Дивизионалдық құрылым

 

 
 

Өнімнің кең номенклатурасы бар, жылдам өзгеретін тұтынушылық және технологиялық қажеттіліктер ортасында әрекет ететін ұйым үшін дивизионалдық құрылым қолайлы болып келеді. Мұндай құрылымда бөлімшелер автономдық ұйымдық бірліктер, яғни жекелеген өнімді өндірушілер болып табылады. Ұйымның түрлі бөлімдері жекелеген өнімді шығару үшін бірігеді. Әрбір бөлімшеде ұйымдық ресурстар есебінен тауарлар мен қызметтер өндірісін қамтамасыз ететін функционалдық бөлімдер құрылады. Мысалы, функционалдық құрылымда конструкторлар мен дизайнерлер зерттеу мен әзірлеу бөліміне топтастырылып, ұйым шығаратын барлық тауарлар бойынша жұмыс істесе, дивизионалдық құрылымда зерттеу мен әзірлеу бөлімдері әр бөлімшеде құрылады, олардағы қызметшілердің саны аз болып, олар бір тауар тобына ғана көңіл бөледі.

Дивизионалдық ұйымдық құрылымда ұйым тауар мен қызмет түрлері, тұтынушылар топтары немесе географиялық аймақтар бойынша бөлінеді.

Өнім құрылымы. Мұндай құрылымда қандай да бір өнімді немесе қызметті өндіру мен өткізуді басқару жөніндегі өкілеттік өнімнің аталмыш түрі үшін жауапты бір басшыға беріледі. Мұндай құрылымы бар ұйымдар тұтынушылық сұраныс, технология мен бәсеке жағдайларының өзгерісіне, функционалдық құрылымды фирмаларға қарағанда, тезірек төсіле алады. Мұның тағы бір жақсы жағы қызметтiк үйлестіру жақсарады. Кемшілігі - алуан түрлі өнімдер үшін жұмыстың дәл сол түрлерінің қайталануы салдарынан шығынның артуы.

Тұтынушыға бағдарланған ұйым құрылымы. Мұндай құрылым ұйым бірнеше ірі тұтынушылар топтарына немесе нарықтардың талаптарына сай келетін тауарлардың немесе қызметтердің үлкен ассортиментін өндіретін кезде пайдаланылады.

Аймақтық ұйым құрылымы. Бұл құрылым егер ұйым көлемі бойынша үлкен географиялық аймақтарды қамтитын болса қолданылады. Аймақтық құрылым жергілікті заңдар, әдет-ғұрыптар және тұтынушы мұқтаждықтарымен байланысты мәселелердің шешімін жеңілдетеді.

Бір елдің көлемінде әрекет ететін ұйымдар сияқты, халықаралық деңгейде жұмыс істейтін компаниялар да олардың стратегияларына сәйкес ұйымдық құрылымды таңдауы тиіс. Мұндай фирмалардың ұйымдық құрылымын таңдауына үш негізгі стратегиялық фактор әсер етеді:

- негізінен елдің ішінде әрекет еткен ұйымды өзінің өсуі үшін шетелдегі бар мүмкіндіктерді толық пайдалануға итермелеуге болады;

– халықаралық деңгейдегі іскерлік белсенділікті үйлестіру мақсатында өнім мен түрлі географиялық аймақтар жөніндегі білімді қалай барынша тиімдірек пайдалануға болады;

– фирманың көптеген елдердегі шетелдік филиалдар мен бөлімшелердің іс-әрекеттерін қалай үйлестіруге болады.

Сол себепті ауқымды құрылымды құру қажеттігі пайда болады. Оның екі түрі бар:

Ø ауқымды өнім құрылымы - шығаратын өнім түрлері арасындағы ерекшелік олар сатылатын аймақтар арасындағы ерекшелікке қарағанда маңыздырақ болатын фирмалар пайдаланады

Ø ауқымды аймақтық құрылым - аймақтық ерекшеліктер өнім ерекшеліктеріне қарағанда маңыздырақ болғанда жарамды

Дивизионалдық құрылымның келесі артықшылықтары бар:

1) икемділігі жоғары, сыртқы ортаның өзгерісіне тез жауап қатады;

2) тұтынушылардың қажеттілігіне басым көңіл бөлуге түрткі болады;

3) қызметтiк бөлімшелер әрекеттестігін үйлестірудің жоғары деңгейі;

4) бөлімше шегінде жауапкершілікті дәл бөлу;

5) бөлімшенің мақсаттарына баса назар аудару;

6) жалпы басшылық дағдысының дамуы.

Сондай-ақ дивизионалдық құрылымның мынадай кемшіліктерін атап өтуге болады:

1) бөлімшедегі ресурстардың қосарлануы;

2) бөлімшелердегі мамандану мен техникалық дамудың біршама төмен деңгейі;

3) бөлімшелер әрекеттестігінің нашар үйлестірілуі;

4) жоғарғы басшылық тарапынан бөлімше қызметін бақылауды шектеу;

5) корпоративтік ресурстар үшін бәсеке.