Көлік техникасының базалық детальдарын жөндеу

Базалық детальдарға беріліс қораптарының, артқы көпірдің, борттық редукторлардың корпустары, сонымен бірге қаңқалар, станиналар және т.б. жатады. Жөнделуге берілетін корпустық детальдарда төмендегідей ақаулар болуы мүмкін: сызаттар; сынықтар; бүлінулер; болттар мен бұрамасұқпалардың сынуы; мойынтіректер, стакандар, втулкалар, біліктердің отырғызу беттерінің тозуы; бұранданың мүжілуі және т.б.

Корпустық детальдарды жөндеудің технологиялық процестері төмендегі операциялар жиынтығынан тұрады: сынған болттарды, бұрамасұқпаларды, бұрамаларды алып тастау; пісіру және балқыту жұмыстары; орнықтыру беттері мен тесіктерін механикалық өңдеу; тозған беттерді өңдеу өлшемдеріне келтіріп өңдеу немесе оларды полимерлермен, электролиттік жабындылармен және қосымша жөндеу деталін пайдаланумен қалпына келтіру.

Корпустағы сызаттарды доғалы немесе газдық пісірумен пісіреді, жезбен дәнекерлейді, табақша болаттан жапсырма қояды. Егер сызат белгілі болған корпустың бөлігі жоғары күш астында болмаса, онда оларды эпоксидті шайырлар негізіндегі полимерлік композициямен жасайды немесе желімдер мен жаққыштар пайдаланады. Сынған корпустарды істен шығарып тастайды.

Орнықтыру беттері мен тесіктерін өңдеуді жазық ажарлау, фрезерлі және тесу станоктарында орындайды. Отырғызу тесіктерін жөндеу өлшеммен кеңейту, втулканы престеп, сонан соң тесіктерді номинальді өлшемге келтіру және тесіктерді электржалынды немесе электролиттік тәсілмен өсіру арқылы жөндейді. Тесіктерді кеңейту барысында корпусты дұрыс базалау маңызды роль атқарады.

Кейбір жағдайларда базалық тесіктерді айналып тұрған мыс қылшақ түріндегі электродтың көмегімен қабат қалыңдығы 0,5 мм-ге дейін электржалынды тәсілмен өсіру арқылы қалпына келтіруге болады (6.1-сурет). Корпустық детальдардың отырғызу тесіктерін жергілікті немесе шомылғыдан тыс болаттау тәсілімен қалпына келтіру тиімді деп саналады. Болаттардың құны бұл жағдайда хромдау құнынан 2-3 есе төмен болады.

 

 

6.1-сурет. Беріліс қорабы корпусының отырғызу тесіктерін айналма электрод көмегімен келтіру:

1 – электрқозғалтқыш; 2 – ұстағыш; 3 – қалпына келтірілетін деталь; 4 – айналма электрод; 5 – электржанама; 6 – иілгіш білік

 

Болттар мен бұрамасұқпалардың бұрандалық тесіктерін үлкейтілген (жөндеу) өлшемдегі бұрандаларды жасау арқылы қалпына келтіреді.

Машиналардың көбісінің қаңқалары мен станиналары пісіріп немесе ұрып жапсырылған металқұрылымдар түрінде жасалған. Олардың негізгі ақауларына жеке элементтерінің деформациялануы мен зақымдануы, пісіру жапсырмаларында пайда болатын сызаттар, тойтармалы қосылыстың босаңсуы, тірек стакандарының зақымдануы мен тозуы және т.б. жатады. Жөндеу тәсілдері зақымдану сипатына қарай анықталады.

Конструкция элементтерін түзетуді гидравликалық домкраттар мен престерді пайдалану арқылы салқын немесе қызған (500...6000С) жағдайда жүргізеді. Қатты деформацияланған элементтерді кесіп тастап, арнайы дайындалған кірме элементтерімен ауыстырылады.

Қаңқалардың жекелеген бөліктерінде пайда болған сызаттарды алдын ала сызаттардың ұштарына диаметрі 5 мм болатын тесіктерді тесіп, күшейтілген жіктермен пісіріп тастайды. Пісіру жіктерін қоюмен бірге сыртқы бетіне үшбұрыш және ромб тәріздес (6.2 а, ә-суреттер) күшейтілген жапсырмалар пісіріп бекітіледі. Лонжерондар ішіне тойтармалар көмегімен күшейтілген кірмелер (6.2 б-сурет) қойылады. Пісіру жігін сызатпен бірге газдық кескішпен кесіп тастайды да, қайтадан пісіріп бекітеді.

 

6.2-сурет. Қаңқалар сызаттарын балқыту арқылы жөндеу:

а – үшбұрышты жапсырма; ә – ромб тәріздес жапсырма; б – тойтармаларға күшейткіш ендірмелер қою

 

Қаңқаларды жөндеу кезінде жіктерді горизонталь жағдайда пісіруге мүмкіндік беретін бұрылмалы стенд қолданылады. Жіктерді пісіріп болған соң тазалайды да, пневматикалық балға көмегімен қақталманы беріктендіреді.

Пісірме қосылыстар сапасын бақылауды пісірме жіктерін сырткөзбен қарап өлшеумен, бақылау үлгілерін механикалық сынаумен, ультрадыбыспен тексеру арқылы қамтамасыз етеді.

Босаған, сынған тойтармалардың барлығын жаңамен алмастырады. Диаметрі 12 мм-ге дейінгі тойтармаларды салқын күйде орналастырады.

Тірек стакандары тесіктерінің тозуын жөндеу өлшеміне келтіріп кеңейту әдісімен жөндейді, ал сызаты бар тірек стакандары жаңасымен ауыстырылуы тиіс.