Электронды оқулық кешені туралы жалпы мәліметтер

 

Қазіргі кездегі жаппай жүріп жатқан жаһандану үрдісі әлемдік бәсекелестікті күшейте түсуде. Тіпті бірқатар дамыған елдерде бұл идея ұлттық қағидаға айналған. Сондықтан халықаралық ұйымдар әлем елдерінің бәсекеге қабілеттілігінің рейтингін анықтауға кірісті. Елбасы Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы атты жолдауында "Білім беру реформасы - Қазақстанның бәсекеге нақтылы қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін аса маңызды құралдарының бірі" деп атап көрсетті.

Қай заманда да өркениеттің дамуы интеллектуалдық шығармашылық қабілеттіліктің негізінде жасалынған, әлі де солай болып келеді. Шығармашылық адам санасының жасампаздығын және іс-әрекетінің биік белсенділігін көрсетеді. Адам қабілетінің дәрежесі, оның кәсіби іскерлік шеберлігі, бизнес пен кәсіпкерліктің нәтижелілігі, жаңалық ашуы тұлғаның шығармашылық ойлауына қатысты анықталады.

Оқытушының жеке көзқарасы бар, соны қорғай білетІн жігерлі тұлға, зерттеушілік, ойшылдық қасиеті бар маман, білімді де білікті, көп оқитын, көп тоқитын, білімін күнделікті ісіне шебер қолдана білетін, өзінің оқушысын өз бетінше білім алуға үйрете алатын болу керек. Бұл өмір талабы. Оқытушыда ұйымдастырушылық, құрылымдық, бейімділік, сараптамалық қабілеті болуы шарт. Ол сонымен қоса ұлттық құндылықтарды яғни, этнопедагогика, этнопсихология негіздерін меңгеру қажет. Ғаламдасуға байланысты "интернет" жүйесін жетік меңгерген, әлемдік білімге сай, мәдениеті жоғары, жеке тұлға тәрбиелей алатын ұстаз болуы қажет. Осыған қарап ХХ­ ғасырда мұғалімге қойылатын талаптар зор екенін көреміз.

ХХ­ ғасыр - бұл ақпараттық қоғам дәуірі, технологиялық мәдениет дәуірі, айналадағы дүниеге, адамның денсаулығына, кәсіби мәдениеттілігіне мұқият қарайтын дәуір. Бүгінгі білім мазмұны мұғалім мен оқушының арасындағы байланысты субъективті деңгейде көтерудегі демократиялық бастамалардың барлығы мұғалімдер арқылы жүзеге асырылады. Бүгінгі мұғалімге тек пән мұғалімі ретінде қабылдау олқылық көрсетеді.

Қазіргі таңда дәстүрлі оқыту әдістемесінің заман талабына сай толық білім беруге, меңгертуге кепілдік бермейтіндігін мектеп тәжірибесі көрсетіп отыр. Сондықтан жаңартылған әдістемелік жүйенің оқыту процесінде іске асу үшін оны технологияландыру қажеттілігі туады.

Білім беру үрдісін ақпараттандыру - жаңа ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы дамыта оқыту, дара тұлғаны бағыттап оқыту мақсаттарын жүзеге асыра отырып, оқу-тәрбие үрдісінің барлық деңгейлерінің тиімділігі мен сапасын жоғарлатуды көздейді.

Жаңа ақпараттық технологияларға ғалымдар әр түрлі анықтама беріп отыр. Н.Макарова "ЖАТ - қысқаша компьютер негізіндегі технология" деп тұжырымдайды. М.И.Жильдак бұл терминнің неғұрлым кеңірек анықтамасын береді. Ол "Жаңа ақпараттық технологиялар - адамдардың білімін кеңейтіп, олардың техникалық және әлеуметтік үрдістерді басқару мүмкіндігін дамытатын, ақпаратты жинау, ұйымдастыру, сақтау, өңдеу, тасымалдау және жеткізудің техникалық құралдары мен әдістерінің жиынтығы" дейді.

Студенттер көпшілігі алған білімдерін практикада қолдана алады. Бұл студенттердің оқу материалын формальды жағынан да жақсы білетінін көрсетеді. Кез келген сабақта электронды оқулықты пайдалану студенттердің танымдық белсенділігін арттырып қана қоймай, логикалық ойлау жүйесін қалыптастыруға, шығармашылықпен еңбек етуге жағдай жасайды.

Электрондық оқулықпен оқытудың негізгі мақсаты - оқыту үрдісін үздіксіз және толық деңгейде бақылау, сонымен қатар ақпараттық ізденіс қабілетін дамыту.

Компьютерлік оқыту үрдісінің құрылымдық сурет 1-де қарастырайық.

 
 

 

Сурет 1 Компьютерлік оқыту үдерісі

 

Оның құраушы элементтері оқытушы, студент, дидактикалық материалдар мен дербес компьютер. Осы элементтердің барлығы да бір-біріне өзара әсер ететін ақпараттар ағынымен байланысқан. Осы құрылымда алғашқы маңызды аспект ролін мұғалім мен оқушының компьютерлік сауаттылығын қамтамасыз етуі, яғни олардың компьютермен және оның сыртқы құрылымдарымен жұмыс істей білу деңгейлері, компьютердің жалпы қызмет ету принциптерін түсінуі, осы жүйенің жалпы мүмкіндіктерін ұғынуы саналады.

Дәстүрлі оқыту меңгерудің 4 деңгейінің (репродуктивтік, алгоритмдік, эвристикалық, шығармашылық) тек алғашқы екеуін ғана қамтиды, нәтижесінде материалдар жеткілікті дәреже меңгерілмейді, білімнің жүйелілігі, беріктілігі қалыптаспайды. Компьютердің көмегімен тақырыпты оқу, зерттеу негізінде меңгеруді эвристикалық және шығармашылық деңгейге жатқызуға болады. Студенттер электронды оқулықтан оқығанын, көргенін елестете отырып тақырыпқа берілген тест сұрақтарын шешеді. Ал электронды оқулықта тест сұрақтары күрделенген тест және жеңілдетілген тест түрінде болады. Қорыта айтқанда компьютерді сабақта қолдану барысында студенттер:

1. Қарастырылып отырған тақырыптың мағынасын терең түсінеді;

2. Студент жұмысты орындау барысында ғылыми зерттеу жұмысына тартылады, оның бойында зерттеушілік қабілет пен ынта қалыптаса бастайды.