БЕТ- ЖАҚАЙМАҒЫНЫҢ ҚАТЕРЛІ ІСІКТЕРІ
Қатерлі ісіктер XX ғасырдың негізгі ауруы болып табылады, себебі адамзат тарихында бұл аурулар бұрын-соңды мұншалық маңызды орын алған жоқ еді (Н. А. Блохин 1988).
Қатерлі өсу дегеніміз — инициация, промация және прогрессия деп аталатын үш кезеңнен тұратын көп сатылы күрделі құбылыс. Себепшісі эндогендік, вирустық және жасушалық-клеткалық онкогенді қабілеті бар — бір жасуша-клетка. Канцерогендік әсер ету көптеген гендер құрылысының бұзылуына әкеліп соғады, одан әрі екінші кезең промоция (канцерогендік агенттердің әсер етуі) басталады. Оның артынша ісіктің өсуі өршиді. Жасуша-клетка пішінінің өзгеруін (малигнизациясын) түсіне отырып қатерлі ісіктің өзіне де анықтама беруге болады.
Бұл организмнің басқаруынан тыс, тіндердің шектен тыс патологиялық өсуі. Ол өзін тудырған себепшісі қызметін тоқтатқаннан кейін де жалғаса беретіндігімен ерекшеленеді. Ісік өзінің түрін, сапасын түбегейлі өзгерткен жасушалардан-клеткалардан тұрады және өзінің осындай қасиеттерін ұрпақтан ұрпаққа беріп отырады.
Қатерлі ісікке тән қасиеттер қайтымсыз тез өсуі, ағымның жылдамғы (орташа 1-2 ай), қайталануы-рецидивтердің шығуы, айналасындағы тіндердің құрылысын бұзып, оларға шаншыла етене өсуі, метастаздар беруі. Дамитын тіндеріне байланысты қатерлі ісіктерді 4 топқа бөлуге болады: эпителилік-әртүрлі карциномалар; дәнекер тіндік- әртүрлі саркомалар; құрамында пигменті бар тіндер-меланомалар және белгісіз себептерден пайда болатын ісіктер тобы (мысалы, Капош саркомасы және т. б.).
Ісіктердің дамуына әсер ететін себептердің ішінде радиацияны, қоршаған орта және кәсіби жағдайларын-факторларын айтуға болады. Ал кейбір ісіктерге вирустық агенттер, генетикалық және эмбриональдық жағдайлар-факторлар әсер етеді, ісіктің өсуін түсіндіретін көптеген теориялар бірін-бірі жоққа шығармайды.
Дәрігер науқасты тексеру және зерттеуден бастап, оның сырт көзге түсетін өзгерістеріне көңіл аударуы керек. Мысалы: әлсіздік, көңіл-күйінің нашарлауы, терісінің түсі (сұр немесе топырақ түстес), шағымы (бір қалыпты үнемі, көбіне түнге қарай үдейтін ауру сезім, бөгде заттың пайда болуы, қақырықта қан түйірлерінің барлығы, ауыздан иістің шығуы, түйіндерінің пайда болуы т. б.) Шағымдардан кейін аурудың тарихын-анамнездерін мұқият жинау және онымен танысу керек. Клиникалық нақтаманы-диагнозды негізінен саусақпен тексеру және цитологиялық, гистологиялық зерттеулерде анықтайды.
Қатерлі ісіктің дамуына көбінесе ракқа ұқсас ісіктер себеп болады, олардың қатарына мыналар жатады:
1. Облигатты (гректің міндетті түрде — деген сөзінен алынған бұл ісіктер ракқа айналуға өте бейім немесе міндетті түрде айналады) —пигментті ксеродермия, Боуэн ауруы, Кеир эритроплазиясы, Манганоттидің рак алды хейлиті, Дюбреил меланозы және т. б.
2. Факультативті (ракқа өз бетінше өтуі де, өтпеуі де мүмкін)- папилломалар, эрозивті-жаралы және қызыл жегі мен қызыл жалпақ теміреткінің гиперкератикалық түрі, лейкоплакия, тері мүйізі, жаңа жасушалы-клеткалы және пигментті невус және т. б.
Сондықтан осындай өзгерістері бар кісілер дер кезінде қажетті емдер алулары керек. Себебі олар қауіпті топта тұрады. Ісіктің орналасуына байланысты кейбір түсініктерді анықтай кету керек. Ісіктің алғашқы ошағы — ісіктің нағыз шыққан жері. Оның екінші ошағы — көрші анатомиялық аймақтан шығуы. Метастаз ісіктің лимфа және қан жүйесімен таралуы.
Алғашқы көптеген ісікті ошақ — алыс жатқан мүше, ағзалар мен тіндердің бірге жарақатталуы.
Алғашқы ошағы беймәлім — метастаздар анықталғанымен Ісік табылмайды.
Жақтың ортаңғы рагі— Маляссе аралдарынан, гаймор қуысының төсенішінен, жүйке-қан тамыр шоғырының эндотелиінен және парадонт тіндерінен дамиды.
Жақтық сыртқы рагі— сүйектің сыртқы қабығынан, жақтың ұяшық-альвеолды өсіндісінің шырышты қабығынан дамиды.
Рактың жайылуына байланысты клиникалық ағымын ТNМ жүйесі бойынша 4 сатыға бөледі.
Т — ісік:
Т1 — ісіктің көлемі 2,0 см-ге дейін.
Т2 — ісіктің көлемі 2,0 см-ден 4,0 см-ге дейін.
Т3 — ісіктің көлемі 4,0 см-ден жоғары.
Т4 — көлеміне байланыссыз ет пен сүйекке өсіп кеткен.
T in situ— ісік жоқ, бірақ күдікті жерден рак клеткаларының табылуы.