Сурет-64. қатар жатқан тістің зақымдануы

 

Бұл топқа актиномикоз, одонтогенді гранулема, тістен болған жара т.б. аурулар кірмеген. Ондай науқастар сирек кездесетіндіктен оларды екінші немесе төртінші топқа жатқызуға-кіргізуге болады.

Асқынулардың патогенезі.Асқынудың пайда болуына бірден-бір себеп-жарып келе жатқан тістің шайнау бетін жауып тұратын (шырышты-сүйек сыртқы қабықтарынан тұратын) жабынды тін. Оны ақыл тістің шайнау бетіндегі бір бұдыры жарып шығады да, оның астында қалта пайда болады. Осы «қалтада» тамақ, шырыш, тіндердің өлі клеткалары жиналып, микробтардың өсіп-енуіне жағдай жасайды.

Жабындының үстіңгі беті жоғарғы жақ сүйегіндегі ақыл тістен зақымданып қабыну кезеңі дамиды. Аурудың бұл кезеңінде инфекциялы қабыну кезеңі ақыл тістің сауытын қоршаған және жауып тұрған жұмсақ тіндермен шектелетіндіктен, оны перикоронарит деп атайды.

Егер жақ сүйегіңде сегізінші тістің жарып шығуына орын жеткілікті болса немесе дер кезінде дәрігерлік көмек көрсетілсе, бұл тіс толық жарып шығады да, сонымен қабыну кезеңі тоқтайды. Егер тістің жарып шығуына жағдай болмаса, жедел перикоронарит созылмалы түріне өтеді де қабыну кезеңі қоршаған жұмсақ тіндер мен сүйекке жайылады. Сегізінші тістің орналасуындағы топографиялық-анатомиялық ерекшеліктерге байланысты, қабыну кезеңі кез келген бағытта таралуы мүмкін.

Төменгі үшінші азу тістің кедергіленіп жаруынан пайда болатын асқынулардың клиникалық көрінісі.Перикоронарит — жедел және созылмалы болып бөлінеді. А. Т. Руденко (1961) перикоронариттің қайталану-рецидивті түрін бөлуді ұсынады. Перикоронарит — төменгі ақыл тістің кешігіп жаруында жиі және көбінесе бірінші (75% дейін) кездесетін асқыну түрі. Ол екінші азу тістің артында ауыру сезімінің пайда болуымен білінеді.

 

Сурет-65. Көп қайталанып тұратын перикоронарит

 

Алғашында ақыл тістің үстіндегі шырышты қабық ептеп қан кернеп қызарып, домбығады. Егер сүңгі-зондпен ептеп байқап көрсе жарып шығып келе жатқан тістің сауытын байқауға болады. Жабынды қолмен басқанда, жұтынғанда және аузын ашқанда ауыру сезімі болып, ол күшейеді. Жақасты лимфа түйіндері үлкейіп, ауырсына бастайды. Науқастың дене қызуы көтеріліп, басы ауырады, тәбеті нашарлайды.

Егер тіс жартылай жарып шықса, онда оның қалған бөлігін жауып тұрған жабынды зақымданып жарақаттанады да, экссудаттың шығуы нашарлайды. Ол қабыну кезеңінің үдеуіне әкеп соғады. Ол жақ жанындағы жұмсақ тіндерде бүйір тармақтары-коллатеральды домбығудың пайда болуымен және жақ бұлшықеттерінің қарысуымен сипатталды. Жабынды астынан ірің шығады. Оның шырышты қабығы жараға айналады.Жедел перикоронаритті катаральды, іріңді, жаралы түрлеріне бөлу шартты болып есептеледі.Қабыну белгілерінің көрінісі мен аурудың жалпы жағдайына қарай перикоронаритті жеңіл, орташа, ауыр формаларына бөледі. Қабыну күшейген сайын қанатша жақ бүрмесі, алдыңғы таңдай доғасы, жұтқыншақ қан кернеп қызарып, домбығады. Жұтынғанда ауыру сезімі күшейіп, құлаққа, самайға тарайды.Бұл «дентарлық ангина» көрінісі деп аталады.Сондықтан науқастар құлақ, тамақ және мұрын ауруларын тексеретін дәрігерге көрінуі мүмкін.

Жұтынғанда пайда болатын ауру сезімі күрделі емес. Сегізінші азу тістің сауытын жауып тұратын шырышты қабық таңдайдың алдыңғы доғасына өте жақын. Ал шырышты қабық астындағы клетчатка, жұтқыншақтың бүйір бетіндегі клетчаткамен тікелей байланысты. Сондықтан төменгі үшінші азу тістен пайда болған қабыну кезеңі жұмсақ таңдайға, бадамша безге, жұтқыншақтың қабырғасына жайылады. Шайнау бұлшықеттерінің қарысуы сезімтал және қозғалтқыш жүйкелердің қабынуына және қабыну кезеңінің тікелей еттердің астына жайылуына байланысты.

Созылмалы перикоронариттің нақтамасы-диагностикасы – келіп шығу тарихына-анамнез және клиникалық белгілерінен құралады.

Көбінесе науқастарда ешқандай шағым болмайды. Тісті жауып тұрған жапқыш аздап, домбыққан, оның астынан біраз сарысулы іріңді зат шығады. Үнемі домбығудың жарақаттанудың әсерінен жапқыш тыртықтанады. Ол тістің жару шығу кезеңін одан сайын тежейді. Сегізінші тістің сауыты мен дистальды бетіне жақын орналасқан сүйектің арасында патологиялық қалта пайда болады да, ол грануляциялық тінмен толады.

Рентген суретінде бұл қалта «жарты ай» тәрізді сүйектің ыдырауымен байқалады.

Сүйек-грануляциялық тіннің әсерінен сорылып бұзылады. Оны ретромолярлы остит (ақыл тіс артындағы сүйек қабынуы) деп атайды. Оның орнында уақыт өткеннен кейін парадентарлы киста (тіс маңындағы қалта) пайда болады. Ол да рентген суретімен анықталады. Ретромолярлы остит пен парадентарлы киста созылмалы перикоронариттің жиі қозуының себепшісі болуы мүмкін. Созылмалы перикоронарит - созылмалы жақасты лимфаде-нитіне әкеп соғады.

Сонымен бірге созылмалы перикоронарит, одонтогенді жылжымалы теріасты гранулемасының пайда болуына себепші болуы мүмкін. Жапқыш астындағы грануляция ұрт аймағындағы теріасты клетчаткасына енеді де, қабыну кезеңінің туындауына себепші болады. Іріңді зат жиналысымен тері қабаты жұқарып, көкшіл тартады. Бұл жерде мезгіл-мезгіл жыланкөз пайда болып тұрады.

Үшінші азу тістің кедергіленіп жаруынан жедел іріңді периостит дамиды (10-12% дейін). Егер жедел перикоронаритте жапқыш астындағы экссудаттың шығуы қиындаса ол жақ сүйегінің вестибулярлық қабығы астына қиғаш сызықтың бойымен жылжып түседі де, жетінші, алтыншы азу тістердің немесе кіші азу тістердің (премолярдың) тұсында іріңді қабыну тудырады. Ол іріңдікті тіліп ашпаса, орнында жыланкөз пайда болады. Егер үлкен азу тістердің біреуі бұрын емделген болса, ол қабынуға себепші болған тіс деп қате жұлынуы мүмкін. Содан соң жыланкөз жұлынған тістің ұясына ауысады. Ол өз алдына тіс ұяшығының созылмалы остеомиелитінің көрінісін білдіреді де, жасалған ем еш нәтиже бермеуі мүмкін. Сондықтан төменгі жақ сүйегінің жедел іріңді периоститі деген нақтаманы қоярда, созылмалы перикоронариттің жоқ екеніне көз жеткізу керек. Ақыл тістің кедергіленіп жаруы кезінде пайда болатын төменгі жақ сүйегінің одонтогенді остеомиелиті көбінесе жақтың бұрышы мен бұтағына жайылады.

А. И. Евдокимов, Г. А. Васильев (1959 ж), Г. И. Семенченко (1961ж) остеомиелиттің себепшісі ретінде екінші орында, үшінші-төменгі азу тістің кедергіленіп жаруы тұрады деп есептеген. Инфекция маргинальды (қызылиек жиегі) жолмен тарайды.

Остеомиелит сау тістің маңында пайда болатындықтан, клиникалық көрінісінде ерекшелігі болады.

Кезең көбінесе шектелген, созылмалы түріне-формасына тез өтеді.