Сурет. Ортопантомограмма. Пародонттың созылмалы жайыла қабынуы, ауыр дәрежесі

Пародонттың созылмалы қабынуының өршуі белсенді ағымдылықпен, қызылиектің қатты ауыруымен, пародонтальдық қалталардан көп мөлшерде іріңді жалқық бөлінуімен сипатталады.

Қарап тексергенде, қызылиек қатты домбығып, қызарғаны байқалады, сипап-басып байқағанда қатты ауырады және пародонтальдық қалталардан іріңді жалқық бөлінеді. Өршу үрдісі пародонттың созылмалы қабынуының орта және ауыр дәрежесі кезінде жиі орын алатындықтан, бұл кезде науқастың жалпы жағдайы да өзгереді: кейде дене қызуы көтеріліп, әлсіздік және дымкәстік, терлегіштік сияқты организмнің созылмалы уыттану белгілері көрініс береді. Пародонттың созылмалы қабынуының өршуі кезінде қызылиектің абсцестенуі жиі орын алады. Пародонтальдық абсцестің дамуына іріңді жалқыққа толы терең қалталардың орын алуы және олардан жалқық бөлінуінің қиындауы себепкер болады. Бұл кезде қалтадағы микроорганизмдер қызылиектің дәнекертін қабатына өтіп, іріңді қабыну ошағын туындатады. Қалтаның тереңдігіне байланысты абсцесс қызылиекте тістің түбір ұшы проекциясында, түбірдің орта деңгейінде немесе қызылиек жиегіне жақын орналасады.

Абсцесс дамыған кезде қызылиек қатты ауырып, оның қалыптаса бастаған аймағында шектелген томпақ ісікке ұқсас құрылым пайда болады, тағам шайнау қиындайды, кейде дене қызуы көтеріліп (бірнеше абсцесс дамыған болса), аймақтық лимфа түйіндері ұлғаяды. Көпшілік жағдайда абсцесс жедел дамиды және орталық аймағы жұмсарып, қызылиек қабаты тесіліп, жыланкөз пайда болады. Сондықтан бұл жыланкөзді периодонттың соызлмалы гранулденіп қабынуы кезіндегі жыланкөзден ажырата білу керек. Ол үшін жарақат ошағы аймағының рентген суреті қажет болады.

Пародонттың созылмалы қабынуы кезіндегі патоморфологиялық зерттеулерге сүйенсек, пародонттың барлық тіні патологиялық өзгеріске ұшыраған: жабынды эпителийде дистрофиялық өзгерістер дамып, жоғарғы қабатында өліеттену үрдісі байқалады. Қызылиек сайы эпителийі пролиферациялануға ұшырап, пародонтальдық қалталар қабырғасымен түбір бойын қуалай өскені анықталады.

Аурудың орта және ауыр дәрежесі кезінде дәнекертінді қабатта құрамында лимфоидтерден, гистиоциттерден және аз мөлшерде плазматикалық жасушалардан, лейкоциттерден тұратын инфильтрат ошақтары кездеседі. Толықша жасушалар көптеп дегрануляциялануға ұшыраған, пародонтальдық қалталарда көп мөлшерде грануляциялық тіндер пайда болған және қабырғалары қалталарды қуалай өскен эпителий қабатымен жабылған. Аргирофильді және коллагенді талшықтар қалыңдап, жартылай ыдырауға ұшырағандығы байқалады.

Сүйек тінінде лакунарлы сорылу (ойықты сорылу) үрдісі басым, тістераралық қалқан сүйектер жіңішкеріп, пішіндері бұзылған, жиі-жиі бөлшектенуге (фрагментациялануға) ұшыраған. Негізінде альвеола өсіндісінің сүйек тінінде сорылудың (резорбцияланудың) барлық түрлері (остеокластық-остеокластическая, қойнаулы-пазушная, жазық-гладкая, ойықты-лакунарная) орын алғанын анықтауға болады. Сүйек тіндерінде қайта құрылу үрдісінен сорылу үрдісі басым болады. Түбір цементінде және дентиннің ұлпа жақ бетінде сорылу ошақтары анықталады. Қантамырларда да өзгерістер орын алған, олардың эндотелий қабаты өсе қалыңдаған, қабырғаларының гиалиноздену және склероздануға ұшырауы нәтижесінде өзектері тарылған.

Сүйек тіндеріндегі нерв талшықтары бөлшектенуге ұшыраған (фрагментацияланған), ал аурудың ауыр дәрежесінде тозаңды ыдырау байқалады.

Пародонт қабынуының ремиссиялық кезеңі (қысқа уақытқа тұрақтану) тиімді және кешенді емдеу жүргізгеннен кейін байқалады. Бұл кезде қызылиектің қанағыштығы жойылып, ауыру сезімі басылады, тістердің қозғалмалылығы азаяды, аурудың ауырлығына байланысты пародонтальдық қалталардың тереңдігі азайған немесе жойылған және қабыну үрдісі анықталмайды.

Рентгенсуретте сүйек тініндегі сорылу үрдістері тежелгені анықталады. Альвеола өсіндісі қырындағы кемік сүйектің тығызданғаны, қатты сүйек пластиналарының қайта құрылғаны, кеуектену аймағында сүйек бағаналарының қалпына келгендігі, сүйек тінінің рентген суретінің айқындылығын анықтауға болады.

13-сурет. Пародонтоз.
8.6. Пародонтоз

Пародонтоз – пародонт құрамындағы барлық тіндердің дистрофиялық өзгерістерге ұшырауымен сипатталатын ауру және барлық пародонт ауруларының арасында 2-10% жағдайда орын алады.

Пародонтоздың негізгі белгілері: қызылиекте баяу дамитын дистрофиялық үрдіс (қызылиектің атрофиялана қабынуы), альвеола өсіндісінің көлденең деструкциялануға ұшырауы, тістер түбірлерінің ашылуы, мойын бөліктерінде сынаға ұқсас ақаулардың пайда болуы. Пародонттағы үрдіс толассыз және баяу дамиды. Қажетті емдеу шараларын жүргізбесе, патологиялық үрдіс тістердің байлам аппараттары мен тістераралық, түбірлераралық қалқан сүйектердің толық семіп, жойылуымен аяқталады.

Науқастардың шағымы аурудың даму сатысына және ауырлығына байланысты. Бастапқы кезде оларды қызылиектің қышуы, шаншуы, жақсүйектерінің сырқырауы, тістердің температуралық және химиялық тітіркендіргіштерге жоғары сезімталдығы мазалауы мүмкін. Қарап тексергенде, қызылиек түсі бозғылттау және аздап күңгірттенген, консистенциясы тығыз және қанамайды. Алдыңғы тістер аймағында қызылиек бүртіктерінің көлемі кішірейіп, қызылиек жиегі семуге ұшырай бастағандықтан (ретракция десны) тістер мойыны жалаңаштанғаны байқалады. Рентгенсуретте тістераралық қалқан сүйектер ұштары доғалданан, қатты сүйек пластинасының бүтіндігі сақталғанымен рентгенайқындылығы төмендеген, кемік сүйекте кеуектену және склероздану үрдістері қатар орын алған.

Пародонтоздың орта және ауыр дәрежелерінде қызылиектің семуімен қатар тістер мойындары толық ашылып, түбірлері әртүрлі деңгейде жалаңаштанады. Тістер желпуішке ұқсап бір-бірінен алшақтап, араларында бос кеңістіктер пайда болады. Қарап тексергенде, қызылиектер бозғылт-қызыл немесе ақшыл-қызғылт түсті, бүртіктері жартылай кейде толық атрофияланған, жиектері жұқа, деформациялануға ұшыраған, бірақ тістер түбіріне тығыз жанасқан, пародонтальдық қалталар жоқ, көпшілік тістердің мойын бөліктерінде сынаға ұқсас ақауларанықтлады.

Рентгенсуретте тістераралық қалқандар сүйегі әртүрлі деңгейде қысқарған, кеуектену ошақтары бар, альвеола өсіндісінің суреті ұсақторлы көрініске ие, сүйек бағаналары склероздану әсерінен қалыңдаған.

Пародонтоз, жеңіл дәрежесі деген диагноз тістердің мойын бөліктері ашылып, түбірлері ұзындығының 1/3 деңгейіне жалаңаштанса, рентгенсуретте тістераралық қалқандар түбірлер ұзындығының 1/3 бөлігіне төмендеген немесе қысқарған жағдайда қойылады.

Пародонтоздың орта дәрежесінде тістер түбірлері ұзындығының 1/2 бөлігіне дейін ашылады немесе рентгенсуретте тістераралық қалқандар биіктігі ½-ге төмендейді, тістер аздап қозғалмалы болуы мүмкін.

Пародонтоздың ауыр дәрежесінде тістер түбірлері ұзындығының 1/2 бөлігінен артық деңгейге ашылады, немесе тістераралық қалқандар биіктігі 1/2-2/3 бөлігіне төмендейді. Тістер әртүрлі дәрежеде қозғалмалы болады. Кейде тістераралық қалқандар толық жойылып, тістердің ауыру-сырқаусыз өз бетімен түсіп қалуы орын алады.

Пародонтоз кезінде патоморфологиялық өзгерістер пародонт тіндеріндегі дистрофиялық өзгерістермен, қантамырлық бұзылыстармен сипатталады. Қызылиек пен периодонттағы коллагенді тіндерде фиброздану мен склероздану үрдісі байқалады. Альвеола өсіндісінің сүйек тініндегі жазық сорылу (гладкая резорбция) үрдісінің басымдығы тістераралық қалқандар сүйегінің толығымен жойылуына әкеліп соғады.

Пародонттың нерв тіндері алғашқы кезден бастап өзгеріске ұшырайды және ондағы дистрофиялану үрдісі біртіндеп үдей береді.