Күрделі етістіктер және олардың жүйесі

Күрделі етістіктер – тілдің сөзжасам құбылысына жататын белгілі сөзжасамдық үлгі арқылы жасалып, күрделі қимылды білдіретін лексикалық бірліктер. Олардың жасалуы мен беретін мағынасы тіл біліміндегі жалпы күрделі сөз атауларының теориялық негізіне сай келеді. Күрделі етістіктердің жасалуы жасалуы тілдегі туынды сөздердің жасалу заңдылыұтарымен ұштасып жатады, теориялық тұрғыдан да сөзжасамның қасиеттері күрделі етістіктерден аңғарылады.

Күрделі етістіктердің өзіндік ерекшеліктері, нақтылы жасалу үлгісі, белгілері бар.

Соңғы кезеңге дейін күрделі етістік құрамында аналитикалық формалы етістіктер де, (келе сал, айта бер, келе бер, өте бер т.б), фразалық тіркестер де (жүрек жұтқан, көз ілмеу, құлақ аспау, іші қимады, обал болды), құранды етістіктер де (қызмет ет, риза қыл, жәрдем қыл, сәлем ет,), кейде еркін сөз тіркестері де (күле қарау, жантайып жату, сөйлей келді, күлімсірей кірді) аталып келді.

Қазақ тіл білімінде бұларды бір-бірінен ажыратып қарау Н. Оралбаеваның еңбектерінен басталады. Күрделі етістік пен етістіктің аналитикалық формасы тілдің жалпы екі саласына жатады. Бірі – сөзжасам нысанасы, екіншісі – морфологияның нысанасы.

Күрделі етістіктер – қазақ тілінің бай лексикалық қабаттарының бірі. Көне жазба ескерткіштерде күрделі етістіктердің бірен-саран кездесетіні байқалады: Буны көру білің.Табғачта адурулту, қаңлақту. Келтірілген мысалдардан күрделі етістікті жасаушы тірек сыңарлар етістік жасаушы элемент ретінде көне түркі тілінде аз да болса қолданыла бастағаны байқалады. Қазақ ауыз әдебиетінің: эпос, хисса-дастандар, шешендік сөздер т.б жанрларында мынадай күрделі етістіктер:алып келген, еріп келді, іздеп барып, сатып алды, жауып қойған, сұрай жетті, мініп кетті, жиылып келді, қағып кетті, естіп біл, қағып ал, артып алып, ілесіп барсын т.б кездеседі. Мысалы: Атамыз киік аулап кеткен екен,

Анамыздың мезгілі жеткен екен (Ғашықнаме)

Қайт дегенге шытынап кете бермей

Өлеңіңнің түбіне бір барып қайт (айтыс)

Келе-келе кет, кел, жөнел, қайт сияқты етістіктер тілімізде етістік жасаудағы белсенді сыңарға айналған. Мысалы: Бір-екі рет Ұлпаннан да бәйге алып кетті. Бір-екі рет Біжікен де бәйгесін шешесіне әкеліп берген. (Ғ.Мүсірепов)

Күрделі етістіктің пайда болуы кездейсоқ құбылыс емес. Олар – сөзжасамдық заңдылықтарға негізделі нәтижесінде түзілген тұлғалар. Күрделі етістіктер құрамындағы жеке сөздер сөйлемге дербес мүше болу қасиетінен айырылып, сыңарлары жеке-жеке емес бір екпінмен айтылып, лексикалану үрдісінен қту нәтижесінде пайда болған.

Күрделі етістіктер – бір лексикалық мағына білдіретін, ең кемі екі сыңардан жасалған, тілде жеке дербес сөздің қызметін атқаратын лексикалық бірліктер. Тек күрделі етістіктің сыңарлары дыбыстық жағынан бірігіп кірікпей, өдерінің ара жігін сақтаған. Бұл күрделі сөздердің сөз ретінде танылуына кедергі болмайды. Өйткені сөз атаулыға тек қана дыбыстық тұтастықта болу керек деген талап қою мүмкін емес. Сөз таптарының бәрінде де дыбыстық жағынан тұтастығы жоқ күрделі сөздер өте көп.

Күрделі етістіктердің ішінде, мысалы, аздаған сөздер ғана дыбыстық құрамы жағынан кірігу дәрежесіне жетіп, қалғандарының ішкі сыңарлары өздерінің аражігін сақтаған. Бұл жағдайды басқа түркі тілдерінен де көруге болады. Мысалы, туктап кал, укып чык, алыип бир, алып чыг (тат), сатып бер, алып бер, ала бар, айта бар (қырғ), барып кел, сатып ал (ноғ) т.б. Бұдан күрделі етістіктің сыңарларының лексикалық мағына беруші тілдік бірліктер екенін, күрделі етістіктің сөзжасамға жататынын көруге болады.

Күрделі етістіктер көне замандардан бері әбден қалыптасқан заңдылықтар бойынша жасалады. Күрделі етістіктер белгілі модельдер (үлгі) арқылы түзілген. Қазіргі түркі тілдерінде қолданылатын модель: етістік+көсемшенің жұрнағы+етістік: алып кел, барып кел т.б. Әзімбай жауап айтпай, үндемей тұрды да, атына мініп кеті. (Әуезов)

Күрделі етістіктің құрамындағы сыңарлар бір-бірімен үнемі көсемше арқылы байланысады. Олар көсемшенің –ып, -іп, -п, а-, е-, -й қосымшалары. Көсемше сөйлемдегі негізгі қимылдың қалай жасалғанын білдіретін сөз. Көсемшенің осы қасиеті оның басқа етістіктердің алдынан тіркесуін қалыптастырған.

Күрделі етістіктер сонымен қатар тірек сыңарлар арқылы жасалады. Тілімізде тірек сыңар арқылы жасалған күрделі етістіктердің саны 2000-ға жуық. Мұның өзі тірек сыңардың күрделі етістік жасауда өнімді қызмет атқаратынын көрсетеді. Күрделі етістік жасаудағы ерекшелігіне қарай тірек сыңарлар өте өнімді, өнімді, өнімсіз деп үш топқа бөлінеді.

Өте өнімді тірек сыңарларға кел, кет, қайт, шық, ал, бер сияқты етістіктер жатады.

Өнімді тірек сыңар болатын етістіктерге таста, өт, әкел, әкет, жібер, қой, бар, жөнел, қал етістіктері жатады.

Ал өнімсіз сыңарларға мына етістіктер жатады: түс, кір, қаш, бер, қара.