БІРІНШІ (СӨЗ) ӘДЕБИЕТІМІЗ ТУРАЛЫ

 

«Әдебиеттің өзінше дәуірлеуі – техника мәдебиеттің дәуірлеуіне байланбайды» – деген Маркс (К. Маркс, «Введение к критике политической экономии. Изд. «Московский рабочий», 1922 г.). Осы пікірін бекіту үшін грек тарихының Гомер заманы мен Европа тарихының Шекспир заманын көрсетеді. Шынында да Гомер заманындағы – гректің, Шекспир заманындағы – Европаның техника мәдениетінің балаң болғаны рас. Алайда сол дәуірлерде грек пен Европа мәдениеті құлашты аспанға сермеген. Неге бұлай болғандығын тексеру әдебиет тарихының міндеті. Біздің бұл жерде айтатынымыз: Маркстің мынау пікірін қазақ өміріне қабыстырсақ: «Қазақтың техника мәдениеті тіпті төмен болған. Сондықтан да, әдебиеті де жоқтың жанында болған» – деген пікір тууы қате. Шьнында да қазақтың өзінше терең әдебиеті болған һәмбар. Қазақ өмірінің түрлі өзгерісі, өрі-қыры, қайғысы-қуанышы, ойы-қиялы әдебиетіне түсіп отырған. Әзір тіпті тексерілмеген дәуірді қоя тұрып, соңғы дәуірді алсақ, кешегі Мұрат, Махамбет, Базар, Шортанбай, Ақан сері сықылды ақындардың елдің мұңын, зарын, ой-қиялын жырлай білген шын жыраулар екені анық. Бұлар қазақ даласына бет алған Европаның, орыстың, қара жүз отаршылығының қарасын көріп бірінші уланған ерлер.

Қазақ әдебиетінің алыбы Абай – қазақ даласына кеулеп кіріп келе жатқан капитализмге, отаршылдыққа қазақтың қанды жас төгіп, еріксіз шалған бірініші құрбаны. Ел билеп, елге ақыл айтудан бастап, өмірден үміт үзген, тұңғыш тұңғиық ойға барып тірелген Абайдың алыптығы – қыл көпірдің үстінде тұрғандығы. Абайдың өмірінің, ақындығының трагедиясы да, тереңдігі де осында. Абайдың алыптығы – қыл көпірдің үстінде тұрғандығы. Екі қолмен, екі өмірмен алысқандығы. Сондықтан да қазақ әдебиетінің ескі мағынасын, бұрынғы бағытын тереңдеткендігі, әдебиетке жаңа түр кіргізгендігі – Абай жиын-тойдың ақыны болмағандықтан. Әсіресе, баспасөздің жоқтығынан Абайдың әдебиеттегі бағыты, әсіресе түрі, елге тарай алмады, сол дәуірде қазақ даласында тарай алмады.

Сол дәуірде қазақ даласына капитализм кеулеп кіре берді. Ел езіле берді. Әдебиетте – бағытта, түр де қалмады. Әдебиет «ғизатлу», «матурлы», «писмилла» деп «башлайтын» сөздің басы сықылды балдыр-батпаққа айналды. Бірақ Европа отаршылдығының бір қасиеті – «Құлды көп қуып батыр қылады». Өлімге бұйырылуымен, өмірді сүйгізуімен езілген елдің ұлттық сезімін оятады. Осы заң бойынша, 1905 жылғы төңкерістен соң соққы жеп, сілесі қатқан қазақелі есін жия бастады. Жаралы жанның есін жия бастағандағы бірінші үні – ыңырсуы, күрсінуі, күңіреуі болмақ. 1905-жылдан соңғы әдебиетіміз – «Оян, қазақ», «Қырық мысал» сықылды “елім”, “жұртым” деген әдебиетіміз. Солкүңірену, сол зәреде күңіренген жаралы жанның көзіне… әлгінде ғана қылышынан қан тамып, майданда ойнап жүргені елестемек.

Ояна бастаған ер – кешегі ел болған күнін есіне түсірмек. Әдебиетіміз де мынау “Оян” деген зармен бірге елдің өткен күнін есіне сала бастап еді. Өткен, тағы болып жүрген дәуірді қайта орнату үшін емес, жасынан елдің жанына үміт салу үшін өткенді жырлай бастап еді. Жырлап үлгірген жоқ еді, жырлай бастап еді.

Әдебиет осыкүйде тұрғанда біз үстіміздегі зор төңкеріске кіріп кеттік.

 
 

БҰЛ КҮНГЕ ШЕЙІНГІ ТӨҢКЕРІС ӘМ ӘДЕБИЕТІМІЗ

Үстіміздегі зор төңкеріс – бізге өз тарихымыз тудырған, өз тарихымыздың қатынасы болған таныс төңкеріс емес, Еуропа тудырған жат төңкеріс еді. Осы себептен біздің әдебиетімізде бастапқы жылдарда төңкеріс туралы қолға аларлық ешнәрсе болмағаны даусыз. Әдебиет өзінің бұрын келе жатқан бетімен жүре берді. Бір жағынан, орыс отаршылдығының зардабынан елге кірген бүліншілік-бұзықтықты сүйретіп, екінші жағынан, елдігін ұмытып, жасып қалған, өткенде өзінше ел болғанын есіне салып, табиғи жолмен келе жатты. Марксшіл зор ғалым Плеханов: «Шаруа – тұрмыс-салт төңкерісінін бейімделуі болмақ», - дейді (Бельров. «К вопросу о развитии монистического взгляда на историю»).

Төңкеріспен қазақ төңкерісінің сырты ғана соқтыққандай болғанымен, санасы – дағдылы жолымен келе жатты. Сондықтан әдебиетіміз төңкерістің бастапқы дәуірінде өзінің табиғи жолымен өсіп келе жатты. Осы жолда әдебиетіміз бірталай ілгері аттап та қалды. Қияға қарғып шығамын деп мертігіп қалмай, тұрмыстың, тарихтың заңы бойынша табиғи жолмен жүріп, күн санап өсіп, тереңдеп келе жатқан кешегі, бүгінгі әдебиетімізді қарғауға емес, алқауға міндеттіміз. «Төңкеріс туралы тез үндей қоймадың» - деп, томпиып өкпелеуге емес, не себепті үндемегенін ұғуға міндеттіміз.

Әдебиетімізге төңкерістің тіпті түспеуінің, бірен-саран “түсірем” деген топас тәжірибелердің теріс жағынан түсуінің тағы бір себебі: төңкерістің өзінің қазақ даласына күнгей бетінен емес, теріскей бетінен, оңынан емес, солынан кіруі – алақандағы нәрсе ғой. Мұны бүркеп қоюға болмас. Маркстің: «Санаға сипат беретін – салт» – деген асқар пікірін де аттап кетуге болмас. Төңкерісті оң жағынан түсірем деп ұмтылған әдебиетіміздің тәжірибесі соңғы бірер жылдың ішінде ғана басталды.

Бұл айтылғандардың бәрі – әдебиетіміздің бұл күнге шейін жүріп келген жолы. Тарихтың, тұрмыстың құрыш заңы бойынша өз бағытымен дұрыс жүріп келген жолы. Енді бұдан “былай” деген мәселе тумақ: аққан судың өзінен айрылмайтын сипаты – ағу. Аққанда, жазық жерде – жайылып, жыбырқанып, тар жерде, тастың бауырында – көбіктеніп көпіріп, жарды соғып лепіріп ағу. Яғни, өзінің ағу заңына да, жолдың, арнаның заңына да бағыну. Тұрмыс та ағып жатқан су сықылды. Қазақ тұрмысы да, салты да жаңа арнамен ағуға бет алды. Зор төңкеріс қазақ даласына енді күнгей бетінен кіргелі жаңа жол іздемек.

Сонау жаңа жолдың жөні қайда? Бұған жауабымыз – мынау.