Жедел ағымды эпидемиялы емес паротит

Бұл ауру бездердің іріңдеуіне алып келеді және өте ауыр түрде жүреді, созылмалы қабынуға өтуі де мүмкін.

Аурудың жергілікті себептеріне: бөгде заттың енуі, сілекей тастарының пайда болуы, жұқа жаралар-афтозды және жаралы стоматиттер, бездің жарақат алуы, қабыну кезеңдерінің көрші аймақтардан өтуі жатады.

Жалпы себептері: инфекциялық аурулар, іш қуыстарына жасаған оталар, сусыздануға алып келетін аурулар.

Клиникалық көріністері.Жедел эпидемиялы емес паротиттер клиникалық ағымына қарай серозды, ірінді және гангренозды деп бөлінеді.

Бұл ауру кезінде науқастар ауыз қуысының құрғақтығына, жалпы әлсіздігіне, дене қызуына, құлақалды маңында қатты ауыру сезімінің болуына, оның тамақтанар алдында үдей түсетініне шағымданады.

Қарап тексергенде, құлақ маңындағы ұйыспа-инфильтраттан пайда болған беттің асимметриясы анықталады (екі жақтық сирек). Ұйыспа-инфильтраттың әсерінен құлақ сырғалығы көтеріліп тұрады. Аурудың жедел серозды кезеңінде ауыздың ашылуы шектелмеген, шығару түтігінің ашылған орны қызарған, ісінген. Құлақмаңы сілекей безіне массаж жасағанда сілекейдің бөлінуі байқалмайды, кейде күңгірт-шырышты сұйық бөлінуі мүмкін. Содан кейін кезеңнің кері дамуы басталады, без маңындағы ұйыспа-инфильтраттың ісігі қайтып көлемі кішірейеді, ауыру сезімі төмендейді, сілекей мөлшері қалыптағыдай болады.

Жедел серозды паротит іріңді түріне өткенде безде қабыну кезеңі өте тез дамиды.

Бездің тығыз капсуласының болуынан ірінді жалқықтың теріасты клетчаткасына шығуы қиындайды, осының әсерінен ауыру сезімі күшейе түседі. Құлақмаңы сілекей безі аймағындағы ұйыспа-инфильтраттың көлемі ұлғайып, жұмсақ тіндерде ісіну пайда болады. Ұйыспа-инфильтрат бетіндегі тері қабаты қызарған, қатпарға жиналмайды. Ауыздың ашылуы шектеледі. Шығару түтігінен көп мөлшерде ірің бөлінеді. Без капсуласы іріндеп ерігенде, былқылдау-(флюктуация) болады. Құлақмаңы сілекей безі аймағында пайда болған жұмсақтану ошақтары өз бетімен ұрттың тері қабатына немесе сыртқы дыбыс жолына ашылуы мүмкін. Іріңді паротиттің кері дамуы 12-15 күннен кейін басталады. Қабыну кезеңдері басылып ауыру сезімі төмендейді және тамақтанар алдында ауырмайды, науқастың жалпы жағдайы жақсарып, тамаққа тәбеті ашылады, дене қызуы қалыпты жағдайға келеді. Без маңындағы ұйыспа-инфильтрат кішірейіп, жоғала бастайды, Сілекей бөліну қызметі қалыпты жағдайына түсіп, мөлдірленеді, жыланкөздер жабылады.

Паротиттің гангренозды түрінде тіндердің көлемді некрозы және науқаста ауыр септикалық жағдай болады. Бет веналарының тромбозы мен флебиттер дамып, ми синустарына өтуі мүмкін.

Ажырату нақтамасы.Жедел іріңді паротит ұрт, самай аймағындағы, шайнау еті астының кеңістігіндегі флегмоналардың клиникасына ұқсас, бірақ сілекей безінің қызметі бұзылмайды, шығару түтігінен мөлдір сілекей бөлінеді.

Жедел эпидемиялық паротиттен жедел эпидемиялық емес паротиттің айырмашылығы, оның жиі бір жақта және ересек адамдарда болуы. Қандағы эритроциттердің тұнбаға түсу жылдамдығының жоғарлауы, лейкоцитоз, нейтрофильдер санының жоғарылауының солға жылжуы байқалады.

Емі.Жедел паротит кезіндегі емдеу шаралары аурудың сатысына байланысты жүргізіледі. Қабынудың серозды түрінде науқас сілекей бөлінуін жоғарлататын диета және тамақтанар алдында пилокарпин гидрохлоридтің 1% ерітіндісін 6-8 тамшы қабылдау қажет. Тамақтанып болғаннан соң ауыз қуысын сілтілік ерітінділермен шайған дұрыс. Сілекей безі аймағына физиотерапевтикалық ем, әлсіз жылулық бактерицидтік әсері бар УЖЖ — терапия қабылдауы, күндіз құрғақ жылы, ал түнге қарай камфор майымен жылы компрестер жасау және күнделікті шығару түтіктері жүйесін антибиотиктердің 0,5% новокаиндегі ерітіндісімен немесе протеолитикалық ферменттермен жуып-шаю жақсы емдік әсер береді. Егер қабыну кезеңі өрши түссе, онда микрофлораның сезімталдығын анықтап, антибиотиктер тағайындалады. А.В.Вишневский әдісі бойынша тосқауыл-блокада жасау, яғни құлақмаңы сілекей безінің аймағында орналасқан ұйыспа-инфильтрат төңірегіне антибиотик қосылған новокаиннің 0,25% ерітіңдісін енгізеді.

Егер қабыну кезеңі іріңді немесе гангренозды түріне өткен болса, онда улануға қарсы жалпы әлдендіру және симптоматикалық емдерден басқа, бет жүйкесі талшықтарының орналасуын-топографиясын есепке ала отырып тіліктер жасау көрсетілген.

Алдын алу.Ауыз қуысының тазалығын сақтау, сілекей бөлінуін жоғарылатып тітіркендіргіш тағамдар (қышқыл тамақ) немесе пилокарпиннің 1%ерітіндісін күніне 3-4 рет 4-6 тамшыдан қабылдау, тұз, аскорбин қышқылдарын қабылдау жатады.