Теңіз кен орындарын тұрғызу.Кен орындарда тұрғын үй және техникалық объектілерді орналастыру

Теңіз мұнай және газ кен орындарын игеру құрлықпен салыстырғанда анағұрлым қиын болып келеді. Оның басты себебі арнайы гидротехникалық қондырғыларды пайдалану қажеттілігінің туындауында. Қайраңда гидротехникалық қондырғыларды орналастыруды жобалау барысында сол жердің топырағына және зертханаларда жүргізілген инженерлік – геологиялық ізденістердің сапасы мен толыққандылығына мән берілуі тиіс.

Теңіз жағдайларындағы мұнай кәсіпшілік бұрғылау қондырғыларының блокты монтаждау тәсілі 40 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылуда. Бұл кен орындардың құрлықта орналасқан кен орындардан айырмашылығы: ауыр және үлкен көлемді блоктарын қолдануда.

Шетел тәжірибесінде стационарлы платформа ауданы 4000 – 7000 м2 аралығында болады. Платформада орналасқан қондырғылардың өлшемдері 20 х 8 х 5 және 50 х 20 х 11 м аралығында өзгереді. Сәйкесінше салмақтары 150 – 2500 тонна. Теңізде үлкен салмақты қондырғыларды тасымалдау мен батыру көптеген қиыншылықтарды тудырады. Сондықтан да көбінесе 500 – 800 тонналық платформалар орнатылады. Платформада орналасатын қондырғылардың саны мен өлшемдерін ұңғы санына, бұрғылау қондырғыларына, ұңғы өніміне және т.б. факторларға байланысты таңдайды. Қондырғылардың орналасу екі немесе көп сатылы болып келеді. Қондырғыларды бекіту жұмыстары бір немесе екі кезеңде жүргізіледі. Бірінші кезеңде ұңғыны бұрғылау және мұнайды игеруді қамтамасыз ету; ал екінші кезеңде бұрғылау қондырғыларын демонтаждау және қосымша технологиялық қондырғыларды орнату жұмыстары жатады. Оған:

- газды дайындау мен жағу қондырғысы;

- суды дайындау мен қабатқа суды айдау қондырғысы;

- ұңғыларды күрделі жөндеуде қолданылатын қондырғылар;

- газлифтілі және т.б. қосымша қондырғылары жатады.

 

 

4.2 – сурет. «Мохол» жартылай батпалы жүзбелі бұрғылау қондырғысы.

а – жалпы көрініс; 1 – жанар – жағар май, жуу сұйықтығын, ауыз суын сақтауға арналған сыйымдылықтары бар бұрғылау қондырғысын орнатуға арналған негіз; 2 – бұрғылау мұнарасы; 3 – жүк көтергіш крандар; 4 – тік ұшақтарға арналған алаңдар; 5 – тіректік бағандар; 6 – понтондар; 7 - басты жүзгіш винттер; 8 – негізді тұрақтандыруға арналған винттер; б – қондырғыны динамикалық тұрақтандыру сұлбасы; 1 – радарлық антенна; 2 – радарлық рефлектор; 3 – рефлектордың қалытқысы; 4 – қысқа толқынды белгі бөлуші; 5 – түптік гидроакустикалық қысқа толқынды белгіні қабылдығыш; 6 - қысқа толқынды гидроакустикалық белгілердің гидрофоны; 7 – ұзын акустикалық толқындарды қабылдағыш; 8 – түптік ұзын толқынды бөлуші; 9 – ұңғы сағасы; 10 – басты жүзгіш винттер; 11 – көмекші винттер; 12 – якорлік сымдар; 13 – шегендеу бағаны; 14 – якорлер (жүктер).

Серпімді мұнара класына Мексика шығанағында 305 м тереңдікте пайдаланылып жатқан «Лена» ТТП-сы жатады. Мұнараның жоғарғы құрылымы үш палубалы өлшемі; 47,6x47,6 м жəне жалпы ауданы 6971 м2. Оның үстінде 140 адамдық тұрғын үй жəне 58 ұңғыға дейін бұрғылайтын бұрғылау қондырғысы орналастырылған.

Платформаны монтаждау техникалық құжаттар бойынша жүргізіледі, олардың құрамына монтаждық бөлшектер сызбалары, нұсқаулар жəне т.б. кіреді. Бұл құжатты платформа дайындайтын зауыт жасайды. Технологиялық құжат (нұсқаушы сызбалар) – платформаны құруға қажет жəне оны теңізде тұрғызу операцияларының орындалу тəртібі мен сатылылығы жайлы кең көлемді мəліметтер бар. Технологиялық құжат құрамына сызбалар жəне платформаны суға түсіру процестерінің барлық нұсқаулары, оны тік қалыпқа бұру, платформаны теңіз түбіне қондыру жəне бекіту, технологиялық ұштастыру құжаты, кабельдер, шлангілер, баржаларды орналастыру үлгілері, бөлшектер, тиеу-түсіру операцияларына арналған тетіктер, бекітілетін бөлшектер жəне т.б. кіреді