Жақ сүйектері сынықтарының клиникасы

Медициналық травматология саласындағы негізгі сынықтар жіктелуі олардың клиникалық көріністері бір-бірімен байланысы бір заңдылыққа бағынады. Сондықтан, бұл оқулықта осы заңдылықты қолдана отырып жақ-бет аймағы травматологиясының жіктелуі және клиникасы жеке қаралып отыр. Өйткені барлық сүйектер сынығының клиникасы ортақ болады. Бірақ әр сүйекке тән өзіндік негізгі белгісі бар.

Травматологияда барлық адам сүйектері сынығының жалпы клиникалық белгілерін келесі бес топқа бөледі;

1). Жергілікті-локальды ауыру сезімі.

2) Патологиялық қозғалыс.

3) Сынықтың ауытқуы.

4) Сықырлау.

5) Сүйек жұмысының бұзылуы.

Осылардың ішіндегі әрбір сүйек сынығына тән өзіндік белгілері сол сүйек сынығының негізгі клиникалық белгісі болады. Бұл басқа сынық белгілерімен қосылып отыратынын еске сақтау қажет.

Төменгі жақ сүйегі сынығының клиникасы және нақтамасы.Төменгі жақ сүйегі доға тәріздес қозғалмалы тығыз сүйек. Екі симметриялы бөліктен тұрады. Сүйек тығыз тінінен құралып, аралығында аздаған кемік тіндері болады. Денесі жоғары қарай ұяшық өсіндіге ұласып, тіс ұясының қабырғаларын құрайды. Ұяшық өсіндінің қабығы сүйек қабығымен тығыз байланысып, қозғалмайды. Төменгі жақ сүйегінің ішінде қан тамыры және төменгі альвеолды нерв жүретін өзегі бар. Ми сауытымен бұл сүйек самай-төменгі жақ буыны арқылы байланысады.

Сынықтың қай жерде болуына және оның түріне байланысты аурулардың шағымдары әртүрлі болады. Барлық жағдайда да олар төменгі жақтың анық бір жерінде пайда болатын ауыру сезіміне шағым жасайды. Бұл жақ қозғалысында, тамақты тістегенде және шайнағанда ұлғая түседі. Кейде төменгі еріннің сезімталдығы жойылады (бұл жүйке қан тамырларының қысылуына немесе үзілуіне байланысты). Тістеу бұзылып және ауыздан қан ағуы ықтимал. Осылармен қатар бас айналып, ауырып, құсқысы келеді, кейде құсуы мүмкін.

Аурудың тарихын-анамнез жинаған кезде зақым қандай жағдайда, қашан, қайда, қай уақытта болғанын анықтау қажет. Осылармен қатар, ми мен бас қаңқасы негізінің бұзылуын (естен айырылу, құсу, жүрегі көтерілу, құлақтан қан кету, ретроградтық амнезия т.б.) анықтаған жөн.

Бұл мәліметтер нақтама қоюға, емдеуге керектігімен қатар, еңбектен босату құжаттарын бергенде, заң қорғау және мемлекеттік сақтандыру орындарына қажет болуы мүмкін. Сондықтан олар сырқатнамаға толық жазылуы қажет.

Нақты-объективті тексергенде науқастың жалпы жағдайын ағзалар мен жүйелерді тексеру (есін, тынысын, тамыр соғысын, қан қысымын, ішін пальпация арқылы тексеру, басқа ішкі мүшелерін тексеру) арқылы оның жалпы жағдайын білу қажет. Басқа аймақтардың зақымдануын тексеру қажет.

Аурудың бет-жақ аймақтарын сырттан қарағанда оның түрі-формасы, жұмсақ тіндердің зақымнан пайда болатын домбығудан, қанталау-гематомадан, иектің ауытқуынан, өзгеруі мүмкін. Бет терісінде қанталау, сыдырылу және жара болулары мүмкін.

Төменгі жақты сипау-пальпация жасағанда жоғарыдан ортаға немесе орталықтан жоғары қарай саусақтарды төменгі жақ сүйегінің төменгі жиегімен жүргізу керек. Сипау-пальпацияны жақтың сау жағынан бастаған жөн. Бұл кезде ауыратын нүктесін, сүйек жарқыншағы жоқ жерін, ісік немесе қанның ұюын-гематоманы анықтауға болады.

Дәрігер саусақ ұшын құлақ құсына енгізіп төменгі жақты төмен және оңға, солға бұру арқылы буын басының қозғалуын байқауы керек. Немесе буын басының қозғалуын құлақ алдынан сипап байқауға болады.

Осыдан кейін ауыратын нүктені анықтау үшін ауыру белгісін тексеру керек. Ол үшін: 1) Оң алақанды иекке қойып алдынан артқа қарай төменгі жақты итереді. 2) Екі алақанды жақ сүйегінің екі жағына тіреп бір-біріне қарай қысады. 3) Бас бармақтарды төменгі жақ бұрышының екі жағына қойып, төменнен жоғары қарай (буын өсіндісіне қарай) ептеп басады.

Егер төменгі жақ сынған болса дәрігердің салған күшінен сынған жер ауырады, оны науқас бір саусағымен дәл көрсетеді. Әдетте, бұл жердің нүктесі бұрынғы сипау-пальпация жасаған кезде анықталған сүйек жарқыншағының жылжыған жері мен жұмсақ тіннің қанның ұюын- гематомасына сәйкес келеді.

Төменгі жақ сынғанда иек сынған жаққа қарай ауытқиды. Ине арқылы ерін иек терісінің сезімталдығын екі жағынан анықтау қажет. Егер төменгі ұяшық жүйкесі үзілсе, сыйған жақта сезімталдық жойылады.

Осыдан кейін ауыз қуысын тексереді. Науқас аузын ашқанда оның тербеліс құлашы-амплитудасы азайып, иек сынған жаққа ауытқиды, жапқанда орталық сызық сынық жаққа ауысады, бұлар сынық белгілері болып есептеледі. Жақ сүйегі сынған жағдайда ауыз қуысының, әсіресе ұяшық өсіндінің кілегей қабығы қанталап жыртылуы мүмкін. Тісті ұрып көргенде-перкуссия жасағанда сынық аралығындағы тістер ауырып, тістестіру өзгереді. Тістестірудің өзгеруі сынық ауытқуынан болса, ал оның мөлшері негізінде ондағы бұлшықеттерге байланысты.

Сынықтың бар жоғын және оның орнын анықтайтын негізгі белгілердің бірі сынық бөлшектерінің қозғалуы. Оны келесі әдіспен анықтайды: оң қолдың сұқ саусағын бір сынықтағы тістің үстіне, ал сол қолдың сұқ саусағын екінші сынықтағы тістің үстіне қойып бас бармақтармен төменгі жақтың сыртынан ұстап, бірін жоғары екіншісін төмен, алға және артқа қарай жылжытады. Сол уақытта (сынық болса) сынық жанындағы тістердің биіктігі, ара қашықтығы өзгеруімен қатар, альвеолды өсіндінің кілегей қабығының жыртығы ұлғайды.

Клиникалық болжауды рентгенограмма арқылы дәлелдеу қажет. Рентгенограмма сынықтың және жарқыншақтардың ығысу дәрежесін, тіс түбірінің сыныққа қатынасын сипаттайды (38-сурет). Әдетте, екі рентгенограмма жасалады: бірі — тік, екіншісі — бүйірден. Егер мүмкіншілік болса ортопантомограмма жасаған жөн. Төменгі жақтың буын өсіндісі сынса, томограмма көп мәлімет береді. Дәрігер клиника-рентгенологиялық көрсеткіштердің негізінде дұрыс топикалық нақтама қойып, емдеу жоспарын жасайды.

78-сурет. Төменгі жақ сүйек денесінің сынығы

Сүйек сынықтарының ауытқуы.Төменгі жақ сүйегі сынығының негізгі клиникалық белгісі жарқыншақтардың ауытқуы болғандықтан, клиникада жиі кездесетін және орталық жіктен 3/3 тіс ұяларындағы төменгі жақ бұрыштарындағы сынықтарға назар аударамыз. Жоғарыда айтылғандай, жарқыншақтар негізінде өз салмағы және шайнау бұлшықеттерінің жиырылуы әсерінен ауытқиды. Сондықтан төменгі жақ сүйегіндегі шайнау бұлшықеттерін сипаттап өтейік.

Шайнау бұлшықеттерінің көтергіш (артқы) тобы:

1.Шайнау—шықшыт бұлшықеті-сүйегі доғасының астыңғы қабаты мен жиегімен, шықшыт сүйегінен, жоғарғы жақ сүйегінің шықшыт өсіндісінен басталып төменгі жақтың үстіңгі қабатында (бұрышында) орналасқан шайнау төмпешіктеріне бекиді. Бұл ет екіжақты жиырылғанда төменгі жақты көтереді. Біржақты жиырылғанда төменгі жақты көтерумен қатар, оны сынық жағына қарай ауытқытады.

2. Самай бұлшықеті -тармақты орналасып келесі үш қабаттан тұрады: беткей, орталық және терең. Самай фасциясының ішкі қабатының жігінен, самай сүйегінен, негізгі сүйектің - үлкен қанатынан, самай беткейінен, төбе сүйектен, маңдай сүйектің қатпаршасынан, шықшыт сүйектің самай бетінен басталып төменгі жақ сүйегінің тәж тәріздес өсіндісіне бекінеді. Бұл ет жиырылғанда төменгі жақ жоғары көтеріледі.

3. Ішкі қанатша бұлшықет—негізгі сүйектің қанатша өсіндісінің екі пластинка аралығындағы шұңқырдан және жоғарғы жақ төмпешінен (сыртқы қанатша еттің басталатын жерінің сәл сыртынан) басталып, төмен, артқа, сыртқа қарай бағытталып, төменгі жақ бұрышының ішкі беткейіне бекітіледі. Бұл ет жиырылғанда төменгі жақ жоғары көтеріледі.

4. Сыртқы қанатша бұлшықет—негізгі сүйектің үлкен қанатының самайасты беткейінен, негізгі сүйектің қанатша өсіндісінің сыртқы пластинкасынан және жоғарғы жақ төмпешігінен басталады. Ет төменгі жақтың буын өсіндісіндегі қанатша шұңқырына, буын қабына, жақ буынының ішіндегі шеміршекке бекиді. Ет екіжақты жиырылса төменгі жақ көлбеу жазықтықпен солға қарай жылжиды, ал біржақты жиырылса ол қарсы жаққа қарай ауытқиды.

Сурет-74. Бұлшықеттердің тартылу бағыттары.

 

I — самай бұлшықеті; 2 —сыртқы қанатша; 3 — шайнау;

4 — ішкі қанатша; 5 — жақ-тіласты; 6 — иек-тіл; 7 — иек-тіласты.

Шайнау бұлшықеттерінің түсіргіш (алдыңғы) тобы:

1. Қосқарыншалы бұлшықет— артқы қарыншасы самай сүйегінің емізік жырығынан басталып алға және төмен қарай жүре отырып тіласты сүйегінің денесіне сіңір арқылы бекиді. Алдыңғы қарыншасы сол сіңірден басталып төменгі жақ сүйегінің иегінің астында орналасқан қосқарынша шұңқырына бекиді. Қалыпты жағдайда бұл ет жиырылғанда тіласты сүйегі төменгі жақ сүйегін төменнен артқа қарай тартады, ал төменгі жақ сүйегі тіласты сүйегін алға тартады.

2. Жақ-тіласты бұлшықеті төменгі жақ сүйегінің ішкі жағында орналасқан сызықшадан басталып орталық жікте (сызықта) екі жақтан қосылып орталық ақ сызық жасай отырып, артқы жағында төмен түсіп тіласты сүйегіне бекиді. Бұл етті ауыз қуысының диафрагмасы немесе мойынның жоғарғы шекарасы деп атайды.

3. Иек-тіласты бұлшықеті иек астынан басталып құрмау сүйегінің денесіне бекиді.

Қалыпты жағдайда тіласты сүйегі төменгі жақ сүйегін артқа, ал жақ сүйегі тіласты сүйегін алға қарай жылжытады.

4. Иек-тіл бұлшықеті-тіласты сүйегінің денесі төмен үлкен өсіндінің жоғарғы қырынан басталып, алға және жоғары көтеріліп тіл ішіне енеді. Ет тілді артқа және төмен тартады.

Орталық жік сынығының клиникалық көрінісі.Төменгі жақ сүйегі орталық жіктен сынса бірдей екі жарқыншақ пайда болады. Бұлшықеттердің бекитін орны екеуінде де бірдей. Осыған қарамай төменгі жақ жиегінде (иекте) үшбұрышты (төбесі жоғарыда, негізі астында) ақау пайда болады. Ақау шайнау бұлшықеттерінің жиырылуына байланысты. Бұл еттердің жиырылу күші үлкен болғандықтан төменгі жақ жарқыншақтары сыртқа, ал тістер ішке қарай ауытқиды. Бұл кезде орталық тістер бір-біріне иін тіресіп тіс қатарында ауытқу болмайды. Сипап-пальпация жасағанда ауыру сезімі және «тепкішек» белгісін анықтауға болады. Кейде екі қолмен тексергенде патологиялық жылжу байқалады. Орталық тістер маңында кілегей қабықтың жыртылуы, қан ағу, ауыз қуысының асты қанталауы мүмкін.

Сойдақ тіс ұясындағы біржақты сынық клиникалық көрінісі.Бұл жер сынғанда екі жарқыншақ пайда болады, бірі — кіші, екіншісі — үлкен. Кіші жарқыншақ шайнау бұлшықеттерінің көтергіш тобының жиырылу күштерінің әсерінен жоғары жылжып тістер өз антогонистерімен қосылады.

Үлкен жарқыншақтың алдыңғы жағы түсіргіш бұлшықеттердің жиырылу күші әсерінен төмен жылжып, тістер бір-бірімен тістеспейді (ашық тістесу). Ал артқы жағы көтергіш үш шайнау бұлшықеттерінің әсерінен жоғары ығысады, тістер өз антогонистерімен тістеседі (түйіседі). Орталық сызық сынған жағына ауысады. Екі жарқыншақ ұяшық өсінділермен ішке ығысады.

Төменгі жақ бұрышы сынығының клиникалық көрінісі.Бұл сынықта да екі жарқыншақ пайда болады бірі — кіші, екіншісі — үлкен. Жарқыншақтардың ауытқуы бұрыштағы шайнау және ішкі қанатты бұлшықеттерінен жасалған қапшыққа байланысты. Егер сынық сол қапшықтың алдында немесе артында (8/8 тіс) орналасса жарқыншақтар ауытқиды. Ал сынық сол қапшық ішінде орналасса, жарқыншақтар әдетте орнында қалады, сіңірлі еттен тұратын қапшық жарқыншақтарды орындарында ұстап тұрады. Егер жоғарыда айтылғандай сынық қапшықтан тыс орналасса, кіші жарқыншақ жоғары, үлкенінің алдыңғы жағы төмен, артқы жағы жоғары және сынық жағына қарай жылжиды. Тістесу алдыңғы жағында ашық, артқы жағында тістер өз антогонистерімен түйіседі.

Төменгі жақтың буын өсіндісінің бір жақты сынығының клиникалық көрінісі.Бұл сынық өсіндінің түбінде, мойын бөлігінде және буын басында орналасуы мүмкін. Кіші жарқыншақ сүйектің ішкі және сыртқы қабатының сынық деңгейіне байланысты. Екі бағытта жылжиды.

Бұған мысал ретінде оқулық иесінің ғылыми-клиникалық мәліметтерін келтіруге болады.

1. Сынық ішкі қабаттан басталып жоғарыдан төмен және сыртқа қарай бағытталса, онда кіші жарқыншақ сыртқа жылжиды. Үлкен жарқыншақтың басы артқы (көтергіш) шайнау бұлшықеттердің әсерінен жоғары жылжып, кішкене жарқыншақты сыртқа итере оның орнын алады. Бұл жағдайда кіші жарқыншақты отасыз-консервативті әдістер (тіс аралығына көтергіш қойып ауызды жақаралық шендеуіш-құрсау арқылы жұмсақ тарту) арқылы орнына келтіріп емдеуге болады.

2. Сынық сүйектің сыртқы қабатынан басталып жоғарыдан төмен және ішке қарай бағытталған жағдайда, кіші жарқыншақ сыртқы қанатша еттің әсерінен ішке және алға қарай жылжиды. Ал үлкен жарқыншақ жоғары жылжып кіші жарқыншақтың орнына тұрады. Бұл сынықты емдеу үшін хирургиялық әдістер қолданылады.

3. Егер сынық бағыты буын өсіндісіне тік бұрышты көлбеуде болса кіші жарқыншақ ішке және алға қарай жылжиды, ал үлкені үш көтергіш шайнау бұлшықеттер әсерінен жоғары және сыртқы қанатша ет әсерінен сыныққа қарай ауысады.

Барлық буын өсіндісінің сынықтары кезінде буын өсіндісінің басы шығып буын қабы жыртылуы мүмкін. Бұл жағдайда құлақ алдындағы жұмсақ тіндер босап, буын басының буын сайында қимыл болмайды. Ал, буын басы орнында болса қимыл көлемі, сау жағымен салыстырғанда әлдеқайда азаяды.

Бүйірден және тіке жасаған рентгенограммаларда буын өсіндісінің тек төменгі жағында орналасқан сынықтар жақсы көрінеді. Ал жоғарыда орналасқан сынықтарды анықтау үшін томография немесе компютерлі томография жасаған жөн.

Екіжақты үшінші тістер ұясында орналасқан сынықтар клиникалық көрінісі.Сынық екі жақтың үшінші тістер ұясында орналасса үш жарқыншақ пайда болады: екеуі бүйірде, бірі ортаңғы.

Ортаңғы жарқыншақ түсіргіш бұлшықеттердің әсерінен төмен және артқа жылжиды, ондағы тістер алға қисайып тістесу ашық болады. Осы кезде тіл артқа жылжып тыныс тарылады және дислокациялық асфиксия (тұншығу) дамуы мүмкін. Кіші жарқыншақтар жоғары және алға жылжиды.

Екіжақты бұрыш сынықтарының клиникалық көрінісі.Егер бұрыштағы қапшық жыртылмаса жарқыншақтар қозғалмайды. Ал қапшық жыртылып немесе сынық жолы қапшықтан тыс орналасса, бүйірдегі жарқыншақтар жоғары және алға жылжып орталық жарқыншақ алдыңғы жағында төмен, артқы жағы жоғары қозғалады. Олардың тербеліс құлашы-амплитудасы артқа орналасқан еттердің күшіне байланысты.

Буын өсіндісінің екіжақты сынықтарының клиникалық көрінісі.Сынық жолдарының бағытына байланысты кіші жарқыншақтар, жоғары және ішке (біржақты сынық тәріздес) немесе сыртқа жылжиды. Орталық жарқыншақтың арты жоғары, тістер өздерінің антогонистерімен тістеседі, ал алды төмен түседі (себептері жоғарыдағыдай). Тістесу ашық.

Жоғарғы жақ сынықтарының клиникалық көрінісі.Жоғарғы жақ сүйегінің ішінде үлкен жоғарғы жақ қуысы бар, сонымен қатар ол көз-мұрын қуыстарын құрауға қатысып, мисауытының негізімен байланысып, бет сүйектерімен ұласып жатады. Өзіне үлкен күш түскенде белгілі осал жерлерінде сынық пайда болады. Француз ғалымы Ле-Фор (1901) сол жерлерді тексеріп жоғарғы жақ сүйегі сынығының жіктелуін ұсынды.

Жоғарғы жақ сынығы үшке бөлініп (төменгі, орталық, жоғарғы) оқулықтарда ғалымның атымен аталады. Гаймор, мұрын қуыстарының қабығы өте нәзік, жұқа болғандықтан сүйек сынған кезде жыртылады. Сондықтан жоғарғы жақ сынығы ашық болып есептеледі. Оның негізгі механизмі ығысу.

Жоғарғы жақ сүйегі сынығының басты белгісі патологиялық қозғалыс. Оны ауруды жатқызып тексерген жөн. Ол үшін оң қолдың екі саусағымен жоғарғы жақ ұяшық өсіндінің алдыңғы (21/12) жағынан ұстап, жоғары және төмен қарай ақырындап патологиялық жылжуды сезгенше және көзбен көргенше қозғалтады.

Жоғарғы жақ сынығының төменгі типінің (Ле-Фор I) клиникалық көрінісі.Аурудың негізгі шағымы: Жоғарғы жақ ауырып, ауыру сезімі тамақты шайнағанда, тістескенде үдей түседі. Алдыңғы тістермен тамақты тістеу мүмкіншілігі жойылып, тістердің сезімталдығы азаяды, тістесу дұрыс болмай, тамақта бөтен зат тұрғандай сезім пайда болып, құсқысы келіп, мұрынмен дұрыс демала алмайды.

Сырт қарағанда бет әлпет, жоғарғы ерін және беттің жұмсақ тіндері ісініп, мұрын-ерін қатпары тегістеледі. Осы маңдағы теріде сыдырылу, жыртық — жара, қанталаумен қатар, теріасты май қабатында ауа (эмфизема) болуы ықтимал. Жарқыншақтың төмен жылжуына байланысты бет әлпетінің төменгі бөлігі үзаруы мүмкін. Ауыз қуысын қарағанда барлық кілегей қабық қанталап, кейбір жерлері жыртылуы мүмкін.

Жоғарғы жақтың ұяшық өсіндісі екі жағынан қозғалады. Жарқыншақ төмен ығысып, кейде оның алдыңғы жағы көтеріліп артқы жағы сыртқы қанатша еттің күшімен төмен түседі. Сипап-пальпация жасағанда сүйек сықыры, жергілікті ауыру сезімі және «сатылы» белгілерін байқауға болады. Гаймор және мұрын қуысының сынуына байланысты жұмсақ тіндерде ауа (эмфизема) пайда болады. Негізінде бұл сынықтың ауытқуы-жылжуы бірінші ығысу жағдайларына-факторларына байланысты.

Төменгі жақ қатарының жоғарғы бөлігінен сәл ішкерірек, негізгі сүйектің қанатша өсіндісінің басын (ілгегін) басқанда ауыру сезімі пайда болады (салмақ түсіру белгісі).

Оң қолдың бас бармағы мен сұқ саусақтар арқылы жоғарғы жақ сүйегінің қозғалысын байқау барысында сол қолдың саусағын ауыз қуысының өтпелі қатпарына қойып сынық бағытын білуге болады.

Жоғарғы жақ сынығының ортаңғы (Ле-Фор II) типінің клиникалық көрінісі.Аурудың шағымы жоғарыдағыдай Ле-Фор I тәріздес оған қосыла көзасты, танау, үстіңгі ерін, мұрын пердесінің терісінде сезімталдық жойылуы мүмкін. Мұрын-жас өзегі бұзылса көзден жас ағуы мүмкін. Иіс сезу жүйкесінің бұзылуына байланысты иіс сезу қабілеті жойылуы мүмкін.

Көзасты, мұрын түбі жұмсақ тіндерінің қанталауына байланысты адамның бет әлпеті өзгереді.

Көз конъюнктиваларының қанталауы, жұмсақ тіндерде ауа (эмфизема) болуы мүмкін.

Қозғалысындағы патологиялық белгілеріне барлық жоғарғы жақ сүйегі мұрын сүйектерімен қосылып қозғалуы жатады. Сынған сүйек өз салмағымен төмен түседі де, оның артқы бөлігі бір басы жоғарғы жақ сүйегінің төмпешігімен басталатын сыртқы қанат тәріздес еттің тартылыс әсерінен күрт төмен түседі. Алдыңғы бөлігі жоғары көтеріледі. Артқы тістер антогонист тістермен түйісіп, тістесу ашық болады.

Жоғарғы жақтың артқы бөлігінің төмен түсуінен тіл түбірі тітіркеніп науқаста үнемі лоқсу рефлексі пайда болады. Көп жағдайда көзасты аумағының, төменгі қабақ және мұрын қанатшасының терісінде ауыру сезімі болады. Көз ұяшығының төменгі қырын басып тексергенде саты сүйек қыры байқалады. Жұмсақ тіндердің домбығып ісінуіне байланысты мұрын-маңдай жік аумағында шығыңқы сүйекті табу өте қиынға түседі. Дегенмен бұл аумақта кей жағдайларда сынықтардың сықырлауын байқауға болады. Егер сол қолдың сұқ саусағын көзасты аумағында, ал бармақты мұрын түбіріне орналастырып, оң қолмен ақырындап жоғарғы жақты алға-артқа жылжытып сипаса, екі жерде сүйек сынығының бір уақытта қозғалғаны байқалады. Ал сынық жоғары-төмен бағытта ығысса мұрын түбірі үстіндегі терінің қатпарланғанын немесе сынықтың ығысуынан тері керіліп, оның түсінің өзгергенін көруге болады. Осымен қатар мұрыннан, ауыздан, және мұрын-жас түтігі жарақаттанып оған қан кеткен жағдайда қан ағуы мүмкін.

Ауыз қуысында жоғарғы жақтың өтпелі қатпарында, кіші азу тістер аумағында жартылай ұрттың кілегей қабығының қанталағаны көзге түседі. Басып тексергенде бет-ұяшық қырының аумағында және оның артқы жағында шығыңқы сүйек қыры байқалады. Кіші азу, сойдақ, күрек тіс аумақтарының шырышты қабатының сезімталдығы екі жағында да бұзылады, ал үлкен азу тіс аумағында ауыру сезімі сақталады. Жұтқыншақтың сырт қабырғасының домбығуы оның айналасындағы кеңістікте гематома бар екенінің белгісі болып табылады. Жүктеме белгі сынық сызығының бойында оң болады. Ал басқа нақты-объективті көріністер Ле-Фор I типіндегідей болады.

Жоғарғы жақтың Ле-Фор ІI көбінесе мидың шайқалуымен, ұрылуы және мидың сығылуымен бірге жүреді. Бас қаңқасының негізінің сынуы мен мидың шайқалуы алдыңғы ми сауытты шұңқырымен қатар, ортаңғы-сында да болуы мүмкін. Жарақаттанған науқастың, көзіне бір зат қосарланып көрінеді. Яғни қосарлану-диплопия белгісі пайда болады. Сондықтан науқас дәрігермен әңгімелескенде бір көзін жауып отырады немесе саусақпен көзін астынан көтеріңкіреп диплопияны жояды. Тістерін тістескенде көздері ұяшығының түбімен бірге жоғары қарай жылжиды. Жұмсақ тіндердің қанмен инфильтрациялануына байланысты экзофтальм пайда болады, ал мұрын түбірі мен көздің жоғарғы сыртқы аумақтарында сықырлау немесе сүйек қыры байқалады. Тәж тәріздес өсінді ығысқан бет сүйегіне қосылғанымен науқас аузын ашқанда бұл аумақта ауыру сезімі күшейе түседі.

Жоғарғы жақтың, мұрын сүйектерінің, мұрын ұшы мен көз алмаларының патологиялық қозғалысы байқалады. Басқа белгілері Ле-Фор II сынығындай, Ле-Фор II, Ле-Фор III жоғарғы жақ сынықтарында жиі бас қаңқасының негізі қосарлана сынады. Бұл жағдайда негізгі белгілер:

а) шынайы көзілдірік белгісі, алдыңғы көз ұясының және көз айналасындағы клетчаткалық қанталауы 24-48 сағаттан кейін шегіне-опогеясына жетеді;

б) ауыз, мұрын қуыстарының және құлақтың сыртқы дыбыс жолының ликвореясы. Сондықтан хирург-стоматолог басқа да белгілерге сүйене отырып, бас қаңқасының негізі сынғанын анықтау үшін келесі белгілерді білуге тиіс:

1).Басын төмен түсіргенде, күшенгенде және мойынның ірі веналарын саусақпен басқанда мұрыннан ликвор ағу күшейе түседі.

2). Бет орамал белгісі, ликвормен ылғалданған таза бет орамал кепкенде қатты болады.

3).Медициналық орамал (салфетка) белгісі. Қан құрамында ликвор болғанда, салфеткаға мұрыннан тамған сұйықтан шеті ашық түсті ликвормен қоршалған қызыл дақ қалады.

4). Жұлын пункциясы жұлын сұйығында қанның барлығы диагноздың дәлелі айқын және емдік іс-қимылы болып саналады.

Астыртын ликвореяны анықтау үшін жасалатын жұлын пункциясы,

1-урасин (баяу) немесе радиоактивті фосфорды эндолюмбалды ендіру нейрохирургтің немесе невропатологтың міндетіне жатады. Кей жағдайда ликвореясы бар науқастарда ликворлы кеңістіктерде ауа жиналуы мүмкін. Бұл жағдай негізгі маңдай қуыстары, торлы лабиринт сынғанда сирек кездесетін айқын белгі.

5). Мидың 12 жұп жүйкесінің бұзылуы. Жиі зақымданатын үшкіл, бет, тіл-жұтқыншақ жүйкелері. Ми қатпарының тітіркенуі, Керинг белгісі т.б. патологиялық рефлекстер түрінде байқалады. Жоғарғы жақ сынығының барлық белгілері бір кешенді-белгілерге жиылып жоғарғы жақ белгісі-синдромы деп аталады. Бұлар: а) Ұзарған, жалпайған, таңқалған бет, бұл белгілер жоғарғы жақ сүйегі сынықтарының төмен ығысуына байланысты, артқы бөлігі төмен ығысып, көз қуысы үлкейеді; б). Мұрын сүйектерінің сынуына байланысты онымен дем алуы және маңқалануы; в) Көзасты жүйке-нервінің қызметі бұзылуынан невралгия, анестезия, парестезия дамуы; г). Жоғарғы жақтың төмен және артқа ығысуынан жалған прогения пайда болуы.

Жоғарғы жақ сынығының нақтамасын барынша толық анықтау үшін ең көп созылған және сүйектердің қысылғанына сай келетін нүктелерді басып тексергенде ауыратынын ескеру керек.

1. Жоғарғы мұрындық- мұрын пердесінің негізінде;

2. Төменгі мұрындық-мұрын пердесінің негізінде;

3. Экстраорбитальды- көз ұясының сыртқы қырында;

4. Инфраорбитальды -көз ұясының төменгі қырында;

5. Беттік;

6. Туберельдық- жоғарғы жақ сүйегінің төмпешігінде;

7. Бет-ұяшығы- жоғарғы 7-ші тістің үстінде.

Жақ сүйектері сынықтарының ерекшеліктері:

1) Тіс қатары аймағында сынықтар 100% жағдайда ашық деп аталады, өйткені ұяшық өсіндінің шырышты қабаты сүйектің сыртқы қабығымен және сүйекпен тығыз байланысқан, сондықтан сүйек сынғанда шырышты қабат жыртылып сүйек жарасы ауыз қуысымен байланысып жатады.

Бұл ерекшелікті білу жақ сүйегі сынықтарының қабынуын және сіреспенің алдын алу емдерін жүргізуді қамтамасыз етеді.

2). Нақтама қойғанда сынықтың соққы тиген жақтың қарама-қарсы жағында орналасатынын ескеу керек (әсіресе төменгі жақта).

3). Шайнау, тыныс алу, сөйлеу, жұтылу қызметін атқаратын еттердің әсеріне байланысты зақымданған ағзаға тыныштық қамтамасыз етудің қиындығы. Сынықты орнына дұрыс салу керек, дұрыс салынбаған жағдайда ондағы тістер шайнау қызметін атқара алмайды;

4). Тістердің жағымды және жағымсыз рөлі. Жағымды — тістерге қарап сынған жерді анықтауға және құрсау бекітуге болады. Жағымсыз сынық бойында орналасқан ауру тістер инфекция көзі, ал сынық сызығы периодонт қуысымен өтсе инфекция өткізгіші, жүйке-нерв-қан тамыр шоғыры үзілсе — тіс бөгде зат болып саналады.

Жақ-бет аймағы жарақаттанған науқастарға көмек көрсету.Жақ сүйегі сынған науқастардың еміне барынша тез арада олардың жоғалтқан пішіні мен қызметін қалпына келтіру жатады. Бұл мақсатқа жету үшін травматологияның келесі жалпы қағидаларын орындау қажет: а) репозиция (сынықты өз орнына салу); б) фиксация (бекіту); в) ауру ағзаға тыныштық жасау немесе физиологиялық ем; г) асқынулардың алдын алу.

Көрсетілген көмектің көлемі, түрі жарақат алған жердегі жағдайға, медициналық бекеттер мен мекемелердің дислокациясына (орналасқан жеріне) байланысты өзгеруі мүмкін.

Көмек көрсетудің бірнеше түрін ажыратады:

1). Алғашқы көмекті науқастарға жарақат алған жерде, санитарлық посттарда санитар, санинструкторлар болмаса өзіне-өзі немесе біріне-бірі көмек көрсетеді.

2). Дәрігерлік көмекке дейінгі жәрдемді фельдшер немесе мейіркеш көрсетеді, оның мақсаты алғашқы көрсетілген көмекті толықтыру.

3) Бірінші дәрігерлік көмек, жарақат алғаннан бастап 4 сағатқа дейін көрсетілу керек (бұл көмекті ауылдық ауруханаларда, дәрігерлік денсаулық бекеттерінде, жедел көмек оталарында маман емес дәрігерлер көрсетеді).

4). Жетілдірілген хирургиялық көмек медициналық мекемелерде жарақат алғаннан бастап 12-18 сағаттың ішінде көрсетілуі тиіс.

5). Мамандандырылған көмек жарақат алғаннан соң бір тәуліктің ішінде арнайы мекемелерде көрсетілу керек.

Алғашқы көмек көрсеткенде ең бірінші инфекцияның алдын алу үшін науқасты қырынан жатқызып басын төмен қарату немесе жарақаттанған жағына бұрып, жараға асептикалық таңғыш салынады.

Беттің химиялық күйіктерінде күйген жерді тез арада салқын сумен жуып алғашқы көмек көрсеткен соң науқасты медициналық көмек көрсету бекетіне жібереді.

Дәрігерлік көмекке дейінгі көмек қан тоқтату, тұншығу-асфиксия, шокпен күресуді көздейді. Қан ағумен күрес. Қан тек сыртқа және ауыз қуысына ақпай тіндердің терең қабатына да ағуы мүмкін. Егер қан майда қан тамырларынан ақса оған тампон басып, қысып таңып тастайды (асфиксия немесе жақ сүйегінің сынықтарын ығыстырып жібермесе).

Ал сыртқы ұйқы артерияның ірі бұтақтары зақымданса (тіл, бет, жоғарғы жақ, беткей самай артериялары) үлкен саусақпен ортақ ұйқы артерияны 4-ші мойын омыртқаның көлденең өсіндісіне қысып қанды уақытша тоқтатады. Төртінші мойын омыртқаның көлденең өсіндісі төрбұғана-емізікше бұлшықеті ортасындағы нүктеге сай келеді. Бірақ бұл әдіспен ұзақ уақытқа қанды тоқтатуға болмайды, себебі саусақ тез шаршайды. Ұзақ уақытқа қанды тоқтату үшін сау жағының қолын басқа қойып бинттеп немесе дәкеден тығыз орама жасап, оны зақымданған жақтың ұйқы артериясы проекцияланған жерге орналастырады. Сонан соң білікті басқа қойылған қолдың сыртынан айналдырып таңып тастайды. Қолдың орнына тақтайды да қолдануға болады.

Тұншығу-асфиксияның алдын алу және онымен күрес.Даму механизміне байланысты асфиксияның бестүрін ажыратады:

1. Тілдің артқа ығысуы (дислокациялық);

2. Кеңірдек қуысының қан ұйындысымен жабылуы (обтурациялық);

3.Кеңірдектің гематомамен немесе ісінген тіндермен қысылуы

(стенотикалық);

4. Таңдайдың немесе тілдің салбыраған тіндерімен көмекей

кіреберісін жабуы (қақпақшалық);

5.Қан, құсық, су т.б. қақалу (аспирациялық).

Тұншығу-асфиксияның алдын алу үшін науқасты отырғызып басын төмен қаратады, ал оның жағдайы ауыр немесе есінен танған болса шалқасынан жатқызып басын жарақаттанған жағына немесе жанына бұрады. Төменгі жақ сүйегі денесінің уатылуына, әсіресе иектің қосарланып сынуына байланысты тілдің артқа ығысуынан тұншығу-асфиксия жиі пайда болады. Тұншығу-асфиксиямен күрес жүргізудің тиімді әдістерінің бірі — тілді жібек жіппен киіміне тігіп немесе түйрегішпен түйреп қою. Обтурациялық асфиксияның алдын алу үшін ауыз қуысын мұқият тексеріп ондағы қан ұйындыларынан, бөгде заттардың тамақ қалдықтарынан және құсықтан тазартады.

Шокқа қарсы жүргізілетін шаралар.Бірінші кезекте қан кетуді тоқтату, асфиксияны жойып, транспорттық иммобилизацияны жүзеге асыру керек. Бет-жақ аймағыыдағы жарақаттар әсірінен болатын шокпен күрес барлық шаралар комплексін құрайды. Жарақатты одан әрі инфекциямен асқынбауы үшін асептикалық дәкемен байлап таңады. Бет сүйегі сынған кезде сынық жылжып кетпеуі үшін қатты тартып байлауға болмайды. Беттің кез келген зақымдануында жұмсақ тіндер жарақатына орта медицина қызметкеріне тігіс салуға тыйым салынады. Бет-жақ аймағының, ашық жарақаттарында, тіс қатары деңгейіндегі жақтың сынығын қосқанда, бұл кезеңде Безредкийдің сіреспеге қарсы сарысуын (3000 АЕ) жібереді. Науқасты арнайы мамандандырылған мекемеге жібергенде, не істелгенін көрсетіп, тасымалдауға қолайлы жағдай жасау қажет. Есі жоғалған кезінде анамнезін жатқан кезде ғана тексеру қажет. Көмек пен тасымалдау да тек осы жағдайда жүргізіледі. Фельдшерлік-акушерлік бекеттің жабдықталуы біріншілік дәрігерлік көмек көрсетуге көптеп түскен кезде (авария, апаттар, әскери қимылдар және т. б.) дұрыс сұрыптап орын ауыстыру өте маңызды.

Біріншілік дәрігерлік көмек.Облыстық, аудандық, ауылдық, бөлімшелік ауруханада, орталық және аудандық қалалық, дәрігерлік денсаулық бекеттерінде көрсетіледі.