Аспаптар құрамына имек ілгіш, көтергіш, астауша (кюретки), түрпі, бұрышты көтергіш тәрізді аспаптар кіреді.
Отаның негізгі мақсаты — патологиялық қызыл иек және тіс-сүйек қалталарын жою. Мұны орындау үшін біріншіден, қызыл иектің үстіңгі және астыңғы жағында жиналған іріңді тұнбаларды қалдырмай алып тастап, екіншіден — бұзылған тіске жиналған тастарды (қақты), жұмсақ түйір еттерді, қызыл иек және тіс-сүйек қалталарына қарай өскен эпителийдің өскінін алып тастау керек (55-сурет). Сонда отадан кейін жарақатты таза ет пен сүйек қана қалады. Сөйтіп, бұл араларға қан келіп, ол ұйығаннан кейін қатты етке айналады да, тіс цементімен біргіп қалталар жоғалады. Алайда мұндай отаны қабыну процессі асқынғанда жасауға болмайды. В. Е. Крешкина 1973 жылы бұл отаның басты негізгі төрт принципін атады. Олар:
1. Ота жасалатын жерді жансыздандыру;
2. 2—3 тіс қалталарын ғана тазалау;
3. Сау ет пен сүйекке аса ұқыпты болып, оларды сақтай білу;
4. Таза сау тіс қалталарына толған қанды іріңді түрлі биологиялық дәрі-дәрмектермен залалсыздандыру.
Бұл отаның мынадай артықшылықтары бар:
а) оңай, б) жеңіл, в) аспаптар жеткілікті; г) аурудан тез арада жазылуға болады.
Қызыл иекті сылу (гингивотомия).Бұл отада қызыл иек қалтасын кесіп алып, тіс айналасын қасықшамен тазалайды. Отаны мынадай көрсеткіштер бар кезде жасайды: а) тар және терең, біржақты тіс қалтасы болғанда; б) дара, 1-2 тістің парадонтальды іріңді тіс-иек қалталары болған-да. Отаны мына жағдайда жасауға болмайды: кең және терең тіс-иек және тіс-сүйек қалталары болғанда.
Ота жасау әдісі.Тиісті әдістер арқылы ота жасайтын жерді жансыздандырғаннан кейін, тіс өсімен параллельді қызыл иек қалтасын түбіне дейін кеседі. Осыдан кейін сүйек тазалайтын қасықшамен толған грануляцияны — тіс іріңдерін өте ұқыпты түрде тазалау керек. Қалта орнын антисептиктермен жуған соң, кесілген қызыл иекті кетгут жібімен тігеді. Тігісті қорғаныш-байлағышпен қорғайды.
Бұл отаның кемшілігі: а) ота жасаған жер жақсы көрінбейді; б) қызыл иек еттері отадан кейін жетіліп, дұрыс жазылмайды.
Қызыл иекті кесіп алып тастау (гингивоэктомия).Бұл отаның негізгі мақсаты — қызыл иек қалталарын кесіп тастаумен қатар, қасықшамен тіс айналасын тазалау. Отаның екі түрі бар. Ол: қызыл иекті жеңіл кесіп алу және қызыл иекті түбімен кесу.
Жеңіл кесу — тіс-иек қалтасының екі жағынан түбіне дейін кесіп, қызыл иектің іріңді етін алып тастауға арналған ота. Қалталардың тереңдігі бірдей еместігіне байланысты кесу жолы түзу емес, толқын тәріздес болады. Ота жасалатын жерді тиісті әдіспен жансыздандырғаннан кейін, қалталардың екі жағынан түбіне дейін және иектің қызыл іріңді етін кесіп алып тастайды. Тіс-сүйекке және тіс-сүйек қалталарына «соқыр» қыру- кюретаж жасалады. Оның себебі, бұл отада тек тіс-иек қалталары ғана кесіліп алынады. Отаны қорғаныш-таңғыш салумен бітіреді (56-сурет).
55-сурет. Патологиялық қалтаға қыру-кюретаж жасау отасы (жоба)
Бұл отаның кемшілігі де өткен екі отадағыдай, бірақ артықшылығы - тіс-иек қалтасын бірден жояды.
Қызыл иекті түбімен сылып тастау.Бұл тәріздес оталардың негізгі мақсаты — тіс-иек, тіс сүйек қалталарын алып тастау және жақ қыры басының тігінен кемуін көлденеңінен кемуге айналдыру.
Жасалу әдісі:ота жасалатын жерді жансыздандырғаннан кейін, тіс өсіне параллель екі тілік тіледі. Бірі-ота жасалатын орынның алдыңғы, екіншісі артқы шекарасынан жасалады. Кесу тереңдігі тіс қалталарының түбіне дейін жетеді. Осыдан соң кесілген жердің төменгі жағын көлденеңінен кесіп қосады. Содан кейін қызыл иектің кілегей қабығын алады. Барлық қалталардың іші-сыртын тазалап, жақ қырының басын бор машинамен алып, тігінен семуді көлденең семуге айналдырады. Отаны қорғаныш-таңғыш салумен бітіреді. Бұл отаның кемшілігі-отадан кейін тістердің мойны ақсиып көрініп, адам сөйлегенде, ас жегенде көзге түсетін косметикалық кемшілік пайда болады (57-сурет).