Азақ тіліндегі дисфемизмдер

Дисфемизм (лат. dis, гр. dus - қарама-қарсылық не болымсыздық мағына тудыратын қосымша, гр. рһemi - айтамын), какофемизм — ауыс мағынаның бір түрі. Қалыпты қолданылатын зат, құбылыс атауларын неғұрлым дөрекі, тұрпайы сөздермен ауыстырып айту. Дисфемизм - мағынасы жағынан эвфемизмге қарама-қарсы құбылыс. Дисфемизм кеміту,қорлау,жаратпау ұғымын тудырады. Мысалы:боқ мұрын бала,боқтан өзгені сөз қылу,боғымен жасты баламен ойнады,боғын пышақтады,қолынан боқ келмейді,боққа татымайды,боғы ботқа,т.б. Қазақ тілінде бәр сөзге қатысты осыншама дисфемизмдер бар.Дисфемизмдер - әдеби тілдің үлгісіне жатпайды.Бұлар көбінесе көркем шығармада ауызекі тілдің сөйлеу үлгісі ретінде кейіпкерлердің тілінде ұшарасады.Сол арқылы әр жазушы өзінің қаһарманының мінез-құлқын, іс-әрекетін, ой-өрісін бейнелеп, нақтылы шынайы бейнесін жасайды.

Қазақ тіл білімінде эвфемистік, дисфемистік құбылыстарға жеке-жеке түсінік беріліп, оларды зерттеуге арналған біршама еңбектер бар. Осы ретте Ә. Ахметов, Ә. Хасенов, Ә. Болғанбаев, Ғ Қалиев, Б. Сағындықұлы т.б. ғалымдарымыздың пікір-тұжырымдары мен еңбектерін атауға болады. Ал эвфемизмдер мен дисфемизмдердің көркем шығарма тілінде қолданылу мәселесі кейбір зерттеулерде жалпы лексика тұрғысынан алынып қарастырылғанымен, олардың функционалдық стильдер ішінде көрінуі – бүгінгі күнге дейін айқындалмаған құбылыс. Бұл құбылыс – кешегі–бүгінгі емес, ғасырлар бойы қалыптасқан (әсіресе фразеологизмдер тұрғысынан келгендері) тілдік заңдылық.Белгілі тіл білімінің маманы Б. Сағындықұлы: «Дисфемизм тәсілімен сөз қолдану – мағынасы жағынан эвфемизмге қарама-қарсы тілдік құбылыс, соңғысы сөздің ұғым-түсінігін сыпайылап әдемілесе, алдыңғысы керісінше жағымды мағынаны дөрекілейді, қатайтады. Күнделікті өмірде, әдеби қолданыста жағымды, сыпайы әдепті сөздерді дөрекі, анайы сөздермен ауыстырып қолдану тәсілі тіл білімінде дисфемизм деп аталады. Дисфемизмдер көркем шығармада көбіне ауызекі сөйлеу тілінің үлгісі ретінде кейіпкерлер тілінде беріледі. Сол арқылы әр жазушы өз қаћармандарының мінез-құлқын, білім дәрежесін, іс-әрекетін бейнелейді, шынайы образын жасайды» , – деп сипаттайды. Сондықтан эвфемизмдер мен дисфемизмдерді қарама-қарсы құбылыс ретінде қарастырғанда ғана олардың негізгі мәні мен қызметі айқындалады.Сондай-ақ бұл – тіл мәдениетін, сөйлеу мәдениетін көтеруге септігін тигізері, тілді тиімді жұмсай білуге үйрететіні даусыз. Мысалы: Сенің мұндайқоян жүрек, қорқақ, екі жүзді екеніңді бұрын білген болсам... (Қайсенов Қ. Партизан соқпақтары). Біреуі аңқау, ақ көңіл, екіншісі момақан, момын келген де, енді үшінші біреуінің тұрлаусыз, екі жақтылаумінезі бар-ды (Қайсенов Қ. Партизан соқпақтары) деп қолданудағы адамның мінез-құлқын ашу мақсатында контрастық құбылыстарға жататын дисфемизмдер мен эвфемизмдердің қызметі айрықша екендігі көрініп тұр. Контекстік мағынада «қоян жүрек» пен «екі жүзді», «ақ көңіл», «момақан» мен «тұрлаусыз», «екі жақтыларды», яғни дисфемизмдер мен эвфемизмдерді қаламгер жалпы адам болмысын ашуда өте ұтымды қолданған. Дисфемизмдер мен эвфемизмдердің бұл сияқты қатар келуі стильдік алуан түрлі қызмет атқарып, ойды жеткізуде өзіндік бояуымен оқшау танылатын сөздер тобы болып табылады. Немесе: Мен орасан тентек едім де, ол жуас еді (Қайсенов Қ. Партизан соқпақтары).Ұлтшылдар ғой жұрт қан жылап отырғанда, бұлардың рахаттанып жүргендерін қарашы, – деп Борис оларға кектене қарады(Қайсенов Қ. Партизан соқпақтары)деген тұстары қаламгердің дисфемизм мен эвфемизмдер секілді контрастық құбылыс қолданымдарына енгізіп, жекелеген сөйлемдер құрамында өзара салыстыра шендестіріп, айқын қарсы қойылған мән сипаттарын ұштай түсуде бұл тілдік құбылыстар ерекше стильдік қызметте жұмсалған.Осы сөйлемдерде қаламгер суреттеліп отырған жайтты көз алдымызға нақты елестете алады. Осылайша жазушы болған оқиғаны көзбен көріп, қолмен ұстағандай асқан шеберлікпен береді. Осындай шеберлікке М. Серғалиев былай деп баға береді: “Көркем әдебиеттің басқа жанрларындай, прозада сөз қолдануға, шалқи сөйлеуге де, аз сөзбен көп мағына беру мақсатымен дәмді сөйлеуге де еркіндік мол екендігін ескерсек, мұндағы қолданыс кей ақындардың өлең ұйқасы үшін сөз тұлғаларын еріксіз тықпалауында емес автордың сарыла ойланып, санаға салуының, жаңалыққа құштарлығының жемісі деп білеміз” .Сондай–ақ «дисфемизмдер көркем шығармаларда кейіпкерлердің тілінде қолданылып, әртүрлі жағымсыз эмоциялық мән тудырады. Олар белгілі бір стильдік мақсатпен сөздерді дөрекі, тұрпайы етіп қолдану тәсілдерін құрайтын қарапайым сөйлеу тілінің құрамына енеді. Кейіпкер тілінде қолданылған қарапайым сөздер кейіпкердің бір сәттік бейнесін жасауға, көркем бейнесін беруге қызмет етеді. Кейіпкер аузынан шыққан қарапайым сөздер оның шыққан ортасын, алған тәлім-тәрбиесін, мінез-құлқын, көңіл-күйін, ішкі сезімін көрсете алады» . Көбінесе дисфемизмдер тілдік агрессия құралы ретінде көрініс табады. Төмендегі мына сөйлемдерге де назар аударсақ:

– Сен, немене, керең болғансың ба өзің! ( Жүнісов С.). Әуелі божыны ағыт, көтермені түсір, дүлей. ( Жүнісов С.). – Әне бір сілімтік кімдікі. (Жүнісов С.).

– Сұлыны сен бердің бе, есуас! – деп үй алдындағы биік қарды шұңқырлап ойып, соған төккен сұлыны күрт–күрт жеп тұрған кебеже қарын, мегежін биеге қарап, зірк етті (Жүнісов С.)

–Онан да ән тыңдамайсың ба, ақымақ! ( Жұмаділов Қ.).

Мақұлық-ау, өлтіресің бе қаршадай баланы? (Жұмаділов Қ.).

Негізінен, құлағы нашар еститінді – «керең» дейді немесе «дүлей», «мақұлық-», «ақымақ» дегендер әдеби нормадағы тура мағыналы тұрпайы мәнді сөздер. Мұндай тұрпайы сөздер өте көп. Сөздіктерде әдеби норма деген белгі қойылған. Сондықтан тұрпайы сөздердің бәрі дисфемизм немесе қарапайым емес. Бұлардың синонимдері болмаса екінші бір әдеби баламасы жоқ сөздер. Ал, сілімтік, есуас т.б. – дисфемизмдер. – Ау, әкім мырза, сен некөкіп отырсың – деді ол бірден тұлан-тұта, саңқ етіп. – Көкігенің не, ей-й? Мен көзбен көргенді айтамын! – деді сасып қалған әкім. (Әзиев Ә.). Немесе: – Әй, мынауың не дейді?! Қадиша, әй, Қадиша! Қайда құрыдың омалып! Не дейді мына күшігің! (Ә.Тарази..) дегендердегі «көку», «омалып», «күшік» дөрекі мәндегі дисфемизмдер болса, кісіге қарата айтылған «әй» немесе «өй» деген одағайлар да сауаты төмен кейіпкерлердің мінез-құлықтарын көрсететін тұлғалар болып табылады.