандарға мынадай жағдайларда тәртіптік жазалар қолдануға құқығы бар:

1) теріс қылық гарнизондық қызмет өткеру ережесін бұзуға қатысты болғанда;

2) теріс қылық әскери бөлімнің орналасқан жерінен тысқары жасалғанда;

3) теріс қылық демалыста, іссапарда немесе емделуде болған кезде жасалғанда.

124. Осы Жарғының 123-тармағында көрсетілген жағдайларда теріс қылықтарға жол берген әскери қызметшілерге қатысты гарнизон бастығының гарнизон бойынша бұйрық шығарумен ескерту, сөгіс және қатаң сөгіс жариялауға құқығы бар.

125. Көлік түрлеріндегі әскери қатынастар бастықтары мен жол қатынастарындағы әскери коменданттар қатынас жолдарында жол жүру уақытында теріс қылық жасаған әскери қызметшілерге қатысты ескерту, сөгіс және қатаң сөгіс жариялауға құқығы бар.

126. Осы Жарғының 124 және 125-тармақтарына сәйкес жаза қолданған лауазымды адамдар ол туралы теріс қылықтар жасаған әскери қызметшілер қызмет өткеретін әскери бөлімдердің командирлеріне хабарлайды және демалыс билетінде, іссапар куәлігінде немесе нұсқамада тиісті белгі жасайды.

Әскери қызметші тұрақты қызмет орнына келгеннен кейін оған қолданылған жаза туралы өзінің тікелей бастығына баяндауға міндетті.

Оған қолданылған жаза туралы баяндамаған әскери қызметші ол үшін тәртіптік жауаптылықта болады.

127. Бір-біріне бағынысты емес әскери қызметшілер жеке міндеттерді бірлесіп атқарған кезде, олардың қызметтік өзара қарым-қатынастары командирмен (бастықпен) айқындалмаған жағдайда олардың ішінде лауазымы бойынша үлкені, ал тең лауазымдар кезінде әскери атағы бойынша үлкені бастық болып табылады және оған атқарып отырған лауазымы бойынша берілген тәртіптік құқықтарды пайдаланады.

128. Үлкеннің көзінше кішісі әскери тәртіпті немесе әскери сәлемдесу ережелерін бұзғаны үшін үлкені кішісіне ескерту жасауға міндетті және, егер ол ықпал етпесе, жалпыәскери жарғылармен белгіленген басқа да шараларды қолдануы мүмкін.

 

Жазаларды жариялау тәртібі

 

129. Әскери қызметшіге жазалар ауызша немесе жазбаша командирдің (бастықтың) бұйрығымен жарияланады, бұл ретте ауызша жарияланған жаза оны қызметтік карточкаға енгізгеннен кейін күшіне енеді.

Жаза туралы әскери қызметшіге үш күн мерзімде оған қатысты бөлігінде қолын қойғызып жеткізіледі.

130. Қолданылған жазалар туралы:

1) сарбаздарға (матростарға) – сап алдында;

2) сержанттарға (старшиналарға) – кеңесте немесе сержанттардың (старшиналардың) сабы алдында;

3) офицерлерге – офицерлер кеңесінде (аға офицерлерге – тек аға және одан жоғары офицерлердің қатысуымен, жоғары офицерлерге – тек жоғары офицерлердің қатысуымен) немесе жазбаша хабарлаумен жарияланады.

Бағынысының көзінше командирлерге (бастықтарға) және олардың орынбасарларына тәртіптік жаза жариялауға тыйым салынады.

Жазаны жариялаған кезде әскери қызметшіге жазаға әкеп соқтырған себеп және құқық бұзушылықтың мәні көрсетіледі.

Жазаны алу

 

131. Әскери қызметшінің тиісті командир (бастық) көтермелеу тәртібімен жазаны алып тастағаннан кейін немесе оған соңғы жаза қолданылған сәттен бастап алты ай өткеннен кейін жазасы жоқ болып саналады.

132. Жазбаша бұйрықпен жарияланған жазаны алуды осы жазаны қолданған командир (бастық) немесе жоғары тұрған командир (бастық) жазбаша бұйрық шығару жолымен жүргізеді.

Ауызша немесе жазбаша жарияланған жазаларды алу әскери қызметшінің қызметтік карточкасында тиісті жазбамен ресімделеді, ол оған қолын қойғызып жеткізіледі.

133. Бұрын үлкен бастық салған жазаны бағыныстыдан көтермелеу тәртібімен алу үшін әскери қызметшінің тікелей бастығы команда бойынша өтініш жасайды.

Осы жазаны салған командир (бастық) аталған өтінішті оны алған күннен бастап он күнтізбелік күннен кешіктірмейтін мерзімде қарауға міндетті.

134. Әскери қызметші әскери қызметтен босатылған күні алынбаған жаза оған соңғы жаза қолданылған сәттен бастап алты ай өткеннен кейін алынған болып саналады.

135. Әскери қызметшіні запасқа (отставкаға) босатқан кезде оның қызметтік карточкасы жеке ісімен бірге әскери есепке қою орны бойынша жергілікті әскери басқару органына жіберіледі.