ТІС ЖАРЫП ШЫҒУ КЕЗЕҢДЕРІНІҢ АУРУЛАРЫ
Тістің жаруы әдеттегі физиологиялық кезеңдерге-процесстерге жатады. Олар белгілі уақытында, адамға білінбей, ешқандай ауыру сезімінсіз шығады. Бірақ кейбір тістер нақтылы шығатын уақытынан кешігіп шыққанда оның маңайындағы тіндер қабынады. Тістің кедергімен кеш жаруы өз алдына мынадай топқа бөлінеді.
1. Дистопия— дұрыс қалыптасқан тістің тіс қатарынан-шет шығуы. Кейде ұртқа қарай не тілге қарай жантая шығады. Кейбір тістер мұрынның ішіне немесе Гаймор қуысына немесе көзге қарай шығуы мүмкін. Бұндай жағдайда тістің жаруы кешігіп, сол маңай тіндері зақымданып, қабынуы мүмкін. Онда тісті суырып алып тастау керек.
2. Ретенция—дұрыс қалыптасқан тістің шығуы әртүрлі кедергімен баяулап ұсталып қалуы. Егер тіс жартылай шықса, онда шала ретенция, ал тіс мүлде шыға алмай қалса, онда толық ретенция деп аталады.
Кейде көп уақыттан кейін адамның бар тістері түсіп, алмалы-салмалы тіс протезін пайдаланған кезінде ғана бұрын уақытында шықпай қалған тістің жарғанын байқауға болады. Тұрақты тістердің ұрықтану кезеңінің бұзылғанынан олар мүлде жарып шықпаса, онда толық адентиядеп атайды.
Дистопия мен ретенцияға сүт тістер де, тұрақты тістер де ұшырайды. Тұрақты тістердің ішінде ретенцияға жиі ұшырайтын ақыл тістер, әсіресе төменгі сегізінші тістер. Ал сирек ұсталып шыға алмай қалған жағдайға сойдақ тістер (ұры тіс) мен жоғарғы не астыңғы кіші азулар тап болады. Ретенция мен дистопия ауруының себебі толық анықталмаған. Әртүрлі ғалымдардың пікірі бойынша оның мынандай себептері болуы мүмкін:
а) Зат алмасу кезеңінің бұзылуы-ішкі секреция бездерінің, гормондардың реттеу жұмысының нашарлағаны не витаминдердің жеткіліксіздігі, инфекциялық аурудың әсері т.б. жағдайлар.
б) Зат алмасудың реттелуіне қатынасатын ішкі бездер қызметінің өзгерістері (гормондар қызметі бәсеңдесе не инфекциялық) себебінен тіс дұрыс ұрықтанбай қалады не жақ сүйектердің кейбір бөліктері ерекше дамып, тістің жарып шығуын тежейді және қанмен жабдықталуын да өзгертеді.
Филогенез — даму кезеңінде адам тісінің саны мен мөлшері біркелкі қалпында қалса, жақ сүйектердің көлемі кішірейеді. Сондықтан кейбір тістерге шығатын орын болмай, ол не ұяшық өсіндінің ішінде немесе сүйектің денесінде шыға алмай қалады.
3. Тістердің уақтылы жарып шығуын тежейтін жергілікті себептер көп: сүт тістер түбірінің кеш сорылуы немесе сүт тістерді ерте суырып тастаса қатардағы тістер бос орынға қарай жылжығандықтан кейін шыққан тұрақты тіске орын болмай қалады. Кейде сүт тіс маңындағы шырышты қабықта зақымданып, қабынуы немесе тіс ұрығының жақ сүйекте өте терең жатуы тістің кедергімен кеш жарып шығуының бір себебі болады. Жақ сүйектерінің дамып өсу кезеңдері бұзылса немесе сүйекте ісік болса, тістің эмбриональдық дамуы бұзылып, тіс кеш шығуы немесе шетке қарай жаруы мүмкін.
Клиникалық көрінісі.Қатардан тыс жарып шыққан (дистопиялы) немесе шыға алмай ұсталып қалған тістер ешқаңдай зиян келтірмесе, кездейсоқ рентгенге түскенде ғана табылады. Кейде науқастар жақ сүйектің әлсін-әлсін сыздап ауырғанына көңіл бөледі немесе төменгі жақтың тістері сыздап ауыратын болады, ернінің ұюы байқалады.
Сырт көзбен қарағанда тістің кедергімен қиналып жарып келе жатқан белгілері мынадай болады: қатарда бір тістің жоқ болғаны анықталады, бұрын жұлынса бос орын болу керек немесе уақытында түспей қалған сүт тісі турады не ол тіс қатардан тыс жарып келе жатқаны көрінеді. Кейде ұяшық өсіндінің шырышты қабығының астынан шығып тұрған төмпешік байқалады. Рентген суретінде ұсталып шықпай қалған тістің бейнесі көрінеді.
Сурет-61.Төменгі жақ бұтағының артқы- Сурет-62.Төменгі жақ бұтағының алдыңғы-
жоғарғы бөлігінде орналасқан ақыл тістің төменгі бөлігінде орналасқан ақыл тістің
Дистопиясы. дистопиясы.
Біраз ғалымдардың пікірінше және біздің тәжірибедегі бақылауымыз бойынша кедергімен кешігіп жарған тістер жиі қабынуға ұшырауы мүмкін. Содан пульпит (тістің ұлпасының қабынуы) периодонтит (тістің дәнекер қабығының қабынуы) сияқты аурулар болады немесе қатар тұрған тісті зақымдауы мүмкін. Кейде ауру өрбіп асқынып жедел перикоронаритке айналуы мүмкін. Сол себептен ірің әрі қарай тарап сүйекті шірітеді де маңайындағы май шелімен жұмсақ тіндеріне жайылады. Сол аурудың салдарынан жақасты бездері шошынып лимфаденит дамиды. Қабыну кезеңінің даму себебінің бірі ауыз ішіндегі инфекциялардың зақымданған шырышты қабыққа еніп оны қабындыруы немесе денедегі басқа созылмалы инфекциялық аурудан қан арқылы тарап, шыға алмай жатқан тістің зардабынан болған жараны қабындырып іріңдікке айналдырады. Кедергімен ұсталып шыға алмаған тістің зардабынан қатерсіз ісіктер — амелобластома, одонтома т.б. ісіктер өсуі мүмкін. Ұсталып кедергімен жарған тіс туралы түрлі ой бар. Егер ол тіс қатарындағы тістерге зақым келтірмесе, жақ сүйекте дұрыс орын алып, залалсыз, қабындырмай шықса, онда оған тиіспейді. Ал егер оның себебінен жарақаттар шықса, онда ол тісті жұлып алып тастау керек. Егер ақыл тіс кедергімен кешігіп жарып, тіс қатарындағы өз орынында дұрыс тұрса, онда ол тістің тездеп шығуына жағдай жасау керек. Ол үшін үстіндегі қызыл иек бүркенішін кесіп алып тастап, маңайының қызыл иегін тітіркендіріп функционалдық әрекеттер істеуге болады. Ақыл тіс ұсталып кедергімен жарғанда бас не жақ сыздап ауырса не шырышты қабық оның маңайындағы жұмсақ тіндер қабынып іріндесе ондай тісті суырып алып тастап, емдеу керек.