Функциональдық зерттеу әдістері

Бұл әдістер қазіргі кезде кең қолданыс табуда. Пародонтты қанмен қамтамасыз ету жүйесіндегі функциональдық және құрылымдық өзгерістерді анықтау үшін реопародонтографиялық әдіс қолданылады. Бұл әдіс жүректің қызметіне сай тамырлардың қанға толуына байланысты зерттелуші тіндердің электр қарсыластығының өзгерістерін өлшеуге негізделген және перифериялық (шеткейлік) гемодинамиканың графикалық сипаттамасын талдау арқылы тіндердегі қан арнасының (кровяное русло) артериялық (қызылтамырлық) және веноздық (көктамырлық) бөліктерінің жағдайын анықтауға мүмкіндік береді. Реографиялық зерттеу арқылы алынған реопародонтограммалық қисықтың (-cурет) формасына, дикротаның орналасу деңгейіне, қосымша толқындарға барынша мән беру керек. Себебі, олар қантамырлардың кеңею және тарылу жағдайындағы қабырғаларының тонустық кернеуінің ондағы функциональдық немесе органикалық өзгерістермен тікелей байланысын анықтайды.

Сапалық өзгерістермен қатар сандық өзгерістердің де үлкен маңызы бар. Ол үшін реографиялық қисықтың – амплитудалық уақыттық параметрлерін талдай білу керек. Оларға төмендегі көрсеткіштер жатады; реографиялық индекс (РИ), тамырлар тонусының көрсеткіші (ПТС-показатель тонуса сосудов), шеткейлік немесе перифериялық қарсыласу индексі (ИПС-индекс периферического сопротивления), тамыр созылымталдығының индексі (ИЭС-индекс эластичности сосудов).

Реопародонтографиялық зерттеудің нәтижесі пародонт ауруларының патогенезін және жүргізілген емдеу шараларының тиімділігін анықтауға мүмкіндік береді.

Пародонт құрамындағы сүйек тінінің функциональдық жағдайын анықтау үшін эхоостеометриялық әдіс қолданылады. Ол сүйек тінінің тығыздығына байланысты дыбыс өткізу уақытын өлшеуге негізделген.

Бұл әдіс - өте сезімтал әдіс, сүйек тініндегі әртүрлі физикалық күштер әсерінен болатын немесе басқалай деструкциялық өзгерістерді дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.

Ауыз сұйықтығының рН-ын анықтаудың және қызылиек сұйықтығының құрамын зерттеудің де үлкен маңызы бар. Сұйықтықты жоғарғы алдыңғы тістер төңірегіндегі қызылиек қалталарынан стандартты сорғыш қағаздардың немесе капиллярлық түтіктердің көмегімен жинайды.

Жиналған сұйықтықты қойылған мақсаттарға байланысты цитологиялық, гистохимиялық, микробиологиялық, биохимиялық және иммунохимиялық зерттеулерден өткізеді.

Қажет болған жағдайда жалпы клиникалық зерттеулерді (қанның жалпы құрамын, глюкоза деңгейін, зәрдің құрамын) жүргізген де маңызды. Күрделі жағдайларда басқа мамандардың (гастроэнтеролог, кардиолог, эндокринолог, невропатолог, терапевт) ақыл-кеңесін алған да тиімді болады.

Сонымен қатар пародонт ауруын хирургиялық әдіспен емдеу алдында қанның ағу және ұю жылдамдығын, тромбоциттер санын анықтау да қажет.

Пародонт тіндерінің қан тамырларындағы функциональдық өзгерістерді құрылымдық немесе органикалық өзгерістерден ажырату үшін никотин қышқылымен, нитроглицеринмен және температуралық тітіркендіргіштермен сынамалар жүргізіп бақылауға болады.

Пародонт тіндеріндегі аймақтық қанайналымының жағдайын фотоплетизмографиялық әдіспен де анықтайды. Мұның реографиялық әдістен ерекшелігі – сәуле шоғыры пародонт тіндері арқылы өткенде олардың оптикалық тығызыдығына байланысты тамырлық тербелістер – фотоплетизмограмма (ФПГ) тіркеледі.

Пародонттағы ұсақтамырлар арнасындағы функциональдық жағдайды биомикроскопиялық зерттеудің көмегімен де анықтауға болады. Зерттеу аймағын арнаулы 100 рет үлкейтіп, тіннің жағдайын 800 мкм тереңдікте көрсете алатын жанаспалы микроскоптың көмегімен ұсақ тамырларды суретке түсіріп алады. Бұл әдістің көмегімен ұсақ тамырлар арнасының артериялық және веноздық тізбектерінің архитектоникасын, функциональдық жағдайларын, қан айналым ерекшелігін анықтауға болады. Зерттеуді үш аймақта: қызыиек жиегінде, бекіген қызылиекте және ауыспалы қатпарда жүргізеді.

Соңғы кезде полярогафиялық әдіс (тіндегі оттегі кернеуінің деңгейін анықтау) кең қолданыла бастады. Бұл әдіс тіндер арқылы кернеуі 0,6-0,8 ватт тұрақты ток өткен кезде платинадан жасалған поляризациялаушы электродтағы оттегінің тотықсыздану қасиетіне негізделген.