Он бесінші тақырып. САЯСИ ТЕХНОЛОГИЯЛАР

 

Саяси технологиялар проблемасы саяси ғылымда ең аз зерттелген деуге болады. Саяси өмірде теориялық ілімді, қағидаларды білу ғана маңызды емес, сонымен бірге саясат іс жүзінде қалай, қандай әдіс-тәсілдермен, қандай технологиялардың көмегімен жүзеге асырылатынын білудің де мәні зор.

Осыған байланысты кез келген құрылымы күрделі қоғам мен мемлекеттегі нақты саяси процестердің көп қырлылығын атап айтуға болады. Осы көп қырлы процестерді зерттеуде саяси технологиялар маңызды рөль атқарады.

Саяси технологиялар саяси жобалаумен – билік институтының іс жүзіндегі қызметін ұйымдастыру ісімен, оны жорамалдаумен, жоспарлаумен, бағдарлама жасаумен айналысады. Міне, сондықтан да саяси технологиялардың көмегімен биліктің жаңа мағынасы мен мәнін айқындауға болады. Саяси технологиялар саяси оқиғаларды айқындау проблемасын жаңаша қояды, саяси құбылыстарды реттеу, бақылау жөніндегі мамандандырылған қызмет үшін негіз қалайды. Саяси процестерді түсінудің айрықша ресурсын жасай отырып, саяси тенологиялар бұл құбылыстың мәні қайсыбір міндеттерді шешудің қолданылып отырған әдістеріне тікелей байланысты екендігін көрсетіп беріп отыр. Мәселен, жаппай өсек-аяң, жалған ақпарат тарату, белгілі бір партияның өкілдерін телеэфирге шығармау, билік органдарының қалыптасу процесінің өңін айналдырып, азаматтардың өз өкілдерін ерікті түрде таңдауының орнына бұқаралық ақпарат құралдарының бақылауындағы ерік-мүдделерді таңдауға дейін жеткізетіні сөзсіз.

Саяси технологияларды қолданудың негізгі пафосы әр түрлі субъектілердің өз міндеттерін орындауларын оңтайландыруда екенін айтқан жөн. Саяси технологиялар ресурстарды тарту мен үнемдеуге, мемлекеттегі жағдайды тұрақтандыруға немесе тұрақсыздандыруға, сайлау науқандарын ұйымдастыруға, мемлекеттік бағдарламаларды жасау кезінде мүдделерді ойластыруға қатыса алатын субъектілердің мүдделеріне, функциялары мен мақсаттарына сәйкес көзделген мақсатқа функционалды түрде бағытталады.

Әдетте, саяси технологиялардың қалыптасуының қажеттігі қайталанып отыратын ситуациялар, тіпті стеоретиптік жағдайлар мен іс-әрекеттер орын алған кезде көрініс береді. Мақсатты түрде бағытталған қызметтің әдістері мен процедурасының жиынтығы ретінде көрініс беретін саяси технологиялар мақсатқа жетудің құралын реттеп қана отырмайды, сонымен бірге іс-әрекеттің кезектілігін, саяси субъектілірдің мінез-құлқының тиісті алгоритмін жасауды да бекіте түседі. Іс жүзінде саяси технологиялар субъектілер мен объектілердің өзара қарым-қатынастарының сан түрлі әдістері мен механизмдерінен, контрагенттердің өзара іс-әрекетінен, сыртқы және ішкі факторлардан қалыптасатынын айтқан жөн. Бұл мәселелерді дұрыс түсіну үшін, ең алдымен саяси технологиялардың мәні мен типтерін анықтау қажет.

 

1. Саяси технологиялардың мәні мен типтері (түрлері)

Саяси технологиялар – бұл әлеуметтік технологиялардың әр түрлілігі ғана емес, «саяси технологиялар» түсінігі – мақсаттылықтың, бір ізділіктің, қажетті, ойластырылған саяси нәтижелерге негізделген белгілі тиімді іс-әрекеттердің жүйесі екендігі де сөзсіз.

Менің пікірімше, «саяси технология» және «саясаттағы технология» түсініктерін бір-бірінен ажырата қараған жөн. Соңғы түсінік көбінесе саяси компоненттерді ғана емес, сонымен қатар алға қойылған саяси мақсаттарға жетуге көмектесетін ұйымдық, дипломатиялық, әскери, қаржылық, ақпараттық, психологиялық, манипуляциялық, компьютерлік және басқа да формалар мен әдістердің кең спектрін де қамтиды.

Ал, «саяси технологиялар» бір жердің шеңберінен аспайтын, тез арада жүзеге асырылатын қысқа мерзімдік нәтижелерге (тактикалық) жетумен бірге, ұзақ мерзімге есептелген тиімділікке стратегиялық қол жеткізуді де қамтиды. Қайсібір саяси технологияларды болмасын, пайдалану саяси басқарудың тиімділігін, саяси процестерді реттеуді, саяси жүйелер мен барлық саяси кеңістіктің тұрақтылығын айқындайды. Саяси технологиялар көп ретте қоғамдық дамудың түріне, режимнің сипатына қарай анықталады.

Саяси технологиялардың құрылымы аналитикалық мақсатты жорамалдаудың және одан арғы жерде оның қызметін жекелеген кезеңдерге, сатыларға, операцияларға бөлудің, сондай-ақ балама, тиімді әдістерді, жүзеге асырылатын мақсатқа байланысты олардың құралдары мен қолданылуын іріктеп, таңдап алудың көмегімен жүзеге асырылады.

Көптеген жағдайларда осы заманғы саяси ортаның проблемалық алаңы саяси технологияларды талдап жасап, іске асырудың бірқатар кезеңдерінің болуымен анықталады. Олардың қатарына жататындар мыналар: әлеуметтік саяси жағдайлардың диагностикасы мен мониторингі; нақты саяси технологиялардың көмегімен қол жеткізілетін мақсаттар мен міндеттердің алға қойылуы; алға қойылған мақсаттарды жүзеге асырудың мүмкін варианттарын салыстырмалы талдау және т.б.

Сонымен саяси технологиялар бірізділікпен қолданылатын процедуралардың, нақты саяси субъектінің мақсаттары мен міндеттерін белгілі бір уақытта және белгілі бір жерде неғұрлым оңтайлы және тиімді түрде жүзеге асыруға бағытталған қызметтің әдістері мен тәсілдерінің жиынтығын қамтиды деуге болады. Осыған орай тұтас алғанда субъектінің билік саласындағы нақты міндеттерді шешуін қамтамасыз ететін саяси технологияларды бір жағынан саяси маркетинг деп те атауға болады.

«Маркетинг» термині экономикалық, әлеуметтік және саяси қатынастарды реттеу жөніндегі әр түрлі ұйымдық-техникалық және басқару қызметін белгілеу үшін де пайдаланылады[127]. Бұл – тауар және қызмет көрсету рыногындағы сұраныс пен ұсынысты зерттеу, жұмыс беруші мен жалданып жұмыс істеушілердің, саяси қайраткерлер мен азаматтардың арасындағы процестерді реттеу деген де сөз. Аталған терминді саясат саласында пайдаланудың заңдылығы мына жағдайға байланысты да келісілуі керек, мәселен АҚШ-та саяси маркетинг ашық түрде тауар сатумен теңдестіріледі. Саяси маркетингі әр түрлі ғылым мен оның салаларындағы мамандарды: саясаткерлерді, психологтарды, әлеуметтанушыларды, экономистерді, программистерді, жарнама кәсіпкерлерін және басқаларды біріктіреді. Саяси маркетинг демократиялық тұрғыдағы саяси режим орныққан шет елдердің барлығында іс жүзінде кеңінен қолданылуда.

Саяси маркетинг – саяси партиялардың, саяси лидерлердің өкілетті билік органдарына, депутаттыққа кандидаттардың және басқа да билік құрылымындағы адамдардың сайлаудағы жеңісін қамтамасыз ету мақсатында қолайлы имиджін жасауға бағытталған шаралар комплексін құрайды.

Жалпы саяси технологиялар ықпал етудің белгілі бір алгоритмі ретінде әрекет үстіндегі адамның өзіндік ерекшелігін (оның білімін, тәжірибесін, шындыққа қалай қарайтындығын), оның қызметінде пайдаланылатын материалдық және рухани ресурстарды, сондай-ақ, техникалық компоненттерді қамтамасыз ететін саяси инженерияның формасын қамтиды деуге болады. Осындай себеппен саяси технологиялардың қалыптасуы мен қолданылуы, оларды жүзеге асырудың қарқыны субъектінің біліктілігі мен жауаптылығына, оның іс жүзінде белгілі бір саяси ресурстарды пайдалану білігі мен қабілетіне тікелей байланысты. Әдетте, техникалық немесе кадрлар ресурсы жағын нашар қамтамасыз етілу саяси технологияларды қолданудың тиімділігін төмендетеді.

Саяси технологияларды өзара әрекет етудің жекелеген механизмдерімен, техникасымен, немесе әдістерімен шатастыруға болмайды. Саяси технологиялар – бұл нақты әрекет етуші субъектінің белгілі бір мақсаттарға қол жеткізуін қамтамасыз етуге бағытталған техниканы қолданудың процесі болуымен бірге, осы қызметтің нәтижесі де. Ал, егер бұдан да анығырақ айтсақ, саяси технологиялар алға қойылған мақсатқа қол жеткізу бойынша әлденеше рет әрекет ету мәселені шешудің неғұрлым оңтайлы және экономикалық жағынан тиімді әдістерін алға тартқан кезде пайда болатын қызметтің осы әдістерінің белгілі бір әрекетінің қорытындысы болып табылады.

Саяси техногологиялар саяси билік пен мемлекеттік басқарудың барлық буынына кеңінен еніп отыр. Осы тұрғыдан алғанда олар саяси билікті қолданудың және мемлекет ресурстарын тиісінше бөлудің конвенционалды (ашық түрдегі) процестерінде де, сондай-ақ конвенционалды емес, заңмен тыйым салынған немесе саяси дәстүрлерге қарама-қайшы келетін әдістер мен процедураларды пайдалану ұйғарылған процестерде де көрініс беріп отырады. Саяси технологиялар қолданылу орны және уақыты бойынша шектеулі болып келеді. Осы қызметтің белгілі бір жүйесі ретінде қызметтің әдістері мен тәсілдерінің, техникасының нақты үйлесімінде, И.Пригожиннің сөзімен айтқанда, кеңістік-уақыттық жағдайларға қатаң таңылған өзінің «ішкі уақыты» болады.

Алайда, саяси технологияларда әрқашанда да субъектінің творчествосына, импровизациясына, үйреншікті емес іс-қимылдарына жол беріледі. Саяси технологиялар нақты бір субъектінің мақсаттары мен міндеттерін тиімді рационализациялауға бағытталған, белгілі бір формалдылыққа, институтционализмге және нормалық жағынан бекіте түсуге ұмтылады.

Ережеге сәйкес саяси технологиялардың құрылымына неғұрлым маңызды үш элементтің кіретінін айтқан жөн, олар: айрықша технологиялық білім, әрекет етудің нақты тәсілдері, процедуралары және әдістемесі, сондай-ақ, әр түрлі техникалық-ресурстық компоненттер.

Осы элементтердің ішінде айрықша-технологиялық білім жетекші рөлге ие. Бұл рөлдің жетекші болуының сыры мына тұрғыда келісілген, саяси технологиялар өзінің мәні бойынша да билік саласы мен мемлекетті басқаруда пайда болатын проблемаларды іс жүзінде шешудің құралдары мен әдістерін табуға бағытталған шындықты бейнелеудің ерекше формасын іске асыру болып табылады. Бұл мағынада шындықты танудың технологиялық деңгейі ғылыми-қолданбалы білімнің формасын ғана қамтып қоймайды, сонымен бір мезгілде ол саяси проблемаларды шешуді субъектілердің мүдделілігі тұрғысынан бағалауды да білдіреді. Сонымен айрықша-технологиялық білім шындықты қарапайым ғана емес, ғылыми танудың әдістерін қамтитын танымдық-проективтік, идеалды-жаңғыртушылық қызмет болып табылады. Бұл айрықша-технологиялық білімде бейнелеудің ғылыми формасында да, жекелей алғанда оның қарапайым әдісіне де тән емес құбылысты бейнелеу мен түсіндірудің жеке өзіндік логикасы болатындығын көрсетеді.

Айрықша-технологиялық білім кез келген оқиғаны қозғалыстың өзіндік жеке логикасын меңгерген шындықтың әлдебір фрагменті, дамудың көзі, өсудің шегі т.б. ретінде қарастырады. Сөйтіп, оқиғаларды кім бейнелейді (технолог, аналитик), осы ситуацияларға байланысты проблеманы шешу үшін нақты мақсаттарды кім белгілейді (тапсырыс беруші), сондай-ақ, міндеттерді шешу сатысында кім әрекет етеді (орындаушы), міне, солардың ұстанымдары негізінде айрықша-технологиялық білімнің мазмұны қалыптасады. Ізінше, олардың қай-қайсысы да технологиялық ақпараттың мазмұны мен формасын өзгертуге икемді. Айрықша-технологиялық білімнің субъектісін бұлайша үш есе көбейту оның барлық танымдық стратегиясы диагностика сатысында да, білімді актуалдандыру сатысында да объективті жағдайлар мәліметтері негізінде қалыптасатындығын көрсетеді.

Технологиялық тұрғыдан келген жағдайда кез келген оқиғалардың өзгеруінің құрамын, құрылымын, формасын, сипатын ұғындыруға қол жеткізуге икемді координаттар жүйесін жасау проблемасы бірінші кезекке шығады. Бұл технологиялық мәліметтер базасына тек арнайы сипаттағы тұжырымдамалар мен бағалауларды ғана емес, осы ситуацияны экономикалық, тұрмыстық, экологиялық және басқа да көзқарастар тұрғысынан аша түсетін ақпаратты енгізуді жорамалдауға мүмкіндік береді.

Айрықша-технологиялық ілім – бұл саяси жобалауға және саясат субъектісінің практикалық қызметін ұйымдастыруға бағдар ұстау жөніндегі ғылыми-қолданбалы ілім болғандықтан, саяси технологиялар үшін негізгі құндылық бірдеңені істеу, жүзеге асыру жөніндегі ғылым ғана емес, ол әрәкетті жүзеге асыру және мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған нақты қабілет, дағды да. Іс-әрекеттің белгілі бір әдістерін, процедураларын, техникасы мен методикасын қолдануда көрініс табатын мұндай нақты дағдылар мен қабілеттер нақты мақсаттарға орай, ең аяғында саясаттың кез келген саласының ерекшелігіне қарай қалыптасып, пайда болады[128]. Мәселен, шешім қабылдау кезінде бұл халықаралық дауларды шешу – яғни жанжалдасушы жақтардың арасында өзара мәмілеге келуді іздестіру, немесе ымыраластырушы құрылымның (арбитраждық) оларға ықпал етуі шеңберінде мемлекеттік саясаттың кез келген мақсаттарын талдап жасап, жүзеге асырғанда екі жақтың да мүдделерін келісу және салыстыру әдістері болып табылуы да мүмкін.

Қызметтің бұл нақты әдістері мен тәсілдері қайсыбір болмасын, кадрлық құрылымның болуына, әрекет етуші тұлғаның техникалық жарақтандырылуына, саяси технологияларға әсер ететін қайсыбір болмасын, ресурстардың болуына тікелей байланысты.

Саяси технологияларды қалыптастырудың субъективтік және аналитикалық деп аталатын екі түрлі әдісінің бар екендігін айтуымыз керек. Оның біріншісі құрастыру негізіне салауатты ойлаудың оңтайлы іс-әрекетін дарытатын субъективтік тұрғыдан келу, субъектінің практикалық тәжірибесі, оның интуициясы, ұнатуы, мәдени стеоративі, оның дүниеге көзқарастарының жеке ерекшелігі мен дағдысы негізінде жасалады.

Саяси технологияларды қалыптастырудың екінші, аналитикалық әдісі мақсатқа жетудің негізгі параметрлері мен шарттарын айқындайтын арнайы аналитикалық әдістер мен процедураларды пайдалануға тікелей байланысты. Саяси технологиялар мемлекетті құрудың және социумды ұйымдастырудың әр түрлі деңгейлерінде саяси билікті қалыптастыру мен пайдалануды қамтамасыз ететін әр түрлі процестермен бір қатарға қойылатыны сөзсіз. Сөйтіп, саяси технологиялардың универсалды ғана емес, сонымен қатар типтік қасиеттерінің қалыптасуына ықпал етуге болады.

Солардың ішінде ең кең тарағаны – басқару мен биліктегі әр түрлі субъектілердің рөлін рационализациялауды және алгоритмдеуді (мысалы, шешім қабылдау, мүдделерді орайластыру, келіссөздер жүргізу, т.б.) жорамалдайтын саяси технологиялардың функционалды түрлері. Саяси технологиялардың инструменттік әр түрлілігі нақты бір қызметті рационализациялауға бағытталған техниканы қолдануды имитациялайды, ал шын мәнінде, мүлде басқа мақсаттарды көздейді және соны бүркемелеуге тырысады.

Мақсатқа жетудің қайсыбір әдісі болмасын, қолданылатын сала тұрғысынан келсек, аталмыш мына технологиялар (мәселен, электоралдық, компьютерлік және ақпараттық технологиялар, дипломатия және әскери салаларда пайдаланылатын келіссөздер жүргізу қабылдаулары мен процедураларын да және т.б.) жайлы айтуға болады. Саяси технологиялардың ерекшелік қасиетін бағалауға осы тұрғыдан келу неғұрлым көп және аз мөлшерде технологияландырылған (жекелей алғанда, билік органдарына сайлау) биліктің әрекет ету саласын айқындап қана қоймайтыны түсінікті. Бұл тұрғыда мемлекеттік деңгейде шешім жасау процесінде, мәселен, мүдделерді заңға негізделмеген түрде келісу процесі сияқты принципінде ешқандай бір технологияландыруға жатпайтын саяси өзара іс-әрекеттің болуын айтуға болады. Осы тұрғыдан келу әр түрлі техникалық әдістердің түйісу аймағын, саясат пен басқарудың қайсыбір саласында болмасын міндеттерді шешуде олардың бір-бірін алмастырушылық рөлін айқындауға көмектеседі.

Саяси технологиялардың аталған түрімен пәндік саланы әлеуметтік ұйымдастыру дәрежесін бейнелейтін деңгейлік технологиялар да байланысты болып келеді. Оларға мыналарды жатқызуға болады: – мәселен, жалпы дүниежүзілік проблемаларды – табиғат қорғау, халықаралық қауіпсіздікті сақтау және т.б. шешумен байланысты ғаламдық технологиялар; мемлекеттің, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен институттардың Орталық Азиядағы, Таяу Шығыстағы, Латын Америкасындағы, Еуропадағы немесе әлдебір басқа аймақтағы проблемаларды шешу жөніндегі іс-әрекетін ашатын континенталды-аймақтық технологиялар; бір елдің шеңберінде билік пен мемлекеттік басқаруды жүзеге асыру процесін ашатын ұлттық-мемлекеттік технологиялар; жеке ұйымдар шеңберінде биліктік-басқару қатынастарын бейнелейтін корпоративтік технологиялар; саяси кеңістіктің шектелуі нүктесіндегі субъектінің қарым-қатынасы қызметінің ерекшелігін белгілейтін локалдық технологиялар; сондай-ақ биліктік қарым-қатынас пен мемлекетті басқару саласындағы саяси қайраткерлердің өзара қатынасын сипаттайтын жеке тұлғалар арасындағы технологиялар.

Қызметтің белгілі бір әдістерін пайдаланудың жалғастығы сипаты тұрғысынан қарасақ, сондай-ақ мына технологияларды бөліп қарастыруға тура келеді: акторлар қызметінің әріректегі нәтижесіне сүйенілетін стратегиялық; қысқа мерзімдік мақсаттарды жүзеге асыруды жорамалдайтын тактикалық; бір мезгілде қолданылатын спорадикалық және субъектінің қызметінің құрылымында үнемі жаңарып отыратын циклдік технологиялар.

Саяси технологиялар қызметтің бір типті міндеттерді шешу кезінде пайда болатын алгоритмдерін қолдануға икемді субъектінің өрісін кеңейтуге бағытталғандығын ескере отырып, тираждық және бірегей технологиялар түрлерін бөліп көрсетуге болады. Тираждық саяси технологиялар осыған ұқсас жағдайларды барлық жерде бірдей қолдануға есептелген. Бірегей саяси технологиялар белгілі бір қатаң түрде белгіленген жағдайларда ғана қолданылатын іс-әрекетті қамтиды. Тираждық саяси технологиялар оларды іске асыратын жеке адамның ісіне көп тәуелді емес, сондықтан бір типті қызметті жүзеге асыру кезінде уақыт пен материалдық ресурстарды мейлінше үнемдей алады. Ал, бірегей саяси технолгиялардың қайсыбірі болмасын, мақсаттарды жүзеге асыруды бір рет қана қамтамасыз ете алады. Ережеге сәйкес олар едәуір қымбатқа түседі және оны тіпті ұқсас жағдайға ауыстыруға талпынғанмен де, ол іс жүзінде өзінің тиімділігін жоғалтады.

Айталық, жекелеген «дипломатиялық» технологиялар халықаралық келіссөздерді жүргізу процесінде әлденеше рет пайдаланылуы мүмкін. Ал, сайлау компанияларының неғұрлым маңызды әдістері мен техникасына шектеу қойылмай-ақ, ол қай елде өткізіліп отырғанына және әлеуметтік ұйымдардың деңгейіне (федералдық немесе жергілікті) немесе сайлаудың өткізілетін уақытына қарамастан, әр түрлі деңгейдегі сайлауда қолданыла береді. Сонымен бірге, әлдебір ұлтаралық қайшылықтарды реттеу кезінде екі жақтың да жанжалдың себептері, сылтаулары, уақыттың өтуі және басқа да өлшемдері сияқты өзіндік ерекшелігі бар жәйттерді ескеруі нәтижесінде белгілі бір жерде және белгілі уақытта тиімділікке қол жеткізуге мүмкіндік беретін әдістер мен тәсілдерді қолдануға болады.

Динамикалық тұрғысынан келсек, саяси субъектілердің қасиеті мен мүмкіндіктері қатаң және жайлы технологиялар түрлері деп бөлуге мүмкіндік береді.

Қатаң саяси технологиялар субъектілер қолданатын қызмет әдістері мен тәсілдерінің негізгі параметрлері нақты болуын және оның өзгеріссіз қалуын жорамалдайды. Мұндай технологиялар ведомстволар мен билік институты арасындағы мүдделерді – мәселен, үкімет бағдарламаларында иерархтық тәртіпті сақтау, құжаттарға виза беру т.б. келісудің құқықтық және процедуралық тәртібін үнемі қамтамасыз етіп отырады.

Ал, жайлы болып саналатын саяси технолгиялар өзгеріп отыратын жағдайларға сәйкес субъектінің қарауындағы мақсаттар мен құралдардың икемді түрде бейімделуін жүзеге асыруға мүмкіндік беретін әдістер мен тәсілдерді алға тартады. Іс-әрекет алгоритмін ситуативті өзгертетін өздігінен реттеуші бұл технологиялар ең аяғында қайсыбір салада болмасын, мақсатқа жету процесін жетілдіруге қажетті тәжірибені байытып, кеңейте түседі.

Саяси қызмет регламентациясының дәрежесі және сипаты тұрғысынан келсек, нормативтік және девианттық технологиялар түрлері де кездеседі.

Нормативтік саяси технологиялар – бұл қоғамда (ұйымда) кездесетін заңдарға, нормаларға, дәстүрлерге, әдет-ғұрыптарға сүйеніп жасалған қызмет әдістері мен тәсілдері болып табылады.

Девианттық саяси технологияларға заңдардан, нормалардан, дәстүрлерден, әдет-ғұрыптардан ауытқитын қызмет әдістері мен тәсілдері жатады. Олардың қатарына, мысалы, «сұрша», «қара» деп аталатын саяси технологиялардың тұтас бір спектрі кіреді: өзінің саяси қарсыласының абыройын төгуді ойластыру, бопса жасау, жалған ақпарат тарату, өсек-аяң және т.б. әдістер осыны көрсетеді. Практика көрсетіп отырғанындай, саяси процестердің қиын кезеңдерінде, нақты айтқанда, жоғарғы мемлекеттік билік органдарына сайлау кезінде, сыртқы және ішкі саяси дағдарыстар шиеленіскен тұста, осындай саяси технологиялардың белең алуы ашық көрініс береді.

Биліктік-саяси және мемлекеттік-әкімшілік мақсаттарға жетудің нормативтік және девианттық технологиялар түрлеріне өте жақын тұрған ашықтан-ашық (ап-айқын) және көлеңкелі технологиялар әдістері жайында да айта кеткен жөн. Ашықтан-ашық саяси технологиялар биліктің жария сипатын білдіреді және биліктің жұртшылықпен диалогының әр түрлі формасында көрініс табады.

Билік пен басқарудың көлеңкелі саяси технологиясы жұртшылықты сырт айналып өтетін құралдар мен ресурстар арқылы билік құрылымдарын манипуляция жасаудың әр түрлі формасында жүзеге асырылады. Бұл заңмен белгіленген процедуралар шеңберінен тыс шешім қабылдау әдістері ретінде көрініс береді.

Саяси технологиялардың осы және басқа да түрлерін олардың мәнін толық ашып көрсету үшін саяси технологиялардың мазмұнына кіретін саяси талдау мен саяси кеңес берудің ерекшеліктерін кеңірек қарастыру қажет.