Тінту және қараудың процессуалдық сипаттамасын келтіре отырып, олардың айырмашылықтарын анықтаңыз

Тiнту iс үшiн маңызы бар нәрселерді немесе құжаттарды табу және алып қою, оның ішінде тыйым салынуға жататын мүлікті табу мақсатында жүргiзiледi.Тiнту жүргiзуге көрсетілген нәрселердің немесе құжаттардың белгiлi бiр үй-жайда немесе өзге орында не нақты адамда болуы мүмкiн деп пайымдауға жеткiлiктi деректердiң болуы негiз болып табылады.Тiнту iздестiрiлiп жатқан адамды және адам мәйiтін табу үшiн жүргiзiлуi мүмкiн. Тiнтуді сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам уәждi қаулы бойынша жүргізеді. Тiнтуді жүргiзу туралы, сондай-ақ мемлекеттiк құпияны немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны қамтитын құжаттарды алу туралы қаулыға тергеу судьясының санкциясы алынуға тиiс. Айрықша жағдайларда, iздестiрiлiп жатқан және (немесе) алып қойылуға жататын объект оны табуды ұзаққа созудан жоғалуы, бүлiнуi немесе қылмыстық мақсатта пайдаланылуы мүмкiн болғанда не iздестiрiлiп жатқан адам жасырынуы мүмкiн болғанда тiнту және алу тергеу судьясының санкциясынсыз, егер тұрған үй-жай оқиға орны болса және кейінге қалдыруға болмайтын болса жүргізілуі мүмкiн.Тiнту куәгерлердiң қатысуымен, ал қажет болған жағдайларда маманның және аудармашының қатысуымен жүргiзiледi. Дипломатиялық өкiлдiктер орналасқан үй-жайлардағы, сол сияқты дипломатиялық өкiлдiктердiң мүшелерi мен олардың отбасылары тұратын үй-жайларды қарап-тексеру тек дипломатиялық өкiлдiк басшысының немесе оны алмастыратын адамның өтiнiшi бойынша немесе оның келiсуiмен және қатысуымен ғана жүргiзiледi. Дипломатиялық өкiлдiң келiсiмi Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi арқылы сұратылады. Қарап-тексеру жүргiзiлген кезде прокурордың және Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi өкiлiнiң қатысуы мiндеттi. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам тiнтуге кiрiскенде iс үшiн маңызды болуы мүмкiн, алынуға жататын нәрселер мен құжаттарды ерiктi түрде берудi ұсынады. Егер олар ерiктi түрде берiлсе және алынуға жататын нәрселер мен құжаттардың жасырылып қалғанына күмәндануға негiздер болмаса, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам одан әрi iздеу жүргiзбеуге құқылы.Тінту хаттамасында адамның табу үшін тінту жүргізілуі мүмкін нәрселер мен құжаттарды өз еркімен бергені туралы міндетті түрде көрсетіледі. Егер жабық үй-жайлар мен қоймалардың иесi оларды ерiктi түрде ашудан бас тартса, тiнту жүргiзген кезде олар ашқызылуы мүмкiн. Бұл ретте есiк тиектерін және басқа нәрселерді қажетсiз бұзуға жол берiлмеуге тиiс. Тінту кезінде алып қойылатын нәрселер мен құжаттар куәгерлерге және басқа да қатысып отырған адамдарға көрсетiледi, тінту орнында қапталады, мөрленеді және куәгерлер мен оған қатысып отырған адамдардың қойған қолдарымен куәландырылады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам осы Кодекстiң бабтарының талаптарын сақтай отырып, тiнтiлетiн адамның денесiндегі немесе денесінің ішіндегі, оның киiмiндегі нәрселер мен құжаттарды және оның жанындағы нәрселерді табу және алып қою мақсатында жеке басына тiнту жүргізуге құқылы.Жеке басын тiнтудi тiнтілетін адаммен жынысы бiр адам ғана және сондай жыныстағы куәгерлер мен мамандардың қатысуымен жүргiзіледі.Тінтілетін адамның денесінің ішіндегі нәрселерді табу қажет болған кезде жеке басын тінтуге тиісті мамандар қатысады. Тiнтуді жүргiзетiн адам осы Кодекстiң бабтарында көзделген талаптарды сақтай отырып, хаттама жасайды. Тiнту немесе алу хаттамасының көшiрмесi олар жүргiзiлген адамға не оның отбасының кәмелетке толған мүшесiне, ал олар болмаған жағдайда тұрғын үй пайдалану ұйымының немесе жергiлiктi атқарушы органның өкiлiне қолхат алына отырып табыс етіледі. Егер тiнту немесе алу ұйымда жүргiзiлсе, онда хаттаманың көшiрмесi оның өкiлдерiне қолхат алына отырып табыс етіледі. Қылмыстық құқық бұзушылықтың iздерiн және өзге де материалдық объектiлердi табу және анықтау, оқиғаның жағдайын анықтау және iс үшiн маңызы бар мән-жайларды айқындау мақсатында сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам жергілікті жердi, үй-жайларды, нәрселерді, құжаттарды, тiрi адамдарды, мәйiттердi, жануарларды қарап-тексеруді жүргізеді. Қарап-тексеру бұған қажеттiлiк туындаған кезде, әдетте, кейiнге қалдырылмай жүргiзiледi. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам жасалған қылмыстық құқық бұзушылық туралы арыз немесе хабар ала отырып, оқиға орнына дереу келуге және қарап-тексеру жүргiзуге міндетті. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның уақтылы келуі мүмкін болмаған жағдайда, қарап-тексеруді арыз немесе хабар келiп түскен анықтау органының анықтаушысы немесе өзге қызметкері жүргiзуге міндетті. Табылған iздердi және өзге де материалдық объектiлердi қарап-тексеру тергеу әрекетi жүргiзiлетiн жерде жүзеге асырылады. Егер қарап-тексеруге ұзақ уақыт талап етілсе немесе қылмыс анықталған жерде қарап-тексеру елеулi түрде қиын болса, объектiлер ол жерден алынып, қапталып, мөрленіп және бүлдірілмей, қарап-тексеруге ыңғайлы басқа жерге жеткiзiлуге тиiс. Қарап-тексеру кезiнде табылғанның және алып қойылғанның барлығы куәгерлерге, қарап-тексерудің басқа да қатысушыларына көрсетiлуге тиiс, бұл туралы хаттамада белгi жасалады.