Шешім қабылдау процесінің түсінігі

 

Басқару қызметі процесінде шешім қабылдау маңызды орын алады. Шешім қабылдау басқару қызметінің міндетті бөлігі болып табылады. Басшының кез келген әрекеті қандайда бір шешім қабылдаудан басталады. Кәсіпорын және оның бөлімшелері қызметінің нәтижелері ең алдымен басшының дұрыс шешімді уақтылы қабылдау мен жүзеге асыра білу қабілетіне, ал оның жеделдігі мен дұрыстығы оның тәжірибесі мен біліміне байланысты. Егер ол өндірісті, технология мен адамдарды жақсы біліп, жұмыс тәжірибесі мол болса, онда оған шешім қабылдау қиынға түспейді.

Басшы жете ойластырып, жоқ мәліметтерді толықтыра білуі, дұрыс қорытынды жасап, соның негізінде жағдайға сәйкес келетін шешім қабылдауы тиіс. Кез келген жағдайда басшы шешім қабылдаудан бас тартпауы тиіс. Ұйымдастырушылық шешімдерді қабылдайтын немесе оны өзге адамдар арқылы жүзеге асыратын адамды ғана менеджер деп атауға болады.

Шешім қабылдау- бұл қолда бар нұсқалар немесе баламалар ішінен ең қолайлысын таңдау. Маңызды ұйымдық шешім қабылдау үшін жауапкершілік басқарудың жоғары деңгейлерінде әсіресе айқын көрінетін ауыртпалық болып табылады. Қабылданған шешім бүкіл ұжымның, әрбір қызметкердің экономикалық және әлеуметтік нәтижелеріне оң немесе теріс әсер етеді. Сондықтан да шешім қабылдаған адам үлкен жауапкершілік тартады.

Ұйымдық шешім- бұл лауазымына байланысты міндеттерді атқару үшін басшы жасауы керек таңдау. Оның мақсаты - ұйымның алдына қойған міндеттеріне жету үшін қозғалысты қамтамасыз ету. Сондықтан да іс жүзінде жүзеге асатын әрі түпкі мақсатқа жетуге барынша көп үлес қосатын таңдау ең тиімді ұйымдық шешім болып табылады.

Басқарушылық шешімдеп ықыласты міндетті таңдаудан тұратын және өндірістік қызметтің нақты өрісіндегі әдістер мен құралдарды анықтайтын басқару органы қызметінің әлеуметтік-экономикалық актісін айтамыз. Басқарушылық шешімнің маңызды белгісі объект, яғни өндіріс немесе басқару жүйесінің өзі болып табылады. Шешім мәселе туындаған жағдайда қабылданады.

Мәселе дегеніміз - жүйенің қажетті (ықыласты) және қазіргі күйі арасындағы өзгешелікті сипаттайтын жағдай. Мінсіз әрекеттесетін жүйелерде (басқарушы және басқарылатын) теориялық тұрғыдан шешім қабылдамаса да болады. Алайда іс жүзінде оған қол жеткізу мүмкін емес, өйткені өндірісте көптеген теріс ықпал ету жағдайлары (ауа-райы, техникалық ақаулар, еңбек тәртібінің нашарлығы және т.б.) болатындықтан, оны түзету үшін шешім қабылдауға тура келеді.

Басқарушылық шешімді қабылдауға жүйелік тұрғыдан қараудың, пайда болған мәселелерді шешуде бірізділікті сақтаудың маңызы зор. Әрбір жаңа шешім алдыңғы шешімдерді өрістету үшін қабылданып, бірыңғай өндірістік міндеттерді кезең-кезеңімен орындауды қамтамасыз етуі тиіс.

Басқарушылық шешімнің маңызды талабы оның уақтылылығы болып табылады. Күрделі өндірістік жағдайда, әсіресе жұмыстың қауырт кезеңінде, егер барлық факторларды ескеруге көп уақыт кететін болса, онда шешім қабылдауды кешіктіріп, жұмыстың орындалуын бөгегеннен гөрі, ең дұрысы тәуекелге бару.

Мақсаткерлік басқарушылық шешімнің маңызды талаптарының бірі болып табылады. Шешім ұжымның мақсатын, басты міндеттерін білдіреді, қайсыбір жұмыстың тікелей орындаушылары мен олардың тапсырмаларын анықтайды. Ірі шаруашылық шешімдері бірнеше мақсатты көздейді.

Кез келген шаруашылық шешімі объективті болуы, яғни шешімді қабылдаған кезде істің нақты жағдайы ескерілуі керек. Сонымен бірге кез келген шаруашылық шешім құзырлы болуы тиіс. Практикалық тәжірибені ғылым жетістіктерімен байланыстыру қажет, яғни кез келген шешім ғылыми негізделген болуы керек. Басқарушылық шешімдер кешенді болуы, яғни шаруашылық мәселелермен қатар әлеуметтік сипаттағы мәселелер де шешілуі тиіс. Кез келген шешім, ол ауызша не жазбаша нысанда қабылданғанына қарамастан, дәл, айқын, түсінікті, нақты, толық болып әрі кімге арналғаны дәл көрсетілуі тиіс. Шешімде тапсырманың мәні, оның көлемі, жүзеге асыру мерзімдері мен тәсілдері, сондай-ақ жауапты орындаушылар көрсетілуі керек.