Күдіктіні ұстаудың тәртібі мен негіздерін күдіктінің құқықтарымен байланыстыра отырып қарастырыңыз

Қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы күдіктіні ұстап алу – қылмыстық қудалау органы қылмыстың жолын кесу және оған күзетпен ұстау түрiндегi бұлтартпау шарасын қолдану туралы мәселенi шешу мақсатында немесе адамның жасырынуы не неғұрлым ауыр қылмыс жасауы мүмкін деп пайымдауға негіздер болса, қылмыстық теріс қылық бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету үшін қолданатын процестік мәжбүрлеу шарасы.

Қылмыстық қудалау органының лауазымды адамы, мына негiздердiң бiрi:
1)осы адам қылмыс жасау кезiнде немесе тiкелей оны жасағаннан кейiн ұсталған;
2)көзімен көргендер (куәлар), оның iшiнде жәбiрленушiлер қылмыс жасаған адам ретінде осы адамды тікелей көрсетсе;
3)осы адамда немесе оның киімінде, өзiнің бойында немесе тұрғынжайында қылмыстың анық iздерi табылған кезде;
4) жедел-iздестiру қызметiнiң және (немесе) жасырын тергеу әрекеттерінің заңға сәйкес алынған материалдарында адамға қатысты ол жасаған немесе жасауға дайындап жатқан қылмыс туралы анық деректер болғанда, бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындалуы мүмкін қылмыс жасады деп күдiк келтірілетін адамды ұстап алуға құқылы.
Осы адам қылмыс жасау кезiнде немесе тiкелей оны жасағаннан кейiн ұсталған қоспағанда, адамдарды қылмыс жасады деген күдікпен ұстап алу кейінге қалдыруға болмайтын қажетті тергеу әрекеттері өткізілгеннен кейін жүргізіледі. Адамға қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдік келтіруге негiз беретiн өзге де деректер болған кезде, егер ол адам жасырынуға әрекет жасаса не оның тұрақты тұрғылықты жерi болмаса немесе күдіктінің жеке басы анықталмаса не сотқа күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхат жіберілсе ғана ұстап алынуы мүмкін.Қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдік келтірілген адамды ұстап алу мерзімі нақты ұстап алған кезден бастап есептеледі және жетпіс екі сағаттан аспауға тиіс.

Қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдік келтірілген адамды процестік ұстап алу тәртiбi.Адамды қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұстап алу кезінде қылмыстық қудалау органының лауазымды адамы оның қандай қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұстап алынғанын ауызша хабарлайды, оған қорғаушы шақыру құқығын, үнсіздік сақтау құқығын және оның айтқандары сотта оған қарсы қолданылуы мүмкін екендігін түсіндіреді.
Егер ұстап алынған адам қазақ және (немесе) орыс тiлдерiн бiлмесе не ұстап алу кезінде алкогольден, есірткіден, уытқұмарлықтан масаң күйде не психосоматикалық ауру жағдайында өзіне түсіндірілген құқықтарын барабар қабылдай алмаса, онда күдіктінің құқықтарын түсiндiру одан күдiктi ретiнде жауап алу басталғанға дейiн тиісінше аудармашының (қажет болған кезде) және (немесе) қорғаушының қатысуымен жүзеге асырылады, бұл туралы жауап алу хаттамасында белгi жасалады. Анықтау органының лауазымды адамы, анықтаушы, тергеуші ұстап алу хаттамасын жасайды. Күдікті тиісті өтінішхатты мәлімдеген кезде ол өз денсаулығының жалпы жағдайын және дене жарақаттарының бар-жоғын анықтау үшін дәрігердің куәландыруына жатады.
Ұстап алу хаттамасында мынадай мәліметтер:
1) күдіктінің тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде);
2) күдіктіні кімнің ұстап алғаны, ұстап алу негіздері, себептері, орны, нақты ұстап алу және жеткізу уақыты (сағаты мен минуты көрсетіле отырып);
3) күдіктінің құқықтарын түсіндіру туралы мәліметтер;
4) жеке тінту нәтижелері;
5) ұстап алынған адамның денсаулық жағдайы туралы мәліметтер;
6) хаттаманың жасалған уақыты мен орны көрсетіледі.
Хаттамаға оны жасаған лауазымды адам, күдікті және қорғаушы (ол қатысқан кезде) қол қояды.