Коммерциялық ұйымдар

 

Өз қызметінің негізгі мақсаты ретінде пайда табуды көздейтін ұйым коммерциялық ұйымдеп танылады. Коммерциялық ұйым шаруашылық серіктестігі, акционерлік қоғам, өндірістік кооператив, мемлекеттік кәсіпорын нысанында құрылуы мүмкін.

Жарғылық капиталы құрылтайшылардың (қатысушылардың) үлесіне (салымдарына) бөлінген коммерциялық ұйым шаруашылық серіктестік деп танылады. Азаматтық Кодекске сәйкес шаруашылық серіктестігінің мынадай түрлері құрылуы мүмкін: толық серіктестік; жауапкершілігі шектеулі серіктестік; қосымша жауапкершілігі бар серіктестік; сенім (коммандиттік) серіктестігі. Толық серіктестік пен сенім серіктестігінің құрылтайшылары мен қатысушылары тек азаматтар ғана бола алады. Шаруашылық серіктестіктің жоғары органы оның қатысушыларының жалпы жиналысы (өкілдер жиналысы) болып табылады. Шаруашылық серіктестікте оның қызметіне күнделікті басшылық жасайтын және оның қатысушыларының жалпы жиналысына (өкілдер жиналысына) есеп беріп отыратын атқарушы орган құрылады.

Толық серіктестіктің мүлкі жеткіліксіз болған жағдайда қатысушылары серіктестіктің міндеттемелері бойынша өзіне тиесілі барлық мүлкімен ортақ жауапкершілікте болатын серіктестік толық серіктестік деп танылады.

Бір немесе бірнеше адам құрған, жарғылық капиталы құрылтай құжаттарымен белгіленген мөлшерде үлеске бөлінген серіктестік жауапкершілігі шектеулі серіктестік деп танылады. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылар оның міндеттемелері бойынша жауап бермейді және серіктестіктің қызметіне байланысты залалдарға өздерінің қосқан салымдарының құны шегінде тәуекел етеді.

Қатысушылары серіктестік міндеттемелері бойынша өздерінің жарғылық капиталға салымдарымен жауап беретін, ал бұл сомалар жеткіліксіз болған жағдайда өздеріне тиесілі мүлікпен оған өздері еселенген мөлшерде енгізілген салымдар арқылы жауап беретін серіктестік қосымша жауапкершілігі бар серіктестік деп танылады.

Серіктестіктің міндеттемелері бойынша өзінің бүкіл мүлкімен (толық серіктерімен) қосымша жауап беретін бір немесе одан да көп қатысушылармен қатар, серіктестіктің (салымшылардың) мүлкіне өздері салған салымдардың жиынтығымен шектелетін және серіктестіктің кәсіпкерлік қызметін жүзеге асыруға қатыспайтын бір немесе одан да көп қатысушыларды да енгізетін серіктестік сенім серіктестігі болып табылады.

Өзінің қызметін жүзеге асыру үшін қаражат тарту мақсатында акциялар шығаратын заңды тұлға акционерлік қоғам болып табылады. Акционерлік қоғамның жоғары органы оның акционерлерінің жалпы жиналысы болып табылады. Акционерлік қоғамда қоғамның қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асыратын директорлар кеңесі құрылады. Акционерлік қоғамның атқарушы органы алқалық немесе (және) жеке-дара болуы мүмкін. Ол акционерлік қоғамның қызметіне күнделікті басшылықты жүзеге асырады және директорлар кеңесі мен акционерлердің жалпы жиналысына есеп береді.

Азаматтардың бірлескен кәсіпкерлік қызмет үшін мүшелік негізде, олардың өз еңбегімен қатысуына және өндірістік кооператив мүшелерінің мүліктік жарналарын біріктіруіне негізделген ерікті бірлестігі өндірістік кооператив деп танылады. Өндірістік кооперативті басқарудың жоғары органы оның мүшелерінің жалпы жиналысы болып табылады. Өндірістік кооперативте кооперативтің атқарушы органдарының қызметін бақылау жасауды жүзеге асыратын қадағалау кеңесі құрылуы мүмкін. Басқарма және (немесе) оның төрағасы кооперативтің атқарушы органдары болып табылады. Олар кооператив қызметіне күнделікті басшылықты жүзеге асырады және қадағалау кеңесі мен кооператив мүшелерінің жалпы жиналысына есеп береді.

Мемлекеттік кәсіпорындарға шаруашылық жүргізу құқығына негізделген және оралымды басқару құқығына негізделген (қазыналық) кәсіпорындар жатады. Мұндай кәсіпорынның органы уәкілетті мемлекеттік орган тағайындайтын және оған есеп беретін басшы болып табылады.