Ксеростомияның 3 дәрежесі болады.
I дәрежесінде науқастар ауыз қуысының құрғақтығына шағымданады. Кейде ауыру сезімі болмауы мүмкін. Бірақ науқастарды глоссалгия мазалайды, ауыз қуысының шырышты қабатында күю сезімі болуы мүмкін. Осындай науқастарды көріп тексергенде, ауыз қуысынын, шырышты қабатының түсі қызғылт, аздап суланған, кіреберісі, тіласты және ұрттың шырышты қабатында көбіктенген сілекей анықталады. Сілекей бездерінің шығару түтігінен аз мөлшерде мөлдір сілекей бөлінеді.
II дәрежесінде науқастар ауыз қуысының тұрақты құрғақтығына, әсіресе тамақтанған кезде (құрғақ тамақтың артыңан су ішуі) айқындалуына шағымданады. Осындай науқастарды көріп тексергенде, құрғаған, беті сарғыш қабыршақтармен жабылған ерінді байқауға болады. Тілі құрғақ науқас ұзақ әңгімелесе алмайды. Ұрт және таңдай шырышты қабатында құрғақ немесе өте аз суланған, түсі өзгеріссіз, қабыну кезеңдері жоқ. Сілекей безін массаж жасағанда, бірнеше тамшы сілекей бөлінуі мүмкін.
III дәрежесінде тұрақты құрғақтықтан басқа, ауыз қуысының шырышты қабатында қабыну кезеңдері болуы мүмкін.
Осындай науқастарда негізінен мынадай шағымдар болады: тамақ қабылдағанда ауырып (әсіресе ащы және тұздалған тамақтар), ауыз қуысында күю сезімінің болуы. Тістер тез арада бұзылады. Еріндері жарылған, ауыздың бұрыштары қызарып, жарылып тұрады. Ерін мен ұрттың шырышты қабатында эрозиялар пайда болып, гингивит дамуы мүмкін. Тіл құрғақ, қақталған, қызарған. Сілекей бездерін белсенді массаж жасаған кезде де сілекейдің бөлінуі байқалмайды.
Клиникасы.Ксеростомия, ксерофтальмия, кератоконьюнктивит, ринофарингит, ларинготрахеит, созылмалы полиартриттер және шаштардың түсуі, тырнақтардың сынғыштығы байқалады. Құлақмаңы сілекей бездері қайталамалы ісінуі мүмкін. Шығару түтіктерінен сілекейдің бөлінуі, белсенді массаж жасаған кезде де болмайды. Бездердің сиалограммасында түтіктердің жартылай кеңейгені, жартылай тарылғаны байқалады.
Емі.Жиі симптоматикалық, құлақмаңы сілекей безінде қабыну кезеңдері жиі қайталана беретін жағдайда сілекей безін алып тастауға тура келеді. Науқас офтальмологтың, терапевтің, стоматологтың қарауында болуы керек.
Микулич ауруы.1892 жылы сипатталған, келіп шығуы-этиологиясы белгісіз. А.И.Абрикосов бұл ауруды алейкемиялық немесе лейкемиялық лимфаденоз, ал А. И. Пачес коллагеноздар қатарына жатқызады.
Клиникалық көрінісі.Жас және сілекей бездерінің симметриялық ұлғаюы анықталады. Тері қабатының түсі өзгеріссіз, бездерді сипап тексергенде беті бұдыр, ауыру сезімі жоқ. Жас бездерінің ұлғаюынан жоғарғы қабақ төмен түскен. Ауырмайды, сондықтан да науқастардың шағымы да негізінен косметикалық жағынан болады, бірақ кейін ауыз қуысының құрғақтығы қосылуы мүмкін. Аурудың бастапқы уақытында сілекей бездерінің шығару түтіктерінен мөлдір сілекей бөлінеді, соңынан оның бөлінуі төмендейді. Кейде терінің қышынуы, қолтықасты, және шабының лимфа түйіндері ұлғайғаны байқалады. Ауыз қуысындағы майда лимфа түйіндері де ұлғаюы мүмкін.
Емі.Лимфаденоздың шектелген түрлеріне сәулелі терапия мышьяк дәрісі өте жақсы нәтиже береді және бензол мен уретан дәрілерін де қолдануға болады.
Сілекей-тас ауруы (Сиалолитиазис)
Сілекей-тас ауруы сілекей бездері ауруларының ішіндегі жиі-кездесетіні (40-60%). Сілекей тастары жиі Вартонов түтігінде және төменгі жақасты безінде орналасады. Өте жиі төменгі жақасты безі зақымдалады.
М.Н. Михайловтың мәліметтері бойынша (1957), төменгі жақасты сілекей безі 8 9,5% науқастарда, тіласты сілекей безі 7,5%, ал құлақмаңы безінің жарақаттануы—3% науқастарда кездеседі.
Көбіне тастар бір сілекей безінде пайда болады. Ер адамдарда әйелдерге қарағанда жиі кездеседі. Жас шамасының шешуші маңызы жоқ. Тастардың көлемі мен пішіні әр түрлі, бірақ сілекей безінде орналасқан тастар, негізінен үлкен, пішіні домалақтау болады. Кейде көпқырлы тастар да кездеседі.
Тастардың түсі ақшыл, сары, қоңыр, жасылдау болуы мүмкін. Түсінің түрлі болуы олардың химиялық құрамына, яғни қышқылды фосфор, көмірқышқылды калий, натрий, хлор, темір, магний элементтерінің іздері және белок, муцин сияқты органикалық заттарға байланысты.
Сілекей тастары ядросының пайда болуына сілекейлі тығындықтар, бөгде заттар, бактериялар колониясы әсер етуі мүмкін.