Бақылау сұрақтары

1. Бұқаралық партиялар қашан пайда бола бастады?

2. Саяси партиялардың орны мен рөлi қандай?

3. Саяси партиялардың қоғамдық ұйымдардан айырмашылығы неде?

  1. Қазақстан Республикасындағы партиялық жүйе

5. Сайлау туралы түсінік және оның түрлері

6. Қандай сайлау жүйелері бар?

7. Пропорциональдық-мажоритарлық сайлау жүйесін талдаңыз.

8. Қазақстанда өткен соңғы парламент сайлауы мысалында сайлау науқанына сипаттама беріңіз.

9. Қоғам өмірінде сайлау жүйесінің алатын орны мен рөлі қандай?

10. Сайлау жүйелерінің артықшылықтары мен кемшіліктерін атаңыз.

 

10 Дәріс.Қоғамның саяси санасы және саяси мәдениеті.

Саяси әлем сан қырлы өлшемдерден тұрады: әлеуметтік – экономикалық, құрылымдық, функциональдық, социомәдени, конфессионалдық, тарихи, концептуальдық және т.б. саяси құбылыстар мен процестердің мәнін дұрыс түсіну үшін осынау сан қырлы өлшемдер туралы белгілі бір дәрежедегі түсінік болуы керек. Осының барлығын біріктіретін бастау ретінде қоғамның саяси санасы қызмет ете алады. Саясаттанушы ғалымдардың бірқатары осынау мәселені ашуда өзалдына жеке бір ғылым ретінде саяси философияны қарастырады. Бұл ғылымның бастаулары ретінде олар Фукидид пен Платонды, Ксенофонт пен Аристотельді, әулие Августин мен Әл Фарабиді, Фома Аквинский мен Макиавеллиді, Лютер мен Горацийді, Декарт пен Локкты, Смит пен Гегельді, Маркс пен Ницшені, Гуссерель мен Хайдеггерді және т.б. атайды.

Саясаттанушы ғалымдардың түсіндіруі бойынша Саяси философия дегеніміз – бұл философия мен саяси ғылымдардың шекаралық қиылысында пайда болған айрықша пәнастылық пән болып табылады. Осы тұрғыда оның зерттейтін мәселесі саяси әлемнің рухани һәм дүниетанымдық аспектілері болып табылады. Оның құрамына онтология, аксиология, эпистемология және методология сынды ғылым салалары кіреді. Саяси философия - бұл адамдардың рухани қызметі барысында қалыптасатын дүниетанымы, саяси әлемнің қағидалық және құндылықты негіздері, саясилық идеясының өзі, мемлекет пен билік идеялары болып табылады.

Саяси сана - саяси өмірдің субъективті жағын, саясатттың рухани негізін қамтитын кең ауқымды категория. Саяси сана қоғамдық сананың бір нысаны, ол қоғамның саяси өмірімен байланысты қалыптасып дамиды, дара адамның, әлеуметтік топтың, қауымның түпкілікті мүддесін бейнеледйді. Саяси сана дегеніміз – түрлі әлеуметтік топтардың түпкілікті мүдделерін, соған сәйкес олардың саяси билікке қатынасын бейнелейтін білімнің, идеялар мен көзқарастардың, сезімдер мен көңіл-күйлердің жиынтығы. Саяси сана екі деңгейде – саяси психология және саяси идеология түрінде өмір сүреді.

Саяси теорияны қарастырмас бұрын теория дегенімдің өзі не деген сұраққа жауап беріп көрейік. Сонымен “теория” сөзі көне грек тілінде белгілі бір нәрсеге оның мәнін ұғу мақсатында ойлы көзбен назарыңды тік қадау дегенді білдірген. Бүгінгі таңдағы ғылымда теория дегенде – белгілі бір түсініктер мен тепе – теңдіктерден шығарылып, түрлі компоненттері өзара қисынды тәуелділікте болатын тұтас білім кешенін түсінеміз. Теория әлемді танудың айрықша бір формасы ретінде қашан да белгілі бір философиялық – дүниетанымдық ұстанымдармен байланысты болғандықтан да саяси теория мен саяси философияны ажырата алу өте қиын мәселер қатарына жатады.

Саяси теория басты назарды саяси әлемнің құбылыстарына: құрылымдар мен функцияларға, институттар мен субъектілерге, саяси жүйелердің типтері мен формаларындағы олардың мінез – құлқына, рөлдері мен өзара қарым-қатынастарына және т.б. аударады.

Саяси психология - саяси сананың төменгі деңгейі. Оны саяси қатынас субъектілерінің практикалық санасы деуге болады, үйткені ол – адамдардың саяси мінез-құлқы мен іс-қимылдарына түрткі жасап, қалыптасуына себепкер болатын рухани құрылымдардың жиынтығы. Саяси психология адамдардың қоғамда алатын орнына, топтық жіктелуіне, күнделікті тыныс-тіршілігіне, өмір-салтына, сондай-ақ билік институттарымен іс жүзіндегі қарым-қатынастарына байланысты стихиялық түрде қалыптасатын болғандықтан, оның құрамында сезімдік, көңіл-күйлік, эмоциялық элементтер басым түсіп жатады.саяси психология жеке адамдардың, әлеуметтік топтар мен ұйымдардың саяси үрдістерге қатысты көңіл толқуларын, үмітін немесе түңілуін қамти отырып, саяси жүйенің мән-мағынасына, билік тұтқасының пәрменділігіне айтарлықтай әсер жасайды. Сондықтан да саяси психологияға табан тіреп сүйенген идеология неғұрлым ықпалды болмақ.

Саяси идеология – саяси сананың жоғары деңгейі есебінде саяси билікке байланысты түрлі әлеуметтік топтардың мүдделерін бейнелейтін көзқарастардың, идеялардың, құндылықтардың жүйеленген жиынтығы болып табылады. Оның басты мақсаты - әлеуметтік топтардың мүдделерін негізге ала отырып, қоғамдық проблемаларды тұтас ашып көрсету және оларды шешудің, туындайтын міндеттерді іске асырудың жолдары мен әдіс-амалдарын анықтау, соған көпшілікті жұмылдыру. Ол теориялық тұжырымдар, саяси тұғырнамалар мен бағдарламалар арқылы көрініс табады.

Саяси идеологияның негізгі функциялары:

· Әлеуметтік топтың түпкілікті мүддесін анықтай отырып, оның қоғамдағы, саяси үрдістегі орнын, саяси биліктен қарым-қатынасын көрсету;

· Саяси субъектінің мақсатын нақтылып, сол арқылы оның іс-әрекетінің бағыт-бағдарын белгілеу;

· Билік тұтқасын жүргізіп отырған саясаттың, тұтас саяси жүйенің мән-мағынасына баға беру;

· Адамдардың саяси-әлеуметтену үрдісіне, қоғамның саяси мәдениетінің қалыптасуына, ықпал ете отырып, қоғам мүшелерін белсенді саяси іс-әрекетке жұмылдыру.

Бұл міндеттердің тиянақты орындалуы саяси идеологияның қаншалықты дәрежеде ғылымға сүйенетіндігіне байланысты. Объективті заңдылықтарды басшылыққа алған, ғылыми методологияға сүйенген идеология қашан да пәрменді болмақ. Алайда ғылымның басты мақсаты – ақиқатты іздеу, объективті заңдылықтарды ашу, құбылыстың ішкі мәніне үңілу болса, идеологияның мақсаты – белгілі бір әлеуметтік топтың мүддесіне сәйкес келетін саяси мақсатқа қол жеткізу екені белгілі. Олай болса идеология ғылыммен үнемі етене қабысып сәйкес келе бермейді. Идеологияның ғылыми немесе ғылыми емес, прогрессивтік немесе кертартпа, т.б. болып бөлінетіні сондықтан.

Осы заманның айшықты белгілерінің бірі идеологиялық ағымдардың сан алуандылығы. Дегенмен, олардың ең негізгілеріне тоқталайық.

Консерватизм – саяси-идеялық ағым ретінде капиталистік қоғамдық жүйенің кең қанат жайып орнығуына байланысты ХҮШ ғасырдың аяғы мен ХІХ ғасырдың басында қалыптасты. Консерватизм (латын тілінен аударғанда – құтқару, сақтау деген мағынаны білдіреді) буржуазиялық өзгерістерге құлшыныс білдіруді құптамады, феодалдық-аристократиялық қоғам құбылыстарын, қалыптасқан дәстүрлі жағдайларды сақтап қалуды жақтады. Консерватизм түрлі тарихи кезеңдерге орай өзгеріске ұшырап отырды. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары неоконсерватизм – жаңа консерватизм қалыптасты.

Либерализмнің (латынша – бостандық деген сөзден шыққан) пайда болуы да капиталистік қатынастардың дамуымен байланысты. Оның идеалық негізін қалаушылар – Локк, Вольтер, Монтескье, Джефферсон, Дидро, т.б. Либерализмнің басты принципі – жеке адамның құқығы мен бостандығын қорғау. ХХ ғасырдың екінші жартысында неолиберализм идеологиясы қалыптасты.

Либерализм – түрлі формаларда пайда болып, даму барысында тағы да түрлі тармақтарға бөлініп отыратын, бір мемлекеттің ішінде де, сондай-ақ мемлекет аралық деңгейде де пайда бола алатын біршама күрделі және алуан бағыттық құбылыс. Либерализм дегенімізде көп жағдайда ойға осы заманғы саяси сөздіктің санаттарынан саналып, оқырманға етене таныс болып кеткен түсініктер мен категориялар: индивидтің еркіндігі иен өзіндік құндылығы және өз амалдарына жауапкершілігі; жеке меншік идеясы жеке бастың еркіндігінің кепілі;еркін нарық, еркін бәсеке, еркін кәсіпкерлік, мүмкіншіліктердің тепе – теңдігі; биліктің жіктелу жүйесі, тежегіштер мен тепе – теңдік ұстанымдары; құықтық мемлекет пен заң алдындағы баршаның теңдігі принципі идеясы; азшылықтың құқықтарына деген төзімділік және кепілдік; жеке адамның негізгі құқықтарының кепілдігі мен еркіндігі (наным сенім бостандығы, сөз, жиналыс, ассоцияциялар мен партиялар құру еркіндігі); баршаға бірдей сайлау құқығы және т.б. көз алдымызға келоеді.

Социал-реформизм – еңбекші бұқараның мүддесін қорғауды мақсат ететін социал-демократиялық партиялардың идеологиясы. Социал-реформизм – бүгінгі әлемдегі ең көп тараған беделді идеология. Бұл идеологияны басшылыққа алған социал-демократиялық партиялардың іс жүзіндегі жетістіктері де айтарлықтай екенін атап өткен жөн. Олар бірсыпыра мемлекеттердің үкімет басына келіп қоғамның демократиялық және ізгілік сипат алуына елеулі ықпал етті (мәселен Швеция, Финляндия).

Сондай-ақ идеологиялардың марксизм, анархизм, радикализм, экстремизм, популизм, терроризм және т.б. ағымдары белгілі.

Саяси сананың функциялары:

· Әлеуметтік топтың түпкілікті мүддесін анықтай отырып, оның қоғамдағы, саяси үрдістегі орнын, саяси биліктен қарым-қатынасын көрсету;

· Саяси субъектінің мақсатын нақтылап, сол арқылы оның саяси іс-әрекетінің бағыт-бағдарын белгілеу;

· Билік тұтқасын жүргізіп отырған саясаттың, тұтас саяси жүйенің мән-мағынасына баға беру;

· Адамдардың саяси-әлеуметтену процесіне, қоғамның саяси мәдениетінің қалыптасуына, ықпал ете отырып, қоғам мүшелерін белсенді саяси іс-әрекетке жұмылдыру.

Саяси мәдениет қоғамның рухани мәдениетінің құрамдас бөлігі, оның қоғамдық-саяси институттармен және саяси процестермен байланысты элементтерін қамтиды. Ол мемлекеттік және саяси институттардың қызметіне, дамуына саяси үрдістердің ағымына, қалың көпшіліктің саяси мінез-құлқына әсер етеді. Саяси мәдениет қоғамның әр саласындағы рухани мәдениет салаларымен қатар өмір сүреді. Сондай-ақ ол жалпыұлттық мәдениеттің бір бұтағы есебінде ұлттық-тарихи, діни дәстүрлермен, әдет-ғұрыптармен, қалыптасқан ой-жүйе, мінез-құлық дағдыларымен тығыз байланысты.

Саяси мәдениеттің типтері:

· Патриархалдық – азаматтардың саяси өмірге араласуға, танып-білуге құқығы жоқ;

· Кіріптарлық - саяси институттар ыңғайына мейлінше берілу, азаматтық белсенділіктің жоқтығы;

· Белсенділік - азаматтардың саяси іс-әрекетке ерекше құлшынысының болуы.

Саяси мәдениеттің функциялары:

· Тәрбиелік – адамдардың интеллектуалдық дамуы, саяси өрісінің кеңеюі;

· Реттеушілік – адамдардың саяси мінез-құлқының қалыптасуына, саяси уақиғаларды қабылдап, өмір сүріп отырған саяси жүйе ағымдарына баға беруіне әсер ету;

· Коммуникативтік – саяси дәстүрлер арқылы тұрақтанған үлгілердің ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, сабақтасуы;

· Біріктірушілік – саяси мәдениет өмір сүріп отырған саяси жүйенің бірлігін, тұтастығын қамтамасыз етуге ықпал ету.

Саяси әлеуметтену-адамның саясат кеңестігіне енуі, билік тұтқасына байланысты қарым-қатынастарға, іс-әрекеттерге араласуы, мемлекет азаматы, қоғам мүшесі есебінде есеюі. Саяси әлеуметтену – үздіксіз жүріп жататын толассыз үрдіс.

Негізгі әдебиеттер:25 [39-42], 26 [35-37]

Қосымша әдебиеттер:1 [101-113],10 ч.2[30-75], 4 [191-224], 5 [172-204], 25 [ст.19,20,22 ]