Тарау. Көтермелеулерді және жазаларды есепке алу

 

136. Тікелей бастықтар көтермеулер және жазалар туралы команда бойынша баяндауға тиіс:

1) мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілеріне – роталар командирлеріне және оларға теңестірілгендерге күн сайын;

2) офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге (жоғары офицерлерден басқа) – әскери бөлімдер командирлеріне апта сайын;

3) әскери бөлімдердің командирлеріне – жоғары тұрған әскери басқару органына ай сайын.

137. Жаза берілген полктердің, бригадалардың (1-дәрежелі кемелердің) командирлеріне, өңірлік қолбасшылық әскерлері, әскер тектері қолбасшыларының, Қарулы Күштер түрлері бас қолбасшыларының орынбасарларына, сондай-ақ жоғары офицерлерге қатысты жаза берген командир (бастық) үш жұмыс күні ішінде команда бойынша жоғары тұрған әскери басқару органына жазбаша баяндайды.

138. Көтермелеулер мен жазаларды, сондай-ақ теріс қылықтарды есепке алу барлық бөлімшелер мен әскери бөлімдерде жүргізіледі. Есепке алудың жалпы жай-күйіне әскери бөлімнің штаб бастығы жауап береді.

Көтермелеулер, теріс қылықтар мен жазалар туралы жеткізілімдер жоғары тұрған әскери басқару органына ай, тоқсан, жартыжылдық және жыл үшін жазбаша ұсынылады.

Осы Жарғымен көзделген барлық көтермелеулер мен жазалар, оның ішінде командир (бастық) бөлімшенің (команданың), әскери бөлімнің барлық жеке құрамына жариялаған көтермелеулері үш жұмыс күнінен кешіктірмей қызметтік карточкаға енгізіледі.

Әскери қызметшіден жазаны алған кезде қызметтік карточкада «Жазалар» бөлімінің тиісті бағанында жазаны қашан және кімнің алғаны туралы белгі жасалады және бұйрықтың нөмірі көрсетіледі.

139. Егер әскери қызметшіге қолданылған жаза көтермелеу тәртібінде алынбаса, алты ай өткеннен кейін «Жазалар» бөлімінің тиісті бағанында мерзімінің өтуі бойынша жазаның алынғаны туралы белгі жасалады.

140. Қызметтік карточкалар:

1) ротада – офицерлерден басқа рота әскери қызметшілеріне;

2) батальон штабында – офицерлерден басқа батальон басқармасының әскери қызметшілеріне;

3) әскери бөлімнің штабында – бөлімнің офицерлеріне және әскери бөлім басқармасының сарбаздар (матростар) мен сержанттар (старшиналар) құрамының келісімшарт бойынша әскери қызметшілеріне;

4) 1 және 2-дәрежелі кемелерде:

матростар мен старшиналарға – жауынгерлік бөлімдерде, қызметтер мен жеке командаларда;

офицерлерге – кеме командирінің көмекшісімен;

5) 3-дәрежелі кемеде – кеме командирінің көмекшісімен кеменің барлық жеке құрамына;

6) 4-дәрежелі кемеде – кеме дивизиондарының басқармасында барлық жеке құрамға жүргізіледі.

Әскери бөлімдер командирлерінің, сондай-ақ жоғары офицерлердің қызметтік карточкалары жоғары тұрған әскери басқару органында жүргізіледі.

141. Мерзімді әскери қызмет әскери қызметшілерінің қызметтік карточкаларындағы әрбір жазбаны рота (тиісті бөлімше) командирі растауға тиіс.

Келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге қызметтік карточкалардағы әрбір жазбаны әскери бөлімнің штаб бастығы (кеме командирінің көмекшісі, 4-дәрежелі кеме командирі), ал әскери бөлімдер командирлері мен жоғары офицерлерде – жоғары тұрған әскери басқару органының штаб бастығы растайды.

142. Жеке батальондар, полктер, бригадалар, кемелер командирлері және оларға теңестірілгендер тәртіптік практиканы (көтермелеулер мен қолданылған жазаларды) қолданудың дұрыстығын тексеру мақсатында қызметтік карточкаларды кезең-кезеңімен қарайды. Әрбір әскери қызметші кемінде алты айда бір рет, сондай-ақ жаңа қызмет орнына ауысқан кезде өзінің қызметтік карточкасымен жеке қолын қойғызып таныстырылуы тиіс.

143. Кемінде тоқсанына бір рет штаб бастығы комиссиялық тәртіппен әскери бөлім әскери қызметшілерінің қызметтік карточкаларын акт жасай отырып тексереді. Әскери қызметшіге алғашқы офицерлік атақ, сондай-ақ аға офицердің немесе жоғары офицердің алғашқы атағын берген кезде оған жаңа қызметтік карточка басталады. Жаңа қызметтік карточкаға әскери қызметшіге бұрын қолданылған жазалар енгізілмейді, ал, жазаны алып тастау туралы көтермелеулерден басқа, көтермелеулер ғана енгізіледі.

Бұрынғы қызметтік карточка жойылады.