Азақ ертегілерінің тақырыптық- көркемдік ерекшеліктері, зерттелуі

Фольклордың қара сөзбен айтылатын, ерекше мол түрінің бірі — ертегі. Ол халықтың ауызша айтатын көркем әңгімесі.Осы ауызша әңгімелері, ертегілері арқылы еңбекші халық бақыт туралы, еркін өмір, жайлы мекен туралы үміт, армандарын баяндайды. Ертегіде баяндалатын сан алуан қызық уақиғалар шындықтан гөрі, көбіне қиял дүниесі тудырған. Ғажайып хал, қиял әңгімелері, орасан уақиғалы қазақ әңгімелері, салтпен, тарихпен байланысты оқшау әңгімелер — бәрі де ертегінің түрлері. "Ертегі" деген ат ертеде, ерте күндегі деген сөздерден туған. Кейде "ертек" деп те айтылады. Содан ертегі айтушыны "ертегіші", "ертекші" дейді. Осы аты көп ертегінің басында әдейі айтылып, аумай аталып та отырады. Қазақ ертекшісінің де көптен-көп ертегісін: "ертеде бір бай бопты", "ертеде бір хан бопты", "ертеде бір кемпір мен шал бопты" деп бастайды. Немесе "ертек-ертек ерте екен" деген сияқты көп ертектерге ортақ, ерекше өлеңше бастаумен келеді.

Қазақ ертегісі — есте жоқ ескі замандардан бастап беріге шейін болған талай ұзақ-ұзақ дәуірлердің кездерінде туған, өсіп, көбейіп келген мол дүние. Онда сонау арғы Үйсін, Қаңлы руларының кезінен санап, Қыпшақ елдігінен, монғолдар жорығының тұсынан, Алтын Орда үстемдігі дәуірінен айтылып келген көне әңгімелер көп. Қазақ атты ел құралмастан бұрын, мұсылман діні кірместен бұрын ескі руларға түгел ортақ болған ертектер бар. Дүниетану, дінге нану шамасы шаманизм, буддизм бағытында болған кездерде шыққан ертектер де бар тәрізді. Одан беріде ислам діні арқылы, кітап арқылы тараған діни ертектер тағы бар.

Қазақ ертектері ең алғаш қомақты болып академик В.В. Радлов жинағында басылды1. Қазақтың ауыз, жазба әдебиетінің басқа үлгілерімен қатар, Радлов жинағына: "Алтын бел", "Хан Шантай", "Еркем Айдар", "Жақсылық пен жамандық", "Хан қызы", "Түс сатқан тазша", "Молданың үйінде оқыған бала", "Түлкі, қасқыр, жолбарыс", "Дудар қыз", "Балқан тау", "Үшүл", "Қармақ салған жігіт", "Қарагөз сұлу", "Алтын бас, күміс аяқ", "Ақсақ Темір хан", "Киік" деген ертегі, аңыз әңгімелер кірген. Радлов қазақ ертегілерін естілуінше, тіл, сөз ерекшелігін сақтай, дәл жазып алуға тырысқан.

Радловтан бұрын қазақ ертегілерін Шоқан Уәлиханов, профессор Березин, Ильминскийлер де недәуір жинаса да, дәл Радлов сияқты ғылыми системаға келтіріп, қазақ тілінде бастырып үлгірмеген. Березин жинаған ертектердің бірқатарын кейін өзінің хрестоматиясына кіргізді2. XIX ғасырда қазақ ертегілерін көп жинаған А.Е. Алекторов пен Г.Н. Потании. А.Е. Алекторовтың қазақ арасынан жинаған ертегілері орыс тіліне еркін аударылып, сол кезде қазақ даласына байланысты шығып тұрған газет, журналдарда ("Дала уәлаяты", "Тургайская газета", "Астраханский вестник", т.б.) 1880-1890 жылдар арасы үнемі басылып отырған. XIX ғасырдың тек соңғы 20 жылының ішінде бір Алекторовтың өзі жүзден артық қазақтың ертегі, аңыз әңгімелерін жинап бастырған. Мәселен, 1893 жылы бір ғана "Астраханский вестник" газетінде: "Ағайынды екі қу", "Лұқпан хаким", "Айтуған батыр", "Омар молда", "Жиренше мен Алдаркөсе", "Қарағай мен сексеуіл", "Абы жылан", "Ағайынды үш жігіт", "Алдаркөсе мен Шық бермес Шығайбай", "Хан мен жігіт", "Ер Қосай батыр", "Түлкі мен қой", "Тақ Сүлеймен", "Өтірік ертек", "Залым Қали", "Әулие бала" атты ертектер басылған. Қазақ ертегілерін жинауға қаншалық көңіл қойып, маңыз бергендігі осыдан-ақ көрінеді.

Қазақ ертегілерін ұзақ жылдар бойы жинап, үнемі бастырып отырған адам — профессор Диваев Әубәкір22. Әубәкір (1856—1931) қазақтың ауыз әдебиет нұсқаларын (соның ішінде ертегілерді) жинауды XIX ғасырдың 90-жылдарынан бастады. Диваев өзінің жинаған ертегілерін көбінесе өз тұсында газет-журналдарға, не жеке кітап етіп бастырып отырған, басылып үлгірмегендерінің бірқатары өзі өлгеннен кейін қолжазба түрінде Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл, әдебиет институтына келіп түсті. Бірқатар материалдары Ташкентте Өзбекстан ғылыми орындарында сақтаулы. Басқа жинаушы зерттеушілерден Диваев еңбектерінің бір ерекшелігі — жазып алған ертегілерді қазақша-орысша екі тілде[3] қатар бастырған және әрбір ертегінің қайдан, кімнің айтуынан жазып алынғандығы толық көрсетіліп отырады. Бұл жай әрбір ертекшілердің айтқыштық творчестволық ерекшелігін, қазақ ертегілерінің жайылып таралуының географиялық аумағын анықтауға зор мүмкіндік береді. Біздің осы баспадан шығып отырған ертегілеріміздің бірталайы Диваев жинақтарынан алынды.

қазақ әдебиеті тарихының 1-томын жазумен байланысты ертегілеріміздің ерекшелігі кеңірек тексерілді, оны жіктеуді негізінен үшке бөлеміз:

1) қиял-ғажайып ертегі;

2) хайуанат жайындағы ертегі;

3) сыншыл ертегілер.

Ал сыншыл ертегілер қазақ фольклорында ең көп болу себепті оның түрлері де әр алуан. Сондықтан сыншыл ертегілер өзара үш түрге бөлінеді:

а) салт ертегілер;

б) күлдіргі ертегілер;

в) аңыз ертегі