Және жер мониторингі

 

149-бап. Жерге орналастырудың мақсаты мен мазмұны

1. Жерге орналастыру жер қатынастарын реттеуге, жердi ұтымды пайдалану мен қорғауды ұйымдастыруға бағытталған Қазақстан Республикасы жер заңдарының сақталуын қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шаралар жүйесi болып табылады.

2. Жерге орналастыру меншiк нысанына тиесiлiлiгiне және оларда шаруашылық жүргiзу нысанына қарамастан, барлық санаттағы жерде жүргiзiледi.

Жерге орналастыру жөнiндегi жұмыстарды жүргiзу нәтижесiнде белгiленген, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен қаралған және бекiтiлген жердiң нысаналы мақсаты, жердi пайдалану мен оны қорғау режимi, шектеулер мен ауыртпалықтар, жер учаскелерiнiң шекарасы, жердiң сапасы мен мөлшерi туралы деректер және басқа да деректер жер құқығы қатынастары субъектiлерiнiң орындауы үшiн мiндеттi болып табылады.

3. Жерге орналастыру:

1) ландшафтық-экологиялық көзқарас негiзiнде жерге орналастырудың, жердi аймақтарға бөлудiң республикалық, облыстық және аймақтық схемаларын (жобаларын) және жер ресурстарын пайдалану, жақсарту және қорғау бағдарламаларын әзiрлеудi;

2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)

2) қолданыстағы жер пайдалануды қалыптастыру және ретке келтiру жөнiндегi шаруашылықаралық жерге орналастыру жобаларын жасауды, белгiлi бiр жерде жер учаскелерiн бөлiп беру мен шекарасын белгiлеудi

3) белгiлi бiр жерде елдi мекендердiң шекарасын (шегiн) анықтау мен белгiлеудi, олардың жер-шаруашылық орналастыру жобаларын жасауды;

4) белгiлi бiр жерде әкiмшiлiк-аумақтық құрылымдардың, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың және жердi пайдалану мен қорғаудың ерекше шарттары бар басқа да жер учаскелерiнiң шекарасын белгiлеудi;

5) жерге орналастыру, бүлiнген жердi жаңғырту мен жаңа жердi игеру жобаларын, сондай-ақ жердi пайдалану мен қорғауға байланысты басқа да жобалар әзiрлеудi;

6) жердi түгендеу iсiн жүргiзудi, пайдаланылмай жатқан, ұтымды пайдаланылмай жүрген немесе нысаналы мақсатында пайдаланылмай отырған жердi анықтауды;

7) топографиялық-геодезиялық, картографиялық, топырақты зерттеу, геоботаникалық және басқа да зерттеу мен iздестiру жұмыстарын жүргiзудi;

8) жер ресурстарының жай-күйi мен пайдаланылуының тақырыптық карталары мен атластарын жасауды қамтиды және қамтамасыз етедi.

150-бап. Жерге орналастыруды жүргiзу

2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 1 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)

1. Жерге орналастыру облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарының шешімі бойынша не мүдделі жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың өтініші бойынша жүргізіледі.

Жер учаскелерiнiң мүдделi меншiк иелерiнiң немесе жер пайдаланушылардың бастамасы бойынша жүргiзiлетiн жерге орналастыру олардың тиісті жергілікті атқарушы органға беретiн өтiнiштерiнiң негiзiнде жүзеге асырылады.

2007.12.01. № 222-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара) (күшіне енетін мерзімін қара)

2. Жерге орналастыру жұмыстарын Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасына сәйкес жерге орналастыру жұмыстарын жүргiзуге белгiленген тәртiппен лицензия алған заңды тұлғалар мен азаматтар орындайды.

3. Жерге орналастыру жұмыстарын орындау тәртiбi мен технологиясы жер ресурстарын басқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган бекiтетiн нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленедi, олар жерге орналастыру жұмыстарын орындаушылардың барлығы үшiн мiндеттi.

4. Белгiленген тәртiппен келiсiлген жерге орналастыру құжаттамасын:

1) 2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)

2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)

2) шаруашылық iшiндегi жерге орналастыру жобаларын және жердi ұтымды пайдалануға, топырақтың құнарлылығын сақтау мен арттыруға байланысты олардың өз есебiнен әзiрленетiн және жүзеге асырылатын жобаларды - жер учаскесі орналасқан жердегі облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) уәкілетті органдарымен келiсiм бойынша жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар, басқа да тапсырыс берушiлер;

2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)

3) жер учаскелерiнiң шекарасын қалыптастыруға, оларды белгiлi бiр жерде белгiлеуге, жер учаскесiнiң жоспарын дайындауға байланысты жерге орналастыру құжаттамасын, сондай-ақ жерге орналастыру жөнiндегi, жер ресурстарының жай-күйi мен пайдаланылуының арнайы тақырыптық карталарын жасау жөнiндегi топографиялық-геодезиялық және картографиялық жұмыстардың, топырақты зерттеу, агрохимиялық, геоботаникалық және басқа да зерттеу және iздестiру жұмыстарының материалдарын - жер учаскесі орналасқан жердегі облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) уәкілетті органдары бекiтедi.

5. Жерге орналастыру құжаттамасына өзгерiстер осы құжаттаманы бекiткен органның рұқсатымен ғана енгiзiледi.

6. Жерге орналастыру жобасын орындау: жобаны жер бетiне көшiрудi; жобаның барлық элементтерiн игерудi, жерге орналастыру материалдары мен құжаттарын ресiмдеудi және берудi қамтиды.

151-бап. Жерге орналастыру процесi

1. Жерге орналастыру процесi мынадай кезеңдердi қамтиды:

жерге орналастыру iсiн жүргiзудi бастау;

дайындық жұмыстары;

жерге орналастыру болжамдарын, схемаларын, бағдарламалары мен жобаларын әзiрлеу;

жерге орналастыру құжаттамасын қарау, келiсу және бекiту;

жерге орналастыру жобасын орындау.

2. Жерге орналастыруды жүргiзу бойынша тапсырыс берушi, жерге орналастыру құжаттамасын әзiрлеушi, жерге орналастыруды жүргiзу кезiнде құқықтары мен заңды мүдделерi көзделуi мүмкiн үшiншi тұлғалар, сондай-ақ жерге орналастыру құжаттамасы келiсiлетiн және оны бекiтетiн мемлекеттiк органдар мен басқа да тұлғалар жерге орналастыру процесiне қатысушылар болып табылады.

3. Жерге орналастыру процесiне қатысушылардың:

1) жерге орналастыруды жүргiзу жөнiндегi тапсырыс берушiнiң:

жеке өзi немесе өкiлi арқылы жерге орналастыру процесiнiң барлық сатысында қатысуға;

жерге орналастыру iсiнiң материалдарымен танысуға;

өз ұсыныстарын қарауға енгiзуге;

жерге орналастыру процесiнде туындаған келiспеушiлiктердi шешуге қатысуға құқығы бар;

2) әзiрлеушiнiң (жобалау және iздестiру жұмыстарымен айналысатын, сондай-ақ жерге орналастыру жобаларын орындауды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғаның):

мемлекеттiк органдардан жерге орналастыру жөнiнде қажеттi ақпарат алуға;

тапсырыс берушiлермен шарт жағдайларында қарым-қатынас орнатуға;

жерге орналастыру жобаларын жүзеге асыру барысына қандай да бiр ерекше рұқсатсыз бақылау жасауға, жергiлiктi атқарушы органдарды оның нәтижелерi туралы хабардар етуге және жердi пайдалану мен қорғау iс-тәжiрибесiн жақсарту жөнiнде ұсыныс енгiзуге;

жерге орналастырудың ескiрген схемалары мен жобаларын жетiлдiру немесе қайта өңдеу жөнiнде ұсыныстар енгiзуге құқығы бар;

3) жерге орналастыру кезiнде құқықтары мен заңды мүдделерi көзделуi мүмкін үшінші тұлғалардың:

жерге орналастыру мәселелерi талқыланғанда қатысуға және жерге орналастырудың барысы мен нәтижелерi туралы өз мүдделерiн көздейтiн ақпарат алуға;

жерге орналастыру процесiнде өздерiнiң мүдделерiн қозғайтын заңсыз әрекеттерге Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шағымдануға құқығы бар.

4. Жерге орналастыру процесiне қатысушылардың мiндеттерi:

1) жерге орналастыру процесiнiң барлық қатысушылары:

Қазақстан Республикасының жер заңдарын сақтауға;

жердi пайдалану мен қорғау мәселелерi жөнiндегi құзыреттi мемлекеттiк органдар талаптарын орындауға;

жерге орналастыру процесiнде жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуге мiндетті;

2) жобалау құжаттамасы келiсiлетiн және оны бекiтетiн атқарушы органдар оны бiр ай iшiнде қарауға мiндеттi;

3) жерге орналастыруды жүргiзу жөнiнде тапсырыс берушi:

жерге орналастыруды жүргiзу мақсатын, мiндеттерiн, мазмұнын, ерекше жағдайлары мен мерзiмдерiн анықтауға;

қажеттi материалдар мен құжаттарды беруге;

жұмысты қаржыландыруды ұйымдастыруға;

орындалған жұмыстарды бiр ай iшiнде қабылдауға немесе дәлелдi түрде бас тартуға мiндеттi;

4) жерге орналастыру құжаттамасын әзiрлеушi:

барлық жұмыстарды қолданыстағы нұсқаулықтар мен әдiстемелiк нұсқауларға, сондай-ақ шартқа сәйкес орындауға;

зерттеу, iздестiру және өзге де жұмыстар топырақтың құнарлы қабатын бүлдiре отырып жүргiзiлген жер учаскелерiнiң жай-күйiн бастапқы қалпына келтiруге;

жерге орналастыру құжаттамасында көзделген iс-шаралардың дұрыстығы, сапасы мен экологиялық қауiпсiздiгi үшiн жауап беруге мiндеттi.

152-бап. Мемлекеттiк жер кадастры

1. Мемлекеттiк жер кадастры Қазақстан Республикасы жерiнiң табиғи және шаруашылық жағдайы, жер учаскелерiнiң орналасқан жерi, нысаналы пайдаланылуы, мөлшерi мен шекарасы, олардың сапалық сипаттамасы туралы, жер пайдаланудың есепке алынуы мен жер учаскелерiнiң кадастрлық құны туралы мәлiметтердiң, өзге де қажеттi мәлiметтердiң жүйесi болып табылады. Мемлекеттiк жер кадастрына жер учаскелерiне құқықты субъектiлер туралы ақпарат та енгiзiледi.

Жер кадастрының құрамдас бөлiгi суармалы жер учаскелерiнiң мелиорациялық жай-күйi, олардың табиғи және ирригациялық-шаруашылық жағдайлары бойынша сапалық сипаттамаларын бағалау туралы, оларды пайдаланудың есебi туралы мәлiметтер жүйесiн құрайтын суармалы жердiң мелиорациялық кадастры болып табылады.

2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 2- тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)

2. Қазақстан Республикасында жер кадастрын жүргізуді ұйымдастыруды орталық уәкілетті орган жүзеге асырады.

2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 3- тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)

3. Қазақстан Республикасының мемлекеттік жер кадастры (республиканың, облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жер кадастры) Қазақстан Республикасының мемлекеттік кадастрлар жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылады және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында бірыңғай жүйе бойынша жүргізіледі.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік жер кадастрын мамандандырылған республикалық мемлекеттік кәсіпорындар жүргізеді, орталық уәкілетті орган оларға қатысты мемлекеттік басқару органы болып табылады.

4. Мемлекеттiк жер кадастрының мәлiметтерi мемлекеттiк ақпараттық pecуpc болып табылады.

 

2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 5- тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)

5. Мемлекеттік жер кадастрының мәліметтерін қалыптастыру топографиялық-геодезиялық, аэроғарыштық, картографиялық, жерге орналастыру жұмыстарын, топырақ зерттеу, геоботаникалық зерттеулер мен іздестірулер, жер мониторингі бойынша жұмыстарды, жерді сандық және сапалық есепке алуды жүргізумен, нақты жер учаскесіне жер-кадастр ісін жасаумен, жер-кадастр карталары мен жер учаскесіне сәйкестендіру құжат дайындаумен қамтамасыз етіледі.

6. Мемлекеттiк жер кадастрының деректерi жердi пайдалану мен қорғауды жоспарлау кезiнде, жерге орналастыруды жүргiзу, шаруашылық қызметтi бағалау және жердi пайдалану мен қорғауға байланысты басқа да iс-шараларды жүзеге асыру кезiнде, сондай-ақ жердiң бiрыңғай мемлекеттiк тiзiлiмiн қалыптастыру, құқықтық және басқа да кадастрларды жүргiзу, жер үшiн төлем мөлшерiн айқындау, жылжымайтын мүлiк құрамындағы жер учаскелерiнiң құнын және табиғи ресурстар құрамындағы жердiң құнын есепке алу үшiн негiз болып табылады.

7. Мемлекеттiк жер кадастрының деректерiн есепке алу мен оларды сақтау бiрлiгi тұйық шекарада бөлiп шығарылған, белгiленген тәртiппен жер құқығы қатынастары субъектiлерiне бекiтiлген жер учаскесi болып табылады.

8. Жерге меншiк нысанына, жер учаскелерiнiң нысаналы мақсатына және оларды пайдаланудың рұқсат етiлген сипатына қарамастан, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан жер учаскелерi мемлекеттiк кадастрлық есепке алуға жатады.

 

2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 153- бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)

153-бап. Мемлекеттік жер кадастрының мазмұны

Мемлекеттік жер кадастры мынадай жұмыс түрлерін:

1) жер учаскесінің кадастрлық ісін қалыптастыруды;

2) жердің саны мен сапасын есепке алуды;

3) мемлекеттік тіркеу мақсаттары үшін жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушыларды, сондай-ақ жер құқығы қатынастарының басқа да субъектілерін есепке алуды;

4) жерді мемлекеттік кадастрлық бағалау мен топырақты бағалауды;

5) жер учаскелері мен олардың субъектілері туралы деректер банкін, сондай-ақ басқа да жер-кадастрлық ақпаратты қағаз бетінде және электрондық түрде жинақтауды, өңдеу мен жүргізуді;

6) мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесін жүргізуді;

7) жер-кадастр карталарын, оның ішінде цифрлық карталарды дайындау мен жүргізуді;

8) жер-кадастр кітабы мен бірыңғай мемлекеттік жер тізілімін жүргізуді;

9) жер учаскесіне сәйкестендіру құжаттарды дайындауды;

10) жер учаскелеріне кадастрлық нөмірлер беруді;

11) жер учаскелерінің паспорттарын дайындауды қамтиды.

 

154-бап. Жер учаскелерiн тiркеу мақсаты үшiн есепке алу

1. Жер учаскелерiн және онда орналасқан жылжымайтын мүлiктi тiркеу мақсатында есепке алу меншiк құқығын және басқа да құқықтарды, сондай-ақ жылжымайтын мүлiкке ауыртпалықты мемлекеттiк тiркеудi қамтамасыз ететiн қажеттi шарт болып табылады.

2. Жер учаскелерiн тiркеу мақсаты үшiн есепке алу жұмыстарын жүргiзу тапсырыс берушiлердiң қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.

155-бап. Қазақстан Республикасының аумағын кадастрлық бөлу

1. Қазақстан Республикасының аумағын кадастрлық бөлу жер учаскелерiне кадастрлық нөмiрлер беру мақсатында жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасының аумағын кадастрлық бөлудiң бiрлiгi есептiк кварталдар болып табылады.

2. Орналасқан жерiн анықтау (сәйкестендiру) мақсатында әрбiр жер учаскесiне кадастрлық нөмiрлер берiледi.

2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 3 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)

3. Кейiннен құқық кадастрында пайдаланылатын есептiк кварталдардың шекарасы сәулет және қала құрылысы органдарымен, жылжымайтын мүлiкке құқықтарды және олармен жасалатын мәмiлелердi мемлекеттiк тiркеу органдарымен келiсiм бойынша жер учаскесінің орналасқан жері бойынша облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) уәкілетті органдары айқындайды және тиiстi жергілікті атқарушы органдар бекiтедi.

4. Жер учаскелерiнiң кадастрлық нөмiрлерiн түзу мақсатында облыстарға, республикалық маңызы бар қалаларға, аудандарға және облыстық (аудандық) маңызы бар қалаларға берiлетiн кодтардың тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.

156-бап. Жер-кадастр құжаттамасы

1. Жер-кадастр құжаттамасы есепке алудың барлық деңгейлерiнде: базалық, мезгiл-мезгiл жаңартылатын және жыл сайын жасалатын құжаттаманы қамтиды.

2. Базалық жер-кадастр құжаттамасына:

1) жер-кадастр iстерi;

2) жер-кадастр кiтабы;

3) жердiң бiрыңғай мемлекеттiк тiзiлiмi;

4) жер-кадастр карталары жатады.

3. Жер кадастр құжаттамасының құрылымын, құрамын, мазмұны мен нысандарын, сондай-ақ оны жүргiзу тәртiбiн жер ресурстарын басқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган бекiтедi.

157-бап. Мемлекеттiк жер кадастрын жүргiзу тәртiбi

1. Мемлекеттiк жер кадастры қағазға түсiрiлiп жүргiзiледi және ақпаратты жинақтаудың, өңдеу мен сақтаудың электрондық жүйелерiн пайдалану арқылы жүргізілуі мүмкін.

2. Мемлекеттiк жер кадастрын жүргiзу тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленедi.

158-бап. Мемлекеттiк жер кадастрының мәлiметтерiн беру және кадастр ақпаратын пайдалану

1. Белгiлi бiр жер учаскесi туралы мемлекеттiк жер кадастрының мәлiметтерi осы жер учаскесi есепке алынған орын бойынша үзiндi түрiнде берiледi.

2. Мемлекеттiк жер кадастрының мәлiметтерiн құжаттау қағазға түсiрiлiп және электрондық тасығыштарда жүзеге асырылады. Қағазға жазылған мәлiметтер мен электрондық тасығыштарда жазылған мәлiметтер арасында алшақтықтар болған жағдайда, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгiленбесе, қағазға түсiрiлген мәлiметтер басымдыққа ие болады.

3. Жер учаскелерi туралы кадастр мәлiметтерi жер-кадастр карталарымен (жоспарлармен) арақатынаста болады.

4. 2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)

5. Мемлекеттiк жер кадастрын жүргiзетiн мемлекеттiк органдар, мемлекеттiк кәсiпорындар мен лауазымды адамдар жер-кадастр құжаттамасына енгiзiлетiн мәлiметтердiң дұрыстығын қамтамасыз етуге мiндеттi.

6. Жер кадастрының мемлекеттiк құпия мен өзге де шектеулердi қамтымайтын мәлiметтерi баршаға қолжетiмдi болып табылады және мүдделi жеке және заңды тұлғаларға ақылы негiзде берiледi. Жер кадастрының мәлiметтерiн мемлекеттiк органдарға беру ақысыз негiзде осы мақсаттарға көзделген бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.

159-бап. Жер мониторингi

1. Жер мониторингi болып жатқан өзгерiстердi уақтылы анықтау, оларды бағалау, одан әрi дамуын болжау және керi әсерi бар процестердi болдырмау мен оның зардаптарын жою жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу мақсатында жүргiзiлетiн жер қорының сапалық және мөлшерлiк жай-күйiн базалық (бастапқы), жедел, мерзiмдi байқау жүйесiн бiлдiредi.

2. Жер мониторингi қоршаған табиғи ортаның жай-күйi мониторингiнiң құрамдас бөлiгi және сонымен бiр мезгiлде басқа да табиғи ортаға мониторинг жүргiзу үшiн база болып табылады.

Халықаралық ғылыми-техникалық бағдарламаларға сәйкес Қазақстан Республикасы жердiң ғаламдық мониторингi бойынша жұмыстарға қатысуы мүмкiн.

3. Жерге меншiк нысандарына, жердiң нысаналы мақсаты мен пайдаланылу сипатына қарамастан Қазақстан Республикасының барлық жерi жер мониторингiнiң объектiсi болып табылады.

160-бап. Жер мониторингiнiң мiндеттерi

1. Жер мониторингiнiң мiндеттерi:

1) жердiң жай-күйiнiң өзгерiстерiн уақтылы анықтау, оларды бағалау, болжам жасау және керi әсерi бар процестердi болдырмау мен зардаптарын жою жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу;

2) мемлекеттiк жер кадастрын жүргiзудi, жерге орналастыруды, жерді пайдалану мен қорғауды бақылауды және жер ресурстарын мемлекеттiк басқарудың өзге де функцияларын ақпараттық қамтамасыз ету болып табылады.

2. Жер мониторингiнiң жердiң санаттарына сәйкес келетiн iшкi жүйелерi болады. Аумақты қамтуына қарай республикалық, аймақтық не жергiлiктi жер мониторингi жүзеге асырылады.

3. Жердi жүйелi түрде бақылаудың, суретке түсiрудiң, зерттеудiң, түгендеудiң нәтижелерi, жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк бақылаудың материалдары, мұрағаттық деректер, жердiң сапалық жай-күйi туралы басқа да мәлiметтер жер мониторингi үшiн ақпарат көздерi болып табылады.

161-бап. Жер мониторингiн жүргiзу

1. Жер мониторингiн жүргiзудi ұйымдастыруды жер ресурстарын басқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган жүзеге асырады.

2. Жер мониторингi бойынша мемлекетаралық және халықаралық бағдарламаларды iске асыру Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттермен жасасқан келiсiмдерi мен шарттарында айқындалатын тәртiппен және жағдайларда жүзеге асырылады.

3. Жер мониторингiн жүргiзу және оның деректерiн пайдалану тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.

162-бап. Жер мониторингi ақпаратын алу мен пайдалану әдiстерi

1. Жер мониторингiн жүргiзу кезiнде қажетті ақпаратты алу үшiн қашықтықтан зерделеу, жер бетiн суретке түсiру және бақылау әдiстерi, сондай-ақ қор деректерi қолданылады.

2. Жер мониторингiн техникалық қамтамасыз ету жер ресурстарын басқару жөнiндегi тиiстi аумақтық органдарда ақпаратты жинау, өңдеу және сақтау пункттерi бар автоматтандырылған ақпараттық жүйе арқылы жүзеге асырылады.

3. Жер мониторингiнен алынған нәтижелер автоматтандарылған ақпараттық жүйенiң мұрағаттарында (қорларында) және деректер банкiнде жинақталады.

4. Азаматтар, кәсiпорындар мен мекемелер, халықаралық ұйымдар, шетелдiк заңды және жеке тұлғалар жер мониторингiнiң мәлiметтерiн белгiленген тәртiппен пайдаланады.

163-бап. Жер қатынастарын жүзеге асыруды қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шараларды қаржыландыру

2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 1 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)

1. Облыстардың, астананың және республикалық маңызы бар қалалардың шекарасын белгiлеу кезiнде жүргiзiлетiн жерге орналастыру, жер кадастры мен жер мониторингiн жүргiзу, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiнiң паспорттарын жасау және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмi бойынша жүргiзiлетiн өзге де жұмыстар бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.

2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 2 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)

2. Аудандардың, облыстық, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдық (селолық) округтердiң, кенттердiң, ауылдардың (селолардың) шекарасын белгiлеу кезiнде жүргiзiлетiн жерге орналастыру, жердi аймақтарға бөлу, ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден екiншi түрге ауыстыру, елдi мекендердi жер-шаруашылық орналастыру және жергiлiктi атқарушы органдардың шешiмi бойынша жүргiзiлетiн өзге де жұмыстар бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.

3. Жер учаскелерiнiң жеке меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың өтiнiштерi бойынша жерге орналастыру олардың қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.