Дәріс. Тігіссіз құбырларды илемдеу.

Құбырлар мен дайындамалардың түржиыны. Құбырларды пісірілген және жапсарсыз етіп жасайды. ТМД елдерінде ысстықтай илемдеу арқылы диаметрі 4 тен 800 мм дейінгі, қабырға қалындығы 2,5 тен 75 мм дейінгі және ұзындығы 4 тен 125 м дейінгі құбырларды жасайды. Бірақта, кейбір жағдайларда диаметрі 10 мм, қабырға қалындығы 1,75 мм дейінгі жапсарсыз құбырларды да жасайды. Жапсарсыз құбырларды жасау үшін әртүрлі болаттар мен қорытпаларды қолданады.

Құбырларды илемдеу үшін дайындама ретінде құймакесектерді, соғылған және илемделген металды қолданады. Егер дайындаманы тесудің мүмкіндігі бар болса, онда тұтас дайындаманы қолданып, металды илемдеумен теседі. Егер илемдеумен дайындаманы тесудің мүмкіндігі жоқ болса, онда дайындаманы бұрғылап теседі. Тесілмейтін металл дайындамаларын қолданатын болса, онда соңғы жылдары центрден тебу тәсілін қолданып құюмен тесілген дайындаманы алатын болды. Құймакесектер немесе деформацияланған дайындамаларды құбыр илемдеу агрегатының типі мен қуатына байланысты таңдайды.

Жапсарсыз құбырларды өндірудің технологиялық сұлбасы. Ыссы илемдеумен құбырларды өндірген кезде екі негізгі операцияны пайдаланады: дайындаманы гильзаға тесу және гильзаны құбырға кеңейжаю. Сондықтан қазіргі кездегі қолданылатын құбыр илемдеу агрегатары орнақтардың жиынтығы болып келеді. Мұндай агрегаттарда құбырлар әрбір орнақта бірізділікпен ыссы деформацияланады. Гильзаға тұтас дайындаманы тесу көлденең-бұрамалап илемдеу орнақтарында жүргізеді. Осы мақсат үшін баспақтарды сирек қолданады. Автомат, пилигримді, үш білікті кеңейжаю немесе үздіксіз орнақтары бар агрегаттарды ыссы илемдеумен құбырларды жасауға қолданады.

Автомат-орнағы және пилигримді орнағы бар агрегаттар әмбебап болып табылады. Оларды аса жұқа және өте қалың қабырғалары бар құбырларды алуға қолданады. Илемдеудің қалған екі тәсілі арнайы болып табылады.

Тесу операциясы үшін негізінен көлденең-бұрамалап илемдеу процесін қолданады. Процесті бір бағытта айналатын екі немесе бірнеше пішінбіліктермен жүргізеді. Илемдеп тескен кезде пішінбіліктер беттері дайындама осі бағытымен жақындайды. Бұл кезде, остері дайындама осіне белгілі бір бұрышпен β (беру бұрышы) көлбеу орналасқан біліктердің түйісу бетінде пайда болатын үйкеліс күштердің есебінен, дайындама остік ығысуды алады (сурет 8.1). Біліктердің қисаю бұрышы 5 – 17° тең болады. Сондықтан дайындаманың остік ығысуы әрбір айналымда шамалы болады. Жарты айналымда диаметрі бойынша дайындаманы жаншу да шамалы болады. Соның нәтижесінде көлденең-бұрамалы илемдеу, дайындаманың диаметрі мен ұзындығы бойынша біркелкі емес деформациялау жағдайында өтеді. Осы деформация ошағының ортанғы бөлігінде, созудың көлемдік сұлбасына жақын кернеулік күйді тудырады. Дайындаманың ортанғы бөлігі, шеттік жаншу қабаттарының әсерінен еріксіз деформацияланады. Осының барлығы дайындамада тесікті тесуді азғана күшпен жүргізуге мүмкіндік береді.

 
 
8.1 – сурет. Көлденең-бұрамалы илемдеу тәсілін қолданып дайындамада тесік жасаудың сұлбасы

 


Автоматты орнағы бар агрегаттарда диаметрі 60 – 420 мм, қабырға қалыңдығы 3 – 60 мм және ұзындығы 15,5 м – ге дейін болатын құбырларды илемдейді. Мұндай агрегаттарда құбырларды өңдіру үшін бастапқы материал ретінде толық қимасының диаметрі 350 мм – ге дейін болатын ыстықтай илемделген немесе соғылған дайындамалар қолданылады.

Технологиялық процесс гильзаны алудан және гильзаны құбырға илемдеу операцияларынан тұрады. Соңғы операцияда ұзарту әдісін қолданып гильзаны жаяды және құбырдың қабырғасының қалыңдығын жұқартады. Қалған операцияларда дайындаманы әзірлеуді және берілген өлшемге дейін құбырларды өңдейді.

Автоматты орнағы бар агрегаттар кішкентай (140 агрегаты, диаметрі 50.....140 мм, қабырға қалыңдығы 3....30 мм болатын құбырлар жасау үшін); орташа (250 агрегаты, диаметрі 114.....219 мм болатын қабырға қалыңдығы 35...40 мм құбырлар жасау үшін); үлкен (400 агрегаты, диаметрі 140....426 мм, қабырға қалыңдығы 5....60 мм болатын құбырлар жасау үшін) болып бөлінеді.

Барлық автоматты орнағы бар агрегаттар жабдықтарының орналасуы мен технологиялық процесінің сұлбалары бірдей. 400 орнағы автоматты бар агрегат сурет 8.2 келтірілген.

Агрегатта өңдеудің технологиялық процесі келесідей: дөңгелек дайындама қыздыру пештерінің біреуінің көлбеу қабылдауыш торына беріледі. Қабылдау торынан құбыр дайындамалары жүктеу машинасының қауашасына түседі. Содан кейін машина тиеу терезесі арқылы дайындаманы пешке тиейді. Пеш табаны толық айналым жасаған соң қыздырылған дайындамалар рольгангке түсіріліп, центрлеуішке беріледі. Соққы типті пневматикалық центрлеуішпен дайындаманың алдыңғы ұшына шұңқырша жасалады. Содан кейін дайындама тескіш орнақтардың біріне беріледі. Агрегат кезектесіп жұмыс атқаратын екі тескіш орнақтармен жабдықталған. Диаметрі 219 мм – ге дейінгі құбырларды илемдеген кезде агрегаттың үздіксіз жұмыс істеуін бір тескіш орнақ қамтамасыз етеді. Тескіш орнақта дайындама гильзаға айналады. Екі тескіш орнақтарда деформацияны жүргізілген кезде гильза суып қалады. Сондықтан автоматты орнақта өңдеудің алдында гильзаны арнайы пештерде қыздырып алады. Автоматты орнақта гильзаны қажетті сыртқы диаметр мен дайын құбыр қабырғасының қалыңдығына жеткізгенше 2 – 3 рет өткізіп өңдейді. Илемделген құбырды автоматты орнақтан екі домалау орнақтарының көлбеу торына қарай жібереді. Бұл орнақтарда біраз қысу арқылы құбыр қабырғасының әр түрлі болуын азайтып, ішкі және сыртқы беттері сапасын жақсартады. Домалау орнағынан кейін құбырды мөлшерлегіш орнаққа береді. Бұл орнақта оған диаметр бойынша соңғы өлшемді береді. Құбыр ұзындық бойынша түзетілу үшін соңында түзету машинасына өңделеді.

Тескіш орнақтың құрамына мыналар кіреді (8.3 сурет): қиғаш орналасқан екі пішінбілікті жұмысшы қапас; жұмысшы пішінбіліктердің бір бағытта айналуын қамтамасыз етіп тұратын жетек; тепе-теңдікті реттеп тұратын құрылғылары бар айналдырықтар; қыздырылған дайындаманы қабылдауға қажетті науаша; дайындаманы итергіш; конусты құралбілік; гильзаның қабылдаушы рольганг; өзекті құралбілікті бекіту үшін құлпы бар тіректі тұғыр.

1 – иілу торы; 2 – тиеу машинасы; 3 – сақиналы қыздыру пеші; 4 – түсіру машинасы;

5-6 – бірінші және екінші тескіш орнақтар; 7 – қыздыру пешінің итерушісі;

8 – автоматты орнақ алдындағы қыздыру пеші; 9 – итеріп шығарғыш;

10 – автоматты орнақ; 11 – домалау орнақтары; 12 – мөлшерлеуші орнақ;

13 – cуытқыш; 14 – түзету машинасы.

8.2 – сурет. 400 орнағы автоматты бар агрегаттың сұлбасы

 

1 – қозғалтқыш; 2 – жалғастырғыш; 3 – бәсендеткіш; 4 – теңгеруші құрылғысы бар айналдырық; 5 – қабылдау науашасы; 6 – итергіш; 7 – жұмысшы қапас; 8 – өзегі бар конусты құралбілік; 9 – қабылдаушы рольганг; 10 – тіректі тұғыр

8.3 – сурет. Тескіш орнақтың сұлбасы

 

Дөңгелек дайындамаларды немесе құймакесектерді тесуді екі пішінбілік арасында және олардың араларында орналасқан құралбілікті қолданып жүргізеді. Тік жазықтықта деформация ошағы екі сызғышпен шектелген.

Тескіш орнақтың жұмысшы қапасы (сурет 8.4) ашық типті тұғырдан, қақпақтан және жұмысшы пішінбіліктерінен тұрады. Оларды қыспа бұрамалар және жетек көмегімен орнықтырады. Пішінбілік жастықтары тұғырдың қашап кеңітілген ойығында орналасқан цилиндрлі атанақтақтарға жинақталған және бұрамаларға күшті серіппелермен қысылған. Атанақты айналдыру арқылы тік жазықтықтарға қатысты пішінбіліктердің еңкею бұрышын реттеп отыруға болады. Дайындаманы пішінбіліктерге бағыттау үшін қозғалмайтын және қозғалатын өткізгіштерді қолданады.

Тескіш орнақтардың пішінбіліктері мөлшерлегіш бөлігі жоқ екі конустан тұрады. Осы жіңішке жұқа қабырғалы гильзаны жасауға мүмкіндік береді. Цилиндрлік атанақтар көмегімен қол жеткізілетін пішінбіліктердің үлкен еңкею бұрышы диаметрлері әр түрлі құбырларды илемдеуге мүмкіндік береді. Құбырдың ішкі диаметрі шамамен құралбілік диаметріне тең болады. Тесу аяқталған соң құралбілікті алдыға қарай қозғалтып гильзадан шығарып алады, ал гильзаны автоматты құбыр илемдейтін орнаққа жібереді.

140-шы типті жаңа агрегаттардың тескіш орнақтарында екі тіректі саңырауқұлақ тәріздес пішінбіліктер орнатылған. Олар өте жоғары сапасы бар гильзаны жасауды қамтамасыз етеді. Мұндай типті басқа агрегаттарда бөшке тәріздес пішінбіліктері бар орнақтар орнатылған.

Кірме конуста дайындаманың тесілуі, ал шықпа конуста құралбілік пен пішінбіліктер арасында металдың жайылуы, яғни берілген өлшемі бар гильзаның қалыптасуы, жүреді. Әр түрлі диаметрлері бар дайындамалардан гильзаларды алуды пішінбіліктерді ауыстырмай-ақ іске асыруға болады. Пішінбіліктер осінің көлденең оске қарай еңкеюін 5 - 12° бұрыш аралығында өзгертіп отыруға болады. Осындай өзгерту тесу жылдамдығын реттеуге мүмкіндік береді.

1 – тұғыр; 2 – қақпақ; 3 – жұмысшы пішін біліктер; 4 – қозғалыссыз өтім; 5 – қозғалмалы өтім; 6 – қозғалмалы өтімнің жетегі; 7 – қысу бұрандамалары; 8 – қысу бұрандамаларының жетегі; 9 – жұмысшы пішінбіліктердің мойынтіректері; 10 – цилиндрлі атанақ

8.4 – сурет. Тескіш орнақтың жұмысшы қапасы

 

Тескен кезде алынатын кермелеу коэффициенті 1,5-тен 4,5 шамасына дейін өзгереді. Металл остік бағытта сырғанайтын болғандықтан, оның қозғалу жылдамдығы теориялық жылдамдықтан аз.

Дайындаманы пішінбіліктер көмегімен қарпудан бастап гильзаның толық қапастан шығуына дейінгі уақытты тесудің машиналы уақыты деп атайды. Есептеген кезде осы уақытты мынандай өрнекпен табады:

мұндағы Lo – деформация ошағының ұзындығы, Lг – гильзаның ұзындығы.

Тесудің көмекші уақыты (τк) жұмысты ұйымдастырудан тәуелді болады. Автоматты басқаруы бар қазіргі заманғы орнақтарда осы мөлшердің мәні минимумға жеткізілген. Тесу қарқыны, яғни бір дайындаманы тесуге кететін барлық уақыт, мынандай формуламен анықталады: τ = τм + τк.

Жөндеу және жұмыстағы үзіліс уақытын ескермегенде тесу орнағының өнімділігі мынандай өрнекпен анықталады: П = 3600·g/τ, мұндағы g – гильза массасы.

Тескен кезде жұмсалатын энергия күштік параметрге илемделетін металдың температурасы, жаншу дәрежесі, илемдеу жылдамдығы, орнақты баптау параметрлері әсер етеді.

1 – артқы үстел; 2 - тіректі тұғыр; 3 – құралбілік серіппесі; 4 – жұмысшы қапас; 5 – айналдырық; 6 – тістегерішті қапас; 7 – бәсеңдеткіш; 8 – жетек; 9 – гильзаны әперетін еңкейткіш үстел; 10 – пневматикалық итергіш Сурет 8.5 – Автоматты орнақтың сұлбасы
Автоматты орнақтың негізгі түзілімі келесіден тұрады (сурет 12.5): артқы үстел, құралбіліктің сырығын бекітуге арналған тіректі тұғыр, жұмысшы қапас, әмбебапты айналдырық, тістегерішті қапас, бәсеңдеткіш, қозғалтқыш, гильзаны әперіп тұратын еңкейгіш үстел, гильзаны итеретін пневматикалық итергіш, қабылдаушы науаша, алдыңғы қозғалмалы үстел, дайын құбырларға арналған сөре.

Автоматты орнақтың мөлшерлегіштері бар екі жұмысшы пішінбіліктері қапас тұғырының терезелерінде қозғалатын жастықтарға бекітілген (сурет 8.6). Жоғарғы және төменгі пішінбіліктердің биіктік бойынша жайын қысатын бұрандалардың көмегімен орнатады. Тартқыш көмегімен жоғарғы пішінбілікті теңгергіш салмақпен теңестіреді. Қапастың артқы жағында құбырды орнақтың алдыңғы жағына қайтаратын аунақшалар орналастырылған.

Гильзаны құбырға илемдеуді дөңгелек мөлшерлегіште қозғалмайтындай етіп бекітілген қысқа құралбілікті қолданып жүргізеді. Бұл орнақта әрбір өтпеден кейін пневматикалық жетек көмегімен жоғарғы пішінбілікті көтереді де, кері берудің аунақшасы көмегімен құбырды орнақтың алдыңғы жағына қайтарады. Орнақтың артқы үстелінің таянышына бекітілген сырыққа басқа құралбілікті кигізіп екінші өтімді жүргізеді.

Илемдеудің алдында жоғары жұмысшы пішінбілік пен құбырды қайтып беретін төменгі аунақшаны төмен түсіріп қояды. Илемдеген кезде жұмысшы пішінбіліктер құбырлар қозғалатын жаққа қарай айналады. Бұндай жағдайда артқы аунақшалар қозғалмайды және олармен қапас аралары алшақталған.

Пішінбіліктерге гильзаны берген уақытта, оны қарпып алу және диаметрі мен қабырғасының қалыңдығы бойынша жаншу басталады. Құбыр қабырғасының қалыңдығы бойынша жаншудың мөлшері, жұмысшы пішінбілік мөлшерлегіші мен құралбілік беттерінің арасындағы саңылаудың шамасынан тәуелді болады.

 

1 –қысу құрылғысының жетегі; 2 – қысу құрылғысының бұрандамасы; 3 – жұмысшы пішінбіліктер; 4 – тұғыр; 5 – теңестіргіш құрылғы

8.5 – сурет. Автоматты орнақтың жұмысшы қапасы

 

Илемдеудің бірінші өтпесі аяқталған соң жоғарғы жұмысшы пішінбілікті және артқы аунақшаны көтереді. Аунақшалар жұмысшы пішінбіліктердің айналуына қарама-қарсы бағытта айналып, құбырды алдыңғы үстелдің науашасына қайтарады. Процесс осылай іске асқанда құбыр жұмысшы пішінбіліктердің келесі мөлшерлегішіне қарай орнын ауыстырып өтім қайтадан басталады. Келесі мөлшерлегішке өтпес бұрын құбырды 90°-қа аударады. Осының көмегімен құбырдың қабырғасының қалыңдығын біркелкі ғып жайуды қамтамасыз етеді. Құбырды пішінбіліктер арасынан екінші рет өткізу үшін бірінші өтпенің құралбілігі диаметрінен, диаметрі 1 – 2 мм-ге үлкен болатын басқа құралбілікті пайдаланады. Құбыр пішінбілікке берілмеген кезде оны бұрады және жаңа құралбілікті құбырға орнатады. Илемдеу процесін қайта қайталайды. Сонда жоғарғы жұмысшы пішінбілік пен қайтып беретін төменгі аунақшаны төмен түсіреді. Екі – үш өтпеден кейін құбырды домалату орнақтарына береді. Ол үшін құбырды еңкейген тормен рольгангке лақтырып домалату орнақтарына жеткізеді.

Илемделген құбырлардың ұзындығы 12 – 16 м-ге дейін жетеді. Автоматты орнақта құбырларды илемдеу кезде ең қиын операциялар болып құбырды аудару және құралбілікті ауыстыру саналады. Қазіргі заманғы орнақтарда бұл операциялар толығымен автоматтандырылған. Құралбілікті ауыстыруға арналған автоматты қондырғының сұлбасы 8.7 – суретте келтірілген.

Әрбір өтпе сайын пневматикалық цилиндрмен 1 илемдеу осіне қарнақты 2 береді. Осы қарнақтың тұрқысына бұрамасұқпасы 4 бар құралбілік 3 бекітілген. Гильзаны бермес бұрын, құралбілігі бар қарнақты илемдеу осіне қарай қозғалтады да, құралбілікті тіректі сырықтың 5 ұясына бекітеді, одан кейін қарнақты бастапқы қалпына келтіреді. Құбыр илемделіп болғаннан кейін илемдеу осіне шығарылған қарнақ бұрамасұқпасы бар құралбілікті іліп алып, оны сырықтан шығарып алады. Бұл операциялар әрбір өтпе сайын қайталанып отырады.

8.6 – сурет. Құралбілікті ауыстыруға арналған автоматты қондырғы  

Құбырларды ұзына бойлай илемдейтін автоматты орнақтардың ішінде өнімділігі ең жоғары болып екі қапасты орнақ саналады. Бұл орнақта гильзаны құбырға илемдеуді тізбектеліп орналасқан бір жылғалы пішінбіліктері бар екі қапаста жүргізеді. Әрбір қапаста илемдеп болғаннан кейін құралбілігі бар сырықты ұстап тұратын таянышты алып кетеді де, жетегі бар аунақшалардың көмегімен құбырды сырықтан шешіп алады.

Бұл орнақта беретін үстелге қарай құбырды қайта артқа қозғалпайды. Осының арқасында орнақтың өнімділігі едәуір жоғарлайды. Мұндай технологиялық сұлбада бірінші қапаста гильзаның диаметрі мен қабырғасының қалыңдығы бойынша негізгі деформация жүзеге асырылады, ал екінші қапасты тазалай өңдеу үшін қолданады. Осылай жоғары сапалы құбырды алуды жүзеге асарады.

Орнаққа берілетін гильзаның температурасы көміртекті болат үшін 1000°С-тан төмен болмауы керек. Сол себептен гильзаны орнаққа тез беру қажет. Көп кідіріс болып гильза суып кеткен жағдайда, оны орнаққа бермей, қалталарға қою қажет.

Ұзына бойлай илемдеу орнақтарында құбырларды илемдеуді таза және тегіс бетті құралбіліктер мен пішінбіліктерде жүргізеді. Илемдеу кезінде пішінбіліктерді үздіксіз сумен суытып отырады.

Автоматты орнақта дайын құбырдың қабырғасының қалындығына тең қалыңдықты алғанша қабырды илемдейді. Бірақта илемдеп болғаннан кейін құбырда сопақ пішін сақталады. Осы сопақ пішіннен құтылу үщін дөңгелету орнақтарында құбырды домалатып илемдейді.

Құрылымы бойынша дөңгелету орнақтары тесу орнақтарына ұқсас болып келеді. Құбырды дөңгелетуді екі немесе үш бөшке тәріздес пішінбіліктер мен қысқа құралбілік арасында жүргізеді. Дөңгелету тек қана сопақтықты жойып қоймай, құбырдың әр түрлі қабырғалығын бірнеше есе азайтып, олардың ішкі және сыртқы беттерін тегістейді.

Екі пішінбілікті дөңгелету орнағының пішінбіліктері тік жазықтықта қатысты 6…7°-қа тең болатын тұрақты бұрышқа еңкейген, ал үш пішінбілікті орнақтың пішінбіліктерінің еңкею бұрышы 8 – 11° тең.

Екі қапасты автоматты орнағы бар агрегат тізбегінде, құбырды қысқа құралбілікте дөңгелету үшін үш пішінбілікті дөңгелету орнағын қолданады.

Құбырларды дөңгелеткен соң олардың диаметрі 3…9 %-ға үлкейеді. Дөңгелеткен кезде құбырлардың сапасын жақсарту үшін үлкен жаншуды қолданады. Осы құбыдың әр түрлі қалыңдылықты болуын біраз кемітеді. Құбырларды дөңгелеткеннен кейін, оларда соңғы нақты өлшемдерді алу үшін мөлшерлегіш орнақта өңдейді.

Ескі құрылымды орнақтарда құбырларды мөлшерлеу үшін, жеке жетектер бар 3…7 екі пішінбілікті қапастарды қолданған. Мөлшерлегіш қапастарды көлбеу оське қатысты 45° бұрышпен алма-кезек әр түрлі жаққа бұрып ортақ қанқаға орнатады. Көршілес қапастар 90° бұрышты құрайды (сурет 8.8).

8.7 – сурет. Мөлшерлегіш орнақ қапасының кинематикалық сұлбасы

 

Құрылымдары жаңа орнақтарда топтық жетегі бар тоғыз немесе он бір қапастар қолданылады. Осы қапастарда екі немесе үш пішінбіліктер орнатылған. Мөлшерлегіштегі жаншылу қосындысы үш қапаста 2...3 мм, жеті қапаста 7...15 мм, ал он бір қапаста 10...20 мм. Алдынғы қапастарда осьтерінің қатынасы азайатын сопақ мөлшерлегіші бар пішінбіліктерді, ал соңғы қапаста дөңгелек мөлшерлегіші бар пішінбіліктерді қолданады.

Жаңа орнақтардың қапастары мен жетектерінің құрылымдары негізінен редукционды орнақтардың жетегі мен құрылымынан ешқандай айырмашылығы жоқ.

Құбырларды мөлшерлеу және редукциялау тек автомат-орнағы бар агрегаттарда ғана емес, басқа да құбыр илемдейтін агрегаттарда қолданады.

Редукциялау деп құралбіліксіз үздіксіз жүргізілетін илемдеуді айтады. Редукциялаған кезде құбыр бір қатарда жүйелі орналасқан қапастардан өтеді. Осы қапастар қатарында құбырды диаметрі бойынша жаншиды. Редукциялау – жоғары сапалы құбырлар алудың ең бір экономды процесі болып табылады.

Қапаста жаншыған кезде құбырдың диаметрі мен қалыңдығы өзгереді. Құбырларды құралбіліксіз және қапастар арасында тартылусыз илемдеу ылғи қабырғалардың жуандауымен қошталады. Қапастар арасында тартылумен редукциялау құбыр қабырғасының қалыңдығын реттеп отыруға мүмкіндік береді. Осылай редукциялаған кезде құбыр қабырғасы қалыңдығының жіңішкеруі тек қапастарда ғана емес, сонымен қатар қапастар арасында да пайда болады. Осындай тәртіппен жұмыс істейтін редукциялау-тарту орнақтары құбыр илемдеу агрегатының өнімділігін күрт жоғарлатады және бір өлшемді дайындамадан құбыр диаметрі мен қабырға қалыңдығы бойынша кең көлемді құбырлар алуды қамтамасыз етеді. Бұл орнақтарда диаметрі бойынша құбырлардың қосынды жаншылу 85 %, ал қабырға қалыңдығының жіңішкеруі 35 %-ға жетеді.

Редукциялау орнақтардың кемшілігі болып мынау саналады: белгілі бір ұзындығы бар құбырды тартылумен илемдеген кезде құбырдың ұштары тартылумен илемденбейді. Сондықтан осы құбыр ұштарының қалыңдығы едәуір болып алынады және оларды кесіп тастауға тура келеді. Бұл жағдай металдың шығын коэффициентін қажетсіз жоғарылатуға алып келеді.

Құбырдың ұзындығы 20 – 30 м кіші болмайтын болса, онда жуандатылған ұштары (кесіп алып тастайтын ұштары) бар құбырларды илемдеу үнемді. Редукцияланған құбырлардың кесілетін ұштарының ұзындықтарын азайту үшін тартылумен жұмыс істейтін орнақтардың қапастары арасындағы ара қашықтықты минималды етіп жасайды.

Қазіргі заманғы редукциялау орнақтары негізінен үш пішінбілігі және реттелетін жетектері бар қатты құрылымға иемденген. Редукциялау тәжірибесінде екі, үш және төрт пішінбілікті қапастарды қолдану жағдайлары белгілі (8.8 - сурет). Мөлшерлегішті құратын пішінбіліктердің санын көбету құбырдың көлденең қимасындағы қабырға қалындығының әр түрлі болуын азайтады, бірақта жұмыс қапастарының беріктік сипаттамаларын төмендетеді. Илемделетін құбырдың қабырғасының қалыңдығы артқан сайын, оның көлденең қимасындағы қабырғаның әр түрлі болуы өседі. Осының нәтижесінде біліктердің санын артыру қажет болады. Бірақта қабырғаның қалыңдығының артуынан қапастағы қысым артады. Сондықтан жұқа қабырғалы құбырларды илемдегенде пайдаланылатын төртбілікті қапасты, қалың қабырғалы құбырларды редукциялау үшін қолданылатын орнаққа бейімдеу қиын.

Соңғы жылдары ыстықтай илемделген құбырларды редукциялау үшін негізінен үш пішінбілікті қапасы бар орнақтар көп қолданылып жатыр. Құрылымы бойынша оларды 2 топқа бөледі: бір жетекті пішінбілігі бар және пішінбіліктер бойынша айналуды іштен үлестіретін қапастар (сурет 8.10); үш жетекті пішінбілігі бар және пішінбіліктер бойынша айналуды сырттан үлестіретін қапастар (8.9 - сурет). Екінші топтың қапастарымен салыстырғанда бірінші топтың қапастары аз жүктеме түсетін етіп құрылымдалған. Ауыр жұмыс жағдайында жұмыс істеу үшін бір жетекті пішінбілігі бар белгілі қапастардың біреуі де жарамсыз. Бұндай жағдайда үш жетекті пішінбіліктері бар қапастар қолданады. Конустісті іліністерді пішінбіліктерден алыстату жұмысшы пішінбіліктердің іліністерін және мойынтіректің тораптарын күшейтуге мүмкіндік береді.

а – екі пішінбілікті; б – үш пішінбілікті; в – төрт пішінбілікті

8.8 – сурет. Редукциялау орнақтары қапастарында жұмысшы пішінбіліктердің орналасуы

8.9 – сурет. Үш жетекті пішінбілігі бар редукциялау орнағының қапасы

1 – жұмысшы білік; 2 – айналдырық; 3 – қапсырма; 4 – дифференциалды бәсеңдеткіш; 6 – жетек 8.10 – сурет. Топты жетегі бар редукциялау орнағы

Ұсынылған әдебиеттер: 1 нег. [127-194], 2 нег. [248-293].

Бақылау сұрақтары:

1. Қандай агрегатта құбырларды жасайды ?

2. Автоматты орнағы бар барлық агрегаттарда жабдықтар қалай орналасыды ?

3. Автоматты орнақтың жұмысшы қапасы неден тұрады ?

4. Тесетін орнақтың жұмысшы қапасы неден тұрады?

5. Домалату мен мөлшерлегіш орнақтары не үшін қолданылады ?